Тұрсын Жұртбай. Алаш мұратын неге асқақтата алмай отырмыз?
«Темірқазық» пікірсайыс клубы жуырда жыл жабылар тұстағы жиынын өткізді. Тәуелсіздік тойының қарсаңындағы басқосу барысында жазушы һәм ғалым Тұрсын Жұртбай «Біртұтас Алаш идеясы: кеше және бүгін» деген ауқымды тақырып аясында баяндама жасаған еді. Төменде алашшыл азаматтың айтқандарын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Азаттық идеясын қадірлей алмай жүрміз
«Темірқазық» пікірсайыс клубы жуырда жыл жабылар тұстағы жиынын өткізді. Тәуелсіздік тойының қарсаңындағы басқосу барысында жазушы һәм ғалым Тұрсын Жұртбай «Біртұтас Алаш идеясы: кеше және бүгін» деген ауқымды тақырып аясында баяндама жасаған еді. Төменде алашшыл азаматтың айтқандарын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Азаттық идеясын қадірлей алмай жүрміз
Қазақ халқының ұлттық даму жолы дәл қазіргі сәтте тоғыз жолдың торабында тұр. Менің оған толық көзім жетеді. Ашығын айтқанда, мемлекет халықтан ажырап қалды. Мемлекет тек реттеп отыруы керек, қалғанын нарық өзі қалыптастырады деп өзеурегендер енді бірер жылдан соң, халықтан мүлде қол үзеді.
Кезінде аузымен Алаш деп сөйлеп, қолымен халықтың несібесін жеген жандар бүгінде биік лауазымдарды иеленіп отыр. Сондай қайраткерлер мемлекет үшін ең қауіпті адамдар деп есептеймін. Оған не себеп? Осы орайда, өзімнің жаныма жақын, қырық жыл бойы зерттеген ұлттық идея мәселесіне тоқталып өтейін. Алғашқы нұсқасына біздің де бірер сөйлеміміз жазылған «Егемендік туралы» мәлімдемедегі ұлттық идея уақыт өткен сайын ұсақтала берді. 2002 жылы «Жер туралы» Заң қабылданып кеткеннен кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан біржола арылып, массондық мемлекетке айналуға көшті. Массондық дегеніміз - ұлтсыздық.
Азап шеге жүріп аңсаған азаттық идеясынан неге сонша тез жерідік? Өйткені, саясат, экономика, қоғамдық даму дегенді былай қойғанда, біз Тәуелсіздік идеясын қадірлей алмадық. Бұрын кеңестік билік қаулы-қарарлармен «ұлтшыл» деген айып тағу арқылы оның тамырына балта шабуға тырысатын. Енді сол тамырға тыңайтқыш төгудің орнына, көң төгіп шірітуге айналдық. Өзгесін былай қойғанда, тұлғаларға баға бере алмай отырмыз. Өзіміздің жалған намысымызды қанағаттандыру үшін қолдан көсем жасау белең алды. Тіпті, Қазақстан тарихы оқулығына қазақтың тарихы сақ, ғұннан емес, үйсін мемлекетінен басталады деген дерек еніп кетті. Осы да шынайы тарих па?!
Алаш азаматтары алауыз болды ма?
Қазір Алаш ұранды азаматтарды қолдан жікке бөліп, бір-біріне қарсы қоятындар бой көтерді. Біреулер олардың түрмеде тергеушілерге берген «показанияларын» бұрмалауға тырысады. Иә, Ахмет Байтұрсынов тергеу кезінде «Сіз Қожановты танисыз ба?» деген сауалға:
- Танимын. Бірақ ол коммунист қой, мен коммунистермен жақсы емеспін. Және ол Рысқұловпен жақсы, - деп жауап берген.
- Олай болса, Рысқұловты жақсы біледі екеніз ғой?..
- Рысқұлов - большевик, ал мен большевиктерге дұшпанмын. Мен олармен араласпаймын, - дейді тағы да.
Осы арқылы Ахмет Байтұрсынов Тұрар Рысқұловты да, Сұлтанбек Қожановты да, Смағұл Сәдуақасовты да Алашпен ауыз жаласты деген айыптан құтқарып қалған.
Түрмедегі тергеушілер Әлихан Бөкейхановтың сөзінен ілік таба алмаған. Соған шамданып бір-біріне жазған хаттарын да көрдім. Мәселен, бір хатта: «Мына шалды ұстау үшін талай амал жасадық», дейді.
Әлиханды сөзден ұстамақ болып «Сіз Алаш үкіметін білесіз бе?» деп сұрайды.
- Сен не деп тұрсың? Алашты білмесең, анау мұртты комиссарың сияқты (Сталинді айтқаны - Т.Ж.) мақұрым қалпыңда қаласың. Мен Алашорда партиясының төрағасымын, Үкіметінің Премьер-министрімін. Дұрыстап қой сауалыңды,- дейді Әлекең.
- Онда Совет үкіметіне қарсы қандай мәселе қозғадыңдар?
- Мен Алашорда үкіметінің Премьер-министрімін. Біз Халық комиссарларының төрағасы Ленинмен «Бір мемлекет екінші мемлекетті мойындады, сондықтан да Советтің құрамына кіреміз» деген шарт жасастық. Алашорда үкіметінің 1919 жылғы 20 сәуірге дейінгі ешқандай ісі жауапқа тартылмайтыны туралы Лениннің арнайы қаулысы шықты. Сендер Ленин өлді деп оны ұмыттыңдар ма? Кімнің жолымен жүрсіңдер?! - деп тергеушінің өзін тығырыққа тірейді.
Алаш азаматтарының барлығы ұсталғанда Әлихан Бөкейхановтың 1937 жылға дейін ұсталмауының сыры осы қаулымен байланысты. Әлихандарға қазір нақақ жала жауып отырған тарихшылар бар. Осындай күйге қалай жеткенімізге таңғаламын.
Шекара тоқсан жыл бұрын шегенделген
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алды, содан кейін ғана мемлекеттік шекара бекітілді деген деректер жоғары оқу орындарына еніп кетті. Осыны оқығанда менің төбе құйқам шымырлайды. Олай болса, 1991 жылы тәуелсіздік жариялағанда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған 54 мемлекет оның қандай шекарасын мойындады? Бұл шекара қашан және қалай құрылды? Басы-қасында кімдер тұрды?
Осыған былай деп жауап бергім келеді: Биыл Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бекітіліп, автономиялық мемлекет ретінде жарияланғанына, «Одақтас республикалар кез келген уақытта дербес мемлекет ретінде бөлініп кетуге құқылы» деп тайға таңба басқандай жазылған құжаттың қабылданғанына тоқсан жыл толды. Және осы идеяны Украина, Грузия сынды елдер қолдаған. Біле-білсек, 1991 жылы осы баптың арқасында тәуелсіздік алдық. Біз сол мемлекеттің иесіміз, сол Әлихандар Ленинге бекіттіріп алған территорияда отырмыз. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедовтер осы құжатқа Лениннің қолын қойғызу үшін Мәскеуде алты ай жүрген. Біз осы Алаш ардақтыларын ұлықтаудың орнына ұлттық идеяны өшірген, қазақты өз қолымен ашаршылыққа ұшыратқан, Кеңес өкіметінің жолында бүкіл қазақ халқын құрбандыққа шалуға дайынбыз» деп рапорт бергендерді, Сәтбаев, Әуезовтердің басын оққа байлаған Сақтаған Бәйішев сияқтыларды мадақтаймыз, Алматы мен Астанадан оларға көше аттарын береміз.
Қазір ТМД мемлекеттерінің баршасы кешегі Кеңес тұсындағы көсемдердің бәрін тәрк етті. Әлі ұлықтап жүрген Қазақстан ғана. Басқалар, тіпті, жазушы Максим Горькийдің атын алып тастады. Ал Астанада Горький атындағы театр бар. Біз әлі жолайрықта қай бағытты таңдау керектігін айыра алмай отырмыз. Алаш ардақтыларына лайықты биік бағасын берейік. Осы бір белгісіздік тұманынан арылатын уақыт жетті.
Алаш үкіметінің тоқсан жылдығы атаусыз қалғанда қазақ қоғамында орны бар барлық саяси партияларға өкпемді айттым. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің тікелей кепілі болған тұлғалардың есімі, автономия мен шекара бекітілген ұлы күннің аталмай қалғанына кімді кінәларымды білмей отырмын.
Мен оппозиционер емеспін, қазақ мемлекетіне ешқашан оппозициялық ұстанымда болмаймын. Бірақ дәл осындай қасиетсіздікке төзгім келмейді.
Басты ұран - Жер, Жер және Жер!
1917 жылы шілде-тамыз айларында Жалпықазақтық бірінші құрылтайы шақырылып, Алаш партиясы тарих сахнасына шықты. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп табылды. Алаштың ұлттық идеясы бес тұжырымға негізделді. Енді осы бесеуін бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып баяндайын. Біріншісі және ең маңыздысы - Жер, Жер және Жер. Жерсіз - Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың жерін ғылым мен техникаға сүйеніп игермейінше, оны жеке меншікке де, құл ұстаушыларға да берілмейді. Жер - Отан, жерді сату - Отанды сату. Жаңа сөз басында айтып кеткенімдей, 2002 жылғы «Жерді жеке меншікке беру туралы» Заң қабылданып кеткеннен кейін Алаш идеясының ең соңғы үміті үзілді дегенім осы.
Менің білуімше, қазір еліміздегі құнарлы жерлердің 70 пайызға жуығы қазір халықтың қолында емес. Оны саусақпен санарлық алпауыттар иеленіп отыр.
Алаштың идеясының екінші тұжырымдамасын Әлихан былай деп түсіндіреді: «Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуға тиіс». Қазір қара металлургия, түсті металлургия секторының басым бөлігін қазақ емес, өзге ұлыс өкілдері билеп отыр. Яғни, жердің астындағы байлық біздікі емес. Үстіндегісі де.
Үшінші ұстаным, Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне киім болып киілуі керек. Бұл дегеніңіз, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізу дегенді білдіреді. Марқұм Хасен Оралтайға «Ақсақал, тәуелсіздікті көрдің ғой, енді арманың бар ма?» деп шымшып сұраушы едік. Сонда ол кісі:
- Бір арманым бар, «Made in Kazachstan» деген жазуды ең болмағанда бір тауардың сыртынан оқысам екен!.. - деген еді. Мал бағамыз, етін жеп, сүтін іше алмаймыз. Алматы жақ қырғыздың сүтін ішіп отыр. Солтүстіктің ішкені - орыстың сүті. Ет те шетелден келеді. «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деп Абайдың айтқаны ақиқатқа айналды.
Алаш идеясының төртінші тұжырымы: Қазақ мемлекетінде мемлекет құраушы ұлттың тілі, діні үстем болуы керек. Тіл туралы айтпай-ақ қояйын, сорлының сорлысы ғой. Алдағы уақытта мешіттен басқа жерде намаз, құран оқуға, сәлде салуға, орамал тағуға тыйым салатын заң жобасы дайындалып жатқан көрінеді. Бәріне шыдауға болады, бірақ діни қысымға шыдау мүмкін емес. Католик дінінің орталығы Ватиканда мұндай қатал заң жоқ, кезінде инквизицияны бастаған, ең діни шовинист ел Францияның заңы мұнша қатал емес. Қазақстанға не жорық?!
Алаш азаматтары тұжырымдаған бесінші мақсат - тәуелсіз ғылымды қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып Жапонияның үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құру. Қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтары неліктен Жапонияның тыңшысы атанды? Осы идея үшін! Дәстүрге негізделген заңы бар елдің адаспайтынын Алаш ардақтылары жақсы білген.
Ал бізде шығып жатқан заңдардың бірде-бірі қазақтың ұлттық салт-дәстүріне негізделмеген. Шалғайда жатқан бір ұсақ-түйек елдің заңын алып, сол елдің атының орнын «Қазақстан» деп өзгерте салсаң жетіп жатыр. Ұлттық дәстүрді шетке ысыратын болсақ, онда неге Франция сынды елдерден өнеге алмасқа?! Тілге қатысты соңғы сөзді Француз тілі мен франция тілдері деп аталатын арнайы басқарманың басшысы айтады. Ел президенті емес.
Тәуелсіз ғылым болмайынша тәуелсіз мемлекет те болмайды. Бізде бір тәуелсіз ғылыми орталық бар ма? Жоқ. Жоғары оқу орындарындағы кредиттік технология да ұлтты сауатынан айырудың нақ өзі. Ұстаздар сабақ береді, бірақ емтихан алуға қақы жоқ. Емтиханды жансыз темір алады. Қазақ тілі мен әдебиетінің болашақ маманына қазақша сөйлем талдап әуре болудың қажеті жоқ. Себебі, жансыз темір ондай сауал қоймайды. Көп болса Абайдың қай жылы, қайда туғаны, қанша баласы, әйелі болғаны туралы тест сауалдарын қояр. Гуманитарлық ғылымдардың барлығында солай. Баланың білім әлеуетін анықтауға компьютердің шамасы жетпейді. Өз басым кредиттік технологияны ғылымнан ойды ажыратудың бір амалы деп ойлаймын.
Дайындаған Айбын Ақпатша
«Нұр Астана» газеті