Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3373 0 пікір 19 Желтоқсан, 2010 сағат 09:24

Берік Әбдіғалиұлы, Жезқазған қаласының әкімі: «Туған жеріңді түлеткенге не жетсін!..»

Республикамызға танымал саясаткер Берік Әбдіғалиұлының қаңтар айының басында Астанадағы беделді қызметінен өзінің туған ауылы Ұлытау ауданына әкім болып барғанын білеміз. Орталықтан шалғайда жатқан осынау ауданның әлеуметтік-мәдени салада кенжелеп қалғаны да баршаға белгілі. Кешегі кеңестік жүйе кезінде республикадағы артта қалған отыз ауданның ең соңғысы болып тұрған Ұлытаудың бүгінгі деңгейі де көңіл қуантарлықтай деп айтуға әлі ерте. Әйтсе де, осындай түйткілдері жеткілікті ауданға әкім болып барған басшының алғашқы аяқ алысына ауылдастары дән риза. Ауданды жеті ай, жеті күн басқарғаннан кейін еліміздегі қуатты өндіріс орталығы саналатын Жезқазған қаласына Берік мырза қала әкімі болып қызметке кірісті. Мысты шаһардың тізгінін қолына ұстағанына да екі айдың жүзі артта қалды. Қала мен ауылдың тірлігіне ден қойған Берік Әбдіғалиұлымен сұхбаттасудың орайы келді.

Республикамызға танымал саясаткер Берік Әбдіғалиұлының қаңтар айының басында Астанадағы беделді қызметінен өзінің туған ауылы Ұлытау ауданына әкім болып барғанын білеміз. Орталықтан шалғайда жатқан осынау ауданның әлеуметтік-мәдени салада кенжелеп қалғаны да баршаға белгілі. Кешегі кеңестік жүйе кезінде республикадағы артта қалған отыз ауданның ең соңғысы болып тұрған Ұлытаудың бүгінгі деңгейі де көңіл қуантарлықтай деп айтуға әлі ерте. Әйтсе де, осындай түйткілдері жеткілікті ауданға әкім болып барған басшының алғашқы аяқ алысына ауылдастары дән риза. Ауданды жеті ай, жеті күн басқарғаннан кейін еліміздегі қуатты өндіріс орталығы саналатын Жезқазған қаласына Берік мырза қала әкімі болып қызметке кірісті. Мысты шаһардың тізгінін қолына ұстағанына да екі айдың жүзі артта қалды. Қала мен ауылдың тірлігіне ден қойған Берік Әбдіғалиұлымен сұхбаттасудың орайы келді.

- Берік Әбдіғалиұлы, алдымен мына мәселені айта кетейікші, көптің қолы жете алмай жүрген Астанадағы жылы орныңызды ауыстырып, беделді қызметіңізден шалғайдағы ауданға әкім болып келуіңіздің сыры не? Осы туралы айтып бере аласыз ба?
- Әрине, айтуға болады. Тәуел­сіз қазақ мемлекеті өз шаңыра­ғын көтеріп, көк туын желбіретті. Бұл - ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған ойының жүзеге асқанының көрінісі. Жас ел - жас мемлекеттің алдында тұрған қыруар міндеттер бар. Жалпы, біз көшпенді қазақтың ұрпағымыз. Кең далада еркін өскенбіз, еркіндікке содан да құштармыз. Ата-баба кәсібі дегенде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы ойда тұрады. Бірыңғай ауыл шаруашылығы саласына бейімделген аудандардың бүгінгі күні экономикалық та, әлеуметтік те, мәдени саласында да ақсап жатқан тұстар жеткілікті. Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде көштің соңында қалған аудандардың бірі - Ұлытау ауданы. Ал Ұлытау дегеніміз - ұлтымыздың ұясы, тарихи астанамыз. Ұлтымызға қатысты тарихи орындар мұнда жеткілікті. Ұлытаудың ұлтымыздың өсіп-өр­кендеу жолындағы көтерген жүгі қомақты.
Иә, оны біз айтып, мақтап, мақтанып, жазып та, жариялап та жүрміз. Бір өкініштісі, Ұлытау - ұлы жер дегеннен жалықпаймыз. Қайталап айта береміз, айта береміз. Бірақ сол Ұлытауды өзінің атына заты сай етіп өркендетуге әлі жеткі­лікті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқаны қынжылтады. Естеріңізде болар, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Бі­лімді, зиялы қауымның өкілдері өздері туған ауылды өркендетуге өздері үлес қосуы керек. Туған жерді түлету - азаматтың борышы» деген еді. Шынында да, елге белгілі небір танымал азаматтардың дені ауылдан шыққаны анық. Бірақ ауылдан түлеп ұшқаннан кейін оған қайтып оралып, көңіл аударып, зер салып жатқандары шамалы. Мен де осы Ұлытау ауданында өмірге келдім. «Туған жерімнің тарихын айтып мақтандым» десем де, «осы жерге қандай үлес қоса аламын» деген ой мені көптен мазалаған. Тіпті кей-кейде «осы ауданға келіп қатардағы мектеп мұғалімі болып жас жеткіншектердің санасына саңылау құйып, рухын оятсам ба?» деген ойларға сан рет бой ұрдым. «Жатсам, тұрсам туған ауылға қалай көмегім тиеді» дегенді есімнен бір шығармадым. Рас, Астанада, Алматыда беделді-беделді орындарда жауапты қызметтер атқардым. Мәселелердің қалай шешіліп, қалай атқарылатынынан хабардар болдым. Сәтін салғанда, Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов қызметке шақырды. Жасыратын несі бар, мен ұсынған үлкен жауапты қызметтердің ішінен осы Ұлытау ауданына барғым келетінін басып айттым. «Артта қалған ауданды алға шығаруға қызмет етсем» деген ойымды жеткіздім. Сөйтіп, туған жеріме жалаң сөзбен емес, нақты іспенен көмек көрсетіп, қызмет атқаруға мүмкіндік туды. Ұлытау ауданына әкім болып келгенімде, мен оған сол ауылдың азаматы ретінде де және сырт көзбен де назар салдым. Алғашқы бірер ай ауданмен танысумен өтті. Қанша өзім туып-өскен ауданым десем де, мен білмейтін жағдайлар көп екен. Ауданда астық өседі, бірақ оны сақтайтын орын жоқ. Машина-трактор станциясы ашылмаған. Көк майсалы таза ауалы салқын сулы тау бөктерінде демалыс орны салынбаған. Жастар демалатын, спортпен айналысатын қолайлы орындар қолға алынбаған. Осыларды рет-ретіменен шешудің бағдарламасы жасалды. Мұның сыртында ауыл-ауылдардың арасындағы автомобиль жолдары ойқы-шойқы, жөндеу көрмегені де көңілде тұрды. Қаншама жылдан бері Ұлытау мен Терісаққан арасында автомобиль жолы жөнделмепті. Ауыл адамдары осы жолды жөндеуді маған міндеттеп жүктеді. Әр кездесуде «Ең болмаса, Арқалыққа шығар жолдың Шеңбер-Терісаққанға дейінгі бетін тегістеп, қырғызып берсеңіздер» деген тұрғындар тілегі құлағымнан кетпеді. «Бәрін атқаруға болар-ау, бірақ мына республикалық маңызы бар көтерме жолды қалай жөндермін?» деп қатты ойландым. Менен бұрынғы әкімдер де бұл мәселені шешпепті. Мен де шеше алмаспын дегенмін. Себебі бұл жол республикалық маңызға ие. Осылайша республикалық Көлік және коммуникация министрлігіне баруыма тура келді. Сөйтіп, ойламаған жерден маған дейінгілер шеше алмаған, мұны мен де «шеше алмаспын» деген шаруам бірінші болып ше­шіліп кетті. Айтатыны сол, сәтін сал­ғанда, осы Ұлытау-Арқалық жолы менің ойға алған көп жұмыста­рым­нан бұрын жөнделіп, іске қо­сыл­ғаны. Осыған өзім таңғала­мын. Жаратқанның қолдауы шығар, шыр-пыр боп жүгіріп жүргенімде, бұл да бір біткен іс дедім. Көңілімді алаңдатқан тағы бір мәселе мынау болды. Аудан орталығының өзінде көшелер жүйеленбеген. Кейбір үйлер санда бар да, санатта жоқ. Тарихи орындардың аттары да нақтыланбаған. Ел қамын жеген Едіге батырдың тау басындағы мәңгілік мекені күтімсіз жатыр. Әулие таудың бөктері көптің келіп-кетер жері емес пе?! Ескерусіз, елеусіз қалыпты. Ал олардың атын атап, түсін түстеп, елге сіңірген еңбегін ескеріп айтпасақ, ел есіне салмасақ, рух қайдан көтеріледі. Осыны ескеріп, аудан орталығында және басқа елді мекендерде де ел ерлерінің атын есте қалдыруды қолға алдым. Білемін, естідім де, естіп те жүрдім - «ескерткіштердің керегі не? Ол ас бола ма, жылу бола ма?» деп сыртымнан реніш білдіргендер де жетіп жатты. Ал менің ойым: рух көтерілмей, дәулет толмайды. Сана серпілмей, атқарылған іс бекімейді. Ал бір күндік істерге көңіл бөлгеннен де ертеңге бастайтын ірі істерді өркендету қажет сияқты. Ондай істерді рухы биік елін сүйген жастар ғана қолға алады. Осы тұрғыдан келгенде жастармен жұмысты жетілдіру керек сияқты көрінді. Мәселен, мен Ұлытауға барғаннан кейін оқу жылының соңына қарай орта мектептің жоғары сынып оқушылары алдына барып бір-екі рет арнайы тақырыптарда лекция оқыдым. Сонда аңғарғаным, ауыл жастары тіптен бұйығы, ойларын ортаға салып, ашып айтуға батылдары жетпей, күбіжіктей береді. Бұл - рухтың әлсірегендігінің бел­гісі. «Жастардың санасын ояту үшін не істеу керек» деген сауалды алға шығардым. Тиісті орындарға сауал сала отырып, тарихи тұл­ғалардың есімдерін елге оралтуды ескерткіштер орнату арқылы жүзеге асыруға болатынын ойға алдым. Ұлытаудың орталығында қасиетті таудың түбінде еліне жұмақты жер іздеген Асан Қайғы бабаның алып тұлғасы кең құшағын ашқан қалпында асқақтай көрінетін күн жақын. Жезді кентінде қазақтың соңғы ханы Кенесарының ес­керткіші орнатылды. Ұлытау мек­тептеріне Алаш ардақтыларының есімдері берілді. Осының бәрі рухты көтеру жолында еңсені биіктетіп, «біз - қасиетті ерлердің ұрпағымыз» дегенді қаймықпай айта алатындай көзқарас қалыптастыру үшін қа­жет-ақ.
- Өзіңіз Ұлытау ауданында біраз істерді қолға алдыңыз. Осылардың бәріне қаражат қайдан табылды?
- «Қаражат» дегенде мен өз қалтама салып алып келген ештеңем де жоқ. Дәл сол қаражат маған дейін де болған, одан бұрын да болған. Айырмашылығы сол, мен ол қаражаттарды рухани дүниені жаңартуға бағыттадым. Алдыма қойған мақсатымның үлкені де - сол. Ауылға келгенде оның әлеуметтік және рухани жүйесін көтеріп, елдің еңсесін тіктеу мақсатым еді. Ал еңсесі тіктеліп, рухы көтерілген елдің экономикасы өзінен-өзі тұ­рақтанады. Тек «туған жерімді көр­кейтем» деген патриоттық сезім бәрінен де жоғары тұрсын деңіз. Ауылды көтеру арқылы өзім сияқты Астана мен Алматыда жүрген зиялы қауым өкілдерін өз ауылдарына барып нақты көмек беруге болатындығына көздерін жеткізіп, оларды осы іске шақыру мақсатым болды. Менің есебім бойынша, дәл осы Ұлытау сияқты елімізде үш жүзге жуық ауыл бар. Ал солардан шыққан зиялы қауым өкілдері қол ұшын берсе, ауыл көркейеді. Ауыл көркеймей, ел экономикасы тұрақтанбайды. Ал экономиканы қалыптастыратын - адам. Адамның санасы сілкініп, рухы көтерілсе, оның алмайтын қамалы жоқ. Мені ауылға жетелеген де - осы.
- Берік мырза, зиялы қауым деген сөзге екі-үш рет екпін бердіңіз. Айтыңызшы, зиялы деп кімді айтар едіңіз?
- Бұл - үлкен сұрақ. Бұған бір­неше бапта жауап беруге де болады. Ал өз ойыммен келсем, зиялы қауым дегенде менің көз алдыма сонау арыс азаматтардың жарқын бейнесі келеді: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов есімдері өз ұлтының бүгінімен байланысып жатыр. Алаш ардақтылары ұлттық мақсат, ұлттық мүдде жолында жеке басының жағдайын ойламай, ұлттың ертеңіне, болашағына аянбай еңбек етті. Бастарына төнген қатерді де қаперінен шығармады. Кешегі Желтоқсан оқиғасындағы Қайрат Рысқұлбеков, Ұлы Отан со­ғысының даңқты қолбасшысы, ба­тыр ата Бауыржан Момышұлы ұлт мүддесін жоғары ұстады. Меніңше, ұлтқа, ұлтының жарқын келешегіне қызмет атқарған, сол жолға өзін бағыттаған жандар елдің зиялылары болса керек. Ал зиялылары көп елдің көш соңында қалмасы хақ. Осы тұрғыдан келгенде, жастардың бойына ұлттың бойтұмарына ай­налған жандардың өмір жолын, қызметін үлгі ету керек.
- Кешегі облыс орталығы болған Жезқазған қаласына әкім болып келдіңіз. Мұндағы қызметіңіз жайлы тарқата кетсеңіз...
- «Жезқазған қаласы» дегенде Ұлытаумен екеуін бөле-жарып айтуға болмас. Қаныш Имантайұлының жазғандарында да «Ұлытау, Жезқазған аймағы» деп бірге қатар айтқан. Бұл - шын мәнінде де, бірімен-бірі тамырлас, тағдырлас, тарихтасып жатқан жер. Ұлытаудың етегіндегі өркендеген өндірістің оты маздаған жер - осы Жезқазған. Сондықтан Жезқазған, Ұлытау аты қатар айтылса, қате емес. Сауалыңызға оралсам, «Ұлы­тау­дағы бастаған істеріңіз Жезқаз­ған­да қалай жалғасуда» дегенге саятын сияқты. Рас, Ұлытауда жеті бағытта, кең көлемді бағдарла­ма қабылдаған едік. Олардың әр­қайсысы бір-бір мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Алғашқы екі-үш айым ауданмен танысумен өтті десем, нақты істі енді қолға алып, бастатқан кезімде Жезқазған қаласына әкімдік қызметті ұсынды. «Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырма» дейді қазақ. Ұлытау ауданынан дәл осы Жезқазғанға келгім келе қойған жоқ. Облыс әкіміне «армандап келген ауылымды көтеруге мүмкіндік беріңіз» дедім. Шыны керек, маған қала тірлігі таңсық емес. Қаншама жыл Астана, Алматыда тұрдым. Теміртау қаласында қызмет атқардым. Демек, «қала өмірі, қала тірлігі қанша жайлы» дегенмен де, ауылды көтеру ойы жүрегімде жатты емес пе?! Осы жағын сіздің газет оқырмандарына да баса айта кетейін. Атақты, даңқты ғалымдар мен жазушылар, ақындар ауылға ат басын бұрсын. Тіпті келіп тұрақтап қала алмаса, ел арасына келіп, сананы оятатындай ой тастап, әңгіме-кеңес өткізсе, бұл да пайда. Міне, осындай «ауыл» сезімімен ауырған маған қалаға кел деген ұсыныс қатты батты. Көнбесіме көз жетті ме, облыс әкімі: «Ұлытау мен Жезқазғанның арасы жақын. Ұлытауда 15 мың тұрғын бар. Ал Жезқазған қаласын­да 100 мыңның үстінде. Ойланып көрші, 15 адамға 100 адам көмек берсе, шаруа тез шешіледі емес пе?» деді. Облыс әкімінің осы сөзі көңілімді бүлк еткізді. «Жезқазғанда отырып, Ұлытауда бастаған ісіңді аяқтауыңа мүмкіндік молаяды» деп сендірген облыс әкімінің сөзіне тоқтадым. «Ұлытауға өзім бастаған істі әрі қарай жалғастырады-ау» деп елге танымал, айтыскер ақын Әнуар Серікбайұлы Омаров мырзаны ұсындым. Облыс әкімі келісті. Жезқазған қаласына осылайша әкім болып келдім.
- Қалаға бұрын да келіп жүрсіз. Бірақ әкім болып, басқаша мандатта келгендегі көңіл-күйіңіз қандай болды?
- Айтары жоқ, бұрын да осы Жезқазған қаласына қонақ ретінде де, осы жердің азаматы ретінде де талай келдім. Әр келген сайын көңілде әртүрлі ой қалатын. Ал әкім болып қызметке кіріскенде көңілде жүрген алғашқы бір мәселелер кезек күттірмей қолға алуға шақырғандай болды. Мәселен, қаладағы сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің «Са­рыар­қа» ойын-сауық отауының алдындағы ескерткішін алайық. Ақынның 100 жылдығы қарсаңында асығыс әкеліп қойылды. Есіңізде болар, сол кездегі облыстық газет бетінде ескерткіштің қораштау екендігі жайлы бірнеше мәрте оқырмандар тарапынан сынға алынып жазылды. Бірақ оған ешкім сол кезде мән бермеді. Одан кейінгі қала әкімдігінің алдында тұрған Абылайханның ескерткішіне қараңыз. Қазақтың маңдайалды ханының ескерткіші деп көрсетуге ұят. Тым тұрпайы. Осында келіп, кеткен сайын осы екі ескерткішке өзім іштей ұялып қарайтынмын. Енді әкім болып келгенде, сол қателікті түзетуім қажет емес пе? Қазақтың сұңқар ақыны мен сұңғыла ханы көз тартардай көрікті болса, ұрпақ санасы оянады. Ал нашар, елеусіз, ескерусіз, тек атақ үшін қойыла салған ескерткіш ел есінде қалмайды. Ескерткіш дегеніміз - есінде тұрсын деген сөз. Ал есте қалу үшін елеулі болу керек. Менің түсінігімде осылай сияқты. Сондай-ақ қала мектептерін аралап шықтым. Бәрі нөмірленген. «Нөмір бәленінші мектеп, нөмір түгенін­ші мектеп» дегендей. Ойға қалдым. Біздің ертеңгі болашағымызды қа­лыптастыратын жастар қай мектептен, кімнің атындағы мектептен бітіріп шыққанын білмесе, кім болып өседі? Әңгіме қайда жатыр. Қала мәслихатының депутаттарыменен кеңестім. Ойымды ортаға салдым. Олар құптады. Осылайша қаладағы барлық мектептерге ұлт зиялыларының, ұлт үшін еңбек етіп, терін төккен азаматтардың аттарын беруге қалалық мәслихат шешім алды. Қазір қалада № 1 орта мектеп - Ахмет Байтұрсынов, № 2 мектеп - Мұхтар Әуезов, №4 орта мектеп - Бауыржан Момышұлы, №6 мектеп - Қайрат Рысқұлбеков, №9 мектеп - Мағжан Жұмабаевтың, №10 орта мектеп - Міржақып Дулатов, №13 мектеп - Дінмұхамед Қонаевтың, №21 орта мектеп - Мұстафа Шоқайдың, №26 гимназия - Шоқан Уәлихановтың есімімен аталатын болды. Қалалық мәслихаттың бұл шешімін қала тұрғындары қолдап отыр. Облыстан, республикадан заңды бекіп келгенге дейін де, арыс азаматтардың атымен аталған мектепке ел құрметі өсе түсуде. Оның бір айғағын кешегі ұстаздар күнін атап өткен жиында айқын сезіндім. Әр мектеп өз ұстаздарын марапаттап, мақтап жатты. Бұрын «№6 мектеп» деп аталып өтетін болса, бұл жолы «№ 6 Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп» деп аталғанда, кеудені бір қуаныш кернеп өткендей болды. Аруақты ерлердің рухы биікке көтеріліп тұрғандай сезіндім. Келешекте әр мектеп оқушылары өз оқу орындарының ардақтылардың атымен аталғанын мақтан тұтатын болады. Олардың өмірі мен ісін өнеге тұтады. Жақсыны бойына жарастырған жастың жалыны сөнбек емес.
Жезқазғанда бұрын «Ғарышкер­лер бақ жолы» болған. Кейін Сейфуллин есіміне ауыстырылыпты. Алдымыздағы жылы адамзат бала­сының ғарышқа ұшқанына жарты ғасыр толады. Бұл дегеніңіз - ға­рышқа жол салған Байқоңыр ата­уын әлемге танытқан Жезқазған жерінің де мақтанышы. Әлемді таңғалдыр­ған тарихи оқиға Жезқазған тө­рінде өтті. Осында осынау жылдар ішінде қаншама ғарышкерлер Жезқазғандағы «Ғарышкерлер бақ жолына» келіп, өз аттарынан ағаш отырғызды. Осы жайды естен шы­ғар­мауымыз керек. Сондықтан да бұрынғы өзінің «Ғарышкерлер бақ жолы» атауы қайтарылды. Ал Сәкен Сейфуллиннің есімі оның өзінің ескерткіші тұрған қаланың бұрынғы Некрасов атты орталық көшесіне берілді.
Егемен еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы алдында тұрмыз. Жезқазған қаласында Тәуелсіздіктің бастауына жол ашқан кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты нақты бір атау еске алатын орын белгіленбепті. Бұл да ойландырды. Алдағы уақытта Жезқазғанда кең де әсем алаң - Тәуелсіздік алаңы аталып, сол жерге Тәуелсіздік монументі орнатылу көзделуде.
Жезқазған қаласын толған­ды­рып жүрген өзекті мәселенің бірі - ауызсу. Жыры жылдарға созылып келе жатқан ауызсу мәселесін тиісті орындарға жеткіздік, білем. Алдағы уақытта бұл мәселе көңілдегідей шешілетініне сенімдімін. Мәселенің маңыздылығына мән беріп, өзінің тиісті орындарына дер кезінде сауат­ты қоя білсе, шешілмейтін шаруа болмайды.
- Берік мырза, әңгімеңізге рахмет. Сөз соңында газет оқырман­да­рына айтарыңыз бар ма?
- Газет оқырмандарына алдымен айтарым, бәрінің отбасына амандық тілеймін. Әр азамат өзінің туған жерінің көркейіп өсуіне өз үлесін қосуы керек. Сырттан келіп, біреу сізге жұмақ орнатып бермейді. Бұл сөзді республикалық деңгейде жүрген ауылдан шыққан білімді, дәулетті азаматтарға қарата айтқым келеді. Ауылға келсеңіз, айтарыңыз болсын. Көмегіңізге ауыл зәру. Жақ­сының айтқан бір жылы сөзінің өзі елдің еңсесін көтеріп, жастарды жігерлендіреді. Жігерлі жас жасымайды. Қазіргі ағымда - желтоқсан айы. Бұл айда ел өміріне елеулі өзгеріс әкелген ерекше екі мереке бар. Және бір сөз, «қазақ басылымдарына көптеп жазылыңыздар» дегім келеді. Бұл да сол біз айтып отырған рухты көтеруге бағытталған алғышарттың бірі болып табылады. Ел тірлігін өзгеден емес, ресми басылымдардан, ұлттық мүддені қорғайтын басылымдардан оқып, білгенге не жетсін!

- Рахмет.

Батырбек Мырзабеков,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның
Қарағанды облысы
бойынша өкілі

«Ана тілі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527