Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2498 0 пікір 20 Желтоқсан, 2010 сағат 07:39

Софы Сматаев. Қуыршақпыз біз тыпырламас, үндемес

Софыян (Софы Сматаев)

Қуыршақпыз біз тыпырламас, үндемес

 

I

Уай, замандас!

Бүгін саған

Ашылдым.

Ойдағымды

Келмес енді

Жасырғым.

Ойыншығымыз

Мойнымыздан

Қылғынтқан

Мен де,

Сен де

Қиянатшыл

Ғасырдың.

 

Қуыршақпыз біз

Тыпырламас,

Үндемес.

Таусылғанша

Тамып бітіп

Мүлдем ес.

Алды-артына

Бір үңіліп

Қарамас

Боп кеттік қой

Зомби сынды

Мұңлы елес.

 

Бабалардың

Қасиетін

Ұқпаймыз.

Тығыламыз

Құл құрсаудан

Шықпаймыз.

Күн көзінен

Алып қашып

Қу жанды

Сызды, сазды

Көлеңкені

Ықтаймыз.

 

Іздемейміз

Өнегелі

Өткенді.

Көкбөрідей

Алашты

Алаш

Еткенді.

Маң даламда

Ат тұяғы

Қашаған

Бүгінгімде

Бұрынғымнан

Жоқ белгі.

 

Дала-бедеу.

Адам-пенде

Бүріскен.

Тақым ада

Бұт артарлық

Міністен.

Кенді,

Жерді

Тұс-тұсынан

Бөлшектеп,

Кірмелер тек

Киіп-жарып

Кіріскен.

Софыян (Софы Сматаев)

Қуыршақпыз біз тыпырламас, үндемес

 

I

Уай, замандас!

Бүгін саған

Ашылдым.

Ойдағымды

Келмес енді

Жасырғым.

Ойыншығымыз

Мойнымыздан

Қылғынтқан

Мен де,

Сен де

Қиянатшыл

Ғасырдың.

 

Қуыршақпыз біз

Тыпырламас,

Үндемес.

Таусылғанша

Тамып бітіп

Мүлдем ес.

Алды-артына

Бір үңіліп

Қарамас

Боп кеттік қой

Зомби сынды

Мұңлы елес.

 

Бабалардың

Қасиетін

Ұқпаймыз.

Тығыламыз

Құл құрсаудан

Шықпаймыз.

Күн көзінен

Алып қашып

Қу жанды

Сызды, сазды

Көлеңкені

Ықтаймыз.

 

Іздемейміз

Өнегелі

Өткенді.

Көкбөрідей

Алашты

Алаш

Еткенді.

Маң даламда

Ат тұяғы

Қашаған

Бүгінгімде

Бұрынғымнан

Жоқ белгі.

 

Дала-бедеу.

Адам-пенде

Бүріскен.

Тақым ада

Бұт артарлық

Міністен.

Кенді,

Жерді

Тұс-тұсынан

Бөлшектеп,

Кірмелер тек

Киіп-жарып

Кіріскен.

 

Тентірейміз

Шөлден көлге

Шұбырып.

Көл жоқ бірақ.

Тұл даланың

Құмы ұлып.

Қыбырлаймыз,

Жыбырлаймыз

Әзірше

Нақақ көздер

Жабылғанша

Жұмылып.

 

Кеудем тесе

Тыпырлайды

Мұң жүрек:

«Неге сонша

Кеттік - дей ме -

Тым жүдеп?»

Жүдемеске

Шара бар ма,

Моторым,

Екі қолға

Табылмаса

Бір күрек.

 

Ел сабылды.

Мен жаңылдым

Ойымнан.

Күдік саулар

Күрсінгенде

Бойымнан.

Көше кезген

Қандасымды

Мазақтап,

Той тойлайды

Олигархтар

Тойынған.

 

Ойсыздарға

Той керегін

Білемін.

Қой жаятын

Жер таба алмай

Жүр елім.

Жұлқынады

Қиянаттан

Жүрегім.

Табар екен

Бұл сұмдықтың

Кім емін.

 

Жоғалтып ап

Жүрміз бе әлде

Намысты.

Көз бүркеліп,

Жақ үндемей

Қарысты.

Қамыстан-ақ

Қаза табар

Қояннан

Көре алмаспыз

Атылатын

Барысты.

 

Мен ақымақ

Жоқтан барды

Іздеген.

Көп күдіктен

Бір үмітті

Үзбеген.

Жаз тірлігін

Әз халқымның

Аңсаймын

Тұл өмірді

Қалтыратқан

Күзде мен.

 

Адалдықты,

Әділдікті

Аңсаймын.

Тірілер ед

Қанша жігер,

Қанша айбын,

Жылынар ед

Қалтыраған

Тұл өмір

Төбемізден

Өгей болмай

Жанса Ай, Күн.

 

Өң бермес ек

Өзек тепкен

Өңгеге.

«Азамат!» деп

Ат қояр ек

Пендеге.

Даламызда

Қаламызды

Көбейтіп,

Алмас едік

Он долларды

Теңгеге!..

 

Әй, қайдам-ау,

Шомғаныммен

Қиялға,

Тосар екен

Бізді қандай

Күй алда?

Озармыз ба,

Тозармыз ба -

Білмеймін.

Өксік жасын

Көмейге құр

Құям ба?

 

Бәрібір мен

Айрылмастан

Үміттен,

Мұз құрсауын

Тас кеудемнің

Жібіткен.

Үкіметтің

Арылуын

Тілеймін,

БАҚ-тардағы

Нөпір көбік

Үгіттен.

 

Ұмыта алсақ

Бос көпіртіп

Алдауды,

Жалғандыққа

Жан мен арды

Жалдауды.

Сөзден іске,

Шудан күшке

Тез көшсек,

Шын мәнінде

Бастар ек-ау

Самғауды.

 

Болсын десек

Ел - телегей,

Жан - аман,

Қан құяйық

Аш тірлікке

Жаңадан.

Қолдарымыз

Шықсын серпіп

Бір жеңнен,

Ұлт төбесі

Көрінсін бір

Жағадан.

 

Мүмкін сонда

Зар тілекке

Жетерміз.

Тас кеудені

Қысқан еріп

Кетер мұз.

Кешегімнен

Іздеп тауып

Өрлікті,

Ертеңіме

Еркін аттап

Өтерміз.

 

Шүйілмесе

Биліктегім

Биіктен,

Берсе Тәңірім

Көңілдерін

Иіткен,

Төрдегімен

Жердегілер

Табысса,

Кетер еді-ау,

Жан жарасып,

Ұйып дем.

 

Сенер едім...

Күрсініп қап

Осыған,

Күпті жүрек

Иланар ма

Шошыған.

Жат бауырға

Жанын жалдар

Шенеунік

Безе қашып

Жүрген жоқ па

Досынан.

 

Уай, замандас!

Күңіренбей,

Не дейін,

Жауап таппас

Сауал жұтса

Көмейім.

Құлақ болып

Құлап зарды

Тыңдасаң,

Түк жасырмай

Ішті ақтарып

Төгейін.

 

II

Қиратқанда

Масаң Ельцин

Кеңесті,

«Егемен!» деп

Бөстік жыртып

Өңешті.

«Шаңырағын

Көтердік - деп -

Алаштың!»

Қуып бердік

Қиялға еріп

Елесті.

Қиял шіркін

Қиял ғана.

Іс емес!

Ел талауда

Ұры, қары

Мүшелес.

Ал, таласын,

Ал, тонасын

Отанды

Кілең қорқау.

Қорқау - жыртқыш!

Кісі емес.

 

Биліктегім

Биік сөзді

Боратып,

Зауыт,

Кеңшар,

Ұжымшарды

Таратып,

Бөліп алып

Бар байлығын,

Қазақты

Қамап қойды

Қап түбіне

Қаратып.

 

Дала солды

Айрылды да

Малынан.

Қала сөнді

Жарық өшіп

Шамынан.

Жекешелеу

Жетіп жұрттың

Түбіне,

«Елім-айлап!»

Жоқтау айтты

Ән-ұран.

 

Қолдан қазып

Тіршіліктің

Қорымын,

Таппай қалдық

Сан қаланың

Орынын.

Топалаңнан

Той іздейтін

Әдетпен

Көбейттік кеп

Бүкіл әлем

Форумын.

 

Ойдан досты,

Қырдан боссты

Жинадық.

Тойдан сарқыт,

Қойдан саулық

Сыйладық.

Далақтаумен

Ескермедік

Жатқанын

Сол шашылу -

Талап,

Тонап,

Күйді алып.

 

Жақсымызды

Қамап тастап

Түрмеге.

Төрді бердік

Келімсек пен

Кірмеге.

Шекемізден

Шекірейіп

Қарадық,

Ақ сүтімен

Анаң құйған

Тілге де.

 

Алғаннан соң

Жателдікті

Байытып,

Жұмыс таппай

Қалды әйелдің

Байы түк.

Күйті келген

Үлектей боп

Исіндік

Қай Машкевич

Жіберер деп.

Қайытып.

 

Қара түнмен

Алмастырған

Күндізді,

Керек қылсын

Қауқары жоқ

Кім бізді.

Тегін оқу

Көзден бір-бір

Ұшқан соң,

Барахолка

«Үйретіп» жүр

Ұл-қызды.

 

Дәніккен боп

Ұсақ-түйек

Саудаға,

Жанды түйіп

Салып қойдық

Сауғаға.

Орыс, ұйғыр

Жеркепесін

Жалдап ек,

Түске кіріп

Сағындырды

Тау, Дала.

 

Паналап ек

«Шаңырақты»,

«Бақайды»,

Тағдыр бізге

Теріс қарап,

Қатайды.

Бұзып, өртеп

Әкім, төре

Үйімді,

Өзегіме

Өктемдігін

Тақайды.

 

Кеткеннен соң

Салт-дәстүрдің

Көбі іріп.

Үй ішінен

Үй тіккендей

Еліріп,

Құтыртып ек

Ассамблея

Дегенді

Жатыр енді ол

Заң, низамды

Кеміріп...

 

1 - общая экономия

2 - общая валюта

3 - единый союз, т.е. СССР

 

***

Путин бізге:

«... Қыс тезірек!»

Дегенде,

Табанды емес,

Басты төсеп

Еденге,

Ертеңіңде

Ерке ұлыңды

Құл етер

Ойланбастан

Қойып кеттік

Кеденге.

 

Кеден теп-тез

Қалтамызға

Түссе де,

Жұлып қолдан

Дәмімізді

Ішсе де,

Ұмтылмадық

Қол шығарып

Бір жеңнен,

Бір жағадан

Қылтияр бас

Іссе де.

 

Уай, замандас!

Бас сауғалап

Қорқа бер.

Өссін қаулап

Зомби ұрпақ,

Шорқақ ер.

Таз қалпыңа

Қайта айдап

Апарсын

Ортақ үнем1

Ортақ ақша2

Ортақ ел3.

 

 

«Ортақ» деген

Аты ғана

Алдағыш.

Руське ортақ!

Қазаққа ол -

Жалған іс!

Қамытыңды

Қыл мойныңа

Салғызсаң,

Құл тірліктің

Арты - шыңырау,

Алды - алыс.

 

Айрыласың

Тәуелсіздік

Еркіңнен.

Табысасың

Отарлағыш

Дертіңмен.

Ең соңында

Күйіп-жанып

Бітесің,

Ішіңдегі

Сыртқа атылмас

Өртіңмен.

 

Биліктіні

Билеп алса

Жат қамы,

Білінбейді

Таңның атып,

Батқаны.

Өзектестің

Ошағына

Қан құйса ол,

Өзге өңешке

Май тоғытып

Жатқаны.

 

Бар жауабы

Жанды бүрген

«Негенің?»

«Қазағыңа

Қажет емес

Кеденің!»

Өзге өңешке

Кетер майды

Сен аса,

Шығар жаттың

Желкесінен

Жегенін.

 

Уай, замандас!

Ар-ұжданмен

Килік те,

Алдап-сулар

Уағызға

Илікпе.

Ел тілегін

Ер тірек боп

Табатын,

Қой талапты

Тырп еткізбей

Билікке.

 

Қорқынышты

Жерге көміп

Тығайық.

Сесті тауып,

Көшті оң жаққа

Бұрайық.

Қанды одағын

Дайындаған

Русьтің

Бұғалықтар

Кеденінен

Шығайық!

 

Өзгеге ермей

Бірге болып

Елменен,

Азаттығын

Бөтенге артып

Бермеген

Қандай қайсар

Белорусьтың

Басшысы,

Бопсасына

Ресейдің

Көнбеген.

 

Қымбат сондай

Еркіндіктің

Әр сәті.

Болса шіркін

Сол қымбатқа

Ар саты.

Жаным құрбан -

Дербестігін

Жоғалтпас

Қазағыма

«Ғажабым!» дер

Ерсе аты!

 

Дүр сілкінсек

Түк қалмас ед

Жеңбейтін.

Сөнбес едік

Анау көктен

Сөнбей Күн.

Төрдегі емес,

Жердегіге

Бақ қонып,

Таңы атар ед

Сені менен

Мендейдің.

 

Әй, бірақ та

Күдік бар-ау

Қалмайтын.

Ой-бойымды

Үрейімен

Арбайтын.

Түстіктегі

Мысықтабан

Айдаһар

Тәрізденіп

Шайнамай-ақ

Жалмайтын.

 

Кіріп жатыр

Сығыраңдап

Іргеден.

Тым мүләйім,

Тым момақан

Түрменен.

Ал, біз болсақ

Танытамыз

Кейіпті,

Аңқау жандай

Ештеңені

Білмеген.

 

Кірісті олар

Сұмдық шебер

Ойынға.

Қызың кетті

Жұтып алар

Қойынға.

Кеніңді де,

Жеріңді де

Жамбастап,

Ұлттың исін

Өшіру тек

Ойында.

 

Бұл күдіктен

У жұтқандай

Қорқамын.

Жоғалар ма

Атпай қалып

Өр таңым.

Жаңғыртар ма

Қазақтың кең

Даласын

Сұм көмейден

Ханьша сайрар

Ортақ үн?!.

 

Ұтып жатыр,

Жұтып жатыр

Кеміріп.

Аш-арығы

Шыға келді

Семіріп.

Жер түгілі

Желіңді алды

Жүгендеп,

Электрді

Көбейтем деп

Еліріп.

 

Ата-баба

Киесіне

Бай дала.

Уай, замандас!

Аспай сенің

Пайдаңа,

Теп-тез жалға

Берілді де

Шүршітке,

Бар қызығын

Көріп жатыр

Қаймана.

 

Мұртты әканың

Жымысқысын

Түрлесек,

Жүріп жатыр

Жоғарыда

Түрлі есеп.

Шыңырауға

Шыңғыра алмай

Құлаймыз,

Құпиясын

Көп қылмыстың

Түрмесек.

 

Елін сүйген

Болсақ нағыз

Хас тұлға,

Жүрер ек-ау

Мәңгі Күннің

Астында.

Оң мен солды

Аспен атпай,

Тас атып,

Басар едік

Бар желігін

Қастың да.

 

Шаңырақ тұр

Сескендіре

Шайқалып.

Қанымыздан

Жат өңешке

Май тамып.

Өңеш өшіп,

Мызғымас ед

Шаңырақ

Газ, мұнайды

Алсақ жаттан

Қайтарып.

 

Қора түгіл

Қойнымызды

Аша сап,

Далақтамай,

Бола білсек

Аса сақ.

Шырпыны да

Сатып алмай

Бүгіндей,

Бар қажетті

Өзімізде

Жасасақ ,

 

«Қой!» дер еді

Қырын қарап

Кім бізге.

Оралмас ед

Күлімдеген

Мұң жүзге.

Марғаулықтың

Түнегінде

Тұншықпай,

Ұмтылайық

Жасампаздық

Күндізге.

 

III

Уай, замандас!

Үндемейсің

Сен неге.

Айналдың ба

Аузын буған

Пендеге.

Тығып тастап

Жігерің мен

Еркіңді,

Көмілдің ғой

«Свалка» боп

Көмбеге.

 

Айтшы, Алашым!

Неге сонша

Жасықсың.

Үрей көп пе,

Айтылмастай

Ашық сын.

Шіміркеніп

Селт етпейсің

Тұрса да,

Еңсеңді езіп,

Иығыңнан

Басып сұм.

 

Қиналмайсың,

Қиналса да

Қауымың,

Қиянаттың

Бастан кешіп

Дауылын.

Қираса да

Қырда қанша

Ауылың,

Қиқаңдамас

Қиқаңдайтын

Жауырын.

 

Үзілуге

Тақалды ғой

Жұлының.

Қор қылды ғой

Қорлық сүйгіш

Қылығың.

Пендеге адам

Ешқашанда

Құл болмас.

Сен де Алланың

Мен де Алланың

Құлымын.

 

Илеп, билеп

Үксе бүгін

Сағыңды,

Сығып алар

Ертең тәннен

Жаныңды.

Көк бөрісі-ау!

Ер қазақтың

Кешегі,

Неге көмдің

Көп өксікпен

Әніңді?

 

От ұшқындар

Көзден жасың

Сіркіреп.

Көнбістіктің

Тұл кеудеңді

Құрты іреп,

Жамбасыңды

Жатсаң жерге

Желімдеп,

Өңешіңнен

Шықпас «Аттан!»

Күркіреп.

 

Уай, замандас!

Оянсаңшы

Ұйқыңнан.

Ұялсаңшы

Марғау,

Мәңгүрт

Сиқыңнан.

Дүр сілкініп,

Тазаланып

Алсаңшы

Төбеңді ойып,

Төмпештейтін

Қиқымнан.

 

Құл тірліктен

Түңілумен

Жалыққан

Сығалайды

Жаның неге

Жабықтан.

Илегенмен

Билік мықты

Болмайды

Халық дейтін

Құдіретті

Алыптан.

 

Жаутаң көзді

Жерге қадап

Мөлиіп,

Қушияды

Неден үркіп

Кең иық.

Жат қолында

Жырым-жырым

Таланды

Ата-баба

Аманаты -

Жерұйық.

 

Жерұйықты

Қанмен,

Термен

Суарған

Жігер - жасық,

Кек мұқалған,

Тұл - арман.

Түріп тастап

Қара бұлтын

Қайғының,

Шығармысың

Тұманы көп

Мұнардан.

 

Шығармысың,

Жығармысың

Ездікті.

Жанырмысың

Қажырыңа

Кездікті.

Көкжиекке

Құр телмірген

Тосумен

Жасы сорып

Қос тесік боп

Көз бітті.

 

Жағармысың

Шоқ түсіріп

Жанарды.

Табармысың

Көк түрік боп

Тағы арды.

Үзермісің

Қыл тұзағын

Ездіктің

Бұзармысың

Бұлтартпайтын

Қамалды?

 

Тоз-тоз етіп

Төзіміңді

Шырмаған,

Басшы ілгері

Тым болмаса

Бір қадам.

Ашшы көзді,

Қарашықты

Төңкерші,

Кірмелерге

Ырысыңды

Ұрлаған!

 

Уай, замандас!

Азат етші

Еркіңді.

Асқындырмай

Құлдық, күңдік

Дертіңді.

Лапылдатып

Сыртқа атқытып

Шығаршы,

Бықсып жатқан

Ішіңдегі

Өртіңді!

 

Түріп тастап

Үрей дейтін

Іргені.

Тас-талқан ет

Ой-бойдағы

Түрмені.

Шәуілдегіш

Шавкалардың

Сол сәтте-ақ

Қыңсылауға

Айналады

Үргені.

 

Иесі сен

Атамекен

Жеріңнің.

Тұлғасы сен

Еміренер

Еліңнің.

Бүккен белді

Найзадай ғып

Көтерсең,

Жым болады

Үстінде ойнар

Жеңілдің.

 

Еңсеңді езген

Өзектегі

Мұң нала.

Әніңді ізде,

Енді мұңды

Тыңдама.

Ер тірлігі

Еркіндікте

Гүлденер,

Табан жалап,

Қолды сүйер -

Құл ғана!

 

Неге сонша

Жабысасың

Құлдыққа?

Құл қоғамның

Әрекеті

Ұрлықта.

Әділеттің

Ырғып мініп

Атына,

«Тәуекел!» деп

Бұр бетіңді

Шындыққа.

 

Азат бір күн

Өңін әрлеп

Шырайдың,

Алмастырар

Құл тірлігін

Мың айдың.

Шыр еткенде

Кеудемізге

От құйған

Мен де,

Сен де

Серкесіміз

Құдайдың.

 

Уай, замандас!

Тұр орныңнан

Сілкініп.

Бір үміттен

Жеңіледі

Мың күдік.

Бұға берсең

Сұға берер

Тырнағын

Мықтыларың

Әжуалап

Тұр күліп.

 

Сен солардың

Өзіне ат

Мазағын.

Көмейіңнен

Атып шықсын

Ғажап үн.

Құл қорлықты

Күлге айналтып

Езгілер

Көрсін Әлем

Құдіреті

Қазағын.

 

Келімсектің

Үргенінен

Сескенбе.

Өзектен теп

Өшсін ұлып,

Өш кеуде.

Ұл-қызыңа

Таныт қайрат,

Қажырды,

Өзіңдей боп

Мөлимесін

Өскенде.

 

Жыламасын

Күліп өсер

Ұрпағың.

Бұлтын емес

Аяласын

Нұр таңын.

Жетер енді

Көзден шоқ пен

От шашпай,

Жорғалайтын

Тізеңменен

Бұлтағың.

 

Кебенек ки,

Лақтыр тірі

Кебінді.

Түнекті түр,

Жайнат бұлтсыз

Көгіңді.

Арыстан боп

Айға атылған

Алаштық

Тап тезірек

Өркөкірек

Тегіңді.

 

Өзен тасыр

Басын алып

Жылғадан.

Әнге басып

Жаңғыратын

Мұңды адам.

Тулап, тасып

Мына әлемді

Құтқар тез

Тексіздерден

Мәңгүрт етіп

Былғаған.

 

Елің, жерің

Бодандықтан

Тазарсын.

Азат болсаң -

Қазақ болып

Озарсың.

Мүлги берсең,

Шұлғи берсең

Көршіңе,

Қабіріңді

Қақ төріңнен

Қазар сұм.

 

Уай, замандас!

Тәумен қалқам,

Көкем-ау!

Бар байлығың

Басқаға өтіп

Кете ме-ау.

Күрегі оның

Кенің тиеп

Жатса да,

Тілегі оның

Сенен мүлде

Бөтен-ау.

 

Өзгеге ез боп,

Жалынасың

Тым неге.

Сен соларды

Орап үлде,

Бүлдеге.

Тірі жүрсең

Иығыңнан

Түспейді ол,

Өліп жатсаң,

Тас лақтырар

Мүрдеңе.

 

Қаралайды

Шық қонақтар

Ағыңды.

Жаралайды

Қан жоса ғып

Жаныңды.

От кеудесін

Құлдық күлі

Бітесе,

Ешқашанда

Азат болмас

Табынды.

 

Табынбашы,

Жалынбашы

Өзгеге.

Ерік-ырқыңды

Үккізбеші

Кезбеге.

Еркіндігін

Азат қазақ

Қорғаған

Ойрат,

Шүршіт

Қамауға алған

Кезде де.

 

Теріскейден

Оқ боратып

Атса күн,

Көк түтінмен

Жыртылғанда

Ақ сағым,

Зеңбіректің

Добын баспен

Тоқпақтап,

Жеңген алаш

Солдатын да

Патшаның.

 

Жеңілмеші,

Қайрап кекке

Жігерді.

Үз бұғауды!

Қи аяқтан

Шідерді!

Сен сілкінбей,

Мен бұлқынбай,

Сілейсек,

Орап алар

Қапасына

Түн елді.

 

Сор қапасты

Айдап тастап

Кеудеңнен,

Кек найзасын

Суырып ал

Белдеуден.

Азаматты

Азаматқа

Айналтар,

Бас тіктірер

Өжет қимыл

«Ел!» деумен.

 

Таптап кетер

Кіріп алса

Сыналап,

Қос көршің тұр

Шекарадан

Сығалап.

Қапы қалсаң,

Қарсы тұрмай

Қасқайып,

Мың сұмдыққа

Бастайды бір

Кінәрат.

 

Кінәратқа

Өзің ашсаң

Қақпаны,

Өшер ұлтың

Келмей бір күн

Жатқа әлі.

Кінәраттың

Ең сойқаны -

Сенаттың

Жер-ананы

Тауардай қып

Сатқаны!

 

Қорға анаңды!

Тулақтай ғып

Сатқызба.

Топырағын

Жат табанмен

Жапқызба.

Қадірлей біл

Әр бұтағын,

Әр тасын

Дербестіктің

Азат таңын

Атқыз да!

 

Сен - перзенті

Тауың менен

Далаңның.

Өзгертетін

Бет-бейнесін

Заманның.

Төрдегі емес

Нағыз адам -

Жердегі

Ынжық болу

Сені менен

Маған мін.

 

Тап береді

Қалжыраса

Сәл күйің,

Жыртқыш көзді

Қадап жүрген

Янкиің.

Өңешіңді

Жұлқып, үзіп,

Үш шеңгел

Жер бетінен

Жоғалады

Ән-күйің.

 

Үш қорқаудың

Өзегінде

Жұтылып

Кетпеуі үшін

Ұлттың көкке

Құты ұлып,

Өз қамыңды

Өзің ойла,

Замандас,

Зор мен сордан

Шығардай боп

Құтылып.

 

Ой көзімен

Үңілші бір

Өткенге.

«Еркіндік!» деп

Ерлік жасап

Кеткенге.

«Азаттық!» деп

Сорғалаған

Қызыл қан

Қызғалдақ боп

Жайқалатын

Көктемде.

 

Құрбан қанның

Әр тамшысы -

Ұраның.

Үлгі, өнегең,

Азан, аттан,

Құраның.

Су жүрекке

Оттан да ыстық

Қан құйып,

Тапсын сенен

Қайсарлықтың

Тұрағын.

 

«Құдаймын!» дер

Құнсыздарға

Телмірме.

Кек жалынын

Кеудеңдегі

Сөндірме.

«Жаным - арым

Садағасы!»

Дейтұғын

Ежелден-ақ

Ұлдарымен

Ел бірге.

 

Қу жанды емес

Асқақ арды

Ардақтап,

Ел киесін

Өр жүрекпен

Барлап тап.

Хақ сотынан

Сонда ғана

Құтылмас,

Құтырғандар

Байлық қуған

Арды аттап.

 

Сен табынсаң,

Табын қайсар

Рухқа.

Көнбістікті

Қылғындырып

Құрықта.

Қасиетті

Алаш атын

Асқақтат,

Өзің емес,

Көнсін жауың

Ырыққа.

 

Келімсектен

Аулақтатып

Ындызын,

Келімсекті

Айдап шықсын

Ұл-қызың.

Көк түріктің

Көк бөрісі -

Қазағым!

Көк төсінде

Мәңгі жансын

Жұлдызың.

 

IV

Уай, замандас!

Мен де,

Сен де

Пендеміз.

Адамдықтан,

Адалдықтан

Кендеміз.

Саф алтыннан

Жаралғандай

Біреу бар,

Бес тиынға

Татымастай

Өңгеміз...

 

Жерден емес

Көктен бәрін

Тілеумен,

Жалықпаймыз

Әулие ғып

Түнеуден.

Қол жаямыз,

Көз сүземіз

Күндіз-түн

Бар жақсылық

Келетіндей

Біреуден.

 

Табатындай

Содан жанның

Ынтығын,

Есек дәме

Алғызбайды

Бір тыным.

Тоқтамас ек

Қол бұлғаса ол

Жымиып,

Оқтаса да,

Жалаңқылыш

Мылтығын.

 

Білегіне

Тисе жанып

Ерінің,

Сүйгендей боп

Перизатын

Перінің,

Күліп сол сәт

Кіріп қана

Кетер ек

Жаһаннамның

Қақ төріне

Көрінің.

 

Ерік-ырқына

Жалғыз Соның

Құлаймыз.

Із болмастай

Оған бармас

Былайғы із.

Алда-жалда

Түсе қалсақ

Көзіне,

Неге екенін,

Күліп тұрып

Жылаймыз.

 

Адам емес.

Жаратқан Хақ -

Егеміз!

Жердегіге

Табынамыз

Неге біз.

Адалымен

Адам болып

Иліксе Ол

Онда, әрине,

Бас иеміз,

Ереміз.

 

Азаматты

Шатастырмай

Тәңірмен,

Сыйласалық

Жүрек қалар

Әмірмен.

Біреу - мені,

Біз - Біреуді

Түсінсек,

Айналар ед

Кең жұмаққа

Тар іргең.

 

Тәңірге емес,

Азаматқа

Сенейік.

Бар күдікті

Ұлы үмітпен

Жеңейік.

Адамға Адам

Дос құшағын

Ашқанда,

Тар Дүниең

Сала берер

Кеңейіп.

 

Хақ Біреудің

Адал қылса

Ниетін,

Қадірі артар

Ырза боп бас

Иетін.

Саған, Оған

Жәркештену

Жараспас

Жұрт алдында

Ұятыңнан

Күйетін.

 

Уа, замандас!

Сен де,

Мен де

Пендеміз.

Біреу - мықты.

Тобыр дейді

Өңгеміз.

Сол Біреуге

Бас иер ек

Құрметтеп,

Бар байлығын

Қайтарта

Алсақ

Елге біз!

 

V

Уай, замандас!

Ашылдым да

Шашылдым.

Қасиетін

Таныттым ба

Хас ұлдың?

Жасығы емес

Жарамсақшыл

Жаманның,

Болсам деуші ем

Бір сынығы

Асылдың.

 

Асылдарым

Сіңіп кеткен

Ғасырға.

Ғасырларым

Төр бермеген

Масылға.

Кеше,

Бүгін

Һәм ертеңім

Тұр толып,

Кіп-кішкентай

Жершарындай

Басымда.

 

Маңдайдағы

Қос телескоп

Көзбенен

Көрем күйді

Жұрт түсініп,

Сезбеген.

Өз ойыма

Қарсы тұрар

Өз денем,

Өзіңе емес,

Өзгеге ауар

Кезде дем.

 

Айттым саған

Күйігімді,

Мұңымды.

Ести алсаң

Жүрек сөзі -

Үнімді.

Ойланып қап

Өз кеудеңе

Үңілші,

Мүмкін сен де

Байқарсың

Өз мініңді.

 

Оятарсың

Күдігіңнен

Үмітті,

Тірілтерсің

Сүмелектен

Жігітті.

Атыларсың

Ақиқатты

Аңсаумен

Талақ етіп

БАҚ-тар толған

Үгітті.

 

Ауа жұтып

Жүрген жоқпыз

Бекер біз.

Тойды ой жеңіп,

Дағдарыстан да

Өтерміз.

Тау, Даламда

Зарды қуып,

Ән шалқып,

«Ғажапстан!»

Дейтін шаққа

Жетерміз.

 

Уассалам!

25.11 - 05.12.2010 жыл.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502