Қазақтың қайсысы – сырттан, қайсысы – алабай...
Мен қазақтың санаулы намысты ұлдарын иттің сырттанына теңеймін. Мықты деген бөрі, арлан қасқырларға дейін тек қана иттің сырттанынан ғана сескенген, кәдімгідей ығысқан. Сырттан – мыңнан бір, және өте сирек кездеседі. Сырттан – сырттан келгендерге сыр бермейді, мінезі тұйық! Қасқыр секілді сол намысымен "қыңқ" етпестен өледі.
Көбіне тау халқы сырттанның қайсарлығын ұстанған. Оны алу үшін қасқырлар тек қана айла-тәсіл қолданған. Біздің елде ұрпақ болашағын ойлайтын сырттандар саусақпен санаулы. Демек, елдің сойылын соққан азғана намыстыларды қадірлеп құрметтеңдер! Ал қалған намыссыз қазақтарды мен алабайға теңеймін. Алабайдың ұстанымы – "кімнің нанын жесең, соның сөзін сөйлейсің!" Алабайлар маңғаз, ұйқыбас, кербез, тәкәппар, жанаяр болып келеді. Қораға жау шауып жатса да бар болғаны рет бойынша аузын толтырып "ауф" деп зорға, сылбыр бір-ақ үреді. Қанша бақсаң да ауладан шығып кетсе болды, нан ұстап бара жатқан өзгенің соңынан қалмай жетегіне еріп кете береді. Алабайда "бұл менің аулам, бұл менің аймағым" деген ұғым жоқ! Алабайда намыс пен ар болмайды! Ұзаққа бармайды, қорқақ, мұқалған пышақтай тез қайтып қалады, әрі қарай жаны қиналып бара жатса ұят жасап жібереді. Төбелеске дайындағандарының өзі тек қана өз нәсілімен ғана төбелесе алады. Мыртық болса да "питьбуль, стаффорт, бультеррер, ротвейллер" секілді жыртықштарға рухы дауаламай қалады. Кезінде хит болған алабайлар қазіргі таңда күлдікте, қоқыс жәшіктерінің маңында боқ жеп жүр. Пайдасыз болған соң, жатыпішер арамтамақ болған соң, оны бағам деген иелерінің қалтасына салмақ түскен соң, иелері далаға амалсыз қоя берген. Тура қазақтың тағдырына ұқсас.
Ендігі айтарым, адалдыққа, төзімділік-мықтылыққа, рухты, намысты, қайтпайтын қайсар болуға келер ұрпақты дайындай алмай отырып, қасқыр алуға ит дайындап жатырмын дегендері еріксіз күлкіңді келтіреді. Және дайындығы қандай дейсіңдер ғой, тірсегі қиылған, болмаса әбден ұрылып артқы аяқтары жасамай қалған, белі кеткен, әбден болдырып сорланған, әлсіреген қасқырды екі жағынан сом шынжырмен ұстап тұрып оншақты итке талатады. Бұл деген барып тұрған нағыз сатқындық пен қаскөйлік, хайуанды қорлау! Бұл дайындық емес, қатындық! Естеріңде болсын, 30 итке талатсаңдар да қасқырдың сағын ешуақытта сындыра алмайсыңдар! Намысты жігіттер де дәл сондай, оларды түрмемен, ату жазасымен қорқыта алмайды.
Бейшара қасқыр соңғы демін ішке тартып, өмірі үшін жанәлекке түсіп күреседі. Мықты болса сендерге сүйенген иттерің сендерсіз жапан түзде жорытып көрсінші? Қасқырдың ұлыған даусын естігенде иттеріңнің кіретін тесік таба алмай қыңсылығанын көрсең ғой. Дәл осындайды жасап жүргендерге, "мен қазақ салтын жалғастырып жүрмін" деп түсінетіндерге, ертеңгі күні сендер елдің сойылын соққан санаулы сырттандарды дәл осылай ұстап беріп, шынжырлатып, шибөрілерге талататын сатқынсыңдар демекпін!
Мен бөлтірік пен ит бағып баулығанмын, айырмаларын салыстырғанмын, қорытындысын жария еттім. Мен бұны не үшін айтып отырмын. Қазіргі қазақтардың қылығы дәл осындай. Ары қарай өздерің ойланып шешім шығара беріңдер! Мен мысалы "шламмен" күресіп жатырмын. Шламның арғы жағы – клан! Шламның арғы жағы миллиардтаған ақша, оны қорғаушылар мінбедегі мафия көкелер! Заңның бәрі, қулықтың бәрі осылардың қолында. Бұлар үшін мен тобыр арыстанға қарсы шапқан жалғыз түйір еркек құмырсқамын! Қазақта: "Қанша мықты болса да, салма жауға жалғызды, қанша шешен болса да, салма дауға жалғызды" деген нақыл сөз бар. Расымен де, алабай болмасаңдар, қайдасыңдар сырттандар! Халықты ашуландыратыны – бұлар байлықты еркінше алып, боғын халықтың басына жағып кетуінде болып тұр ғой. Байғанин, Қарауылкелді төңірегіне де шлам төгіліп ел-халық уланып жатыр. Кеуделеріңде жалын болса, көкірек көздерің ашық болса, ел мен жерлеріңе, тіл мен діндеріңе деген ыстық ықылас пен махабаттарыңның бары рас болса, және ол жасандылық емес айқын болса, онда мен сендерді иттің сырттаны болуға шақырамын!
Тұрар Шапқара
Abai.kz