«Құдекең де біледі, кімге не жетіспесе, соны береді...» - депті
ертеректе Қалтай Мұхаметжанов марқұм.
Ол оқиға былай болса керек. Елде қазіргідей мереке қарсаңы болса керек. Билік шүлен тарқатқандай, орден-медальдерді оңды-солды кім көрінгенге үлестіріп жатыр дейді.
Бір ортанқол жазушыға қаптаған «шүленнің» ішінен «Парасат» ордені тисе керек. Әлгі байғұс қуанышы қойнына сыймай, Қалтай Мұхаметжанға ұшып жетіп, қуанышын жасырмай:
- Қалеке, менің құттықтаңыз? - дейді. Ештеңе түсінбеген Қалекең:
- Не үшін? - десе, ана «данышпан»:
- Ана үлкен кісі маған өз қолымен «Парасат» орденін берді! - депті . Біраз үнсіз отырып қалған Қалекең:
- Иә құтты болсын, қалқам! Құдекең де біледі, кімге не жетіспесе, соны береді, - деп теріс айналып жүріп кетіпті.
Ана «Парасат» орденін алған жазушысымақ: «бұнысы не екен бұл кісінің? Байқаймын, Қалекеңнің де іші тар екен-ау...» - деп ішінен ойға қалып, Қалекең жаққа емес, мына жаққа кетіпті.
Дәл осындай жағдай, кешеден бері біздің мемлекетте де болып жатыр. Талай адам орден-медальге қарық болып жатыр. Тек әйтеуір, осының арты қайырлы болсын деп тілейік, жамағат?
Жұмаш Кенебай
Abai.kz