"Парасатты" алды деп, парасатты боп кетпес...
Адамзат тарихында үңілсек, небір атаққұмар-даңққұмар адамдар болған. Атақ алу үшін жоғары жаққа жалған ақпарат беру немесе қолдап атақты адам жасау қаншама империялардың түбіне жеткенін біреу білсе, біреу білмес. Кезінде КСРО-ның 1-хатшысы Леонид Ильич Брежнев кез келген елдің басшысын қабылдағанда ернімен ернін тигізіп, сүйісетін. Өзінің де кеудесі сақырлаған орден, медальдерден бос емес еді, соған балаша қуанып мәз болатын, жарықтық. Бүгінде сол Л.И. Брежневтің өзін шаң қаптырып кететіндер пайда болды.
Қазіргі таңда, Қазақстан деген елде таңның атысынан күннің батысына дейін телеарналар мен радиолар, одан қала берді әлеуметтік желілерде құдай басқа салмасын, ұшы-қиыры жоқ марапат, адам естімеген атақ-даңқты алып жатқан жеңімпаздар, лауреаттар қаптады. Биылғы Тәуелсіздік күні де небір орден, медальдер ойдан шығарылған атақтар, наградалар шүлен таратқандай үлестірілді. Алматының әкімі боп тұрғанда «үйім жоқ әйелімнің үш бөлмелі үйінде тұрып жатырмын» деп мәлімдеме жасаған Ахметжан Есімовтың үйсіз-күйсіз жүріп, қалай «Еңбек Ері» болғанын зерттеп жатпай-ақ қоялықшы. Бірақ әнебір жылдары теміртордың арғы жағынан бір-ақ шыққан Даниал Ахметов көп ұзамай уәлаят болып қосылған екі уәлаяттың хакімі боп шыға келгенде таңданғаннан екі көзіміз алақандай болған. Бүгін сол Даниал Еңбек Ері атанғанда «Еңбек Ері» атану үшін ең болмаса бір рет түрмеге түсіп шығу керек шығар дедік.
Жиырма екі жыл бойы Жазушылар Одағының төрағалығынан кетпеудің бүкіл іс-шарасын жасап, креслосы үшін «жасанған жауларына» қарсы қаймықпай барысша шайқасып, қысылса Құрылтайда Жазушылар Одағына мүше етіп қабылдаған жазушы емес жазушылардан құралған қалың әскердей топтың қолдауымен «аман-сау» келе жатқан Н. Оразалинге «Барыс-3» орденін берсе несі айып?! Ал Құдай парық-парасат бермеген адамға билік «Парасат» орденін бергенімен үлкен парасат иесі шыға қояр ма? Ал Білім министрі боп келгелі жұртшылық тарапынан құрмет көрмек түгіл жылы сөз естімеген Ерлан Сағадиев қалай «Құрметті» бола қалды?
Бүкіл өмір-ғұмырын мәдениетке, кино саласына арнағандар ала алмай жүрген марапатты Елбасының рөлін ойнаған Нұрлан Әлімжан деген жас актер иеленіп кетті.
«Алтын белгі» деген атақты Сиви Махмуди деген қарындас не үшін алғаны белгісіз. Өйткені, ол қарындас әнші ме, актриса ма, продюссер ме, сазгер ме, соның қайсысы екенін түсіну оңайға соқпайды. Әйтеуір ақшасы бары анық. Белгілі ақын Аманхан Әлімнің Несіпбек Айтұлы туралы жазғаны шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені, олар Аманхан Әлімнің айтқандары не жала, не жалған деп баспасөзде бірауыз жауап бере алмады. Несіпбек сыйлықты алуын алып-алып, мен өзімді ұсынған жоқ едім, інілерім ұсынып жіберіпті, -деді «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Сірә, бәйге жүлдегерлері алдын-ала шешіліп қоятыны рас шығар, соған қарағанда.
Баян-өлке тумасы Дәулеткерей Кәпұлы жақында «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген атақ алыпты. Бұл да небір жезтаңдай әншілер мен күйшілер, Дәулеткерейді он орап алатын ақындар ала алмаған атақ. Ал, Дәулеткерей қазақтың кешелі-бүгінгі мәдениетінің не тарихы, не болашағы туралы бір ауыз мақала жазған адам емес. Ендеше, онікі қандай «еңбек сіңіру?»
Әдебиет саласындағы сыйлықтар да ат төбеліндей аз адамдарға бұйырды. "Биыл мен алайын, келесі жолы сен аласың" деп бөліскендей әсер береді. "Алтын тобылғы", "Рух" секілді байқаулардан 14 облыстан бірде-бір лауреат шықпағаны, бар жүлдені Алматы мен Астана айналасындағы адамдардың ала беретініне таңым бар. Қайта-қайта айналдырған осы топ марапатты ала береді, ала береді. Неге? Бұларды қазақтың жерінің мәселесі, көшедегі орысша шүлдірлеп жүрген орысқұлдардың ана тілін білмеуі, Торғай өңірінің 76 мың гектары Ресей полигонына айналып кеткені, Қарағанды шахталарындағы шахтерлердің жанайқайы, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастап жатқандардың күрт көбеюі, ауылдардың қаңырап қалуы мен маскүнемдік, жезөкшелік сияқты қоғамдағы өзге де ушығып тұрған, қордаланған мәселелер дым қызықтырмайтын, керісінше, кеудеге медаль тағып, сыйлықтан сыйлық ала берсек деген озбырлықтың белең алып бара жатқаны мені шошытады.
Кең ойлы кеңес айтар жөн жоғынан.
Жүк жұртта қалды, имесең Ием Өзің,
Берікбел бүтін туған нар жоғынан.
Көп үшін көбелектей болсам деймін,
Есімнің хабарым жоқ бар-жоғынан.
Ақылды ер айтқанымды абайлайды,
Ақылсыз ақымақ күлер аржағынан, - деген қайран Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өлеңі осындайда ойға оралады.
«Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, мен бұл мақаланы олардан жүлдені қызғанғаннан жазып отырғаным жоқ. Тек, елімізде әлсін-әлсін жүздеп, мыңдап орден, медаль, сыйлық, жалған атақ беру үлкен бір үрдіске (дәстүрге) айналып, соның салдарынан «парасатты», «құрметті», «даңқты», «жүлдегер», «жеңімпаз» деген сөздердің әбден қасиеті қалмай бара жатқаны кеудеге әлдебір үрей ұялатады екен.
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz