Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 5256 3 пікір 26 Желтоқсан, 2017 сағат 12:09

Мәдениетке бөлінген қаржыны тиімді пайдалану керек

Қазақ даласының тарихи-мәдени ескерткіштері өткен тарих қойнауынан сыр шертер - елдің, халықтың мәдени мұрасының өшпес құнды бөлігі болып саналады. Мыңдаған жылдар бойғы тарихты бойына сіңіріп тұрған бұл баға жетпес ескерткіштерді қорғау мәселесі бүгінгі таңда қоғам алдында да, археология ғылымында да көкейкесті мәселелердің бірі. Аталған  құнды ескерткіштерді сақтау өткен көне замандарда да өзекті мәселенің бірі болып отырған. Ал, қазіргі таңда тарихи, археологиялық, сәулеттік және мәдени ескерткіштердің уақыт өткен сайын көнеріп, адам факторларының көбейіп бара жатқан кезеңінде, бұл мәселе одан сайын өзекті бола түсуде. Осы орайда, ең алғашқы қадам - тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруда мемлекеттік билік пен ескерткіштерді қорғау жөніндегі уәкілетті органдармен және басқа да  бақылаушы ұйымдардың қызметі мен жүйесін саралап көруді жөн санадық.

Ескерткіштерді қорғау және археология саласындағы басқару жүйесі ҚР заңдары аясында реттелетін қызмет түрі. Қоғам мен өмірдің өзгерістік дамуына байланысты заң жүйесі де сан мәрте өзгеріп жетіліп келеді. Қазақстан аумағындағы ескерткіштерді қорғау басқару жүйесі 1992 жылғы Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы және 2006 жылғы Мәдениет туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен, сондай-ақ, басқа да әкімшілік құқықтық нормативтік құжаттар аясында реттеледі.

Мәдениет туралы нормативтік құқықтық актілерді талдау және оларды қолдану тәжірибесі тарихи-мәдени мұраны басқару, қорғау, пайдалану және насихаттау саласындағы мемлекеттің өкілеттіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оған мыналар жатады:

мәдени мұраны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындау, осы саладағы бірыңғай инвестициялық саясатты әзірлеу және енгізу;

мемлекеттік меншіктегі объектілерді иелену, пайдалану және оларды сақтау;

тарихи-мәдени мұраны сақтаудың негізгі принциптерін құру;

тарихи-мәдени мұраны сақтау, қалпына келтіру және насихаттау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу, бекіту және іске асыру;

тарихи-мәдени ескерткіштерді (тарихи-мәдени құндылықтарды) сақтау және пайдалану, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны қорғау туралы заңнаманы іске асыру бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.

Сонымен қатар басқару тұжырымдамасына бақылауда кіреді. Сондықтан ескерткіштерді қорғау ең алдымен қоғамдық қатынастарды ұйымдастырудағы мемлекеттік басқарудың басты нысаны болып табылады.

Мемлекеттiк бақылауды - мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың және азаматтардың тарихи-мәдени мұра объектiлерiн және ескерткiштердi сақтау жөнiндегi өз мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Субъектерге байланысты мемлекеттік бақылауды келесі бөліктерге бөлуге болады:

өкілетті органдардың бақылауы;

жалпы және арнайы құзыретті басқару органдарын бақылау.

Тарихи-мәдени мұраны басқару органдары ішкі және ведомствалық бақылауды жүзеге асырады. Мәдениет және спорт министрлігінің ішкі бақылауы бойынша қызметті объектілердің тiкелей бағынатын ұйымдар мен кәсіпорындары жасалынады. Ішкі ведомстволық бақылаудың маңызды сипаттамасы оның жан-жақтылығы бақыланатын субъектілердің барлық қызметтеріне қатысты. Тарихи-мәдени мұраны қорғауда ескерткіштерді есепке алуды, қалпына келтіруді және пайдалануды басқаруға байланысты басқару қызметін кеңінен қамтиды, бұл осы саладағы басқарудың салалық сипатын көрсетеді[1,58].

Мемлекетік бақылаудың ең тиімді түрі ол рұқсат беру. Біздің елде бірқатар кәсіпкерлік қызмет түрлерін мемлекет реттейді, аталған қызмет түрлеріне рұқсат алу қажет – лицензия, аккредитация туралы куәліктер, сертификациялар, рұқсаттар, келісімдер мен өзге рұқсат құжаттары. Рұқсат құжаттары жеке және заңды тұлғаларға белгілі бір қызмет түрімен айналысу немесе білгілі бір әрекеттер жүзеге асыру құқығын береді.

Рұқсат жүйесі саласында негізгі нормативтік-құқықтық акті болып Рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңы болып табылады, аталған Заң егер Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген өнімге қойылатын талаптар,  өнімдермен үдерістердің жеке түрлерінің сәйкес болуын міндетті растау бойынша талаптар мемлекеттік әкімшілендіру мақсаттарына жету үшін жеткіліксіз, аләсіресе, тұрғындардың қауіпсіздігін, денсаулығын және өмірін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болған жағдайларда қызметтің жеке түрлерін лицензиялау кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мейлінше қатал талаптарды болжайды. Жеке және заңды тұлғалар субъектілері лицензия жайлы білуі тиіс негізгі түсініктер Рұқсаттар және хабарламалар туралы ҚР 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңында жазылған.

Мәдени мұраларға реставрациялау және археологиялық қазба, барлау жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат, яғни лицензия алу тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы ҚР 1992 жылғы 2 шілдедегі № 1488-ХІІ заңының 34 бабының 4 тармағы және 40 бабына сәйкес міндетті[2].  Археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңының 1-қосымшасындағы бірінші санаттағы рұқсаттардың (лицензиялардың) тізбесіндегі  2 тармақшасында Мәдениет саласындағы қызметті лицензиялау туралы Тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және (немесе) ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензияланады деп көрсетілген[3].

Қазіргі уақыттарда біздің елімізде археологиялық қазба мен реставрациялауға лицензияны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігі береді. Қазіргі күнге дейінгі берілген лицензиялар санын нақтылайтын болсақ, 2014-2017 жылдар аралығында 190 мерзімсіз (қолдану мерзімі шектелмеген) лицензия берілген. Себебі, археология және реставрациялауға берілетін мерзімді лицензия,  Рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V ҚР заңының күшіне енуімен Лицензиялау туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы N 214 Заңы күшін жойған. Осы уақыттан бірінші санаттағы лицензиялау қатарына енгеннен бастап мерзімсіз лицензия беріледі. Мерзімсіз лицензия енген күннен  бастап, 2014 жылы 92 лицензия алған болса оның 52 ісі мерзімсіз лицензия және де  2015 жылы 79, 2016 жылы 47, 2017 жылы 12 лицензия алған. Бұл сандар 2017 жылдың соңғы айларындағы көрсеткіштер бойынша тағы да толығуы мүмкін. Қазіргі таңда біздің елімізде 190 археологиялық қазба жұмыстары мен реставрациялық жұмыстарды жүргізуге арналған лицензиаттар бар.

Ендігі жерде осы лицензия алған тұлғалар мен мекемелердің қаншасы қандай ескерткіш нысанда жұмыс жасап жатыр және қайда есеп береді – деген заңды сауал туындайды. Осы тұрғысында біраз талдаулар жасап көрсек.

Алдымен мемлекеттік қаржыға жұмыс жасаған мекелелер мен тұлғаларды анықтауға болады. Мәселен мемлекеттік сатып алу  www.goszakup.gov.kz веб-порталынан алынған мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2016 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы археология және реставрациялау бойынша 29 заңды тұлғалар 977 940 073 теңге болатын жұмыстарды ұтып алған және жүзеге асырған. Осы портал арқылы 19 заңды тұлға 2 075 026 085 теңге музей, мәдениет мекемелеріне инженерлік жүйелер тарту және жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар 2015-2017 жылдар аралығында Білім және ғылым министірлігінің археологияға байланысты гранттық жобалары бойынша 13 мекеме жұмыс жасауда.

Яғни, бүгінгі таңда 2016 жылы лицензиясы бар 190 лицензиаттардың 63 ғана жұмыс жасағанын көруге болады. Ал, қалған 127 мекеме не істеп жатқандығы жөнінде мәліметтер жоқ. Себебі, лицензия берген мекемеге яғни, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігіне жасалып жатқан жұмыстары жайында ақпарат беруге міндетті емес. Ал мына жоғарыда табылған мәліметтер мемлекеттік сатып алу веб-сайтынан  БСН (бизнес-сәйкестендіру нөмірі) арқылы алынды.

Жекелеген облыстар бойынша тоқталатын болсақ, 2016 жылы археологияға ең көп облыстық бюджеттен қаржы бөлген Шығыс Қазақстан облысы 8 жобаға  53 000 824 теңге бөліп, Қырықүңгір ескерткіші, Шілікті алқабы(Шілікті 1), Берел қорымы, Аблайкет ортағасырлық ғұрыптық кешені, Елеке сазы-2 қорымы, Абай ауданының екі ауылдық округындағы және Аягөз ауданының ескерткіштерінде зерттеу жұмыстары жүргізілген. Екінші, Қызылорда облысы Жаңакент және Сығанақ қаласына, Жетіасар ескерткіші мен Жаңақорған ауданындағы жеке обаны ашу жұмыстарына 23 508 726 тенге бөлген.  Ал рестоврациялау бойынша Алматы қаласы 382 432 000 тенгені қаладағы тарихи ескерткіштердің куәлігін жасауға және 1892 жылы қаланған Верный балалар үйінің қалпына келтіру жұмыстарына бөлген, содан кейін Тараз қаласындағы керуен сарайы мен ортағасырлық мешітті қалпына келтіру, Ескі Тараз орынында жүргізілген қазба жұмыстарының үстінен қорған үшін шатыр (қалқан) орнату жұмыстары Жамбыл облысында 362 107 476 тенге ге жүргізілген[4].

Ал енді оның сыртындағы жекеменшік секторларының, демеушілердің жерді игеру кезіндегі кәсіпорындардың қаржыландыруымен орындалған жұмыстардың қаржысын, есебін түгендеу мүмкін емес. Себебі, жеңіп алған тапсырыс орындаушы шығармашылық есепті тек қана тапсырыс берушіге ғана өткізеді.

Рұқсаттар және хабарламалар туралы ҚР заңының 35 бабының бірінші тармағында лицензияны қайтару мынандай жағдайларда көзделген:

-   берілген мерзімі өткенде;

- жүзеге асырылуы үшін берілген әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;

- лицензиядан және (немесе) лицензияға қосымшадан айырғанда (оларды қайтарып алғанда);

-   жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда;

- лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданысын тоқтату туралы ерікті түрде лицензиарға өтініш жасағанда;

- лицензиат лицензиялануға жататын тұлғалар қатарынан алып тасталғанда;

- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда өзінің қолданысын тоқтатады[3].

Осы орайда лицензия туралы заңға археология және реставрациялау жұмыстары туралы лицензия беретін мекемеге әрбір лицензиаттар атқарған жұмыстары жайында есеп берудің механизмдерін жетілдірудің маңыздылығы туындайды. Сол арқылы жұмыс жасамай жатқан лицензиясы бар заңды тұлғалардан лицензиясын қайтару шараларын ұйымдастыруға болады.

Қорыта келгенде, қазіргі уақытта ескерткіштерді қорғауды басқарудың ресми заңды құжаттары бар. Алайда бүгінгі қарқынды даму үрдісіндегі өмір талаптары өзгерістер мен толықтыруладырдың қажететтігін аңғартады. Атап айтқанда археология және реставрациялауға берілетін лицензияның талаптарын қайта қарастыра отырып, лицензиаттар мен лицензия беретін арнайы органың арасындағы қарым-қатынас пен кері байланыстың тетіктерін  нақтылап бекіту,  жыл сайын  есеп береу шараларын өткізуді заңдық тұрғыда баршаға міндеттеу. Сол арқылы жоғарыда айтылған қордаланған мәселелерді шешуге жол ашылар еді. Сонымен қатар тарихи мәдени мұраларымызды сақтау мен пайдалану жолындағы заңнамалық құжаттарды дер кезінде толықтырып, өзгерту «Рухани жаңғыру» мемелкеттік бағдарламасының оңтайлы іске асуына да өз септігін тигізері сөзссіз.

 ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. И.Э. Мартыненко, Правовой статус, охрана и восстановление историко-культурного наследия. Гродно. 2005. C.343
  2. Тарихи-мәденимұраобъектілерінқорғаужәнепайдаланутуралы ҚР 1992 жылғы 2 шілдедегі № 1488-ХІІ З
  3. Рұқсаттаржәнехабарламалартуралы ҚР 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V З
  4. Мемлекеттіксатыпалуwww.goszakup.gov.kz веб-порталы

Олжас Дәуренұлы Мысыр, ҚР Ұлттық музейі, «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкер

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347