Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2437 0 пікір 9 Маусым, 2009 сағат 05:40

Қарусыз балықшыларға оқ атқан төрт әскеридің біреуі ғана айыпты деп танылып, 6 жылға сотталды

Ақтау әскери соты Каспий теңізінде балықшыларды атуға бұйрық берген офицерді 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, онымен бірге болған үш әскери қызметшіні жазаға тартпады. Қаза тапқан екі балықшының туыстары бұған разы емес.

 

Ақтау әскери соты Каспий теңізінде балықшыларды атуға бұйрық берген офицерді 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, онымен бірге болған үш әскери қызметшіні жазаға тартпады. Қаза тапқан екі балықшының туыстары бұған разы емес.

 

ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАП СОТ АЙЫПТЫҒА ЖҰМСАҚ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ ДЕП САНАЙДЫ
Маусымның 2-і күні Ақтау гарнизонының әскери соты 2008 жылдың 14 тамызында Каспий теңізінде шекарашылар қолынан қаза тапқан балықшылар өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Астана» кораблінің командирі ІІІ дәрежелі капитан Руслан Шүршенов ҚР Қылмыстық кодексінің 380-ші бабына («Қызмет бабын асыра пайдаланып, біреуге зиян келтірді») сәйкес айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда жәбірленуші тарап соттың үкіміне разы болмай отыр.
– Біз ҚР Қылмыстық кодексінің 96-шы бабын, яғни «қасақана адам өлтіргені» жөнінде айыпты талап еткен едік. Істі қараған судья Бауыржан Қонысбаев әділ төрағалық еткенімен, айыптыға ол кескен 6 жыл мерзімді жазаны аз деп санаймыз. Тым құрмағанда оған 8 жыл беруі керек еді. Әрине, тағы шағымданып, қайта тергеуді сұрағанымызбен, бұл іс өзгеріссіз қалатыны белгілі. Өйткені, 96-шы бапты осы қылмыстық істі тергеу барысында тергеушілер тағайындауы тиіс болатын, – деп мәлімдеді Азаттық радиосына жәбірленушілердың адвокаты Бералы Сейітмағанбет.
Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші тарап енді Р.Шүршенов жұмыс істеген әскери бөлім мен оның өзінен қосымша моральдық және материалдық шығындарды сот арқылы өндіріп алмақшы. Қазақстанның қолданыстағы заңдары бойынша, материалдық және моральдық шығын азаматтық негізде талап етіледі.
Шекарашылар оғынан қаза болған Қайрат Садықовтың ағасы Қуаныш Садықов сот үкіміне қатысты өз пікірін Азаттыққа былайша білдірді:
«Әскерде жай әшейін шапалақпен тартып жібергені үшін 3-4 жылға тәртіп батальонына (дисбатқа) кетеді ғой, ал мұнда арыстай екі азаматты өлтіріп тастағандарға бар болғаны 6 жыл берді. Бұл не деген аяушылық екені түсініксіз. Тіпті, осы 6 жылды Шүршенов мырза шынымен арқалап шыға ма, оған да күмәндіміз».

 

ШЕКАРАШЫЛАР ҚАРУСЫЗ БАЛЫҚШЫЛАРДЫ БРАКОНЕРЛЕР ДЕП, ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫ КІНӘЛАДЫ
Былтырғы тамыздың 14-інде таңғы сағат 4-тер шамасында Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылынан 100 шақырымдай қашықтықта Каспий теңізі үстінде болған төтенше оқиғаны тергеудің барысы жайлы Азаттық бұған дейін хабарлаған болатын.
Таң қараңғысында жанбайлық ағайынды төрт балықшы жігіт мінген қайыққа шекарашылардың «Астана» катеріндегілер пулеметтен оқ жаудырған. 33 жасар Қайрат Садықов басынан тиген оқтан миы шашылып, бірден жантәсілім етіп, 23 жасар Асқар Таңатаров іші-бауыры мен аяғынан тиген оқтан жағаға жетпей, қансырап өлген-тұғын.
Осы оқиғадан соң жанбайлықтар қайықты 28 жерден оқ тескенін анықтаған. Қалған екі балықшы болса әлі күнге дейін қалай аман қалғандарына сене алмайды.
Алайда шекарашылар болған оқиғаны өзгеше суреттеп, бастарын арашалап қалуға тырысты. Олар тірі қалғандарды да, өлгендерді де «браконьерлер» деп атады және «бірінші болып әскери корабльге шабуыл жасаған солардың өздері» деп кейбір БАҚ арқылы ресми мәлімдеме жасады. Сондықтан да шекарашылар «өздерін қорғап, ірі калибрлі пулеметтен оқ атуға мәжбүр болғандарын» алға тартты.

 

БАЛЫҚШЫЛАРҒА ОҚ АТҚАН ҮШ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ ЖАЗАЛАНҒАН ЖОҚ
Бірақ сот үкімінде капитанның бұйрығын орындаған Ақтаудағы 2201 «б» әскери бөлімінің қызметшілері – боцман Абзал Есқожаев, аға матростар Марат Тілеулиев және Н.Орынбектердің жазаға тартылмауына жәбірленуші тарап разы болмай отыр.
Жәбірленушілердің айтуынша, балықшылардың қайығына боцманның 10 рет, ал матростардың 18 рет оқ атқаны анықталған. Алайда олардың жазадан құтылуына Ұлттық қауіпсіздік комитеті мүдделі болып отыр дейді адвокат Бералы Сейітмағанбет.
Оның пайымдауынша, егер оқиғаға қатысы барлардың бәрі дерлік жазаланса, олардың артында тұрған тұтас жүйе басшыларынан бастап бағыныштыларына дейін абыройларынан айырылмақ.
Тірі қалған балықшылардың өкілі зейнеткер қария Ботагөз Дәукенбаева тергеудің қорытындысына көңілі толмайтынын айтты.
– Қылмыстық істі тергеудің басынан бастап жәбірленушілерге тек қысым жасалумен келді. Оларды 8 ай бойы қылмыскерлермен беттестірмеді. Ақыр соңында сот процесінде Руслан Шүршеновтың бұйрығымен оқ атқандар, жай куәгерлерге айналды. Ал жазықсыз жігіттерді «браконьер» дейтіндей олардан ау-құралдар, тағы басқа браконьерлік құралдарды тәркілеген жоқ. Осының бәрі шекарашылардың жоғары жақпен мықты байланыста екенін көрсетеді, – деді Ботагөз Дәукенбаева.

 


«БИЛІК ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АШУ-ЫЗАСЫНАН СЕСКЕНДІ»
Шекарашылардың оғынан мерт болған екі балықшының қазасы бойынша сот ісі қылмыс болған жерде емес, Ақтау қаласында өтті. Оның себебі – билік орындары жергілікті тұрғындардың қаһарынан қаймыққандықтан деп түсіндіреді жанбайлықтар.
Себебі, қайғылы оқиғадан соң ашу-ыза кернеген Жанбай тұрғындары шекарашылардың бекетін таспен атқылап, нағыз кінәліні туып, тез арада жазалауды талап еткен еді. Ауыл тұрғындарынан сескенген құқық орындары бүкіл күшін осында әкеп жұмылдыруға мәжбүр болған-тын.

 

«ОРЫС ТІЛІНДЕ ӨТКЕН СОТТАН ТҮСІНГЕНІМІЗ АЗ БОЛДЫ»
Жәбірленушілер өздерінің Ақтаудағы сотқа 12-16 адам болып шұбырып бір ай бойына ары-бері сенделгендерін айтып шағымданды.
«Ақтауға 4 рет бардық. Соңғы барғынымызда, шекарашылардың қолынан қаза болған Қайраттың әкесі Сабыржан Садықов ақсақал қан қысымы көтеріліп сотқа қатыса алмады», – дейді қаза болған балықшылардың туысқандары.
Ақтаудағы әскери соттың орыс тілінде өткеніне де жәбірленушілер наразылықтарын білдірді.
– Сот орысша жүргізілді. Бұл орысша ұқпайтын біз үшін өте қолайсыз болды. Біз көп нәрсені түсінген жоқпыз. Бір аудармашы аударып тұрды, бірақ оның аудармасына тұшынып жарымадық. Микрофон болмағандықтан, жөнді ешнәрсе ести алмадық. Тіпті, осының бәрі әдейі жасалғандай болып көрінді. Әрі әскери сот деген аты болғанымен бірі кіріп, бірі шығып жатты, – дейді марқұм Асқардың әкесі Ғарифолла Таңатаров.
Бірақ, балықшылардың адвокаты Бералы Сейітмағанбеттің түсіндіргендей, заңға сәйкес сотталушы қай тілде сөйлесе, сот сол тілде жүргізіледі екен. Айыпкер капитан Руслан Шүршенов қазақша білмегендіктен, сот та
орыс тілінде жүрді дейді адвокат.
Сондай-ақ жәбірленушілер сот үкімі оқылысымен айыпкер Руслан Шүршеновтың қолына бірден кісен салынып, дереу қамауға алынбауы да көңілдеріндегі күдікті күшейткенін айтты.
Сондықтан да олар «жылға тарта түлкі бұлаңға салған Шүршенов тағы бір қитұрқы шығарып жүрмей ме» деген қауіптерін де жасырмайды.
«Адам өлтіргені белгілі бола тұра, сот болғанша қамауға алынбай, алшаңдап жүрді. Тіпті тергеушілер «Шүршеновтың әйелінің аяғы ауыр» деп оған аяушылық танытқан болатын» дейді жәбірленушілердің сенімді өкілі ретінде олардың құқын дербес қорғаумен айналысқан зейнеткер қарт Ботагөз Дәукенбаева.
Ал адвокат Бералы Сейітмағанбеттің айтуынша, оның сотқа дейін қамауға алынбауы прокуратура мен тергеу орындарының шешімі салдарынан көрінеді.
Қаза болған балықшылардың отбасы енді марқұм Қайрат Садықовтың артында қалған баласына дербес жәрдемақы тағайындап, екі үйдің де материалдық шығыны мен моральдық зардабын өтесін деген талап қойып отыр.

 

Сәния ТОЙКЕН, 8 шілде 2009 жыл
«Азаттық» радиосы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5557