Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5333 0 пікір 19 Қаңтар, 2018 сағат 10:26

Есбол Үсенұлы. Бар мен ғайып арасы

 

АҚЫН

Ақын мәжнүн – мұңды адам,

Кейде дәруіш ақымақ.

Өлеңдері – қураған,

Жел ұшырған жапырақ.

 

Дүние ләззәті ұмтылған,

Түсіне енбес жаннәты.

Өлеғдері – қырқылған,

Аққу құстың қанаты.

 

Арыла алмай сан ойдан,

Пана болмай кең өлке.

Өлеңдері – қарайған

Іңірдегі көлеңке.

 

Өз-өзіне  жүрсимай,

Маңайына бармаңыз.

Өлеңдері – мың шимай,

Жаңа жауған қардағы із…

 

Албастымен белдескен.

Мір оғындай зәр тілі.

Өлеңдері – лезде  өшкен,

Найзағайдың жарқылы.

 

Көңілі ойран сең көшкен,

Қайғылы жүзі кешкі ымырт.

Өлеңдері – ел  көшкен,

Құлазыған ескі жұрт.

 

Шабыты қалған тоқырап,

Дәурені өткен түрленер.

Өлеңдері – топырақ ,

Беті ашылған мүрделер…

 

Өлер ажал жеткенде,

Ақын да жәй бір кісі.

Өлеңдері – көктемде

Қайта оралған жыл құсы.

 

АҚЫН ЖӘНЕ МАХАББАТ

Ораныпты ғашығы,

Үлдеменен бүлдеге.

Бырақ, ақын пақырдың,

Жыры – күйік, мұң неге?!

 

Толқынында өмірдің,

Билей алмай бір басын,

Ұқсатады қайыққа,

Сүйгенінің сырғасын.

 

Жауар бұлттай түнеріп -

Көңіл көгі ашылмай,

Ғашығының жанары,

Жарқылдайды жасындай.

 

Кебенек киіп өмірде,

Су ішеді бақырдан.

Сүйгенінің кірпігі-

Улы жебе атылған.

 

Құстар қайтып түстікке,

Тастан күмбез қаланды…

Ақынменен маһаббат-

Жарықпенен қараңғы.

 

КӨҢІЛ КЕПТЕРІ

Қосылдым ба мәжнүндер санатына?!

Ауылың ұқсайд ертегі жаннәтына.

Алғашқы пәк сезімді хатқа жазып,

Кептерімнің байладым қанатына.

 

Көкке сіңді кептерім шығандады,

Көңілімде көбейді күман тағы.

Атша тулап жүрегім дүрс – дүрс соқты,

Сен бұлаққа келгендей су алғалы.

 

Аманатым түскендей енді есіне,

Үйлеріңнің қонды ақыр төбесіне.

Жалғанда жанымды ұққан жалғыз – ақ сол-

Құс біткеннің теңгермен төресіне.

 

Тұрмын бағып таусылды төзім менде,

Үркек екен кептерім өзімнен де,

Қасына сен барғанда кетті ұшып,

Дәйім өстіп түскөрем көз ілгенде…

 

Бұза алмай қамалды арадағы,

Шашымның да көбейіп барады ағы.

Кептеріме түсімде табыстаймын,

Айта алмай қалған сөзді жағадағы.

 

Келем еріп тірліктің қарасына,

Жүрегімнің ем іздеп жарасына,

Өң мен түстің, бүгін мен өткен күннің,

Елшілікке жұмсаймын арасына.

 

Дегендей өз аспаным көгім керек

Қайрылмайды, қайтсем мұң жеңілдемек?!

Түңілемін амалсыз мойындаймын:

Көңілің – басқа, бұл күнде, өмір – бөлек …

 

СЕН МЕНІ ҰМЫТҚАНДА

Оранған көрпесіне тау да мақпал,

Ұқсайды тұнжыраған жанға бақтар.

Кенеттен ғайып болдың таба алмадым,

Ізіңді кетті өшіріп жауған ақ қар...

 

Сені іздеп құрыды әлім кезе менің,

Ежелден сезіміңді беземедің,

Хикімет бір сурет тұр айдалада:

Қыраулы әйнегінде терезенің.

 

Сызған кім

Бітіруге  қолы бармай,

Аяқсыз қалдырыпты, соңы қандай?!

Тағдырдың күтеді алда жолы қандай?!

Өзіңмен өтемінбе жолыға алмай?!

 

Ұқсайды асу – асу, бел – белеске,

Сол сурет сен қалдырған белгі емеспе?!

Шошынып түнде ояндым шырт ұйқыдан

Сезді ішім, көңілім де сенді елеске…

 

Көктем кеп қайың қайта көктегенде,

Бір сұмдық аңғарармыз көк те, мен де:

Бейнемді өшірерсің ой – санаңнан,

Тынармын сол шақ суып от денем де…

 

Сендей ме бәрі өмірде желектінің?!

Мекендеп мен қалармын түнек түбін.

Суалып көрге айланар жанарым да-

Төгетін ағыл тегіл жүрек мұңын...

 

КЕРУЕН ӨМІР

Айланды үміт – шөлге , жол – қайғыға ,

Бездірген мені сенен қандай дуа?!

Бейуақта мең зең күйде жатқанымда,

Жылыстап керуен өткен, торғай куә.

 

Сиқырлы үнге елтіп сыңғыраған,

Тап болдым бетбақ шөлге құм жылаған.

Оқыған сяқтымын тағдырымды,

Аңқасы кепкен сынық құмырадан...

 

Жүрсіңбе жолым тосып қырға шығып,

Көңілің алағызып тұрма асығып?!

Құс болып қанатыңмен су себесің,

Әлде түс...жоқ болады құмға сіңіп...

 

Көшуде жүзге – әжім ,көңілге – күз ,

Сыңарым сен екенсің өмірде егіз.

Кеш ұқтым… айтар енді дәрменім жоқ:

Артыма қайта алмаймын көмілген із...

 

Келемін қадамымды зорға басып,

Түсімде тұрасың сен торда жасып,

Тамұққа бет алыпты керуен өмір

Түсіппін барса келмес жолға адасып...

 

САПАР

Сапарға шықтым

Еріксіз

Бір күш жетектеп,

Құстар жүр сайрап

Тианақ таппай секектеп…

Асу тұр алда мұнартып,

Жете алмай келем жабыға мініп тепектеп..

 

Кер бестім араз, келесің дейді оттатпай,

Өшігіп мен де басамын қамшы тоқтатпай,

Щұбалып жатыр жол, шіркін!...

Ертегідегі барса келмейтін соқпақтай...

 

Жолдасым – қиял, қоржыным да жоқ бөктерген,

Алыстап кеттім бүлдірген терген беттерден,

Сыбызғы жасап қурайдан,

Сағыныш сазын жолдадым желден,кептерден...

 

Сырласушы едік оңаша сайда толданда ай

Маһаббат қайда?!

Жан едім неткен сор маңдай!

Алдымды кесіп қара су,

Үзіле берді қиялым, жолым жалғанбай.

 

Қызғалдақ солып, сарғайған дала, желік кем,

Аттылы – жаяу  қосылдым топқа келіп мен:

Бағыты той ма, қаза ма?!

Жүрісі суыт… ілестім айырылп еріктен…

 

Болдырды атым,

Жығылады қайта бір аттап,

Адам да, жер де көшіп барады жырақтап,

Ерімді жастап  жантайдым:

Ескі жұрт орны – төбеде қалдым тұрақтап..

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467