Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 4924 0 пікір 24 Қаңтар, 2018 сағат 09:36

Имам Марғүзи мешіті

ХІХ ғасырға тән архитектуралық ескерткіш. Түркістан атырабындағы Шобанақ елді мекенінде орналасқан. Ескі қорымның төбешігіндегі мешіт қабырғасы қам кесектен тұрғызылған. Порталды күмбезі дәстүрлі ортағасырлық архитектуралық мектебіне тән — негізінен Оңтүстік Қазақстан өңірінде көптеп кездеседі. Мешіт көне үлгіде  салынып, кейінірек қосымша шілдехана бөлмесі қосылған. Мешіттің архитектуралық құндылығы көркем. Құрылыстың жобасы төртбұрышты, күмбезі конус түрінде жасалған. Мешіттің шілдехана бөлмесі діни әдет-ғұрып жасауына ыңғайланыстырып жасалған.

Аңыз, әпсаналарда Имам Марғұзи Қожа Ахмет Ясауимен ілім таластырып айтысу үшін Бағдаттан арнайы келіп, қырық күн, қырық түн пікір таласады. Соңында жеңіліске ұшырайтындығы айтылған. Аңыз-әпсаналар жинақтаушы Садық Сапабекұлының жазбаларында: «Мағриб таманда Имам Марғұзи атты бір ишан[ның] өзінде үш дәрежесі бар еді. Бірі – патша баласы, екіншісі – ханзада еді, үшіншісі – ғалым болатын. Шәкірті көп еді. Әзірет Сұлтанның шарапатын естіп, Түркістанда шайық бола ма, әлде жалған дұға қыла ма деп, тоқсан тоғыз қашырға кітап артып, сексен сегіз мың қолмен бұл жахршыны  көрейін деп жолға шықты. Бұл хабарды Қожа Ахмет Ясауи естіді. Хазіреттің екі халифасы бар еді. Бірінің аты – Сүлеймен, екіншісінің аты – сопы Мұхаммед Данышпан-ды.

Бұл екі ғазиздің бірі айтты: «Мен оның аузындағы (ойындағы) сөзін, не ойланып айтайын дегендерінің бәрін де тонап алып, қалтамның түбіне салып қояйын, сонда ол не ойлап табар екен», - дейді.

Екіншісі: «Мен оның тоқсан тоғыз қашырға артқан кітаптың жазуын талап алып, көрінбейтін, оқылмайтын етіп қояйын, онда оқимын дегенде – оқи алмай, ата-анасының артына тығылғандай дал қылып, шоқитып қояйын десті. Кітабын оқи алмай аузын ашып, дал болып қалсын», - дейді.

Имам Марғұзи Тұран жеріне табан тіреп, қала іші адамға толы, жақсы-жаман түгел жиылды, бұл үлкен жиылыс болды. Имам Марғұзи қанша адамдарымен келіп отырды. Сөйлейін десе – аузына бір де сөз түспеді, ештеңе айта алмай, сасқанынан кітабын алып келді. Бәрін де қараса, ешбір жазу, таңбасы жоқ, таза қағаз беті болып шықты. Суға түспеген, ескіріп, әріп түспеген, басқан шаң да жоқ. Аң-таң болып, не қыларын білмей сасқанынан: «Қорамсағым тесіліп біткен, бәрі де түсіп қапты – нелерді айтайын», - депті. Хазіреттің аяғын құшып жылады. Сөйтіп ілімнен жеңілген Имам Марғұзи, хазіретке мүрит болады.

Арада көп уақыттан кейін Имам Марғұзи ұстазы Қожа Ахмет Ясауиден Бағдат шаһарына қайтуға рұқсат сұрайды. Сол уақыт бесін мезгілі еді. Хазірет шәкірттерімен мешітке жиналып намаз оқыды. Өзі имамдықта тұрды. Бесін намазын ада қылып, оңға сәлем бергенде – тоқсан мың кісі әулиелік дәрежеге жетті, солға сәлем бергенде – тоғыз мың кісі әулие дәрежесіне жетті. Тоқсан тоғыз мың машайықтар осы сұхбатта болғандар еді», - деп жазып қалдырған.

Ғұлама  өмірінің соңына дейін ұстазы Қожа Ахмет Ясауиге қызмет етеді. Өзі де медреселерде көптеген шәкірт тәрбиелейді. Аңыз бойынша Имам Марғұзи үстіне кілең көк түсті киім киіп жүргендіктен Көктонды-ата деп аталған екен. Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өтерінде: «Көктонды әулием, сен елге келген жөтелді айдаушы бол, менің шығыс жағымнан орын ал»,- деп батасын беріпті. Көкжөтелмен ауырған нәрсетелерді емдепті.

Имам Марғұзи дүниеден өткен соң  шәкірттері сүйегін арулап, Шобанақтағы ескі қорымға жерлепті.

Берік Қыстаубайұлы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394