Тәуелсіз зерттеу компанияларының мәліметтеріне сенсек, 2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда интернет қолданушыларының саны 4,3 млн халықты құраған, бұл дегеніңіз ел халқының 26,5 пайыз үлесі. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда елімізде интернет қолданушылар санының 30 пайызға артқанын көрсетеді. Ел азаматтарының 94 пайызы интернетті айына бірнеше рет, не одан да жиірек қолданатын көрінеді.
Бұл зерттеулерді «ICT-Marketing» тәуелсіз зерттеу компаниясы (www.ictm.kz) жүргізіпті. Нәтиженің дәлдігі үшін қалалық және ауылдық жерлерде анкеталық сауалнама жүргізілген көрінеді. Жалпы, «2010 жылы халыққа интернет қызметін көрсету саласы қарқынды дамыған» дегенге саяды зерттеу нәтижесі. Мәселен, қалалық жерлерде жасы 16-дағы және одан асқан азаматтардың 41 пайызы, ал ауылдық жерлерде 19 пайызы интернетті қолданады екен. Ал халық саны 70 мыңдық немесе одан да көп қалалардың ішінде интернет қолданушылар 16-24 жас аралығында 66 пайызды, 25-44 жас аралығында 52 пайызды құрайды. 45-54 жас аралығындағы азаматтардың 35 пайызы интернетті қолданса, 55 жастағы және одан асқан азаматтардың тек 10 пайызы ғана ғаламдық желіні қолдана алады екен. Ел азаматтарының басым бөлігі ғаламторға компьютер немесе ноутбук арқылы шығады. Қалтафон арқылы интернетті қолданушылар саны 12 пайыз ғана. Бір айта кетерлігі, 2009 жылы Қазақстан халқының небары 3,16 миллионы ғана интернетті қолданған екен. Зерттеулер жыл өткен сайын қалалық және ауылдық жерлерде жеке компьютерлерімен қамданып, интернет желісіне қосылып жатқан отбасылар санының артып келе жатқанын көрсетеді. Егер 2009 жылы халқы 70 мыңнан асатын қалалық жерлердегі отбасылардың 47 пайызы жеке компьютерге қол жеткізген болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 55 пайызға дейін артқан. Ал ноутбуктары бар отбасылар саны 2009 жылғы 7 пайыздық межені артта қалдырып, 12 пайызға дейін өскен. Бұл тұста 2009 жылдың қарашасында тиісті қалалық жерлерде интернетті халықтың 26 пайызы қолданса, 2010 жылдың қарашасында бұл көрсеткіш 33 пайызға дейін артқан. Байқап қарасақ, айтулы зерттеулер әлі де ауылдық жерлерге ғаламтордың толықтай жетпегенін көрсетіп отыр. Бұл тұста қазақ интернетінің, оның ішінде қазақша сайттар мен блогтардың дамуы қандай деңгейде деген сауал туындайды. Жалпы, қазақша сайттардың оқырмандары тек ауылдарда ғана ма? Оларға сұраныс қандай? 2011 жылы қазақ интернетін не күтіп тұр? Бұл жайлы сарапшыларымыз ой толғайды.
Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры: Интернет - үлкен идеологиялық құрал - Жалпы, бүгінгі таңда ел халқының 47 пайызы ауылда тұрады. Олар интернетті пайдаланбақ тұрмақ, атын да білмейді. Мысалы, ірі қалаларға жұмыс іздеп келген, құрылыста жүрген азаматтардың интернетке уақыты да жоқ. Әрине, саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау міндетті түрде қажет. Тіпті, бизнестің өзі мемлекеттік қолдауды қажетсінгенде, интернетке мұндай қолдау қажет емес деу дұрыс емес. Интернет үлкен идеологиялық құрал болғандықтан, оны дұрыс пайдалана білген жөн. Ең алдымен, ол үшін интернет тілін мемлекеттік тілге бұру қажет. Өкінішке қарай, бүгінде қазақша интернетті қалыптастырып, дамытуға жекелеген адамдар немесе кейбір ұлттық-патриоттық ұйымдар ғана атсалысып жүр, ал билік пен бизнес тарапынан салаға қолдау жоқ десе де болады. Таяуда «Қазақстан интернет қауымдастығының» басшысы Шауқат Сабиров бір сұхбатында: «2011 жылы Мәдениет министрлігімен бірлесіп, қазақша интернет-жобаларымен дүмпу жасаймыз» депті. Кім біледі, мүмкін дүмпу болатын да шығар... Әйтсе де, қазіргі таңда қазақша интернет бірен-саран сайтты айтпағанда, негізінен блогтар арқылы ғана дамуда. Оларды да жүрегі қазақ деп соғатын азаматтар ғана оқиды. Құдайға шүкір, ондай азаматтар баршылық. Соған қарағанда, негізінен қазақтілді аудитория қалыптасқан, тек оларға ұсынатын сайттар мен порталдарымыз болмай тұр. Шыны керек, қазақша сайттарды көбіне жастар оқиды. Ал зиялы қауым өкілдері интернет түгілі, компьютерден алыста жүретін сияқты. Әрине, барлығы демеймін, бірақ көпшілігі ғаламторға жақын емес. Жоғарыда айтқанымдай, блогтар жақсы дамып келеді. Ал сайттарды контент жағынан да, техникалық жағынан да жетілдіру қажет. - Ал неге қазақтілді интернет қолданушыларына қатысты нақты зерттеулер жоқ? - Оған зерттеу жасамай жүрген өзіміз кінәліміз. Әрине, мұндай зерттеулердің қажеттілігі зор. Сондықтан болашақта осы тектес зерттеулер жүргізу жоспары бар. Тек күйбең тірлікпен қол босамай кетеді емес пе?!
Серік Мұратханұлы, инженер: Қазақша интернеттің даму деңгейі әрқилы... - Қазақша интернет қолданушылары көбіне әдеби-шығармашылық салаға қатысты порталдар мен блогтар ашумен шектеліп отыр. Ел халқының 26,5 пайыз үлесі интернет колданады десек, олардың көбінесе Ресейдің сайттарын (оның ішінде «Мой мир», м-агент сияқты әлеуметтік желілерді) байланыс құралы ретінде пайдаланады. Қалалық жерлерде интернет біршама ауқымдырақ қамтылғанымен, аудан, ауылдық жерлерді интернет толықтай қамтымай отырғаны жасырын емес. Мұның салдарынан қазақтілді тұтынушылар интернетке қол жеткізе алмай отыр. Қазақ тілінде әдеби сайттар мен блогтар баршылық. Тек халықтың күнделікті өміріне қажетті техникалық салаларға қатысты материалдар, денсаулық сақтау ісіне байланысты ақпараттар немесе заңнамалық кеңестер, тіпті қазақша жарнамалар да жоқтың қасы. Мәселен, Жапонияда кез келген жапондық өз ана тілінде өзіне қажетті материалды интернеттен іздеп таба алады және интернетті сенімді кеңесшісі ретінде пайдаланады. Ал Қазақстанда қазақ интернеті бұл талапқа жауап бере алмайды. Сондықтан қазақ интернеті туралы толымды пікір айту әлі де ертерек деп ойлаймын.
Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистер орталығының жетекшісі: Мобильді интернеттің мүмкіндігі шектеулі - Қазақстанда интернет қолданушыларының саны артқан болса, ол мобильді телефондар есебінен көбейіп отыр. Ал мобильді телефон Қазақстанның барлық аймағына жетті десе де болады. Осы тұрғыдан алсақ, бүгінгі интернет қолданушылары негізінен «Мой.мирда» хат алмасып, «Фейсбук» сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланушылар ғана. Олар нақты интернет «өнімдерін» - интернет-газеттері мен интернет-радиоларын қолданушылар емес. Бұған мобильді интернеттің мүмкіндігі шектеулі. Ақиқат бір нәрсе бар: ауылға интернет жеткен жоқ. Ауыл түгілі, аудан орталықтарының өзінен сабылып жүріп интернетті әрең табасың. Мұның басты себебі - интернет бағасының қымбаттығы, ауылдағы қарапайым тұрғын үшін айына 4500-5000 теңгені интернетке төлеу ауыр салмақ. Ал қазақ интернетін қолданушылардың басым бөлігі ауылда тұрады. Оларға қазақ газеттері де жетпейді. Сол қазақ басылымдарының оқырмандары сияқты интернет оқырмандары да алыс ауылдарда әлі де өркениет көшіне ілесе алмай келеді. «Мінбер» интернет-сайтының күнделікті статистикасына қарасақ, орта есеппен оған күніне 1000 адам кіреді. Егер ауылда интернет болғанда, біздің сайтты тұтынушылар санының бұдан да көп боларына сенімім мол.
«Айқын» газеті
|