«Менің де... мектепке барғым келеді»
-... Өскенде кім боласың?
- Мен өскенде дәрігер боламын. Анамды емдеймін. Балаларды емдеймін. Және дипиктоло (дефектолог дегені) боламын.
- Дефектолог? Ол кім? Оны қайдан білесің?
- Менің анам сондай. Ол адамдарға көмектеседі...
Бұл – кішкентай Димаштың арманы. Ол ойы тұнық, арманы асқақ бала. Өскенде дәрігер боламын, өзім сияқты дертке шалдыққан балаларды емдеймін деп алдына мақсат та қойған. Дәрігер мен мұғалімнің айтқанын қалт жібермей тыңдап, жаттығуларын айна-қатесіз орындауға тырысады. Егер денсаулығы қалыпқа келсе, алдағы жылы мектепке барады деп үміттенеді тәрбиешілері. Себебі аздап тілінің мүкістігі мен физикалық мүмкіндіктеріндегі шектеулері болмаса, ой-өрісі, таным-түйсігі жақсы дамыған.
Бүгінгі таңда елімізде ерекше білім алу қажеттіліктері бар 144 783 бала бар. Олардың 96 555-і мектеп жасында, ал 48228 бала мектепке дейінгі жаста екен. Өкінішке қарай, олардың үштен бірі ғана инклюзивті білім жүйесімен оқып жатыр. Яғни, кәдімгі оқушылармен қатар, бір сынып, бір партада. Қоғам бұл үрдіске енді үйреніп келеді. Әуелі "менің балам кемтар баламен бір кабинетте отыруы тиіс емес" деп тулаған ата-ана да көп болды. Сау баласының кемтар баланы көріп, көңілдерін түсіргендерін қаламады. Ондай балалардың арнайы мекемеде өздері бөлек оқығандарын құп көрді. Бүгінде қоғамдық пікір, көзқарас өзгере бастағанын айтады мамандар. Алайда, келесі мәселелер шешімін таппай отыр...
Елімізде сал ауруына шалдыққан балалар көп. Өкініштісі, оларға арналған балабақша жоқтың қасы. Республика бойынша тек Астана қаласындағы «Асыл бөбек» балабақшасы тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға медициналық-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеді. Алты жасар Дінмұхамедті анасы күн сайын осы бөбекжайға әкеледі. Тумысынан сал ауруына шалдыққан бала үшін бұл жер денсаулығын оңалтатын мекеме ғана емес, көңілін көтеріп, өмір сүруге құлшынысын арттыратын рухани орталық іспетті.
Балабақша мамандары әр баланың ауру түріне қарай арнайы жаттығу жасатады. Логопед, дефектолог, психолог мамандармен қатар, мектеп бағдарламасына бейімдейтін мұғалімдер жұмыс істейді. 3 жылдан бері осы балабақшаға келіп жүрген Дінмұхамедтің бойында да уақыт өтпей оң өзгерістер байқалған. «Балам қазір әріп танып, санауды да үйреніп алды»,- дейді анасы.
Ал мұндай орталық болмаса, 200-ден астам бала қоғамнан алыстап үйінде отырар еді. Өйткені, өздігінен жүре алмайтын баланы ары-бері шығарып, үзбей ем алуын кез-келген ата-ананың жағдайы көтере бермейді. Ал дамуы тежелген баланы бірден мектеп партасына апарып отырғыза алмайсыз. Оған ұзақ уақыт бейімделу керек. Ал бейімделу үшін арнайы балабақшалар таптырмас орын.
Алайда еліміздегі 8 мыңнан астам мектептің 97-інде 25 мыңға жуық оқушы білім алады. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалардың 3 пайызы ғана жалпы білім беретін мектепке барады.
Димаш сияқты арнаулы балабақшаға баратын балалар саны да көңіл көншітпейді. Қазақстанда 42 арнайы балабақша жұмыс істесе, оған баратындар саны 13 мыңға жуық, ал оның қажеттілігіне сусап отырған бөбектер саны елу мыңнан астам.
Білім баршаға ортақ десек те...
Бүгінде еліміздің барлық аймағында мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту үрдісі енді-енді қолға алына бастады. Инклюзиялық білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алса, 90-шы жылдарға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына бұл бағдарламаны толық енгізді. Біздің ел бұл үрдісті 2002 жылдан бастап қолға ала бастады. Өкінішке қарай, 2000 жылдардың басында педагогтардың 80%-ы бұл жүйеге қарсы болса, 2007 жылы 49% қолдады. Бүгінгі таңда бұл жүйені педагогтар қауымы толық қолдап, жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет міндеттегенімен, мектептер бұл міндетті мойнына алуға құлықты емес сияқты. Енді осыны саралайық. Неге қарсы? Өйткені, жұмысы көп. Біріншіден, дайын маман жоқ. Екіншіден, қала мектептерінде онсыз да бала көп. Егер, қалыпты сыныпқа мүмкіндігі шектеулі екі бала қосылса, олардың жанына көмекші-тәрбиеші және қосылады. Балалардың көңілін алаңдатып, сабақ өткізу барысына да кедергі келтіреді. Қоларбадағы мүгедек бала мектепке келсе, оған арнайы пандус салу керек, арнайы дәретхана жасалу қажет. Мектеп бюджеті оны көтере алмайды.
Инклюзивті білім беру бағдарламасы аясында ашылған орталықтар бір емес, бірнеше әлеуметтік мәселені шешіп отыр. Қалай десек те, қамкөңіл бала қатардан қалмауы тиіс.
Зарина Әділбек
Abai.kz