Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ. ЕСIРТКIМЕН КҮРЕС: кiм – кiмге қарсы?
Үкімет басшысы Кәрім Мәсiмовтiң айтуынша, iрiлi-ұсақты шенеунiктер арасында заңсыз есiрткi тасымалдайтындардың қылмысын бүркемелейтiндер бар көрiнедi. Премьер өткенде олардың атын атап, түсiн түстеу үшiн Президенттен арнайы рұхсат алуға да құлшынған. Соңы не болғаны белгiсiз. Есесiне, есiрткiге қарсы күрес бағдарламасының мәтiнi белгiлi: ол үшiн бюджеттен 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiнедi екен. Шенеунiктердiң өзi мүдделi боп отырған есiрткi тасымалына қарсы күрес нәтижелi болса жақсы.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсiмовтiң айтуынша, iрiлi-ұсақты шенеунiктер арасында заңсыз есiрткi тасымалдайтындардың қылмысын бүркемелейтiндер бар көрiнедi. Премьер өткенде олардың атын атап, түсiн түстеу үшiн Президенттен арнайы рұхсат алуға да құлшынған. Соңы не болғаны белгiсiз. Есесiне, есiрткiге қарсы күрес бағдарламасының мәтiнi белгiлi: ол үшiн бюджеттен 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiнедi екен. Шенеунiктердiң өзi мүдделi боп отырған есiрткi тасымалына қарсы күрес нәтижелi болса жақсы.
Өткен аптада өткен үкiмет отырысында ҚР Iшкi iстер министрi Серiк Баймағамбетов «Қазақстан Республикасындағы 2009-2011 жж. арналған есiрткiге әуестiк және есiрткi бизнесiне қарсы күрес бағдарламасының» жобасын ұсынды. Жобаға кететiн шығын 39 млрд. 714 млн. теңге көлемiнде. Есiрткiмен күрес барысында iшкi қордың есебiнен 2 аймақаралық арнайы басқару тобын, яғни Шымкенттен – «Оңтүстiк», Қарағандыдан «Орталық» тобын құру көзделiп отыр. Негiзгiсi, министрлiк жанындағы Есiрткi бизнесi мен есiрткi айналымына қарсы күрес комитетiнiң жұмысын нығайту. Баймағамбетовтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында елдегi есірткiге қатысты ахуал күрт өзгермек. Жағымды жаққа қарай, әрине. Мысалы, аталған бағдарлама құқық қорғау органдарының бiрлесе қимылдауы арқасында заңсыз есiрткi көлемiн 15-20 пайызға дейiн азайтуға және жылдық көрсеткiштi 30-50 пайызға дейiн көтеруге мүмкiндiк бередi екен. Бұл ел iшiндегi есiрткiге байланысты ушыққан жағдайды шешiп, сондай-ақ, Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстаннан Еуропаның өзге елдерiне тасымалданатын есiрткi көлемiн қысқартуға сеп.
Баймағамбетов аталған бағдарламаның жобасын вице-премьер Серiк Ахметов бастаған арнайы жұмыс тобы пысықтағанын және жоба барлық мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiлгенiн жеткiздi. Есiрткi тасымалының жолын кесу, iшкi нарықтағы есiрткi айналымына тосқауыл қою, азаматтардың, әсiресе, жасөспiрiмдер мен жастардың арасында кеңiнен тарап бара жатқан нашақорлық дертiн ауыздықтау мақсатында дайындалған бұл жобаны үкiмет басшысы да қолдап отыр. Осыдан бiр айға жуық уақыт бұрын Премьер Кәрiм Мәсiмов Қазақстандағы мектептерде есiрткi емiн-еркін сатылатынын, оған тиiстi органдардың тыйым сала алмай отырғанын қатаң сын тезiне алып, оқушылардың есiрткi қолданатынын не қолданбайтынын анықтау мақсатында, арнайы тексеру жұмыстарын мәжбүрлi түрде жүргiзу керектiгiн айтқан болатын. Алайда, министр Баймағамбетов бұл бастаманың нәтижесiз болғандығын жеткiздi. «Арнайы құрылған жұмыс тобы есiрткi заттарын қолдану аясын анықтауға мәжбүрлеу тиiмсiз екендiгiн анықтады. Сонымен қатар бұл мәселеде құқықтық жүйелеуге қатысты түйткiлдер де жоқ емес», - дейді министр мырза.
Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы Алматы қаласындағы тексеруден өткiзiлген 5 мың жастың 0,5 пайызының қанынан есiрткi заттары табылған. Iшкi iстер министрлiгi ҚР денсаулық сақтау министрлiгiмен келiсе отырып, арнайы тексеруден оқушылардың барлығын бiрдей өткiзбей, тек тәртiбi нашар жасөспiрiмдер мен мектептердегi арнайы тiзiмге алынған балаларды мәжбүрлеуге шешiм қабылданған.
Қазақстан БҰҰ-ның 1961 жылғы Есiрткi заттары туралы конвенциясына және 1971 жылғы Жүйке жүйесiне әсер ететiн заттар туралы конвенциясына, 1988 жылғы Есiрткi заттары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясына қол қойған. Сондай-ақ, елiмiзде арнайы заң да қабылданған. Өкiнiшке қарай, бүгiнде ауған жерiнен қазақ даласы арқылы кәрi құрлыққа жол тартатын есiрткi тасымалы Қазақстандағы нашақорлар санының күрт артуына әсер етiп отыр. Жақсылықтан гөрi жамандыққа тез бейiмделетiн алаң көңiл балалардың арасында да есірткіге ден қойғандар жетерлiк. Бiлiм шаңырақтарында есiрткiге үйiр балалар барл екенін билiк те жасырмайды. Сорақысы сол, елдегi есiрткi саудасын «қыздырған» шенеунiктер де жоқ емес. Өткен аптада үкімет жетекшісі сондай сорақылыққа жол берген әрi есiрткi сатқандарды қолдап, қолпаштаған шенеунiктердiң аты-жөнiн анықтауға бiлек сыбана кiрiсетiнiн мәлiмдеген едi. Бiрақ ол үшiн Президенттiң арнайы рұхсаты керек. Қоғамды iштен iрiткен шенеунiктердi атын атап, түсiн түстеу – қиын шаруа. Әсiресе, қолында барлар қонышынан басатын Қазақстанда. Алайда, келешек ұрпақтың санасын нашамен улаған шенеунiктердi анықтау – кез келген азаматтың парызы десек артық айтпаспыз. Сондықтан Кәрім Мәсiмовтiң командасы есiрткi тасымалымен ғана емес, есiрткiнi «есiрткен» iрiлi-ұсақты шенеунiктi ауыздықтағаны жөн алдымен. Iс-шаралар жоспары 6 бөлiмнен және 66 тармақтан тұратын бағдарламаны жүзеге асыру үшiн аттай 3 жыл қажет.
«Қазақстан Іскері», №11, 4-маусым, 2009 жыл