«365 info.kz» қазақ тіліне қарсы ма?
Неге екені белгісіз, бізде ана тіліміздің бүгінгі өз үйінің есігінен сығалағандай ғана күй кешіп жүргендігі жайлы сөз қозғамақ түгілі, сәл жанашырлық танытпақ болсаң, пәлеге қаласы. Әп дегеннен орыс тілді баспасөз өре түрегеледі. Елімізде екі тілдің тең қолданатындығы, яғни екінші сөзбен айтқанда тең екендігін бір қадап өтеді. Сосын мемлекетіміздің көп ұлтты екендігін еске салып өтеді.
Мұның астарында «байқаңдар, бізді де қолдайтын күш бар» деген қорқытуы секілді әсер қалдыратындығы байқалады. Жә, фактіге көшелік. Бізде «365 info.kz» деген портал бар. Оқырмандары да жетерлік, беделі де жаман емес. Тағы бір жақсы ісі — ол үнемі қазақ баспасөзіне шолу жасайды. Қазақша мақаларды орыс тіліне аударып, игілікті жұмыс атқарып жүр. Мұның ішінде менің «Abai.kz» сайтына шыққан өзеткті-өзекті деген материалдарымды да аударып басады. Онысына, рахмет әрине.
Алайда жоғарыдағыдай жаман әдеттен бұл сайт та арыла алмағандығы өкінішті. Сайт редакциясын қай мақалаға да «Переводные сатьи содержат исключительно оценки оригинала и не отражают позицию «365 info.kz» дегенді үнемі қосып қояды. Яғни редакция ешқашан өз көзқарасын білдірмейді, тек бейтарап саясат ұстанады деген ұғым бұл. Өте обьективті әрі әділ ұстаным. Алайда тағы да неге екені белгісіз, біздің ана тіліміздің жағдайы қозғалған мақалаға келгенде осы ұстанымынан айнып шыға келеді. Мен кезінде осы өзіміздің сайтқа сонау Франциядағы әскери лицейдің түлектері елімізге әдейі орыс тілін үйренуге келгендігі жайлы жазғанмын. Сонда шеттен келгендер ең әуелі мемлекеттік мәртебе алған тілімізді үйренсе деген қынжылыс білдіргенмін.
Міне, осы сөзіміз аталмыш порталдың шымбайына батып кетсе керек. Еш уақытта қандай да мақалаға пікір білдірмейтін, өздерін керемет обьетивтімін деп санайтын сайтымыз өз ұстанымын біржолата жинап қойыпты. Менің осы мақаламның соңына «редакциядан» деп айдар тағып маған біраз ақыл үйретіпті. Алдымен мақала авторының француз делегациясының басшысы дәл осы қазақ халқына алғыс айтқандығын жоққа шығарып отыр деп кінәлайды. Оу, шетелден келген қандай да делегация басшысы сол елдің иесіне алғыс айтпағанда, көршіміз Ресейге ілтипат білдіре ме? Бұл қалыптасқан еларалық жағдай емес пе? Қызық қисын екен.
Сосын оның тілімізге қандай қатысы бар, Әлде «сендерге осы да жетеді» деген келеке ме? Портал мұнысымен қоймай, маған еліміздің көптілді екендігін, мұның өзі кемшілік емес, қайта байлық екендігін тағы да есіме салады. Рахмет. Қазақстанның көптілді екендігін күнде естіп жүрміз. Оны ұмытқан жоқпыз. Ұмыттырмайтындар табылады. Алайда бұл жерде әңгіме көптілділікті жоққа шығару емес, мәселе Конституцияда арнайы бекітілген мемлекеттік ана тілімізідің жай-күйі жайлы болып отырғандығын біз де портал иелерінің есіне салғымыз келеді. Егер шетелден келген делегациялардың барлығы дерлік орыс тілін үйрене бастаса, ана тілімізден жұрнақ та қалмайды. Біз міне осы даусыз ақиқатты ғана айтқымыз келген. Ешкімнің де шамына тиген жоқпыз. Ал егер өз елімізде отырып, өз ана тілімізді қорғау туралы, оның өрісін кеңейту жайлы әңгіме қозғасақ, кінәлі аталып, жаман атқа ие боламыз ба? Бұдан асқан қандай қорлықты естіп, не көріп едіңіз?
Тағы бір еске салатын жайт. Бұл портал өзге мақалалардың ешқайсысына да пікір білдірмейді. Ана Павлодар облысының әкімі Бақауов жайла мақаланы терістегенде де, немесе Ақтөбе облысының әкімі Сапарбаевтың тілшілермен соттасқысы келетіндігі туралы мақалада да ауыз апшпайды. Ал маған дегенде үнсіз қала алмапты. Мәселе менде, яғни авторда емес, мәселе ана тіліміз жайлы жанашырлық танытқанмызда. Менің ұққаным осы. Өзге қисын таба алмадым.
Айтпақшы, осы портал «қазақ БАҚ-тары ашуланып отыр» дегенді қосып қойған. Мұнысы енді оқырмандарды адастырып, жоқ жерден жау іздеумен пап-пар дүние. Қайдағы қаптаған бұқаралық ақпарат құралдары? Бір ғана сайт емес пе бұл мақаланы жазған. Қазекем осындайда «Бояушы-бояушы десе, сақалын бояйды» дегендіі бекер айтпаса керек.
«Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген тағы бар. Мұны енді әлгі портал өздері аударып алар.
Жайберген Болатов, Қостанай
Abai.kz