Header Banner
Жұма, 13 Наурыз 2026
Ақмылтық 133 0 пікір 13 Наурыз, 2026 сағат 12:43

Принциптер парадына пара-пар плебисцит

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

«Плебисцит» - (лат. plebiscitum, «plebs»қарапайым халық және «scitum» — шешім, қаулы), мемлекеттік маңызы бар аса маңызды мәселелер бойынша азаматтардың жалпыхалықтық дауыс беруі мен еркін білдіруі»

Сонымен, екі күннен кейін еліміз тағы да бір тарихи оқиғаны бастан өткереді: Қазақстан халқы референдумда жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасайды.

Бір айға созылған талқылау нені көрсетті?

Біріншіден, мемлекеттік машина өзінің ұйымдық және идеологиялық әлеуетін әбден танытты. Әрине, жобаны қолдаушылар құрған Коалицияның жұмысына, ескі және соны әдіс-тәсілдеріне, креативті және онша креативті емес бастамаларына көзқарас әртүрлі болуы мүмкін. Алайда, бір нәрсені мойындау керек: билік және оған жақын саяси күштер үгіт-насихат жұмысына бар күшін салды. Кейде артық қыламын деп, тыртық қылған сәттері де болды. Бұл жұмыстың нәтижесі қандай болатынын ертеңгі дауыс беру қорытындысы көрсетері хақ.

Екіншіден, ұсынылып отырған жобаға заман талаптарына сай өркениеттік, құқықтық, дүниетанымдық, философиялық, керек десеңіз,  моральдық новациялар енгізіліп жатқаны да рас.

Алайда, қоғам болған соң, кез келген бастамаға әртүрлі көзқарас пен ұстаным болады. Жобаның кейбір тұстарына, соның ішінде, билік тармақтарының тепе-теңдігі, парламенттік сайлау жүйесінің өзгеруіне, вице-президент лауазымының енгізілуіне және басқа да баптарға қатысты қолдау да бар, қарсылық та бар, түсінбестік те жоқ емес. Ол да президент Тоқаев жариялаған «алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатына әбден сай келеді деп ойлаймын.

Өкінішке орай, ұсынылып отырған жобаның қарсыластары үгіт-насихат науқаны кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмады, ортақ көзқарас пен мүдде негізінде саяси бірлік танытуға жарамады. Иә, әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар наразылық танытып жатты. Бірақ, жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтыны туралы мәтелдің саясатқа да тікелей қатысы бар екенін ұмытпайық.

Осы орайда жалпы демократиялық құрылыс өзін демократ, оппозиция санайтын күштер мен жеке тұлғалардың алауыздығының, бір-бірін көре алмай, тек қана өзін нағыз оппозиция, ал қалғандарын сатқын, биліктің жобасы деген ежелден келе жатқан жаман әдетінің, орынсыз саяси амбицияларының құрбаны болып отыр! Әйтпесе, дәл осынау жауапты кезеңде ауызбіршілік танытып, науқан тұсында бірегей күш боп өзін танытуға болар еді ғой. Өкінішке орай, олай болмады.

Әйтпесе, әр адамның, әр қоғамдық күштің мемлекеттік құрылысқа қатысты өз принциптері мен ұстанымдары бар, оларды өркениетті түрде қорғау құқын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ертеңгі референдум (плебисцит) алдындағы науқанды сол принциптер парадының куәсі болдық емес пе?

Отыз жыл демократтар сапында жүрген менің ұғынған бір ақиқатым бар: кез келген билік, кез келген президент тұсында әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, қоғамдық-саяси, геосаяси мәселелер бойынша шенділерге балама пікір, сыни көзқарас білдіре алатын легитимді, Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық мүдделерін басшылыққа алған саяси күштер болуы шарт! Сондай күштердің талап-тілегін ескермей, қуғын-сүргінге салып, көзін құртқан ескі Қазақстанның күні қалайша қараң болғанын таяудағы тарихтың өзі көрсетіп отырған жоқ па?

Сонымен қатар, референдум өткізу бір бөлек, жаңа болмысты ендігі жерде тиісті заңдармен толықтырып, өзгерту және жаңаша жағдайда нақты қадамдар жасау – бір бөлек.

Өз басым маңызды деген үш жайтқа назар аударғым келеді.

Біріншіден, ендігі жерде биліктің үш тармағының – заң шығарушы, атқарушы және сот органдарының – референдумнан кейінгі тепе-теңдігі іс жүзінде қалайша қамтамасыз етіледі?

Екіншіден, басқару жүйесіндегі жаңалық - вице-президент лауазымын енгізу онсыз да кландық, топтық, жершілдік, трайбалистік дерттерден айыға алмай келе жатқан билік жүйесіндегі тақталасты одан сайын қоздырып жібермей ме?! Президент тағайындайтын вице-президент пен сайланбалы орган басшысы – Құрылтай спикері мен Үкімет жетекшісінің бюрократиялық мәртебесі мен ара-қатынасы қандай болмақ?

Үшіншіден, ендігі жерде Құрылтай тек қана партиялық тізімдер бойынша сайланатын болады екен. Біздің партиялық жүйе болса, ескі Қазақстан кезіндегі қалпында қалып, еш өзгермей тұр. Саяси театр сахнасында сол ескі, әбден мезі болған орындаушылар. Осыдан отыз жыл бұрын елбасына, ол құрған авторитарлық жүйеге ант беріп, жан-тәнімен қызмет еткен партиялар Жаңа Қазақстан тұсында да ат үстінде, әлі де түк болмағандай Парламент төрінде қонжиып отыр. Референдумнан кейін Парламент тарап, Құрылтай сайлауы өтпек. Әзірше партиялық өмірде ешбір жаңалықтың нышаны сезілмейді. Сонда ескі партиялар Жаңа Қазақстанның құрамдас бөлігі боп қала бере ме?! Меніңше, Жаңа Қазақстан идеясын қолдауға әзір көкірегі ояу, көзі ашық қауым мұндай кертартпалықты қабылдай алмайды. Ал уақыт болса, тым тығыз.

Күні кеше өткен Мәслихаттар форумында президент Тоқаев: «Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда “сұр кардиналдар” немесе “саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар” мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек».

Өте маңызды мәлімдеме! Қос қолымды көтеріп қолаймын. Әйтпесе, сол «сұр кардиналдар» тұсында қаншама сұмдықтар орын алып, талай адамға, қала берді, тұтас бір ұрпақтарға, ел болашағына обал жасалды десеңізші!

Алайда бір-бірінің көзін шұқымайтын билік тармақтары президент айтқан талапты толыққанды орындай ала ма? Меніңше, ескі Қазақстанның ең сорақы сарқыншағын түбегейлі жою үшін бізге шын мәніндегі халықтық, кландар мен топтардан тәуелсіз қоғамдық күштер керек, олар басқалармен бірге Парламент төрінде отыруы тиіс!

Ескі Қазақстан тұсында өткізілген әділетсіз, көпе-көрінеу қарақ электоралдық науқандардан аузы күйген жұртшылық референдум, сайлау дегендерге күдік пен күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Бұл жайт ертеңгі күнгі референдумға азаматтардың қатысуы, қатыспауына өз әсерін тигізетіні түсінікті.

Осы жолы билік алдында сол күдік пен күмәнді сейілтудің бір мүмкіндігі тұр: ол дауыс беру және оны санау процесін мейлінше ашық әрі әділетті өткізу. Сонда қалың жұрттың Жаңа, Әділетті Қазақстан идеясына сенімі арта түседі деп ойлаймын.

Abai.kz

0 пікір