Талдықорғанда жаңа музыка мектебі салынуда
Жетісу өлкесі қашаннан өнер бесігі болған. Сондықтан да болар, осы аймақтың орталығы Талдықорғанда салынып жатқан музыка мектебін өнерсүйер қауым асыға күтіп жүр.
300 орындық музыка мектебі қалада жаңадан бой түзеген Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында орналасқан. Екі қабатты мектеп өзіне ғана тән сәулеттік шешімімен ерекшеленеді, ғимараттың кейпі амфитеатрға ұқсас, 200 орынға арналған жеке концерт залы бар. Мұнда музыкалық ғимаратқа тән барлық қажеттіліктер мен ерекшеліктер ескерілген. Кеше осы нысанның құрылыс жұмыстарының барысын өз көзімен көріп қайтқан облыс әкімі А. Баталов нысандағы жұмыстардың сапасына баса назар аударды.
Жалпы жаңа оқу жылында Талдықорған қаласында бұдан өзге тағы екі - әрқайсысы 1200 орындық жалпы білім беретін мектептер салынып жатыр.
Құрылысшылық көзі қырағы облыс басшысы нысандағы ұсақ-түйектен бастап әрбір кемшілікті қалт жібермеді. Мектептер аумақтарын көркейту жұмыстарының солғындағына, ғимаратқа қойылған желдеткіш шілтердің, карниздердің сапасына дейін мән беріп, сын-ескертпелерін айтты. Құрылыс жүргізу барысында ұсақ-түйек болмайтынын, әрбір детальдің да маңызды екенін мердігер ұйым басшыларының естеріне салды. Жаңа мектептің бірі жоғарыда атап өткен жаңа оңтүстік-батыс тұрғын ауданында болса, екіншісі солтүстік-батысында тұрғызылып жатыр.
Екінші мектеп құрылысының бас мердігері – «Melior Logistik», жобалаушы ұйым – «Арлан-Жоба Құрылыс» ЖШС. Мұнда қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Аталған үш нысанның да салынып бітетін мерзімі шілде айы деп жоспарланып отыр. Білім күнінде бұл білім ошақтары өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайтын болады.
Жалпы Алматы облысында 758 мектепте 373035 бала оқиды, яғни 2016 жылмен салыстырғанда оқушы саны 20 мыңға өскен. Облыстағы демографиялық өсімнің қарқыны ескере келе былтырғы жылы білім саласында жаңадан 35 нысан пайдалануға берілді, соның 33-і мектеп екенін қуана айтуға болады. Оған қоса 5,2 млрд. теңгеге 24 нысан күрделі жөндеуден өткен.
Сағыныш Намазшамова
Abai.kz