Тәжікстанды құнды қағаздар саудасы есебінен қаражат тартуға тым әуестенбеуге шақырды
Тәжікстан үкіметіне евробондтар саудасы есебінен тартылған қаражатты қайтару қиынға түседі, деп мәлімдеді Азия Даму Банкінің (АДБ) тұрақты өкілі Прадип Сривастава.
Банк өкілі 28 ақпанда Душанбеде баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, несие Тәжікстанға өте үлкен пайыздық үстемемен (7,1%) берілген. "Сол себепті жыл сайын 35 миллион доллар тек қана пайыздық үстемесіне төленеді", - деді АДБ-ның Тәжікстандағы өкілі.
Өткен жылы қыркүйекте Тәжікстанның Ұлттық банкі мемлекеттік құнды қағаздарды (евробондтар) халықаралық қаржы нарығына шығаруының сәтті басталғанын хабарлаған. Қағаздар Рогун ГЭС-і құрылысына қаражат тарту үшін 500 млн долларға сауда шығарылған.
Тәжікстан мемлекеттік облигациялардың роуд-шоуы 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында төрт қалада – Лондонда, Цюрихте, Нью-Йоркте және Бостонда өтті. Ресми мәлімет бойынша, облигациялардың 38 пайызын АҚШ инвесторлары, 24 пайызын - Ұлыбритания, 35 пайызын - Еуропалық одақ елдері, 3 пайызын Азия инвесторлары алған. Облигациялар бойынша купондардың жылдық табысы 7,125 пайыз.
Тәжікстан Ұлттық банкінің басшысы Жамшед Нурмухаммадзода Тәжікстан мемлекеттік облигацияларын халықаралық қаржы нарығына шығаруын жалғастырады деп мәлімдеді. "Сәтті келіссөздер нәтижесінде мемлекеттік облигацияларды 4,5 млрд долларға дейін көбейді", - деді ол.
Прадип Сривастава тәжік үкіметі жақын уақытта халықаралық қаржы институттарынан несие ала алмайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, банктың Директорлар кеңесі Тәжікстанға қайтарымсыз қаражат бөлу тәжірибесіне қайта оралады, биыл банк елге шамамен 150 млн доллар бөледі.
Abai.kz