Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2831 0 пікір 19 Қаңтар, 2011 сағат 08:13

Ілияс Жансүгіров. Сөз Қасымбаевқа

Күн суық. Қырды ызғырық жел ысырып айдап жатыр. Төбеде уезден өкіл келеді деп қосшылар күн еңкейгенше тосып тұр еді. Сақал, мұрттар сауыс қырау.  Емшекте баласы бар әйелдер де көрінеді. Бір мезгілде буаз портфелін көтеріп, өкіл Қасымбаев киіп-жарып, көптің ортасына келді. Жиналып тұрғандар жым-жырт болды. Ортаға келі алдырып төңкертті. Бір шумақ кілтті қоңырау орнына жұмсамақ болып алдырды. Келінің  екі жағынан сүйетіп Қамысбаев үстіне шықты.

Кілт - қоңырау шылдыр етті. Қасымбаев:

- Жиналыс ашылды деп санаймын

- Сөз, баяндау үшін укомның өкілі,уисполком өкілі, уком қосшысы өкілі, уженотдел өкілі, уфинотдел өкілі  и так далее өкіл жолдас Қасымбаевқа яғни менің өзіме берілді.

-  Жолдастар мен қысқа болам... но...

Күн суық. Қырды ызғырық жел ысырып айдап жатыр. Төбеде уезден өкіл келеді деп қосшылар күн еңкейгенше тосып тұр еді. Сақал, мұрттар сауыс қырау.  Емшекте баласы бар әйелдер де көрінеді. Бір мезгілде буаз портфелін көтеріп, өкіл Қасымбаев киіп-жарып, көптің ортасына келді. Жиналып тұрғандар жым-жырт болды. Ортаға келі алдырып төңкертті. Бір шумақ кілтті қоңырау орнына жұмсамақ болып алдырды. Келінің  екі жағынан сүйетіп Қамысбаев үстіне шықты.

Кілт - қоңырау шылдыр етті. Қасымбаев:

- Жиналыс ашылды деп санаймын

- Сөз, баяндау үшін укомның өкілі,уисполком өкілі, уком қосшысы өкілі, уженотдел өкілі, уфинотдел өкілі  и так далее өкіл жолдас Қасымбаевқа яғни менің өзіме берілді.

-  Жолдастар мен қысқа болам... но...

- М-м-м... өздеріңізге мәлім, кәзіргі... Әл-ақуал жақсарып келе жатыр. Байлар дүниелерінің соңғы жылдарындағы стабилизациясы бұл моментте мұздағандай болып тұр. Мұны он бесінші партия конференциясы ерекше астын сызды. Жұрт арасының буржуйлары соңғы кезде біздің Совет союзына және соққы жасағысы келді. Бірақ  олардың өзінің противоречиелері бар, тағы да, өйтсек те жұрт арасының төңкерісі қимылдап кете ме деп қорқады. Соның үшін қорқады бізбен соғысудан. әйтпесе олар соққысын бізге көздеп тұр. Біз олардың жаулығына даяр тұруымыз керек. Біз өзіміз соғысқа шықпаймыз, өзімізге шабатын болса, қорғанамыз. Жұрт арасының рабочий класы сау тұрса, біз империалистерден қорықпаймыз да, товарищи, әр жұмысымызда Ленин басшымыздың өсиетін орындау міндетіміз...

Мен осымен сөзімді доғарамын.

Баяндамашыдан сұрақ сұрауға болады. Бар ма? Бар болса, жазып берсін,- деген ұсыныс кірді маған; бес минут демалыс

 

Кілт - қоңырау шылдыр етті, жым-жырт.

Қамысбаев:

- Сауалдар келмеді маған

Топ:

- Хат білмейміз.

- Қағаз, қарындашымыз жоқ.

- Ылажы болса, ауызша сұрасақ екен?

Қамысбаев: (желкесін қасып, ауызын қисайтып, көзін бажыратйып) Беда. Сұрауға болады...

Топ:

- Біз мына осы жердегі Тоғайбай деген ел, ылғи жатақпыз, тоғанымыз жоқ, не айтасыз?

- Қазынадан қарызға ақша беріледі деген де ұзынқұлақ алып-қашып жүр. Біздің қолымыз қайтсек жетеді?

- Жақында советке сайлау болады дегенді  есітіп тұрмыз. Мұның аңғары қалай болар екен?

- Мектеп ашамыз деп талаптанғалы екі-үш жыл болды. Жөнін білмегендіктен, жұмысымыз мандымай жатыр, бұған не ылаж?

- Ел ішінде қыз сатқан, құда түскен көбейіп барады. Бұған тоқтау бар ма?

- Ұрлық өршіп барады, не шара?

- Кездемені , керек-жарақты қайдан тиімді қылып алуға болады?

- Астығымызды, тері-терсегімізді қайда күйгізбей сата аламыз?

Кілт  - қоңырау шылдыр ... етті.

Қасымбаев:

- Тыныш! Маған ұсыныс кірді, сұрау тоқтатылсын деген қарсы жоқ?

Жым - жырт.

Қамысбаев:

Мен сіздерге сразу жауап беремін. Сауалдарыңыз менің баяндамама жұғыспайды. Сол бойынша, жауап беріп болмайды. Кімде резолюция, то есть қаулы бар?

Жым - жырт.

Қамысбаев:

- Ендеше маған резолюция кірді (портфелінен ақтарып құлаштай ұзын қағазды жазып жіберіп оқиды)... уезден келген уком өкілі, уисполком өкілі, уком қосшысы өкілі, уженотдел өкілі, и так далее, өкіл жолдас Қамысбаев докладына құлақ салған союз қосшысы собрание тоқтамы:

1/ Положение СССР жақсарып келе жатыр

2/ Байлар дүниесінің капитализмнің стабилизациясы уақытша тоңазып тұр.

3. Қазақстанда ауыл шаруасы соғысқа дейінгі тегістік бетіне жете алмай жатыр. Мұны міндетті биіктікке көтеруге

4. Индустриализацияны тездетуге

5. Үнем ықтиятының ықпалын аңыстауға

6. ..................................................................

7/.....................................................

.....................................

75/ Әр уақытта әл-ауқат түсіндіруге осы жолдас Қамысбаев сықылыдыларды өкіл деп жіберіп тұруды жоғарыдан өтінуге.

- Үстеме бар ма?

Жым-жырт.

- Алатын ештеме бар ма?

Жым-жырт.

- Қаулы қабылданды деп санаймын.

1927 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517