Соғыста маңыздысы адам болып қалу...
Бұл оқиға сонау XIX ғасырда, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та болған еді. 1862 жылдың 11-желтоқсанында Фредериксберг түбінде оңтүстік және солтүстік фракция әскері кездесіп, бір аптаға созылған шайқас болды. 12 желтоқсанда солтүстік тарап үлкен шығынға ұшырап, кемі 7 мың әскерінен айырылады. Биіктікті алуға қанша ұмтылса да, қарсыластың осал тұсын таппаған еді.
Оңтүстік тараптың өкілі сержант Ричард Киркланд биіктік маңында ыңырсып жатқан жау әскеріне жаны ашып, су бергісі келетінін мәлімдейді. Ол өз айтқанынан қайтпай, тіпті генералына да қарсы шығады. "Жауды аяғаның не?" деген генералына, "Біз бір ұлтпыз, соғыста маңыздысы адам болып қалу" деп жауап беріпті. Генерал оның қайтпайтынын біліп, рұқсатын берген деседі. Сол күні сержант Киркланд жүздеген жаралы жау әскеріне су беріп, құтқарған көрінеді.
Кейде біз бейбіт күнде жүріп-ақ адами қасиеттен ада болып бара жатқандай көрінеді маған. Қарапайым ғана адами әрекеттер, үлкенге құрмет көрсету, орын беру, сәлемдесу, жолдан өткізіп жіберу, бетінен алмау сынды қылықтар бізді адам ретінде сақтап қалмақ.
Қаһарман болу үшін қара тасты көтерудің қажеті жоқ. Жай ғана адам болып қал, міне сол қаһармандық!
ПыСы: суретте Киркландқа қойылған ескерткіш.
Асхат Қасенғали
Facebook-тегі парақшасынан