Білім және "ксерокопия" министрлігі
“Ұлттық білім” дегенде көз алдыңызға не елестейді?
Ал, “Ұлттық ғылым” дегенде не туралы ойланасыз?
Егер шексіз қиялыңыз іркіліп, аузыңызға оңды сөз түспесе, менің қиялымның жеткен тұсын қараңыз. Әрі қарай күлу, не жылау өз шаруаңыз.
“Қайталау – білімнің анасы”. Тек көшіру емес. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді мәселенің дұрыс һәм бұрыс тұстары бар. Таяқ тек қой қайыру үшін керек пе? Мәселе оның қай жерінен ұстауда. Жерге қадалған бөлікті қолға ұстап, таза бөлігін жерге тығып ластауда біз ақиқатын шатастырып алдық. Мұны ұққан кісіге ғибратлі һәм мағрифатта үлкен жол ашып, дүниелік білімде Темірқазық болмақ.
Қытайлық һәм жапондық білім дәстүрі дегенде біздің ойымызға біркелкі үлгіде киінген, сыпайылық пен тәртіпке шексіз мойынсұнған, ұстаз бен шәкірттің арасындағы белгілі бір гармонияға негізделген оқу үлгісі елестейді. Мұндағы жүйенің басты ерекшелігі барлық процесс дзенге (үйлесімділік) негізделген.
Ағылшындық және американдық білім жүйесі өзіне тән еркіндік пен шығармашылыққа негізделген, өзіндік ойын ашық білдіретін оқыту дәстүрі елестейді. Ал шығыстық немесе мұсылмандық дәстүрде білім алудың қайнар көзі ретінде түбі дінге барып тірелетін, белгілі бір шекаралармен шектелген, одан әрі аттап өтуге тыйым салынған оқу жүйесін көруге болады.
Мен атаған осы елдер қазір әлемдік даму бойынша нешінші орында тұр? Экономика болсын, саясат, әлеуметтік жағдай, демократия, азаматтық қоғам, ғылым мен жаңа технология, қандай саланы алып қараңыз, бұл елдер үнемі бірінші орында. Бізге ұнасын мейлі ұнамасын ақиқат шындық осы. Толстойды елуінде ақылынан алжастырған өлім мен өмір болса, мені ұйықыдан айырған “Ұлттық білім” һәм “Ұлттық ғылым” мәселесі.
“Қазақ ғылымы” мен “Қазақ білімі” дегенде көз алдымызға не елестейді? Жаңадан салынған, бірақ стилі не ағылшындық немесе американдық сәулет өнері пішінде тұрғызылған Ғылым Академиясы ма? Былай елестетіңізші: сол Академияның қақ маңдайында жазылған “қазақ” сөзін және ою – өрнекті өшіріп тастаңызшы. Сосын кез келген адамды әкеліп бұл қай ұлттың оқу ордасы екенін сұраңыз. Шет елдік түгілі, өзіміз танымай қалатынымызға мен бәс тігуге бармын.
Егер менің бұл сөздеріммен келіспей, жалғандықты бұзып өтуге батылыңыз бармаса бұл мақаланы әрі қарай оқымауға кеңес беремін. Осының өзінде сіз өміріңіздің 3 минутын бекерге өткіздіңіз. Себебі шындық біз ойлағаннан да күштірек.
Жарайды, бұл ғылым мен білім ғой делік. Енді кез келген қаладағы ою мен қазақша жазылған көше атауын өшіріп тастасаңыз қазаққа тән белгіні таба аласыз ба? Қытайға барсаңыз мың көшенің атын өзгертіп оларға қазақ батырларының атын іліп тастасаңызда сіз өзіңізді Қытайда жүргендей сезінесіз. Міне, біздің ғылым мен білімнің аянышты жағдайы осындай. Біздің елде керемет математиктер толып жатыр, бірақ компьютерге программа жасайтын мамандар жоқ. Біздің сол математиктерімізді әлемдік деңгейде атақты Google, Apple компаниялары жұмысқа шақырады. Бізде мықты физиктер мен химиктер де жетеді, бірақ олардың басын қосып бір идеяға жұмыс жасататын, елдің жаңа технологиясын жасап шығаруда іске қосатын адам жоқ, адам болғанымен оған мүмкіндік беретін жүйе жоқ.
Біздің ғасыр білімділер мен ақылмандар ғасыры. Ал біз өз білім кеңістігімізді әлі күнге құра алмай келеміз. Бізде даму болмады деп айтсақ қате болар. КСРО кезінде жақсы болсын, жаман болсын ғалымдар бір идеяға төңірегінде жұмыстанды. Әттеген, айы сол қарқын артынша тоқтап қалды. Сол ғалымдар 10 жылда ашқан жетістігін посткеңістік елдері 30 жыл өтсе де жасай алмай келеді. ТМД елдеріне тән кертартпалық болып отырған ғылым мен білімнің жайы түгел ортақ.
Ресей дегенде қандай білім жүйесін елестер едіңіз? Не батыстық емес, не шығыстық емес әлемдік стандартты қайталаушы жүйе ғана.
Ғасыр алыптары технологиялар соғысын бастап кеткенде біздің бар ермегіміз солардың жасаған дүниесін көшіру (ешқандай жаңалық қоспастан қазақшаға аудару), асса шетелдік белді журналға ағылшын тілінде мақала жариялау. Біз олардан қалған нәрсені пайдаланып келеміз, қалайша олардан артық нәрсені ойлап таба алмақпыз? Оларға біздің бір – екі мақаламыздың керегі қанша? Оларда ақпарат ағыны сұмдық. Бір жылдың кітабы келесі жылға жарамай қалады. Біздегідей мұқабасын өзгертіп тастап, бұрынғы ботқаны қайта ұсынбайды. Біз тамағымыз қарлығып жүріп жазған бір – екі мақаланы кім, қай шетелдік аңдып оқиды? Біз өзімізде қолдана алмай жатқан, өзімізде игере алмай жатқан дүниемізді шетелге тықпалағанда қандай абырой алмақпыз? Ғылыми дәреже мен атақ па? Егер расымен сіздің ашқан жаңалығыңыз керемет болса онда олар өздері келіп сатып алады немесе бір амалын тапса да ұрлап алады. Жер бетіне шыққан бір түп жусан қозының көзіне көрінбей қалуы мүмкін бе? Сіз “иә” десеңіз ғаламдық заңдылықты бұзғаныңызды хабарлауға рұқсат етіңіз. Мәселе, шетелді дамыту емес, өз білімімізді, Ұлттық білімді дамытуда.
Біздегі ерекше деп атайтын, ең мықты деп атайтын білім болсын, ғылым немесе әлеуметтік кез келген бағдарлама осыдан бірнеше жыл бұрын шетелде жасалып қойған. Шындық қашанда ащы келеді, сондықтан ол сіздің жараңыздың бетіне тигенде маужыратып ұйықыға салмайды. Ашуыңызды келтіріп, азаптайды. Қалай десеңіз де, қандай реніш білдірсеңіз де ақиқаттан аттап кете алмаймыз. Себебі бір идеяға берілмеген жүректер толық жалғыздықта қартаймақ.
Университет территориясындағы тас жолды ғана алыңыз. Оның жарылған сызығы сіздің білім ордаңыздың жағдайының қаншалықты деңгейде екенін сіз сөйлемесеңіз де, презентация жасамасаңыз да сырттан келген адамға бәрі айқын көрініп тұр. Білім – кітапта, жаңалық – өмірде.
“Қазақты не құтқарады? Жаһандық жұтылудан қалай аман қаламыз?” – деген сұрақтың бір ғана жауабы бар. Ол – Ұлттық білім һәм Ұлттық ғылым. Өзгелерден көш бойы озық тұрамыз деп жармасқанымызбен, көлге жетпей тарау – тарау боп құмға сіңіп жоғалған өзеннің кебін киеміз.
Егер біз осы қарқынымызбен әлемдік стандарттардан аспай, өзгелер жасаған дүниеге мәз болып, көшіре берсек біз ешқашан бірінші бола алмаймыз. Бақылауда есепті көшіріп бестік алған оқушының ұрлығы түбі ашылады. Сонда біз, Қазақстан қандай оқушы болғанымыз?
“Көшірген адам ештеңені жаңадан жасап шыға алмайды. Ал жаңа нәрсе жасауға қабілетсіз адам ешқашан бірінші бола алмайды”.
Осы сөзді қайталап оқып шығыңызшы...
Өз бетінше қимылдай алмаған жұртты “Қазақстан - 2050”, “Әлемнің ең дамыған 50 елі”, “Мәңгілік Ел” секілді мың бағдарлама болса да құтқара алмайды. Көшіру арқылы біз тек өзімізге ғана қиянат жасап жатырмыз ба? Жоқ!
Біз көшіру арқылы әлем ғылымына бір зиянымыз, өз елімізге бір зиянымыз тиіп отыр. Өзгенің жүріп өткен жолымен жүріп, соңынан еріп оның тар табан жолын даңғылға айналдырғанша, әппақ қарды омбылап, өз ізімізді салып, өз жолымызда азап шеккен мың есе артық. Сонда біздің соңымыздан ерген халықтар біз жүріп өткен тар табан жолды үлкен даңғылға айналдыратын болады.
Сізге, Американың қашан құлайтынын айтайын ба? Біз қашан көшіруді қоямыз, сол күні Америка құриды.
Рысбек Рамазанұлы, ғалым, жазушы
Abai.kz