Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 8480 8 пікір 30 Наурыз, 2018 сағат 10:30

Моника

Әйнегі жұқалтаң, "қауырсыны" қара арзан көзілдірік киген таксиші жігіт күйіс қайырғандай иегін дір-дір еткізіп, сағыз шайнап келе жатыр. Тіпті ара-арасында сағызын үрлеп шар етеді де, жарып жібергенде түкірігі көпіршіп шашылып, бетіме тиеді. Мен терезеден көз алмай сар далаға қарап келе жатсам да, оның жалтақ-жалтақ етіп бетіме бір, қысқа етегім жетпей қалған жалаңаш тіземе бір көз жүгіртіп отырғанын іштей сеземін.

Төбесіне тырбиған сұр жыңғылдар өскен құм төбелердің арасынан үйлердің мүк басқан сарғыш шатырлары да көріне бастады. Ауылдың бейнесі салақ әйелдің көйлегіндей шоқпыттана қалыпты.

Ана төбелердің бергі жағындағы қабірстанның қоршауы да ентелей жол жиегіне жетіпті. Мүрде көбейген ғой. Таксиді тоқтатып, далаға шықтым. Бұрын о дүниеліктер ауылының ең шетіне қоныс тепкен бауырымның бейітін әрең таптым.  Оның бейіті қалың қабірдің ортасына қарай ойысыпты, күн жеген құлпытастың жазуы өшуге айналған, құлпытасы мүжіліп, үгітілілген. Менің де сағынышым сейіліп, күрсінуім азайыпты. Көзімнен жас шықпады, мұңайған да жоқпын.

Магнитафон музыкасының бар дауысына шығарып қаңылтыр көліктің қабырғасын сөгіп түсірердей даңғырлатып қойған мына есалаң таксишімен ұрсысайын дедім де ерініп қалдым.

- Болат ақаның қызысыз ба?

- Ммм…

- Болат ақа дүкеннің алдында мас болып жүр екен, "басым ауырып тұр" деген соң, шамалы ақша беріп кетіп едім, өткенде…

- Ммм…

- Сізді бір жерде бастық дейді ғой…

- Ммм…

Әкемнің оған қарыз екенін ескертіп, мас болып жүргенін қоса айтып, өзінің пәсін көтеріп алғысы келгендей қауырсын көзілдірігін бір дұрыстап, иығын қомдап қойды. Базардан алынғалы үстінен шешіліп көрмеген кір-кір көйлегінің жағасын түзеп, көзілдірігінің үстінен маған қарады.

Кешке таман "Болаттың қызы келіпті" деп көршілер, туыстар жинала бастады. Амандық-саулықтан соң әрқайсысы мені үстіме ішіп-жеп қоярдай тесіле қарасып жатқандарын байқадым. Олардың ертеңгі күнге талғажау қылар жаңа өсек тапқанына да күмәнім қалмады.

Шай ішіп алған соң, сыртқа беттеп, ауызүйге шықсам, бағана ғана қазан жақта жүрген келіндердің бірі есік алдында сыңары тоңқайып жатқан туфлиімнің бірін аяғына өлшеп, киіп қарап тұр екен. Оны ұялтпайын деп:

- Ініме дұрыс қарап жүрсең, туған күніңе осындай туфли беріп жіберемін, - деп әзілдедім. Бетіндегі қоңыр секпілдерді қанға тотыға қоюланып, ұялып қалды.

Осы кезде көктемнің жылы күні болса да үстіне ілген қалың тоқыма көйлегінің етегі делеңдеп ана жақтан Моника жүгіріп келе жатыр. Елуге жақындап қалған, ақыл-есі кем, тілі мүкіс, осы ғаріп жанның  Моншақ деген әсем атын ұмытып, бала-шағаға дейін  Моника дейтін. Еркелету ме, жоқ әлде көзінің қыли, мұрынының пұшық екенін мазақтап, ұсқынсыз түрін сұлу Моника Беллучимен салыстырып атады ма, ол жағы маған әлі күнге белгісіз. Бас салып құшақтай алып, түсініксіз былдырлап асығыс сөйлеп жатыр. Мойыныма ып-ыстық жас тамып кетті.

- Қой, Моника, үлкен қыз жылай ма? Болды, қой, - деп арқасынан қағып жұбатсам да қояр емес. Бетімді сүйіп-сүйіп, сілекейлеп, жүзімнен құрғақ жер қалдырмады. Айран ішкен бе, әлде құрт жеді ме екен білмеймін, сүйген сайын танауыма ашыған сүттің иісі келе берді.

Құлағындағы ауыр темірден соғылған сырғасы дір-дір етіп солқылдап тұрып жылайды. Бұрын тілін аздап түсінетін сияқты едім, қазір тіпті ұмытыппын.
Шешем мені босанарда перзентханада Моникамен бірге жатқанын айтатын. Құшағындағы балпанақтай сәбиін кеудесіне басып, қуыршақтай қызықтап жүрген Мониканың кейпі көз алдымнан кетпейді деуші еді.

Туыстары "бала бағуға Мониканың қабілеті жоқ" деп, ол ұйықтап жатқанда жөргектегі бөбегін баласы жоқ ерлі-зайыптылардың құшағына салып жіберген. «Бөпесін жоғалтқанын біліп, Моника аңырап жылап, ешкім жұбата алмады. Сүт толған омырауы тасырайып, кейін жара болып, әбден қиналды, сорлы» деп айтып отыратын мамам. Өксігін басып, жасқа шыланған дымқыл кірпіктерін үздіксіз қағып, көзін жыпылықтатып, мамамның қасына келіп жөргектегі маған ұзақ қарап отырады екен.

Желкілдеп көз алдында өстім, Мониканың. Ағайындарының үйінде тұратын Моникадан су тасу, қой бағу, егіннің шөбін жұлу ескілді жұмыстар артылмайтын. Қолы босағанда бізбен бірге доп ойнаушы еді. Ойнап жүріп елеусіздеу келіп мені құшақтай алуы, балалармен керіскенде қарсыласымды мен үшін түйіп құлатып жіберу сияқты қылықтары үйреншікті болып кеткен-ді.

Міне, сол Мониканың жүрегі жарылардай егіліп жылап тұрысы мынау. Көз жасының білегімен сүрте салып, етегін түріп, қарынындағы бір қарыс тыртықты көрсетіп жатыр. «Қой, ұят болады» деп етегін жапқаныма қарамастан былдырлап айтқан арызынан жақында соқырішектен ота жасалғанын түсіндім.

Ауылда болған екі-үш күнімде Моника менің жанымнан шықпады. Таң атпай тістері түсіп қалған қызылиегін мыжырайтып күлімдеп келіп тұрады. Сосын кеш батқанша менің жанымда.

Ойыма қай сайтан салғанын кім білсін:

- Бөпеңнің папасы кім? - дедім қолымда әлди жатқандай құшағыммен ауаны қармап көрсетіп.

Шошынып қарады. Құбыжық көргендей тоқыма көйлегінің етегі далаңдап жүгіріп кетіп қалды. Және жолында жатқан құман-шылапшындарды аяғымен теуіп, ауызүйді азан-қазан қылып кетті.

Кешке қарай ретсіз қиылған шашы жалбырап, есік жақтауынан сығалап тұрған Мониканы көрдім де, сыртқа шықтым. Айналасына алақ-жұлақ қарап алып, алақаныма бірдеме қыстырып жатыр. Әскер киімін киген үш жігіт түскен ескі фото. Шеті жиырылып, бояуы өше бастаған сарғыш фотоға үңіле қарап, екі орыстың ортасында тұрған сұлу мұртты жігітті шырамытқан сияқтымын.

Иә, сол. Саржа әженің Алматыдағы үлкен ұлы болуы керек. Ауылда өткен бір-екі тойға келген кезінде көргенмін. Ауылдағылар бұ кісі туралы тамсанып біраз әңгіме айтқаны да есімде. «Әйелі театрда ойнайды екен», «Ұлдары шетелде оқиды екен», «Саржаны келесі жылы шетелге курортқа алып барамын депті», «Профессор екен өзі», «Тіпті ана жарымес Моникаға да сырға алып келіпті» деген әңгімені аңыз айтқандай өршітіп еді.

Саржа кемпір кенже сіңілісі Мониканы жындыханаға тапсырмай, өз үйінде ұстады.

Суреттегі мұртты жігітті нұсқап «Бәбә» деді. «Папа» дегені шығар. Көзінің ағы молайып, жан-жағына ұрланып қарады да, саусағын ерініне тақап «Түш» деп ымдады.

Неге екенін өзім де білмеймін, бұрыннан өзім білетін құпия сияқты сезімде болдым. Тіпті, бұған аса таңырқай да алмадым. Мүмкін тосын жағдайларға әбден етім өліп кеткен шығар.

Таң ертең күн көтерілмей қалаға кетіп қалдым. Ұйқысынан тұра сала арсалаңдап біздің үйге жетіп келген Моншақ менің кетіп қалғанымды естіп мұңайған шығар. Мүмкін қорсылдап жылады…

Бақытгүл Сәрмекова

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963