Ердоған Израиль үкімет басшысын "террорист" деп атады
Түркия президенті Режеп Ердоған өткен аптада 15 палестиндіктің қаза табуына байланысты Израиль үкімет басшысы Биньямин Нетаньяхуды "басып алушы" және "террорист" деп атады.
Израиль және Түркия лидерлері арасындағы жанжал Газа секторы мен Израиль шекарасы маңында қақтығыстан 15 палестиндік қаза тауып, жүздеген адам жараланғаннан кейін туындады. Анкара израилдік әскерді қатаң сынға алды. Нетаньяху жауап ретінде "көптеген жылдар бойы бейбіт халықты бомбалап келген ел өзге елді сынамай-ақ қойсын" деп жауап берген. Ол Түркияның Сирия, Ирак және Түркиядағы күрдтерге қарсы операциясын алға тартып отыр.
Ердоған да үнсіз қалмады. Ол Израиль билігін "террорист" деп атап, оның үкімет басшысын "әлемде ешкім жақсы көрмейді" деді.
Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас ешқашан жақсы болған емес. Соңғы уақытта тіптен нашарлап кетті.
Жексенбі күні БҰҰ мен Еуроодақтың 15 палестиндіктің өлімін жіті тексеру жөніндегі талабын Израиль қорғаныс министрі Авигдор Либерман қабылдамады. "Израиль әскері не қажет болды, соны орындады. Менің ойымша, олар марапатқа лайық", – деді Либерман. Израиль мәліметі бойынша қаза тапқандардың дені – радикалдық топтың мүшелері.
Abai.kz