Өзбекстанда қаржы пирамидасына "қалқан" болған арнайы қызмет офицері ұсталды
Ташкент облысы терроризм және ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бұрынғы басшысы Мансұр Мирзаев ұсталды. Ол сот тыңдаулары басталғанша қамауда отырады.
Өзбекстан ішкі істер министрлігіндегі дереккөздің хабарлауынша, Мансур Мирзаев 20 наруызда таңертеңнен кешке дейін созылған арнайы операция барысында ұсталған. Сол күні тағы жиырмадан астам адам қолға түскені хабарланды. Әскери сот Мирзаевты сотқа дейін қамауда ұстауға шешім шығарды.
Сот мәліметіне қарағанда, Мирзаев бұрынғы бас прокурор Рашид Кадыров пен Ташкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Мираглам Мирзаевтың қылмыстық істері аясында ұсталған. Мансур Мирзаев (бүркеншік аты «Малыш») Мирагламның інісінің баласы.
Өзбекстан Бас прокуратурасы қызметкерінің сөзіне қарағанда, Мансур Мирзаевқа "қызметін асыра пайдалану" және "пара алу" қылмыстары бойынша күдік тағылған. Бұған қоса Мирзаевқа "кәсіпкерлердің мүлкін күшпен тартып алу, оларды қорқыту және заңсыз кәсіпкерлікке "қамқоррлық жасау" айыптары тағылуы мүмкін.
"Мансур Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Ташкент облыстық басқармасында жұмыс жасаған уақытта Газалкент пен Чарвактағы көптеген кәсіпкерлердің қонақ үйлері мен мейрамханаларын тартып алған, оларды мазақ еткен. Ең қызығы, ол Өзбекстандағы ірі қаржы пирамидасының негізін қалаушы "Ахмадбайға" "қалқан" болып келген. Сол үшін қыруар ақша алған. "Ахмадбай" ұсталған күні-ақ Мансурға қарсы куәлік етті. Сол жолы қылмыстық іс қозғалмай қалған. Бұл мәселе Кадыров пен Мирзаев ұсталғанда қайта көтерілді. Қазір Мансурды негізінен "Ахмадбайдан" алған параға қатысты іс бойынша тергеп жатыр", – деді ІІМ қызметкері.
Еске салайық, ел арасында "Ахмадбай" ретінде танылған кәсіпкер Ахмад Турсунбаев 2016 жылы жазда ұсталды. Ол өзінің жақтастарымен бірге халықтан "екі есе етіп қайтарып берем" деген уәдемен ақша мен мүлік жинаған. Құқыққорғау органдарының мәліметі бойынша, мыңдаған азамат қаржы пирамидасының құрбаны болды.
Abai.kz