Бішкек қоғамдық көлік жүйесін қайта қарайды
Қырғызстанда қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету жүйесін қайта қарап, автобустардың тез арада жолға шығу мәселесін шешу керек. Қырғыз премьер-министрі Сапар Исаков маршрутты такси жүргізушілерінің ереуілі жөніндегі үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.
Оның пікірінше, қоғамдық көлік мәселесін кешенді түрде шешу керек: бейресми ақы жинауды доғару, сақтандыру құжаттарымен қамтамасыз ету және жолаушылардың қауіпсіздігі жөніндегі барлық талаптарды орындау.
Бұл ретте премьер көлік компанияларына сақтандыру бойынша ешқандай жеңілдік қарастырылмайтынын айтты.
2 сәуірде Бішкекте маршрутты такси жүргізушілерінің дені жолаушыларды міндетті сақтандыру жүйесінің енгізілуіне наразылық танытып, жұмысқа шықпай қойды. Олар айыппұл көлемін азайтуды, жолақы тарифін өсіруді де талап етті. Бірақ астана басшысы қоғамдық көлік жүргізушілеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмайды деп жауап берген.
1 сәуірде тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы талабы күшіне енді. Заң бойынша, әрбір орындық сақтандырылуы керек. Бір орындықтың жылдық сақтандыру құны - 136 сом 60 тиын.
Қала билігінің мәліметіне қарағанда, астанада жолаушы тасымалдаумен 40 фирма 120 бағыт бойынша жұмыс істейді. Күн сайын 2700 маршрутты такси жолға шығады.
Бұған қоса Бішкекте 110 троллейбус және шамамен 120 автобус жолаушы тасиды.
Abai.kz