Болмайтын төбелеске Мақатаевты төреші етпеңіздер!
Шаханов құсқан екен деп, біз де запырандатуымыз керек пе? Ел секілді сұқ саусағымды ауызға күштеп тығып, жүректі лоқсытудың қаншалық қажеті барын білмей отырмын! Ауыз соныкі, айта берсін! Оның ойбайынан бірдеме шешілер болса, бүкіл қазақ даласы қазақша сөйлеп кетер еді.
Шаханов деген біздің қоғамның деңгей-таразысы ғой)))). Қоғамың қандай болса, тұлғаң да сондай! "Менен өзгенің аузы сасық" деу - оның жеке пікірі. Болды, бітті... Ал, біз оның да аузынан бал тамып тұрмағанын айтып, қызылкеңірдек болғаннан не ұтамыз?
Мен шахановшыларды да, мұқағалишыларды да қолдай алмайды екенмін. Мұқағали Сіз бен Біздің шырылымызға мұқтаж емес. Оның жай ғана өлеңінің бір жолына Шаханов пен Оразалиннің (кейбір ағаларым бұл өлеңнің жариялануына Оразалиннің қатысы жоқтығын айтады. Бірақ, Одақтағы керістен кейін шыққан шуға ақын ағамыздың қатысы бар шығар деген күдігім бар) бүкіл атқарған қоғамдық жұмысы мен шығармашылығын тең қоюға келмейді. Сондықтан да, "анау" деп, "мынау" деп көсемсімей-ақ қойсақ қайтеді?
Қысқасын айтқанда Оразалин мен Шахановтың төбелесіне Мақатаевті төреші етпеулеріңізді сұраймын!
Қанат Әбілқайыр
Abai.kz