Сенбі, 23 Қараша 2024
3509 0 пікір 3 Сәуір, 2018 сағат 12:55

Мектептерде аутизмі бар балаларға арналған кабинеттер ашылады

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 3 мың бала аутизм синдромына шалдыққан, бірақ іс жүзінде мұндай балалардың саны анағұрлым көбірек, деп хабарлайды «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова.

«Болашақ» қоры қазіргі уақытта «Әрбір бала мектепке лайықты» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында аутизм белгісі бар және ерекше күтімді қажет ететін 120 бала мектепке барып, сапалы білім ала бастады.

«Біз мектептерге барып, инклюзияға қолдау білдіретін кабинеттерді ашып жатырмыз, пәнаралық мамандар тобын құрудамыз. Мамандар тобы әрбір ерекше баланы жалпы білім беру процесіне енгізеді. Әр бала қалыпты сыныпқа кіреді. Арнайы кабинетте баламен дефектологтар, логопедтер жұмыс істейді. Біздің жобада мүлдем сөйлемейтін, әлеуметтік ортадан қашатын балалар болды. Екі жылда олардың 90 проценті мектеп бағдарламасын игеріп кетті. Қазір олар байқаулар мен олимпиадаларға қатысады, достарымен күнделікті араласады», - деді Д. Шайжүнісова.

Әзірге Астана мен Алматы мектептерінде 10 арнайы кабинет бар. Алдағы екі жылда «Болашақ» қоры Қазақстанның барлық өңірінде ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, Д. Шайжүнісова баладағы аутизм диагнозын қабылдағысы келмейтін ата-аналардың бар екенін атап өтті. Аутизм - қорқынышты диагноз емес. Дамыған елдер аутист балалармен жұмыс істеуде медициналық үлгіден білім беру үлгісіне әлдеқашан ауысқан.

«Әрине аутизмнің спектрі төменгі функционалдылықтан данышпандыққа дейін өте кең. Балалар әртүрлі болады. Математикадан үздік нәтиже көрсетіп, шапшаң оқуды үйрене алмай кетуі мүмкін. Бұл үшін баланы үйге қамап қоюға болмайды. (...) Қазақстанда аутизмді психикалық ауытқушылықтар спектріне жатқызады. Сол себепті, ата-аналар психиатриялық мекемелерге келіп, психиатр ғана беруге құқылы диагноз алуға міндеттелген. Қоғамның бұл диагнозды қабылдамауынан, ата-аналардың барлығы дерлік емханаға келмейді. Бұдан статистика өзгереді. Қазір ресми дерек бойынша, Қазақстанда 3 мың бала аутизммен ауырады дейміз, бірақ, шын мәнінде олардың саны анағұрлым көбірек», - деп өз сөзін толықтырды Динара Шайжүнісова.

Еске сала кетсек, 2008 жылдың 2 сәуірінде БҰҰ Бас Ассамблеясының Аутизм мәселесі жөніндегі ақпарат тарату күнін белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл күні тұтас әлемде ғимараттар балалардағы аутизм мәселесіне қоғам назарын аудару үшін көк түске боялады.

Бүгін Астанада аутизм және өзге де ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін «Коконың құпиясы» мультфильмінің бейімделген көрсетілімі өтті. Онда балалардың жайлылығы үшін мультфильм дыбысы баяу шығарылып, жарық қосулы тұрды және ыңғайлы жастықшалар мен су бөтелкелері қойылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354