Екі елдің шекара қызметінің мәліметінше, жараланғандардың жағдайы бірқалыпты. Баткен облысындағы қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалға Уч-Добо ауылы тұрғынының жеріне қоршау орнатуы себеп болған екен. Бұл аймақтың әлі қай мемлекетке жататыны ресми шешілмегендіктен, аталған жерге кез-келген шаруашылық жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған.
"Қырғызстан азаматы ескертуге құлақ аспаған. Бұл Тәжікстанның Хожа-Аъло ауылы тұрғындарының ашуын туғызған. Екі тараптан 50 шақты адам сөз таластырып, соңы бір-бірлеріне тас лақтыруға дейін барған", - деп хабарлайды Қырғызстан және Тәжікстанның шекара қызметі.
Жанжал жарты сағаттан кейін тоқтаған. Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындарымен кездескен.
Әлеуметтік желілерде жанжалдың бейне жазбасы пайда болды. Ол жерде тараптардың бір-бірлеріне тас лақтырып жатқанын көруге болады.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекара ұзындығы 971 шақырымды құрайды. Оның 519 шақырымы қай елге жататыны шешілмеген. Екі елдің шекарасында 70-ке жуық даулы учаске бар.
Abai.kz