Бұл туралы журналист Манас Бистаев өзінің парақшасында жазыпты:
«Нұр Отан» партиясының мүшесі, ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров полицейлерге қатты ұрсып тастады:
«Мен бейне бір Нижний Новгородтың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жиналысында отырғандаймын. Бұл не масқара, қазақ тілінде бір сөз айтпадыңдар ғой?!
Халық санағы көрсеткендей, елдегі қазақтар халықтың 70 пайызын құрайды екен.
Ал мына жерде 95 пайыз қазақтар отыр, сендер неге басқа елдің тілінде қақылдап сөйлеп отырсыңдар?!
Сонда не, «орысша сөйлесек қаладағы қылмыс деңгейі азайды» деп ойлайсыңдар ма?
Мына «жемқорлықпен күрестерің» де өтірік күрес сияқты. Жемқорлықтың себебімен емес, содан туындаған салдарымен күресіп келеміз.
Мысалы, Грузия бір жарым жылдың ішінде полициядағы орта және төменгі деңгейдегі коррупцияны тамырымен жойды. Мемлекет Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне соншалықты аз ақша төлеп отыр ма? Өзбекстанға барып, Ташкенттегі гаишникке 2 доллар беріп көрші, ол саған рахметін жаудырады. Ал бізде қалай? Ұят деген болу керек,«, –дегені сол-ақ екен, Борис Джапаровтың бұл сөзінен кейін Алматы қаласының ІІД офицерлері толған зал ду қол шапалақтап кетіпті.
Енді ойланатын шығар, дейміз. Полицейлер де, біздер де, сіздер де ойланайық та…
Дайындаған, Айдын Олжаев
Дереккөзі dalanews.kz
Abai.kz