Аймақтағы айтқыштар
Атырауда Өтепберген Әлімгереев деген қаламгер ағамыз бар.
Сөзге шешен, тілінің тікенегі бар сол көкеміздің "Өтақаң айтыпты" деген әңгімелері жетіп артылады.
Әкесінің орнына
Бір тойда тілек ұсынған асаба есім-сойын шатастырып "Ортаға Әлімгерей Өтепбергенов ағамызды шақырамыз" депті.
Микрофонды қолына алған Өтақаң "Әлімгерей қайтыс болып, бұл тойға келе алмағандықтан оның орнына баласы Өтепберген шығып тұр" деген екен...
Бата оқуға барғанда
Көп жылдар өнер мен мәдениет саласында еңбек еткен Асқар Харесов ағамыз дүниеден өтерінде "мені бөлек тұрған биік төбенің басына жерлеңдер, еліме көз салып жатайын" деп өсиет қалдырыпты. Содан Асқар ағамыздың ұрпақтары аманаты бойынша өзі қалаған жеріне жерлепті.
Араға біраз уақыттар салып тура сол жерге, сәл жанына Асқар ағамызбен аттас досына мәңгілік мекен бұйырыпты. Асқар Харесовке биіктеу кесене, досына кішкене мазар салынған.
Бір жолы бата оқуға барғанда соны көрген Өтақаң "Құдай тоба, Асқаржан "времянка" салып алған ба?" деген екен...
Бауыржан Халиолла
Facebook-тегі парақшасынан