Асан Омаров. Ана тіліміз – Тәуелсіздік мұраты ма, жоқ әлде?..
Өткен 2010 жылдың соңы Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласының бір топ зиялылары «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-20 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деген Үкіметтік жобаға қатысты өз мәлімдемесін жасады. Онда тілді үйренуге 10 жылдың орнына 3 жыл ұсынылған. Ұсыныс-үндеу «Он жылға созылмасын!» деген тақырыппен 21 желтоқсанында «Жас алаш» газетінде жарияланды. Үндеуді «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттер іліп әкететіндей, артынша барлық басылымдар «атой» салатындай көрінген. Өйткені, қалың бұқараға керектінің тамырын тап басқан, әлеуметтің бітеу жарасын ашуға пайдалы бастама осындай-ақ болар. Бірақ... айнала жым-жырт. Әдеттегідей тіл мүддесіне билік құлықсыз, қоғам құмбыл тұр.
Қисын бойынша тәуелсіздік таңымен бірге қазақ тілінің де көркеюіне барынша кең жол ашылуға тиісті болатын. Іс жүзінде жолы жіңішкеріп, тынысы тарылудан көз ашпай келеді. Төмендегі мақаланы осы парадокстің сыры мен табиғатына үңілуге деген шағын талпыныс деп қабылдаған жөн.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Абай.
Өткен 2010 жылдың соңы Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласының бір топ зиялылары «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-20 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деген Үкіметтік жобаға қатысты өз мәлімдемесін жасады. Онда тілді үйренуге 10 жылдың орнына 3 жыл ұсынылған. Ұсыныс-үндеу «Он жылға созылмасын!» деген тақырыппен 21 желтоқсанында «Жас алаш» газетінде жарияланды. Үндеуді «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттер іліп әкететіндей, артынша барлық басылымдар «атой» салатындай көрінген. Өйткені, қалың бұқараға керектінің тамырын тап басқан, әлеуметтің бітеу жарасын ашуға пайдалы бастама осындай-ақ болар. Бірақ... айнала жым-жырт. Әдеттегідей тіл мүддесіне билік құлықсыз, қоғам құмбыл тұр.
Қисын бойынша тәуелсіздік таңымен бірге қазақ тілінің де көркеюіне барынша кең жол ашылуға тиісті болатын. Іс жүзінде жолы жіңішкеріп, тынысы тарылудан көз ашпай келеді. Төмендегі мақаланы осы парадокстің сыры мен табиғатына үңілуге деген шағын талпыныс деп қабылдаған жөн.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Абай.
Әңгіме қоғамның мінезіне қатысты болғандықтан, оны сана мен тілге анықтама беруден бастайын. Адам жанының сипаттары мен қасиеттері жиынтығын «сана» дейміз. Сайып келгенде, жан тазасы мен сана тазасы бір ұғым. Ал тілге келер болсақ, ол қатынастың және күллі мәдени-рухани дамудың пәрменді құралы.
Гәп сонда, екі феномен (тіл мен сана) өзара әсер етпей қалмайды, бірі екіншісінің етегіне табиғи түрде жармасып жүреді. Сондықтан тіл тоқыраған жерде, сананың толысуы неғайбіл, бәлки мүмкін емес. Бұл-бір.
Келесі айтарым: адамзат тарихы бізге бір елдің басқа елдің жер, суын жаулап алуын паш етеді. Мұны отарлау я болмаса басқыншылық дейді. Қарумен отарлау - жағалауға ұрған сойқанды толқын сияқты, күші сарқылса болды, кері қайтады. Ал, бір тілдің екінші тілді жаулап алу ерекшелігі неде? Бұл әлем бойынша тек өткен ғасырдың соңында ғана қарқын алған, сондықтан сыры беймәлім құбылыстың бірі. Бәлкім, біздің қоғамда орын алып отырған тілге, аса нәзік мәселеге болуға тиісті жанашырлық пен қамқорлықтың жоқтығын, көптің бейқамдығы мен қаперсіздігі себебін осы арадан іздестіру керек шығар.
Тілдің әрі-сәрі өлінің хәлінде болуы ұлтқа қатер төндіретіні күмәнсіз. Оны бірінші кезекте жаңа айтқандай сана саяздығынан көре аламыз.
Дәлелге күнделікті өмірден бірер мысалдарды келтіре кетелік. Жұрт аузына қараған азаматтарымыз бірінің сөзін бірі тотықұстай қайталап жүр. Мәселен, кейбіреулері «Өзге елдерден қара үздік, ойқастап оздық» (бұған ғылымнан, руханилықтан, демографиядан дәлелің кәне, тоқтықты жетілумен шатастырсақ, құдай ұрды) десе, енді біреулері «20 жыл - қас-қағым ғана сәт» деп қасқаяды. Шындығында бұл бір толқын ауысатын уақыт қой. Мына шапшаң заманда 20 жыл түгілі, небары 10 жыл ішінде ұрпақтар сабақтастығы үзілмек. Көзің күнде көреді, әке мен бала, ата мен немере арасындағы тілдік қатынас қиындағандығын, оған дәлел керек емес.
Мынау да өңі қашып ескірген мысал, кез келген мемлекеттік мекемеде іс-қағаздар алдымен орыс тілінде даярланады, онан соң қазақшаға еш сапасыз, шала-шарпы аударылған болады. Қорлық емей не?! Мемлекеттік тілдің ғылымдағы және ұлтаралық қатынастағы рөліне де қарның ашиды.
Естуімізше, қазақ тілінің ғылым саласындағы үлесі 10 пайыздан аспайды. Ал, оның ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін сөз етудің өзі де ұят. Рас, қазақ мектептерінің саны көбеюде деседі. Бірақ бұл жұбанышымыз көшенің, интернеттің, барша ақпарат тасқынының астына көміліп қалды.
Абай заманында қазақтың тілі, ділі мәрмәр тастай тұтас болса, діні де сондай тұтастұғын. Қазіргі алашұбар тілдік ахуал елімізде түрлі діндердің қаулап, оның ішінде ислам тармақтары көбеюіне құнарлы топырақ болуда.
Қай қырынан алып қарасақ та, ана тіліміздің шарасыздығының куәсіміз. Өзге тілдің жылдан жылға үдеген басқыншылығына шошына қарап, шыны керек, ана тіліміздің кеңестік кезеңдегі жағдайына жылап көрісетін болдық. Ең сорақысы, жас буын санасында қазақ тілі керексіз, пайдасыз деген теріс пікір орнығуда. Тілді білмейді емес, біле тұрып сөйлемейтін топтарды қайтерсің.
Қорыта айтқанда, тіл мен сананы бірін біріне кіріктіріп, олардың бөліп-жаруға келмейтін тұтас архитектурасын, үйлесімін табудың уақыты жетті. Тілдің дамуы мен қоғамның рухани келбеті қалыптасуын ортақ арнаға бұратын бірегей бағдарлама, идеологиялық жаңа ұстаным керек.
Астаналық бастамашыл топ Үндеулерін: «Ана тілін, Конституцияда жазылған мемлекеттік тілді 33 жыл оқыған әлемде ешбір халық, ешбір мемлекет жоқ» деген сөздермен аяқтапты. Мұны құр байбалам, шындық емес деп кім айтар. Айналайын ағайындар-ау, әлгі ахуал тағы он жылға жалғасса, онда не болдық?!
Тілі мешел ел әсте сана саяздығына ұрынады. Жасандылыққа, даңғаза саяси науқанға үйірсек келеді. «Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салған» шақта көне Семейден бастамашыл топ шықты. Арада небары екі жұма өткенде референдумды қолдап 5 миллионнан астам адамның қол қойғанын естіп отырмыз. 200 мың адам да жеткілікті екенін ескергенде, белсенділік ғажап! Бірақ мақтан етуге тұрарлық абыройлы әрекет пе, өзі? Сабыр етсек, әлем мойындаған Елбасы Конституцияға сәйкес президенттік сайлауға түссе де ұтып шығары кәміл еді ғой. Жер астынан жік шықты дегендей, бастамашыл топтікі қай сасқандық? Мынасы әлемге күлкі қылатын саяси авантюризмге көбірек ұқсайды. Оған біздің қоғамның мінезін аңдататын оқиға ретінде тоқталып отырмын. Жарықтық Абай: «...Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» демей ме?!
Егер тілді тірілту мен енгізуге миллион тұрмақ, мың белсенді шығар болса, арман жоқ. Нағыз халықтық проблема болып табылатын тіл мүддесін қорғауға неге әзір емеспіз? Оның өзіндік себептері көп. Кезінде қазақ мектептерінің жаппай жабылуы ең басты объективті себеп. «Тіл туралы» заңның босаңдығы, жеке басқа табынушылық пен жағымпаздық дертінің дендеуі, Кеңес Одағының «тоқырау» деп аталатын соңғы кезеңіндегі партократтық тәлім-тәрбиені бойына сіңірген буынның билік басына келуі сияқты субъективті себептер өз алдына бір төбе.
Сөздің ашығы, Қазақстанда қазақ тілінің қажеттілігі төмен, яки тіпті жоқ.
Соның салдарынан аты «қостілді» заты «орыстілді» орта мықтап орнықты - мемлекеттік тілді қажетсінбейтін, керек десеңіз, оған қарсы әрекеттегілердің қарасы жылдан жылға молайып, қалың нөпірге айналды қазір. Қашан «тоғыз тоңқылдақ бір шіңкілдекті» тыңдаған?...
Тілі сорлаған елдің салт-санасы солғындап, рухы азып-тозып, төменшіктейтінін көре білген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Тілдің өлгені, халықтың өлгені» десе, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Қазақ пен қазақтың қазақша сөйлеспегенінен қорқамын» деген. Абай, Мұхтардың тілінен жеріген, елдің мұң-зарына миығынан күлетін тоғышар топтардан не қайыр, не үміт? Көпті жалаң ақылмен иліктіруге қиын, Абайша «Көздің жасы, жүректің қаныменен, Ерітуге болмайды іште мұзын». Әлеуметтік маңызы бар Үндеудің әлбетте халықтың өзіне емес, биліктің атына жолданатыны сол. Сормаңдай тіліміздің құрбандыққа шалынуы тоқтатылуы, өрмелеп ілгері баруы - үкімет жарлығына, заң қуатына тәуелді екені сөзсіз.
Ұлт тілінің жансыздануы, жалпы ұлтсыздану процессі, тағы бір айтайық, бұрын-соңды болмаған жаңа бір құбылыс. Соның айғағы, қазақ даналары тіліміз қайтсек дамиды деген әңгімені көтермеген. Ал, пойыздың вагондары сияқты тіл құдіретіне тіркелетін сана, иман, рух мәселесі, жүрек тазалығы, яғни адамның адамдығы тақырыптары десеңіз әңгіме басқа.
Жоғарыда айтылған ой-пікірлерімді Абайдың: «Пайда ойлама, ар ойла» деген ақыл-кеңесімен бекітейін. «Ар» ұғымының сөздік мағынасы ождан, ұят деп білеміз. Ал, терминдік мағынасына келсек, ол - әділдік, әділ болу. Сол себепті, «арлы адам» мен «әділ адам» жақын туыс ұғымдар. Мысалға қариялар бата бергенінде:
Ар-әділет азық болсын,
Жүрген жерің жазық болсын, - деп жатады. Абай 38-сөзінде: «Бәлки ғадалет барша ізгіліктің анасы дүр. Нысап, ұят - бұлар ғадалеттен шығады» деп түйеді. Шәкірті Шәкәрімнің «Ар ілімі» концепциясын «Әділетті өмір сүру қағидасы» деп ұқсақ, мән-мағынасы айқындала түспек.
Иә, ар-әділет - кез келген қоғамның іргетасы. Оны жетілудің, береке-бірліктің ең зор заңы десе де болады. Тілдің, руханияттың дамуы, әрине, осы құдайылық заңның аясында өтеді һәм оның бір үлкен тармағын құрайды.
Ендеше елдігіміздің мәні, тәуелсіздігіміздің мұраты - мемлекеттік тілді тұғырына қондыруға асығайық, ағайын! Ғасырлар асуында санамыз тентіреп «Ай, қап!» деп сан соғып, қапы қалмау үшін, ең бастысы, әлемдік тарихта қазақ болып қалғымыз келсе астаналықтардың «Тілді үйренуге 3 жыл» деген ұранын бір кісідей қолдап, іске асырған абзал. Бұл жаңа айтқандай ар-әділеттің талабы әрі келешек ұрпақ алдындағы парызымыз екені хақ.
Асан Омаров, абайтанушы
Астана
«Жас қазақ үні» газеті