«Қазақинвест» ҰК қызметі кездесулер санымен емес, нақты инвестициялар негізінде бағалануы тиіс
«Қазақинвест» мемлекеттік компаниясының қызметі шетелдіктермен өткен кездесулер саны бойынша емес, нақты тартылған инвестициялардың негізінде бағалануы тиіс – бұл туралы Азат Перуашев 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді.
«Ақ жол» фракциясы мемлекеттік органдар бюджеттік бағдарламалардың орындалуын бағалауға аса жауапты көзқараспен қарауға тиіс деп санайды. Оған дәйек ретінде инвестицияларды тартуға жұмсалған шығындар көрсетілді.
Дубайдағы, Лондон және Нью-Йорктегі «Қазақинвест» акционерлік қоғамының үш өкілі мен 3 көмекші ассистентін ұстауға бюджеттен 1 млрд. 100 млн. теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылған.
Сонымен бірге, айтпақшы, «Қазақинвест» АҚ-ның ресми деректеріне сүйенсек, ең көп инвестициялық жобалар Қазақстанға жаңағы аталған мемлекеттерден емес, Қытайдан (61), Ресейден (26) және Түркиядан (20) келеді екен.
«Неліктен инвестициялық белсенділікті ұлғайту үшін Қытай, Ресей немесе Түркия елдеріндегі өкілдіктер емес, атап айтқанда, дәл сол Дубай, Лондон және Нью-Йорк қалаларындағы өкілдер таңдалған? – деген сауалды қойды депутат. - Мүмкін, мемлекеттік компания өкілдеріне осы лайықты қалаларда өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы шығар, алайда өз жеке басының субъективті қалауына емес бағыт-бағдарды таңдауда серіктестердің нақты инвестициялық белсенділіктеріне сүйене отырып әрекет ету керек болатын».
Бұдан басқа, «ақжолдықтарды» таңқалдырғаны – сол шетелдегі өкілдердің жұмысы қандай жолмен, қайтіп бағаланатыны. Сөйтсе, үкімет олардың атқарып жатқан жұмысын табысты деп мойындау үшін шенеуніктер бір жыл ішінде инвесторлармен алғашқы 10 кездесуді, өзара байланысты әрі қарай дамыту мақсатында тағы бір 10 рет басқосу, бизнестік іс-шараларға қатысу, екі әлеуетті инвесторлардың Қазақстанға іс-сапармен келуін өткізу және де қарқынды, әлеуетті инвесторлармен кем дегенде екі меморандумға қол қою сияқты жұмыстарды жүзеге асыру қажет екен.
«Жарияланған жаһандық жоспардың аясында бұл – тіптен көңілге қонбайтын дүние, сенімсіздік тудырады», - деді депутат. - Менің ойымша, жылдың 220 жұмыс күнінің ішінде кәсіпкерлермен бар болғаны 20 рет кездесу, оның үстіне мемлекеттің есебінен, айтарлықтай үлкен күш жұмсауды қажет етпейді.
Алайда, неліктен бұл өкілдердің біздің елімізге нақты қандай көлемде инвестициялар тартуы қажет екені туралы бірде-бір сөз айтылмаған?»
Азат Перуашев елге тартылған инвестициялардан түсетін кірістер, тұтастай алғанда Қазақстан экономикасына деген пайдасын айтпағанның өзінде, ең болмағанда, мұндай шетелдік өкілдіктерді қолдау үшін бюджеттен бөлінген шығындардың орнын толтыруы тиіс екенін баса айта отырып, «Қазақинвест» ұлттық компаниясының өкілдеріне осындай талаптарды енгізуді ұсынды.
Abai.kz