Өзбекстан елшілігі әуе компания басшылығына сілтеме жасап, Ташкент-Душанбе-Ташкент рейсі бір ұшқанда, 5-8 мың доллар шығын көреді деп мәлімдеді.
«Узбекистон хаво йуллари» компаниясының Душанбедегі өкілі Орифджон Рузимуродов қиындықтар барын растады.
«Қазіргі кезде Ташкент-Душанбе-Ташкент рейсінен түскен ақша тек ғана Душанбе әуе айлағын жалға алу құнын төлеуге кетеді. Біз тәжік әріптестерден компания пайда көргенше, ең болмаса бір жылға бағаны түсіруді сұрадық. Душанбе билігі "жақсы, жақсы" деді, бірақ алымды одан сайын көтеріп жіберді», - дейді Орифджон Рузимуродов.
Оның сөзінше, Душанбе әуе айлағы Ташкент әуежайына қарағанда үш есеге қымбат. Бортта 150 жолаушыға арналған орын болғанымен, бір рейске шамамен 50 билет сатылады екен. Душанбе-Ташкент рейсіне алдын ала билет сатып алса, құны 750 сомони (80 доллар) болады, егер ұшатын күні сатып алса, билет құны 90 доллар тұрады екен.
Былтыр сәуір айынан бері 1992 жылы тоқтап қалған Ташкент-Душанбе-Ташкент әуе рейсі қайта ұша бастаған.
Abai.kz