Қатын, қазақша сөйле!
– Дурак! – деді әйелім!
– Мемелекеттік тілде ұрысайық! – дедім мен.
– Вчера с кем спал?
– Мен орысша түсінбеймін! Сен менің әйелімсің бе, қазақша сөйле! Чисто қазақша!
– Я сама знаю! Вчера кімнің үйінде қондың деймін?
– Досым Болаттың үйінде. Іштік, жедік, қайтуға кеш, таксиге ақша қалмаған...
– Потом?
– Қатын, қазақша сөйлесеңші! «Халықсорғыш» банкіне жұмысқа тұрғалы орысша сөйлеп кеттің ғой! Немене, келушілерге де орыс тілінде жауап беріп жүрмісің? Сен сияқты қазақ тілін менсінбейтіндердің бар ғой, тілдеріне ток тигізу керек. Сендер бар ғой, сендер...
Әйелім екі бүйірін таянып тұр. Жеп қоймақшы мені. Қылғыта салмақшы мені. Мемлекеттік тілде ұрыспайтынын қарашы? Банк қызметкерлерінің біразы осындай!
Дереу ұялы телефоныммен ұрысқанымызды бейнебаянға түсіре бастадым.
– Убери камеру! – деді әйелім қолын сермеп.
– Уберу етпеймін! Қазақ тілінде ұрысуға болады ғой?
– Свинья!
– Шошқа де!
– Осел!
– Есек десеңші!
– Козел!
– Ешкі!
– Баран!
– Қой. Немене деп кеттің қатын? Мал шаруашылығының министрімін бе не?
– А ты не переводи!
– Қойшы енді, байқамай қонып қалдық.
– Как байқамай? Кіммен жаттың?
– Өзім. Бөлек жатқанмын. Бір қарасам, ұйқы сұрап, досым мен оның әйелінің ортасында жатыр екенмін...
– Вот идиот!
– Кім келе жатыр?
– Идиотсың деймін!
– Е, идет дегенге біреу келе жатыр ма деп қалсам.
– Убери камеру!
Мен қашып жүріп түсіре бастадым. Ол қолына сыпырғы алып, ұра бастады. Сүрініп құласам да, еңбектей қашып, түсіріп әлекпін.
– Ал, ұрысқанымызды снимать еттің. Не істейсің?
– Фейсбукке саламын.
– Позорымды шығармақшысың ғой? Подругаларым көрсін дейсің ғой? Убери камеру!
Мен оның қасына жақындап, екеумізді қатар түсіре бастадым. Енді әйелім өзінің ұялы телефонын алып, мені түсіре бастады.
– Ах, я не смогу что ли? Обезьян!
– Маймыл деп мазақта! Қазақша мазақта!
– Шимпанзе!
– Шімпәнзе де!
– Горилла!
– Гәрелке де!
– Кинг Конг!
– Қымқонық де! Мемлекеттік тілімді қорлама! Мен мемлекеттік тілде балағаттасам бар ғой, жеті атаңа дейін түгендеп бере аламын! Ана тілім–арым! Сондықтан, ондайға бара алмаймын! Мен Қазақстан азаматымын! Сондықтан қазақша қарға! Қазақша ұрыс! Досымның үйіне қонып қалған екенмін, сонша қызғанғаның не? Бүйте берсең, кеше уәде берген алтын сырға мен жүзіктеріңді әпермеймін!
Сол екен, әйелім өзгеріп шыға келді. Жымиды.
– Ой, дорогой...
– Қазақша еркеле...
– Извени, жаным...
– Қазақша кешірім сұра...
– Кешірші, досыңның үйіне күнде қона салшы, тек алтын әперемін деген уәдеңді ұмытпа... Үй, жаным менің!
– Шимпанзем десеңші! Дурагым десеңші.
– Ой, орысша от души ұрысамын! Кешір жаным! Жүр ас бөлмесіне, екеуміз кофе ішейік!
– Қазақшалап «қоңыр топырақты» шәй ішейік десеңші!
Ол мені қолтықтай жөнелді. Әйелім ғой, қайда барамын, былқ-сылқ ете қалдым. Қайран, қазақ тілім-ай, қатыным қақтай жаздады ғой!
Мұхтар Шерімнің Facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz