Жер бетінде тап біздің Үкіметіміздей ұялшақ Үкімет болған жоқ
Атақты «көріпкел» Қисық Түзелмесұлымен сұхбат
– Қисық Түзелмесұлы, сіздің көріпкел деген атағыңыз «аспандап» барады. Сіз білмейтін нәрсе жоқ деп естиміз. Айтыңызшы, сіз болашақты ғана болжайсыз ба, жоқ әлде өткенді де айта бересіз бе?
– Маған бәрібір.
– Әп, бәрекелді! Ендеше мына сұраққа жауап беріңізші. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 27 жылға жақындаса да, Қазақ Үкіметі өз мәжілістерінде неліктен қазақша сөйлемеді? Осыған ақылым жетпей, басым әбден қатты.
– Жалғыз сенің басың қатты дейсің бе. Бұған қай қазақтың басы қатпады. Әсіресе, «орысшасы жоқ» қазақтардың басының ішіндегісі ми емес, «ботқаға» айналып кетті. Кейбір қазақтардың «Үкімет неге қазақша сөйлемейді, ау, Үкімет неге қазақша сөйлемейді, неге сөйлемейді?» – деп көрінген жерде қайта-қайта айта бергеннен аузы қисайып қалды.
– Астапыралла, не деп тұрсыз!? Рас па? Өз көзіңізбен көрдіңіз бе?
– Неге көрмейін, көріпкел емеспін бе? Рас болғанда қандай. Енді оңай дейсің бе? Кілең қазақтар отырып алып, бәрі қазақша біле тұрып, біреуі қазақша сөйлемеді ғой. Қалай күйіп кетпесін мұндайда. Соның салдарынан мұның мәнісіне ақылы жете алмай, талай адам ішіп кетті, қаншама адамның аузы қисайып, жасына жетпей алжыды.
– Апыр- ай, сіз бәрін көріп тұрғандай қалай айтасыз?
– Көріп тұрмын ғой бәрін. Көріпкел емеспін бе енді.
– Ендеше мәселенің мәніне келейік. Расында да Үкіметіміз 27 жыл бойы неліктен қазақша сөйлемеді? Осының себебін айта аласыз ба?
– Е, неге айтпайын. Айтқанда қандай. О, «қағаз кемірген» пендем менің! Мен мұның үш түрлі себебін көріп тұрмын. Қазақ Үкіметінің қазақша сөйлемеуінің алғашқы себебі – ешкімнің ақылы жетпейтін мемлекеттік құпия болды. Бұл қазақтар үшін ғана емес, жатжұрттықтар үшін де, тіпті дүниежүзі үшін де құпияға айналды. Құпия болғанда да анау-мынау, шалтай-балтай, кәкір- шүкір құпия емес, аса маңызды да мәртебелі мемлекеттік құпия болды. Бұған сенің ақылың жетпейді.
– Қойыңызшы, қайдағы-жайдағыны айтпаңызшы. Құпия болатындай ол мемлекет мүлкін қанша қылғытса да жарылып кетпей, созыла беретін біздің жемқор шенеуніктердің қарны емес қой. Оның несі құпия?
– Әпендім менің. Қазақ Үкіметі мүшелерінің қазақ тілін біле тұрып, өз мәжілістерінде қазақша сөйлемегені «баяғыдан» мемлекеттік құпияға айналған. Бұған өзіміз ғана емес, бүкіл әлем таңқалды. Кей жатжұрттықтар «бұлардың өз тілі жоқ» деп күстаналады. Ал оқыған-тоқығаны көп шет ел ғалымдары басқаша ойлады, басқаша бас қатырды. Кейбіреулері Үкіметтің қазақша сөйлемеуін нарықпен байланыстырды. Нарық заңы бойынша сен не болса ол болсын, әйтеуір бірдеңеден пайда табуың керек қой. Әлгі шетелдік кей ғалымдар «Қазақ Үкіметі нарық заманында әйтеуір бірдеңеден пайда табу үшін орыс тілін тегін пайдаланып, өз тілдерін «запаста» сақтағысы келді ме?» деп қатты мәңгірді. Үкіметтің қазақша сөйлемегенінің астарынан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған керемет жаңалық ашатындай зерттей бастады. Сөйтіп, біздің Үкімет әлемді аузына қаратты. Тіліміз «аса құпия тіл» ретінде Гинестің рекодтар кітабына жазылатын болып, бүкіл әлемнің назарын аударды. Өз тілдеріне «баяғыда» көшіп кеткен Өзбекстан, Түркіменстан сияқты «националист» елдер енді біздің елімізге қызыға да, қызғана да қарайтын болды. Әнеки, Үкіметіміз қазақша сөйлемегенінің және онысын мемлекеттік құпияға айналдыруының арқасында тіліміздің мәртебесін қалай көтерді, қалай асқақтатты. Бұған сен сияқтылардың ақылы ешқашанда жетпейді.
– Апыр- ай, расында да сіздің білмейтініңіз жоқ екен. Үкіметіміздің қазақша сөйлемегенінің бірінші себебін қалай керемет «дәлелдедіңіз». Тура шетелдіктердің ішіне кіріп шыққандайсыз. Ал екінші себебі не?
– Екінші себебіне шетелдіктердің еш қатысы жоқ. Екінші себебін мен Үкіметіміздің «ұялшақтығынан» көрдім.
– Ұялшағы несі?
– О, әпендім, сен білесің бе, жер бетінде тап біздің Үкіметіміздей ұялшақ Үкімет болған жоқ, болмайтын да шығар.
– Рас айтасыз ба?
– Рас болғанда қандай.
– Сонда Үкіметіміз кімнен ұялды, неден ұялды?
– «Аналардан ғой».
– Аналарыңыз кім?
– Ұялмайтындар ғой. Қазақ тілін қақпайтындар. Біздің «қыз мінезді» Үкіметіміз 27 жыл бойы қазақша сөйлеуге солардан қатты ұялды. Ұялғанда да анау-мынау ұялу емес, тура атасының алдында тұрған жаңа түскен жас келін сияқты солардан қатты қысылды. Кешегі Кеңес заманында арамызда бір орыс болса, қасындағы бар қазақ қазақша сөйлесуге «ұялып», бәріміз де орысша «маңыраушы» едік қой. Біздің Үкімет бізден де асып кетті. Арасында бір орыс болмаса да, мәжілістерінде қазақша сөйлеуге «ұялғандарынан» жүректері дауаламады.
– Сонда олар өз тілінде сөйлеуге неге ұялды?
– Неге ұялғанын солардың өзінен сұрасаң ғой. Бірақ бұл мемлекеттік құпия болғандықтан олар ешқашанда айтпайтын еді. Олардың бойындағы бұл ұялшақтық «қасиет» Кеңес заманынан қалған «ауру» ғой. Ауру болғанда да жай ауру емес, өте қатерлі «жұқпалы» ауру.
– Астапыралла, не деп тұрсыз!? Жұқпалысы несі?
– Жұқпалылығы сол – мен білетін бірыңғай дерлік қазақтар тұратын, бірыңғай қазақтар басқаратын «жаман» ауданның басшыларының бірде- біреуі өз мәжілістерінде қазақша сөйлемейтін болды. Жұқпалылығы сол –бүгінде бір-бірімен де, немере-шөберелерімен де тек орысша сөйлесетін шал-кемпірлер көбейіп кетті. Бұл тек солтүстік облыстарға тән болса, жарайды ғой. Өткенде Шымкенттің қазақша баяндама жасаған бір әкіміне залда отырған бір «ұялшақ» қазақ: «Сіз бірыңғай қазақ тілінде баяндама жасауға қалай ұялмайсыз»? деп, ұрсып тастады ғой. «Ұялмағаны» үшін ол әкім бастығынан ескерту алды. Мұндай «ұялшақтық жұқпалы ауруымен» ауыратын депутаттар, министрлер, әкімдер, олардың атқосшылары жетеді. Бірінен біріне жұғып жатыр ғой.
– Сонда сіздіңше қазақ Үкіметінің қазақша сөйлемегенінің екінші себебі олардың ұялшақтығында болып тұр ғой. Апыр-ай, қандай көреген адамсыз!Бұл дәлеліңіз де көкейге қонып тұр. Ал енді үшінші себебі неде, әулием?
– Үшінші себебін мен Үкіметіміздің есте сақтау қабілетінің мықтылығынан және керемет сенгіштігінен көріп тұрмын. Баяғыда Кеңестер Одағы деген елді Хрущев деген жалтырбас жарықтық басқарып еді ғой. Сол Құрекең кезінде не деп еді, білесің бе?
– Жоқ, ә. Ол кісі де көп сөйлейтін еді ғой. Қай сөзі есімде қала берсін. Бірақ өткен ғасырдың сексенінші жылдары коммунизмге жетеміз деп мен сияқты көріпкелдік танытқанын білем.
– «Молодец»! Жарайсың, қағаз кеміргішім! Ал енді сол коммунизмге қалай, қайткенде жетеміз, – деді.
– Білмеймін, есімде жоқ.
– Сенің есіңде болмағанмен Үкіметтің есінде мықтап қалған. Ұмытпаған. Құрекең: «Коммунизмге қазақ, қырғыз, өзбек сияқты халықтардың «маңқа» тілдерімен емес, тек бәріміз жаппай ұлы орыс тілінде сөйлегенде ғана жетеміз» деп, көріпкелдік танытпап па еді. Әнеки, біздің Үкімет сол Құрекеңнің өсиетін ұмытпаған. Шамасы коммунизмге тезірек жетіп алмақ болып, қазақша әдейі сөйлемеген. Коммунизм дегеніміз «қазақша» айтқанда «жұмақ» қой. Сол жұмаққа халықты тезірек жеткізу үшін Үкіметімізді қазақша сөйлемеді деп кінәлауға бола ма? Болмайды. Әнеки, Үкіметіміздің қазақша сөйлемеуінің үшінші себебі. Енді басыңа «бірдеңе» барды ма?
– О, атағы аспандап кеткен әулием, көріпкелім! Адам ақылы жете қоймайтын осынау көріпкелдік қасиетіңізге, шексіз талантыңызға бас иемін, құлдық ұрамын. Айтыңызшы, 27 жылға жуық орысша сайраған Үкіметіміз аяқ астынан неліктен қазақ тіліне ынтық болып қалды? Бұл не сонда, сананың жаңғыруы ма, жоқ әлде өз тіліне деген «махабаттың» оянуы ма?
– Екеуі де емес. Бұл жерде Пифагор деген ғұламаның бірінші заңы ойға оралып тұр. Ол не деп еді? Кеңістіктегі бір денеге екінші дене соқтықпаса, ол алғашқы өз бағытын өзгертпейді демеп пе еді. Біздің Үкіметімізге де екінші бір «жоғарғы күш» ықпал етпегенде сол бұрынғы «өз бағытын өзгертпей», орысша сайрап жүре беретін еді.
– Апыр- ай, осының бәрін қайдан білесіз?
– Таңқалма, таңқалма. Көзің мысықтың көзіндей өткір екен. Тиіп кетіп жүрер.
– Айтыңызшы, әулием, Үкіметіміз енді қазақша сөйлеуге ұялуын қойды ма?
– Қойған болып жүр ғой. Бірақ қазақша сөйлегенде ұялғаннан қара терге түсіп, қатты қысылатындары да бар ғой, бар. Несін жасырамыз, жоғарғы күштен қаймыққаннан ғана бұрынғы «әндеріне» сала алмай жүр.
– Қазақ елінің, тілінің болашағын қалай көріп тұрсыз?
– Болашағы керемет! 2030-шы жылы еліміз дамыған отыз елдің қатарына қосылып, басымызға бақ- дәулет қонады, осы жылы халқымыздың саны күрт өсіп, отыз миллионға толады, сол жылдан бастап тек қазақтар ғана емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдері тек қазақша «сайрайтын» болады.
– Әумин, айтқаныңыз келсін, әулием!
Дамир Әбішев, Қостанай қаласы
Abai.kz