Қандасымыз құқық қорғау органдарының кесірінен 4 жыл бойы азаматтық алмай жүр
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры Қ. Қожамжаровтың назарына
Былтырғы жылдың аяқ жағында маған Ауыт Мұқибек ағамыз хабарласып, осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдан кәсіпкерлік мақсатта келген қандасымыздың істі болып, ҚР азаматтығын ала алмай не еліне қайта алмай жүргенін, соған көмек қолын созуымды сұраған болатын.
Мен іспен танысып бастаған кезде, ҚХР азаматы Масипхан Қонайға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлімімен №151968031001809 санды қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары, Алматы Облыстық ІІД-нің Тергеу Басқармасымен жүргізіліп жатыр екен.
Істің мән-жайымен танысқан мен таң қалдым. ҚР қылмыстық процестік кодексінің 192 бабының 2 бөлігіне сәйкес, тергеу мерзімі 2 айдан әрі аспау керек, яғни сол мерзім ішінде тергеу аяқталып, іс сотқа жолданып, соттта өз кезегінде 1 ай ішінде қаралып, Үкім шығарылуы тиіс. Біздің жағдайда, түк қиындығы жоқ істің тергелуі бірнеше жылға созылған, сол уақыт ішінде Мәсіпхан Қонайға қатысты тергеу органдары мен Іле аудандық прокуатурасы тарапынан, «Мүлікті кепілге қою» шарасы қолданылып, артынан оны өзгертіп, «қамауға алу» түріндегі шаралар бірнеше реттен қолданылған, іс сотқа 4 рет барып, 4 рет сотпен прокурорға қайтарылған. Оған себеп ретінде, Іле аудандық соты Мәсіпхан Қонайдың құқықтары аяқасты етілгендігін прокурорға қайтару туралы Қаулысында бірнеше мәрте көрсетсе де, прокурор тергеушінің жетегінде кетіп, істі қайта-қайта сотқа жолдаумен болған. Ол аз болғандай, өзі келісім беріп қабылдаған «Мүлікті кепілге қою» бас шарасын, ешқандай құқықтық негіз болмаса да, тергеушінің ықпалымен өзі қайта бұзып, Мәсіпхан Қонайды қамап тастаған. Мен іспен танысып жатқан кезде жағдай осылай болатын.
Ең бірінші мен тергеуші мен прокурордың әрекетіне сотқа шағым келтіріп, Мәсіпхан Қонайды қамауда жатқан жерінен қайтадан, Алматы облыстық соты арқылы «Мүлкін кепілге қою» арқылы бостандыққа шығардым.
Одан кейін Алматы облыстық ІІД-нің тергеушісі Рысбековтың назарын 2015 жылдан бері Іле аудандық сотының істі прокурорға қайтару туралы Қаулыларында көрсетілген талаптардың орындалмай келе жатқанына аудардым. Ол аз болғандай, маған дейін Мәсіпхан Қонайдың қорғану құқығы өрескел бұзылған, оған не тергеуші не прокурор назар аудармаған, назар аудармағаны былай тұрсын, сол заң бұзушылықтар Іле аудандық тергеу органдарының «көмегімен» жүзеге асырылған. Атап айтқанда, маған дейін Мәсіпханның құқықтарын А.Толкумбаев, А.Урунов, Н.Т.Каметов, Г.Ешенгазиева, Р.Кожашева, С.Калиева, Ж.А.Смагулова деген адвокаттар қорғағаны, алайда олардың ішінде екеуі мүлдем қазақша білмейтіні, ал Мәсіпханның керісінше орысша білмейтіні, аталғандардың ішінен 3 адвокаттың бірде-бір тергеу әрекетіне қатыспастан, Мәсіпханның сыртынан қолдарын қойып кеткені анықталды. Тиісінше, олардың «қатысуымен» болған барлық тергеу әрекеттері заңсыз деп танылып, іс материалдарынан алынуы керек еді, алайда, оған қыңқ еткен тергеуші болған жоқ, істі қайтадан айыптау актісімен Іле адандық прокурорына, ал прокурор болса сотқа осымен 5-і мәрте жолдап кеп жіберді.
Заңгерлер тілімен айтқанда, «сақалы шыққан» қылмыстық іс Іле аудандық сотының судьясы Батыровтың өндірісіне түсті. Істі жан-жақты зерттеп, зерделеп, қорғаушы тараптың пікірін тыңдап (біз істі прокурорға қайтару туралы өтініш берген болатынбыз), сот осымен 5 мәрте істі прокурорға қайтарды. Оған қоса, Алматы облыстық ІІД тергеушісі Рысбековтың үстінен жеке Қаулы шығарды. Оған себеп ретінде сот өз Қаулысыда мына мән-жайларды тізіп көрсетіп берді (сот Қаулысынан үзінді);
Оған қоса, ҚР ҚПК-нің 24 бабының 5 бөлігіне сәйкес, іс бойынша күдіктіні әшкерелейтiн де, ақтайтын да мән-жайлар анықталуға жататындығы көрсетілгенмен, тергеуші iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзгедей жолмен кедергi келтірген, яғни іс құжаттарына 10 том 78 іс бетінде ҚХР құзыретті органдарына халықаралық көмек көрсету туралы өтініш жіберген туралы мәлімет тіркеген. Бірақ, тергеуші бұл өтініш ҚХР құзыретті органдарына кетпегендігін білген және оған жауапты күтпей, біржақты тергеу жүргізгендігін білдіріп, істі айыптау актісімен аяқтауға асыққан. Оның ішінде, 21.12.2017 жылғы сот қаулысында, іс бойынша сотталушы Масипхан Конайға қатысты тергеу біржақты жүргізілгені көрінеді, атап айтқанда оның тергеуде берген жауабында нақты кірпіш зауытын Тутыбаев Асқармен бірге жұмыс жасап соққанын, А.Тутыбаевтан алған ақша қаражатын өзара алыс берістерімен жапқанын, кейіннен зауытты А.Тутубаев өзіне алып алғанын көрсеткен уәждерін, алдын-ала тергеуде сотталушы К.Масипхан аталған зауытты соғуға қатысқандығы немесе қатыспағандығын, аталған зауыттың иесінен жауап ала отырып, соғылған кірпіш зауытына сотталушының үлесі барлығы немесе жоқтығын анықтамай, көрсетілген уәждерді бұл жолы да тергеуші тексермеген. 07.04.2017 жылғы Іле аудандық сотының қаулысында, оның ішінде сотталушының уәждерін толық тексеру үшін халықаралық тапсырманы ҚХР жолдау арқылы тексеру қажеттігі көрсетілген.
Соттың бұндай шешім қабылдауына Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы №91 Заңымен ратификацияланып, 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген «Нью-Йоркте 1966 жылғы 16 желтоқсанда жасалған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің» 14 бабының 2 бөлігінде көрсетілген негіздер, яғни қылмыстық iс бойынша айыпталған әрбір адам, кiнәсi заң бойынша дәлелденгенге дейiн, кiнәсіз деп есептелуге құқылы делінген талаптар себеп болған. Аталған және 29.10.2015 жылғы, 29.05.2016 жылғы, 20.10.2016 жылғы, 21.12.2017 жылғы сот қаулылары, прокурордың наразылығына қарамастан апелляциялық сот сатысымен күшінде қалдырылып, заңды күшіне еніп, онда көрсетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жіберілген кемшіліктерді жою үшін, қылмыстық іс прокурорға жолданған. Бірақ, жоғарыда көрсетілген «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті», сол сияқты Қазақстан Республикасының Конституциясының 76 бабының 3 бөлігінде көрсетілген: соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады деген талаптар тергеуші мен прокурормен өрескел бұзылып, аталған және 29.10.2015 жылғы, 29.05.2016 жылғы, 20.10.2016 жылғы, 21.12.2017 жылғы, 06.02.2017 жылғы сот қаулыларында көрсетілген кемшіліктер толық жойылмай, заң талаптарына қайшы қылмыстық іс сотқа негізінен қарау үшін жолданған. 3) Одан бөлек, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері өрескел бұзылған, яғни: -30.03.2015 жылы Б.Тутубаев арызы Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған; -22.05.2015 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері 3-айға ұзартылған; -24.07.2015 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері 5-айға ұзартылған; -25.08.2015 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері 6-айға ұзартылған; -25.09.2015 жылы іспен сотталушы танысқан, айыптау актісі жасалған; -30.09.2015 жылы айыптау актісіне прокурор өз келісімін берген; -12.10.2015 жылы іс бойынша судьямен алдын ала тыңдау тағайындалған; -29.10.2015 жылы қылмыстық іс судьямен прокурорға қайтарылған; -15.02.2016 жылы іс тергеушімен өндіріске қабылданған; -15.02.2016 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері 7-айға, яғни 15.03.2016 жылға дейін ұзартылған; -03.03.2016 жылы іспен сотталушы танысқан, айыптау актісі жасалған; -14.04.2016 жылы айыптау актісіне прокурор өз келісімін берген; -22.04.2016 жылы іс бойынша судьямен алдын ала тыңдау тағайындалған; -29.05.2016 жылы қылмыстық іс судьямен прокурорға қайтарылған; -18.08.2016 жылы іс тергеушімен өндіріске қабылданған; -05-06.09.2016 жылы іспен сотталушы танысқан, яғни осы күні 7-айға ұзартылған сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері шыққан; -13.09.2016 жылы айыптау актісі жасалған -30.09.2016 жылы айыптау актісіне прокурор өз келісімін берген; -10.10.2016 жылы іс бойынша судьямен алдын ала тыңдау тағайындалған;-20.10.2016 жылы қылмыстық іс судьямен прокурорға қайтарылған; -26.12.2016 жылы іс тергеушімен өндіріске қабылданған; -21-23.01.2017 жылы іспен сотталушы танысқан, айыптау актісі жасалған; -07.02.2017 жылы айыптау актісіне прокурор өз келісімін берген; -10.02.2017 жылы іс бойынша судьямен алдын ала тыңдау тағайындалған; -07.04.2017 жылы қылмыстық іс судьямен прокурорға қайтарылған; -28.07.2017 жылы іс тергеушімен өндіріске қабылданған; -21.10.2017 жылы іспен сотталушы танысқан, айыптау актісі жасалған; -03.11.2017 жылы прокурормен жаңа айыптау актісі жасалған; -17.11.2017 жылы іс бойынша судьямен алдын ала тыңдау тағайындалған; -21.12.2017 жылы қылмыстық іс судьямен прокурорға қайтарылған; -22.01.2018 жылы іс тергеушімен өндіріске қабылданған; -15-16.02.2018 жылы іспен сотталушы танысқан, айыптау актісі жасалған; -01.03.2018 жылы прокурормен жаңа айыптау актісі жасалған. Яғни қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексепу мерзімдері сақталған туралы мәліметтер мен дәлелдер іске тіркелмеген, яғни ҚПК-тің 192 бабының 7 бөлігіне сай, прокурор істі қосымша тергеп-тексеру үшін қайтарған кезде прокурор белгілеген, бір айдан аспайтын мерзім берілген туралы шешім және мерзімді одан әрі жалпы негіздерде ұзарту туралы қаулылар іске тіркелмеген және қылмыстық іс бойынша тізімге енгізілмеген. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері сақталған туралы құжаттар ҚР ҚПК-нің 112 бабының 3 бөлігіне сай, қылмыстық iс құжаттарына тіркелмегендіктен және материалдарының тізімдемесіне енгізілмегендіктен, сот оларды айыптау негiзiне жатқыза алмайды. Ал, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 18 тармағына сай, алдын ала тергеу мерзімі өткеннен кейін алынған іс жүзіндегі деректер жарамсыз дәлелдемелер деп танылады делінген. 4) Одан бөлек, ҚР ҚПК-нің 30 бабының талаптары бұзылып, қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн құжаттардың сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған, куәландырылған көшiрмесi қоса берілмеген, оның ішінде қылмыстық іс-әрекетін саралау, бұлтартпау шарасын тағайындау, өзінің қатысымен жүргізілген тергеу әрекеттері мен айыптау актісі және тағы басқа тиісті құжаттар. Сотталушының бұндай конституциялық құқықтары бұзылғандығы іс құжаттарымен өз дәлелін тапқан, яғни істе тиісті құжаттар аудармасы тіркелмеген және сотталушы бұндай аударманы алмағанын көрсетуде. Бұндай заң бұзушылықтар туралы Іле аудандық сотының 29.10.2015 жылғы, 29.05.2016 жылғы, 20.10.2016 жылғы, 07.04.2017 жылғы және 21.12.2017 қаулыларымен басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін, қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтарды жою үшін іс прокурорға қайтарылған, оның ішінде қылмыстық істің сотқа дейінгі тергептексеру барысында, алдын ала тергеу органы, қылмыстық іс бойынша сот тілін бұзып, сотталушы Масипхан Конай қорғану құқықтарын өрескел бұзған деп көрсеткен, бірақ дәл осындай Конституциялық құқықтар қайта бұзылуда. Іс материалдарында жоғарыда көрсетілген құжаттар аудармасы сотталушыға ұсынылмаған, ол туралы Масипхан Конай алдын ала сот отырысында көрсетуде. Одан бөлек, іс құжаттарына тіркелген айыптау актісі мен жаңа айыптау актісінің аудармалары мүдделі адаммен қол қою арқылы аударма расталмаған, ондағы аударма түпнұсқаға сәйкес келетіндігі тұралы көрсетілмеген (жалған аударма жасаған үшін жауапкершілікке тартылуға жататын аудармашы жоқ, өйткені аударманы сотталушының өзі жасаған), сотталушы Масипхан Қонайдың айтуы бойынша бұл аудармалардың барлығын тергеуші өзіне жасатқан, аударманы өз қолымен жазған, яғни іс бойынша аудармашы қатыспауда, сотталушы Масипхан Қонай күдікті әрі аудармашы болып іске тергеушімен қатыстырылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен, жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен қылмыстық-процестік кодекстің және Нормативтік Қаулының талаптарын өрескел бұзылған.
Бұл өрескел заң бұзушылықтар туралы Іле ауданының прокуроры Е.Молдахметов білмеді емес білді, алайда оның істі сотқа жолдауға асыққаны соншалық, ол тіпті тергеуші тарапынан жасақталған айыптау актісіне өзінің қолын қойып, бекітуді де ұмытып кеткені сотта анықталды! Яғни, қылмыстық іс сотқа сол күйі прокурордың қолынсыз жолданған. Бұны қалай түсінуге болады? Бұрындары біз істі тексермей қолын қойып, сотқа жолдай салатын прокурорларды нотариуске теңейтінбіз, мына жағдайда Іле аудандық прокурорлары нотариус құрлы тексеруге жарамағаны ма деп таң қалдық.
Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, жоғарыда көрсетілген мән-жайлар істі прокурорға қайтаруға сөзсіз негіздер болып табылады. Яғни олард ыдәлелдеп жатудың қажеттілігі де жоқ, себебі олардың дәлелденуі дау тудырмайтын дәлелдер негіздер қатарына жатады.
Соған қарамастан, Іле аудандық прокуратурасының осы сот Қаулысымен келіспей Алматы облыстық сотына өтініш хат (бұрынғыша наразылық) келтіргенде менің таңданысымның шегі болмады.
Әдетте, «бұндай істердің» артында өте мүдделі адамдардың ұзын қолы тұратыны мәлім. Мен де, Мәсіпхан Қонайдан істің мән-жайын толық сұрастыра келе түсінгенім, ол осыдан тура 13 жыл бұрын, яғни 2005 жылы Талдықорған қаласының тұрғыны Асқар Тұтыбаев дегенмен танысып, онымен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында салынатын кірпіш зауытының жұмыстарын бірлесіп атқаруға келісімге келген. Кейіннен Асқар Тұтыбаев Мәсіпхан Қонайды ол жобадан ысырып шығып, кірпіш зауытының қожайыны қылып өзінің қарындасы Ажар Тұтыбаеваны ғана қалдырған. Осы мәселе бойынша өзін Қонай мазалай бастаған кезде, оны өзінің інісі Бахытбек Тұтыбаевтан ақша алып бермей кетті деп айыптап, Іле аудандық ішкі істер органдарына арыз жазады. Екі қолын ысқылап іске кіріскен тергеушілердің іс-әрекетін жоғарыда жаздық...
Іс бойынша жәбірленуші деп танылған Бахытбек Тұтыбаевтың іске қатысы жоқтығын тергеушінің алдында дәлелдеп ақ бердік, бірақ оған не тергеуші, не прокурор назар аударатын емес. Қараңыз, істе Қонайдың атынан жазылған А.Тұтыбаевтан 60 000$ ақша алғаны туралы қолхат бар, оны Қ.Мәсіпхан Тұтыбаевтың тапсырыс бойынша цемент алу үшін алғанын және Қытайдағы цемент зауытына төлегенін құжат түрінде дәлелдеп көрсетті. Қ.Мәсіпхан өзінің Бахытбек Тұтыбаевпен ешқашан істес болмағанын, тек қана Асқар Тұтыбаевпен жұмыс жасағанын басынан бастап айтуда, ол туралы қолхатта да бадырайып көрініп тұрса да, тергеу А.Тұтыбаевты куә, Б.Тұтыбаевты жәбірленуші деуінен танар емес. Оның себебі, Асқар Тұтыбаев Алматы облысында өте ірі қызметтерді атқарып келе жатқан шенеунік, тергеу кезінде ол Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары болып жүріп, белгілі фермер А.Садырбаевпен арада болған төбелестен кейін қызметінен кеткен еді. Ол іс бойынша А.Садырбаевтың бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, кейін Алматы облыстық сотымен босатылғаны да белгілі. Айтушылар, А.Тұтыбаевты Алматы облысының әкімі Батталовпен байланыстырады. Ол жағы әрине біз үшін құпия, алайда бізге белгілісі, Тұтыбаев Алматы ішкі істер Департаментіне келгенде, Департамент басшылығының облыс әкімі келгеннен бетер дүрлігісіп қалатыны ғана.
Сонымен, сәуірдің 25 күні Алматы облыстық сотымен Іле аудандық прокурорының өтінішхатымен апелляциялық сатыда іс қаралды. Сот алқасына төрағалық етуші С.Сәкенов, судьялар Б.Ниязов, Б.Загиев болып қарап, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды. Іс тағы да прокурорға қайтарылды, алайда, менің адвокат ретінде Іле аудандық прокуратурасы тарапынан тиісті прокурорлық қадағалаудың болатынына үлкен күмәнім бар. Ал, Қонай Мәсіпхан қандасымызды Қытайда өзінің отбасы зарығып күтіп отырғанына 4 жылға тақады...
Осымен бұл сериалға бергісіз тергеу ісіне нүкте қойыла ма, жоқ па? Мен, БАҚ өкілдерінен осы істі бақылауға алуды сұраймын.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы арқылы Қонай Мәсіпханның Қайрат Қожамжаровтың екі мәрте қабылдауында болғанын еске салғанды жөн көремін.
Ол кезде, Қайрат Пернешұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық Бюроның төрағасы болатын. Ендігі жерде Бас Прокурор ретінде, өз қарамағындағы прокурорларға осымен 5 мәрте келіп түскен іс бойынша объективті шешім қабылдар, Асқар Тұтыбаевтың сойылын соғып, былыққа белшесінен батқан Іле ауданының прокуратурасы мен Алматы облыстық ІІД басшылығына шара қолданар деп үміттенемін.
Абзал Құспан
БҚО адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат
Abai.kz