Сабыр Қасымов: «Сәдуақасұлының мәйіт-күлінің жерленуі – мемлекеттік идеологияға сын»
Ол қазақ аспанына жарқ етiп шықты. Бар-жоғы жиырма жасында ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында бiлiм мен мәдениеттi үйлестiрген Ағарту министрi болды. Қиын-қыстау уақытта жарқырап көрiнiп, бiлiмi мен бiлiгiнiң арқасында қазақ көшiн алға сүйреу де оңай шаруа емес едi. Жасындай жарқылдап туған Смағұл Сәдуақасовтың есiмi елдiң аузына бiрден iлiктi.
Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдiгiне арнады. Ол 33 жылдық ғұмырын қазақ елiнiң ел болып өркендеуiне арнады. Тiрлiгiнде Алаш жұртының азаттығын аңсаған қайсар ұл қылышынан қан тамған қилы заманға, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрды. Жасынан саясаттың өтiнде жүрдi, ұлт азаттығы үшiн отаршылдармен айқасты. Ұлттың теңдiгi үшiн ғұмырын сарп еттi.
Қайсар ұлдың азаттық жолында атқарар шаруасы әлi көп едi. Бiрақ Кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елiнен аластатылды. Жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болды. Смағұлдың денесi 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледi. Содан берi рухы мықты қайсар азаматтың күлi 78 жыл бойы Мәскеудiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде сақталып келген едi.
Ол қазақ аспанына жарқ етiп шықты. Бар-жоғы жиырма жасында ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында бiлiм мен мәдениеттi үйлестiрген Ағарту министрi болды. Қиын-қыстау уақытта жарқырап көрiнiп, бiлiмi мен бiлiгiнiң арқасында қазақ көшiн алға сүйреу де оңай шаруа емес едi. Жасындай жарқылдап туған Смағұл Сәдуақасовтың есiмi елдiң аузына бiрден iлiктi.
Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдiгiне арнады. Ол 33 жылдық ғұмырын қазақ елiнiң ел болып өркендеуiне арнады. Тiрлiгiнде Алаш жұртының азаттығын аңсаған қайсар ұл қылышынан қан тамған қилы заманға, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрды. Жасынан саясаттың өтiнде жүрдi, ұлт азаттығы үшiн отаршылдармен айқасты. Ұлттың теңдiгi үшiн ғұмырын сарп еттi.
Қайсар ұлдың азаттық жолында атқарар шаруасы әлi көп едi. Бiрақ Кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елiнен аластатылды. Жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болды. Смағұлдың денесi 1933 жылдың 16 желтоқсанында арнайы пеште өртеледi. Содан берi рухы мықты қайсар азаматтың күлi 78 жыл бойы Мәскеудiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде сақталып келген едi.
Арбаға салынған Смағұл мәйiтiнiң соңында қайын атасы Әлихан Бөкейханов пен жары Елизавета Сәдуақасова келе жатты. Әлихан Бөкейхановтың сол кездегi қан-сөлсiз түрiн әсте ұмыту мүмкiн емес едi. Арбаға сүйенiп келе жатқан ұлт көшбасшысына Сәбит Мұқанов барып көңiл айтқандығы туралы Мәриям апай өз естелiгiнде осылайша жазып қалдырған екен. Бәлкiм сол жолы арыстың сүйегiн крематорийде өртеген болар. Арыстай азаматының сүйегi отқа өртенiп жатқанда, Әлихан Бөкейхановтың жүрегi сан тiлiкке бөлiнiп жатты-ау... Сол бiр зұлматты жылдарда қаныпезерлер қаншама арыстарымыздың басын жұтты десеңiзшi... Өткен жылдардың қасiретi ұмытылмақ емес, ұмытылмайды да. Арыстарымыз армандаған азаттыққа, аңсаған тәуелсiздiкке бүгiнгi қазақ баласы қол жеткiздi. Тәуелсiздiкке қол жеткiзбесек, 78 жыл бойы Дон қабiрстанында белгiсiз қалған құмырадағы мәйiт күлi елiмiзге жетер ме, жетпес пе едi, кiм бiлсiн?! Сондықтан да тәуелсiздiгiмiзге мың тәубе!
Смағұл Сәдуақасовтың мәйiтi күлiнiң елге оралуына септiгiн тигiзген ұлтжанды азамат, белгiлi қоғам қайраткерi Сабыр Қасымовтан осы айтулы оқиғаға қатысты әңгiмелеп беруiн өтiнген едiк.
- Сабыр аға, сiздi қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында Смағұл Сәдуақасовтың мәйiтiнiң күлiн алу үшiн Мәскеу билiгiнiң арнайы шешiм шығаруына қол жеткiздi және Астанаға әкелуiне мұрындық болды деген пiкiрлер жиi айтылып жүр. Бұл ой сiзге қашан келдi? Мұның бәрi қалай жүзеге асырылды?
- 1980 жылдардың аяғы мен 90 жылдар басында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Төралқасының өткен ғасырдың 20-30 жылдарында орын алған бай-құлақ шаруашылықтарын тәркiлеу, ауылды ұжымдастыру, революциялық қайта құру жөнiндегi саяси науқандарды қайта бағалау комиссиясы құрылды. Комиссияның төрағалығына академик, атақты тарихшы Манаш Қозыбаев, орынбасарлығына - профессор Ким, ал хатшысы әрi Комиссияның мүшесi болып мен тағайындалған болатынмын. Ким мырзаның жұмысқа онша құлқы болмағандықтан, бүкiл қара жұмыс, яғни құжаттарды iздеу, құпия мұрағаттарға кiруге рұқсат алу, комиссия мүшелерiне көмек көрсету жөнiндегi ұйымдастырушылық және ағымдағы жұмыстар мен тағы басқалары маған жүктелдi.
Сол кезде мен Смағұл Сәдуақасовтың кiм екенiн және "сәдуақасовшылдық" деген саяси айыптаудың астарында не жатқанын алғаш рет бiлдiм. Оның саяси принциптерi, бiлiктiлiгi, Сталиннiң саясатына қарсы тұрып, Голощекин бастаған республика басшылығына қарсы шыққандағы оның жаужүректiгi менi қатты таңғалдырды. Ол жоғары қызметтерде жүрсе де мансаптың құлы болмай, басын бәйгеге тiгiп, қазақ халқының мүддесiн көпшiлiк алдында қорғады. Сол кездiң өзiнде-ақ Қойгелдиев, Омарбеков, Әбiлғожин сияқты тарихшы ғалымдарымыз ол туралы, оның қайраткерлiгi жөнiнде кезiндегi саяси қазақ элитасындағы ерекше құбылыс едi деп айтып отыратын. Кеңес Одағының кезi болғандықтан, комиссия мұны жеке құбылыс ретiнде алып қараған жоқ.
Екiншi рет Смағұл Сәдуақасов туралы Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай күйзеле отырып, үлкен тебiренiспен айтып берген болатын. Ол кiсi маған жақын туыс, менiң нағашы апам болып келедi. Мәриям апай да Смағұл Сәдуақасовтың мемлекеттiк және қоғамдық қызметi, саяси және азаматтық iстерi мен ерлiктерi туралы зор қасiрет ретiнде әрi аңыз етiп айтып отыратын. Ол кiсi С.Сәдуақасовтың саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, сталиндiк саясаттың құрбаны болғанына сенiмдi едi. "Оның өлтiрiлгенiн бәрi де бiлетiн, сезетiн, әйтсе де бұл жөнiнде ешкiм айта алмады", - дейтiн Мәриям апай. Тiптi оның сүйегiнiң қалай өртелгенiн де өз көзiмен көргенiн айтып берiп едi. С.Сәдуақасовтың туыстарының да қуғын-сүргiн құрбаны болғанын, оның жоқтаушы ұрпағының да қалмағанына қатты қамығатын апамыз.
Осыдан бiр-екi жыл бұрын өзiм табанды патриот азамат ретiнде қатты құрметтейтiн Берiк Әбдiғалиев хабарласты. Конституциялық Сотта өзiм дайындаған "Желтоқсан" (1986 ж.) iсiнiң 12 томын Берiкке қажет болғасын бергенiм бар едi, шамасы ол содан кейiн белгiлi бiр шешiмге келген болар. Ол Мәскеудегi Дон зиратында болған кезде С. Сәдуақасов мәйiтiнiң күлiн көрiп, оны алуға рұқсат алғысы келгенiмен, одан еш нәтиже шығара алмағанын, ол үшiн көптеген заңдық, ұйымдастырушылық тұрғыдан кедергiлер көп болып шыққанын айтты. Сөзiнiң соңында ол: "Сiзден басқа ешкiм де бұл iстi қолға ала алмайды әрi үдесiнен шығара алмайды", - дедi. Содан кейiн мен С.Сәдуақасов туралы әдебиеттердi жинап, тарихшылармен кеңесе отырып, ол - шын мәнiнде ұлы тұлға, оның мәйiтi туған жерiнде жатуға тиiс деген шешiмге келдiм.
Сондықтан iс-әрекет жоспарын құрып, оны iске асыруға кiрiстiм. 2010 жылғы қараша айында Мәскеуде болғанымда өзiмнiң достарым мен таныстарым арқылы осы мәселенi шешу жолын зерттеп, нақты шенеунiктерге жол таптық. Ал олар көмектесуге уәде берген кезде нағыз бюрократиялық сергелдең басталды. Мәскеудiң мэрi Собянинге хат жаздым. Оның орынбасары Юрий Росляк Қызмет көрсету және сауда департаментiнiң директоры Михаил Орловқа тапсырма бердi, ол болса өзiнiң орынбасары Коржнева Лариса Алексеевнаға тапсырма бердi. Ол өзiнiң басшылары берген тапсырманы орындаумен және Смағұлов мәйiтiнiң күлiн беру туралы өкiм шығарумен тiкелей айналысты. Сөйтiп олар шешiм шығарғанға дейiн мен Астанамен күн сайын хабарласып отырдым.
Коржневаның көмегiмен Жерлеу рәсiмдерiн жүргiзу кешенiнiң басшысы Сергей Романовпен және Дон зиратының директоры Анатолий Трифоновпен танысып, олармен тығыз қарым-қатынас орнаттым. Олар да өз қызметтерiне адал екендiктерiн дәлелдей алды.
- Ал сiз Смағұл Сәдуақасовтың саяси, шығармашылық мұрасы туралы не айтар едiңiз?
- Бүгiнгi таңға дейiн Смағұл Сәдуақасовтың саяси және шығармашылық мұрасын зерттеумен және насихаттаумен жекелеген энтузиаст азаматтар ғана айналысып келдi. Олар - ғалымдар, журналистер. Солардың iшiнде бүгiнгi уақытта марқұм болған Батырхан Дәрiмбеттi және Нұрым Сансызбаевты атап өтсем. Өйткенi олар өздерiнiң мүмкiндiктерiне орай көп жұмыс атқарды. Жерлестерi өз тарапынан қолдарынан келгенiн жасады. Сондай-ақ ерекше алғысқа ғалымдар да лайық. Басқаларын ренжiтiп алмай, ғалымдардың iшiнен профессорлар М.Қойгелдиевтi, Т.Омарбековты және Д.Қамзабекұлын атап өткiм келедi. Олар тәулiк бойы Смағұл Сәдуақасовты құбылыс ретiнде, аңыз ретiнде сипаттай алады. Олар Смағұлдың қысқа ғана мемлекеттiк және қоғамдық қызметi мен ғұмыры ерлiк екенiн күндiз-түнi айтуға және дәлелдеуге дайын екенiне сенiмдiмiн. Осы iс-шараны өткiзуге Дихан бауырым зор еңбек сiңiрдi. Осындай азаматтар көбiрек болса, өссе, қазақ мүддесi арта берер едi.
Смағұл Сәдуақасовтың тұлғалық қасиеттерiн, оның саяси және шығармашылық мұрасын зерттеу, оның рөлiн бағалау соңғы 20 жылда мемлекеттiк органдардың жоспарында болмағаны көп нәрсенi аңғартады. Бұл - бiзде тиiстi мемлекеттiк патриоттық идеологияның жоқ екендiгiнiң дәлелi. Бұл саяси, қоғамдық және рухани өмiрдiң отарсыздандырылмағанын бiлдiредi.
Осыған қарамастан, Смағұл Сәдуақасовтың сонғы бiр айдың көлемiнде саяси және рухани өмiрiнiң мәңгiлiк кезеңi басталды. Мен Парламенттiң депутаттарына өздерiнiң отырыстарында бiлдiрген қолдауларына алғыс айтқым келедi. Мысалы белгiлi депутат Зейнолла Алшымбаев: "Неге халқымыздың ұлы ұлдары мен қыздары туралы ел үшiн, халық үшiн жанын, өмiрiн қиғанын жасқанбай айтпаймыз? Америкада қайтыс болған әрбiр жас сарбазды елiне арнайы ұшақпен алып келiп, оны бүкiл ел болып батыр ретiнде қарсы алады", - деп ашынып сөйледi. Әрине Смағұл Сәдуақасовтың мәйiтiнiң күлi-рухы, туған жерiне қайтып келгеннен кейiн оның екiншi өмiрi берiк негiзге ие болады.
Жас мөлшерi, бiлiмi мен таланты жағынан Смағұл Сәдуақасовты ұлтымыздың тағы бiр ғұламасы Шоқан Уәлихановпен жиi салыстырады. Бiрақ Смағұл Сәдуақасовтың басты ерекшелiгi - бұл оның саяси шешiмдерi мен саяси бағадан қателеспегендiгi. Оның жүз жылға жуық уақыт бұрын жасаған түйiндерi, сол уақытта объективтi және дұрыс болса, бүгiн де олар өзектi болып табылады. Ол саясатта да адасқан жоқ. Республика басшыларының бiрi және жоғары мемлекеттiк лауазымдарда бола отырып, ол жайбарақат өмiрдiң қызығына салынған жоқ, пендешiлiкке барған жоқ. Мұның, әсiресе жас жiгiтке оңай емес екенiн бүгiнгi бiздiң қауым жақсы түсiнедi деп ойлаймын...
Ол Қазақстанға қатысты большевиктердiң саясатын терең және жан-жақты талдай келе, Қазақстанды дамытудың өзiндiк Тұжырымдамасы мен Бағдарламасын әзiрлеп, ұсынды. Казрайком Бюросының мүшесi бола отырып, ол Голощекин бастаған Қазақстан басшылығының саяси курсының ("Кiшi Қазан" идеясының) қасiретке алып келетiнiн бiрiншiлердiң бiрi болып көре бiлдi, дұрыс бағалай бiлдi. Ал бұл курс Сталиннiң өзiмен бекiтiлген болатын. Ол заманда большевиктердiң саяси басшылығына, әсiресе Қазақстанда жүйелi түрде қарсы шығу - бұл құбылыс болатын, бұл ерлiк болатын! Смағұл Сәдуақасовтың ұлылығы мен ерекшелiгi осында.
Соңғы айтайын дегенiм. Бiздер мен сiздердi саяси және адамгершiлiк сын сағаты күтiп тұр. Бiз Смағұл Сәдуақасовтың мәйiтiн Қазақстанға алып келдiк. Еңдi туған жерiнде салтанатты түрде, биiк дәрежеде жерлей аламыз ба?! Бұл бiзге ғана сын емес, бұл - бiздiң мемлекетiмiз үшiн сын сәтi, нақты айтсақ, бiздiң мемлекеттiк идеологиямызға сын.
Бiздiң талабымызға байланысты тиiстi ресми процедураларды жылдамдатып, қысқа уақыт iшiнде өз шешiмiн шығарып берген мәскеулiктерге үлкен алғысымды айтамын.
Ендiгi барлық саяси, моралды жауапкершiлiк бiздiң елiмiздiң билiк органдарына, зиялы қауым мен БАҚ өкiлдерiне жүктеледi.
Сұхбаттасқан Гүлзина Бектасова
Түпнұсқадағы тақырып: «СМАҒҰЛДЫҢ РУХЫ САРЫАРҚАҒА ОРАЛДЫ»
«Түркістан» газеті