Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4288 0 пікір 2 Ақпан, 2011 сағат 08:43

Мұхан Исахан. Ресейде Қосағаш деген жерім бар!

Бүгінгі күні шет елдерде алты миллионға жуық қазақ бар болса, соның бір миллионға жуығы Ресей Федерациясында тұрады. Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарында тұратын қазақтарды диаспора емес, ирредент деп атағанымыз жөн. Себебі, демография ғылымы бойынша өз елінен өзге жерлерге қоныс аударған шашыраңқы немесе топ болып отырған этносторды диаспора деп атайтын болсақ, ал ирредент деп өзге мемлекетте тұрғанмен, өзінің тарихи  атамекенінде отырған ұлт шоғырын айтамыз. Ендеше өзінің байырғы ата қонысында отырған Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор, Самара, Челябі, Қорған, Омбы облыстарымен бірге, Таулы Алтайдағы Қосағаш ауданын мекен еткен қазақтар диаспора емес, ирредент болып табылады. Біз бүгінгі шығармамызда Таулы Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданындағы қазақтардың өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі хақында сөз етпекпіз.

Бүгінгі күні шет елдерде алты миллионға жуық қазақ бар болса, соның бір миллионға жуығы Ресей Федерациясында тұрады. Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарында тұратын қазақтарды диаспора емес, ирредент деп атағанымыз жөн. Себебі, демография ғылымы бойынша өз елінен өзге жерлерге қоныс аударған шашыраңқы немесе топ болып отырған этносторды диаспора деп атайтын болсақ, ал ирредент деп өзге мемлекетте тұрғанмен, өзінің тарихи  атамекенінде отырған ұлт шоғырын айтамыз. Ендеше өзінің байырғы ата қонысында отырған Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор, Самара, Челябі, Қорған, Омбы облыстарымен бірге, Таулы Алтайдағы Қосағаш ауданын мекен еткен қазақтар диаспора емес, ирредент болып табылады. Біз бүгінгі шығармамызда Таулы Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданындағы қазақтардың өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі хақында сөз етпекпіз.

Қосағаш Оңтүстік Сібір аймағына жататындықтан табиғаты қатал өңір саналады. Қыс мезгілінде орташа суықтық 32 градус 0 төмен болады. Ал, күннің суықтығы қаһарына мінгенде 50-60 градусқа дейін төмендейді. Климаты қоңыржай континенттік. Жазы қысқа және салқын. Бұл өңір Алтай тауының ең биік шыңы Мұзтаудың теріскейінде болғандықтан, шамамен теңіз деңгейінен 2000-2500 метр биіктікте орналасқан («Казахи Алтая». О.В. Нечипоренко, Д.Д. Ешпанова). Қосағаш - Таулы Алтай Республикасының оңтүстік шығысындағы Шүй мен Үкөк жазығына орналасқан аудан. Солтүстік шығысы Тува Республикасы, ту шығыс беті Моңғолияның Баян Өлгей аймағы, оңтүстігі Қытайдың Алтай өлкесі мен Шығыс Қазақстан облысымен шектеседі. Халқының саны 17,5 мың. Оның шашамен 60 пайызын қазақтар құрайды.

Қосағаш өңірінде қазақтардың қай уақыттан бері тұратындығы туралы нақты тарихи деректер жоқтың қасы. Қосағаш аудандық ұлттық-мәдени орталықтың төрайымы Бесайдар Алашқызының «Шүй жеріндегі қазақтар» атты мақаласында: «Таулы Алтай өңірінің Оңтүстігі саналатын Шүй алқабына қазақтар ХІХ ғасырдың аяғында яғни, 1870 жылы көшіп келген» («Алтын Бесік» журналы. 2/2004) деген деректі айтып өтеді. 2007 жылы Новосибирскі қаласынан шыққан «Таулы Алтай Қазақтары» атты мәдени-танымдық энциклопедияда: «...1860 жылдың аяқ шенінде өр Алтайдағы Қаратай атаның мекені Шабанбайды, Марқакөлді патша үкіметі меншіктегеннен кейін Шәкірттің ұлы әкесі Қалдеке, өз әкесі Абдоллалар 300-400-дей түтін ағайындарын бастап қәзіргі Қытай жеріндегі қазақтардың арасына барып Шіңгіл бойын бірер жыл паналайды. Ол жердің тарлығынан Моңғолия жақтағы қазақтар арасына өтіп, онан айналып Таулы Алтайдағы өздері білетін Үкөк даласына көршілес Шүй өзенінің теріскей жағасындағы жазыққа келіп орын тебеді» деген мәлімет айтылады. Бұл соңғы мәлімет те, қазақтардың Қосағашқа көшіп келу тарихын толық қамти алмайды. Дегенмен, бұл дерек мұндағы қазақтардың бір бөлігінің Қосағашқа Батыс Моңғолия арқылы көшіп келгендігін білдіреді. Белгілі тарихшы Г.Е. Грумм-Гржимайло: «Қытайдағы 1850 жылғы Тайпин және 1862 жылғы Дүнген көтерілісінің жаншылуынан кейін Шыңжан қазақтарының бір бөлігі Батыс Моңғолияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Себебі, Цинь үкіметі «Жаңадан қолданатын жер» рефорамсы бойынша көтерілісшілерге батыс өлкеден жер бөліп берді. Осыдан кейін Шыңжандағы қазақтар мекендейтін кейбір жерлерге қытай, дүнген, сарттарды қоныстандырды. Олардың көшіп келуімен қазақтарға мал жайылымы тарлық етіп, олардың бір бөлігі Батыс Моңғолияға қоныс аударды» (Г.Е. Грумм-Гржимайло «Западная Монголия». Ауд: М.И) деген мәліметті келтіреді. Бұл деректі З. Қиянаттың «Моңғол қазақтары» атты ғылыми мақаласы қуаттай түседі. З. Қиянат ағамыз жоғарыдағы Грум-Гржимайлоның   дерегін қолдай келе қосымша мынандай деректерді алға тартады: «1791 жылғы Абақ Керейдің ханы Көгедай мен Цинь патшасының арасындағы «Сары ноқтаның аты» келісімшарты бойынша жылына қазақтар Цинь үкіметіне 1000 жылқы көлемінде салық төлейтін. Бұдан басқа белгілі адамдардың асын беру және ел билеушілерге тарту-таралғы, сондай-ақ, руластарының айып құнын көтеру секілді салық түрлері бар болатын. Бұл жағдай күңгей Алтайды мекендейтін қазақтарға ауыр тиіп, мұндағы кейбір рулар Батыс Моңғолияға қоныс аударды. Сондай-ақ, 1850 жылдардан бастап Цинь үкіметі күңгей Алтайдағы қазақтарға Уаң, Тәйжі, Үкірдай, Залың, Зәңгі деген бес сатыдан тұратын әкімшілік жүйені енгізді. Осы жүйемен келіскісі келмеген кейбір қазақтар Батыс Моңғолияға ауа көшті. Бұдан басқа 1869 жылы күңгей Алтай өңірінде қыс қатты болып бұның аяғы жұтқа айналды. Жұттан аман қалу үшін қазақтардың бір бөлігі теріскей Алтайға қоныс (Батыс Моңғолия) аударған».

Таулы Алтай қазақтары энциклопедиясындағы: «1860 жылдары өр Алтайдағы Найманның Сарғалдақ-Қаратай атасының 300-400-дей түтіні Моңғолияны басып өтіп Таулы Алтайдағы өздері білетін Үкөк және Шүй өзенінің теріскей жағасындағы жазыққа келіп орын тепті» деген мәлімет, З. Қиянат ағамыздың «Моңғол қазақтары» атты мақаласында көрсетіп отырған дерегімен уақыт және саяси ахуал тұрғысынан  да толығымен сабақтасады. Біздің бұл деректі қолдаумыздың себебі де, бүгінгі Қосағаш қазақтарының басым көпшілігі жоғарыда айтылған Найманның Сарғалдақ-Қаратай атасы болып табылады.

Ал, Қосағашқа Абақ Керейдің кейбір руларының көшіп келуі Батыс Моңғолияда болған атақты 1912 жылғы «Жалама айдаған» оқиғасына байланысты болған. Бұған тереңірек тоқаталатын болсақ. Ресей патшалығы 1911 жылғы Қытай реформаторы Сун Яциньнің отаршылдығына қарсы сыртқы Моңғолдың ұлт-азаттық қозғалысын өз пайдасына шешкісі келді. Еділ бойындағы қалмақтардан Дамбийжанцан деген арнайы оқудан өткен өздерінің тыңшысын Жоңғар хандығының ең соңғы қоңтайжысы Әмірсананың ұрпағы деген дақпырт таратып, оны Батыс Моңғолияға аттандырады. Моңғолдардың ламаизм нанымы бойынша ренкорнация (қайта туу) сенімі бар болатын. Батыс моңғол халқы осы сенімінің негізінде Дамбийжанцанның пайда болуын Әмірсананың қайта туылуы деп қабылдап, оның соңынан ереді. Моңғол арасында Дамбийжанцан Жа¢лама (бас молда) деген діни атты иеленіп, Батыс Моңғолияда Ресейге вассал болатын жаңа мемлекет құрмақшы болады. Жалама 1912 жылы Үш Сеңгірге келіп мұндағы қазақтың игі жақсылары Қылаң, Арсалан, Оразбек, Барлам, Күлкетайлармен жиын оздырады. Ондағы мақсаты Батыс Моңғолияда өзі құрмақ болған мемлекетке Алтайдағы Абақ Керей мен Найманның кейбір руларын қосып алу болатын. Жалама өзіне қарсы шықққан Арсалан, Ақымбек, Үмітайларды қатаң жазалайды. Қылаңды қазақтарға басшы етіп тағайындап, қазақтарды Батыс Моңғолиядағы Хандгайт және Туваға қарасты Тохлогқа дейінгі аймаққа қоныстандыруды көздейді. Қазақ көші Өрікті көл деген жерге келгенде Көрімбай батырдың басшылығымен тұтқиылдан көтеріліс жасап, Жаламаның әскерін тас-талқан етеді. Жаламаның өзі әзер қашып құтылады. Көтерілістен кейін Абақ Керейдің кейбір рулары Ресейге қарасты Қосағаштың бос жатқан Шүй, Жазотыр, Ақсай алқабына бет бұрады» (Ү. Құрманбайұлы, Ш. Рахметұлы. Моңғолиядағы Қазақ халқы.). Осылайша, Моңғолия қазақтары үшін «Ақтабан шұбырынды» болып табылатын «Жалама айдаған» оқиғасынан кейін Абақ Керейдің кейбір рулары Қосағашқа қоныс тепті.

Жоғарыдағы деректер Қосағашқа қазақтардың бертіндегі қоныстануынан хабар береді. Ал, Қосағашты қазақтың атақонысы деуге бұл тарихи мәліметтер жеткіліксіз. Задында, Қосағашты 1801 жылы Бийск қаласының орыс көпестері салған. Қосағаш өңірі Батыс Моңғолия және Қытаймен шектесетіндіктен Ресей патшалығы мұнда шекара заставасын құрған. Сол кездері Орыс, Қытай, Моңғол сауда керуені Шүй жазығымен жүріп өтетін. Шүй жазығы Моңғолия мен Қытайға апаратын төте жолдардың бірі болғандықтан, орыс көпестері Қосағашты сауда керуені аялдайтын бекет ретінде таңдап алған. Ал, Қосағаш ауданының Үкөк жазығын ежелден қазақтар мекендейтін. Бұл хақында зерттенуші Т. Шаңбай: «Үкөк қоныс-шатқал кезінде Шыңғыстай болысына, кейіннен Шығыс Қазақстан облысына қарап тұрған, алайда жер қатынасы қиын деген желеумен бір кездері Алтай өлкесіне өтіп кетіпті. Жермен бірге ата-баба қонысында халық та қалып қойған» (Таулы Алтай Қазақтары энциклопедиясы. 550 бет) деген деректі алға тартады. Зерттеушінің бұл мәліметі ежелден Қосағаштың қазақтардың ата-мекені болып келгендігін аңғартады.

Қосағаш қазақтардың ертеден келе жатқан жайылымы болғанмен, жоғарыдағы 1870 жылдардағы Найманның Сарғалдақ-Қаратай атасының 300-400-дей түтіні, 1912 жылғы «Жалама айдаған» оқиғасынан кейінгі Абақ Керейдің кейбір рулары көшіп келген. Сонымен бірге, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Марқакөл мен Зайсандағы Наймандар көшіп келіп, мұндағы қазақтардың санын ұлғайта түскен. Бұлай дейтін себебіміз, Таулы Алтай Қазақтары энциклопедиясында 1900 жылға дейінгі туылған біраз қазақтардың Марқакөл мен Зайсаннан көшіп келгендігі айтылады.

Қосағаш ауданын қазақтың атақонысы деуіміздің тағы бір себебі, Таулы Алтай қазақтарының пір тұтар азаматы Шәкір қажы Абдоллаұлы 1911 жылы Батыс Сібір генерел- губернаторына арыз жазып жүріп П-Бие болысын құрған (Таулы Алтай Қазақтары энциклопедиясы. 567 б). Кейін, Қосағаш болыстығы Шығыс Қазақстан облысына шалғай орналасқандықтан, 1922 жылы Ресей Федерациясы құрылғанда Таулы Алтай Республиксына қарайтын болып шешілген. Осыдан бастап, Қазақтың солтүстік шығысындағы тау тұрпатты табиғаты көркем, жер-жайылымы құйқалы Шүй және Үкөк жазығы жат жұрттықтарға қолды болды.

Қосағаш қазақтарының Кеңестік Үкімет кезеңіндегі өмір тарихы Қазақстанмен тағдырлас болды. Қосағаш қазақтары да 1918-1920 жылдардағы ақ пен қызылдың арасындағы қанды қырғынды, 1930 жылдардағы бай-манаптың мүлкін тәркілеу кезіндегі қудалауды, 1937 жылғы ұлт зиялыларын қынадай қырған зобалаңды, 1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыр күндерді басынан кешірді (Қараңыз: Таулы Алтай Қазақтары Энциклопедиясындағы: Жеке адамдар бөлімі).

Соғыстан кейінгі жылдары Қосағаш ауданының әлеуметтік жағдайы біршама түзеліп, аянбай еткен қажырлы еңбектің арқасында халықтың тұрмысы жақсара түседі. Қосағаш ауданының халқы негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Оның ішінде қой, сиыр, жылқы, түйе шаруашылығы дамыған. Нобасібір, Томск, Омбы және Қазақстанның іргелі оқу орындарында оқыған азаматтар Қосағаштың ауыл шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосады. Кейбір көктемде су тасқыны жүретін жылғаларға жақын орналасқан Ақтал секілді ауылдарды қауыпсыз дөңес жерлерге көшіріп Жаңаауыл, Орталық секілді жаңа елді-мекендердің негізін қалайды. Жалпы аудан орталығы Қосағаштан басқа Төбелер, Ташанты, Жазотыр, Жаңауыл, Орталық, секілді таза қазақ ауылдары бар. Бұдан басқа Төлеңгіт-Сарытоғай, Мұқыр-Тарқата, Кокоря секілді ауылдарда қазақтармен бірге алтайлықтар және орыстар аралас тұрады. Ауданда онға тарта орта және бірнеше бастауыш мектептер бар. Мектептер орыс тілді, бірақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні аптасына 4-5 сағаттан оқытылады. Қазақ диаспорасы мәселесімен зерттеніп жүрген мамандардың айтуына қарағанда Ресей қазақтарының елу жасқа дейінгілерінің көпшілігі өз ана тілдерінде сөйлей алмайтын болса (А. Айталы. Ресей Қазақтары.), Қосағаш қазақтары жүз пайыз еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін өз ана тілдерінде еркін сөйлей алады. Бұл Қосағаш қазақтарының Ресейдегі өзге қазақтардан басты ерекшелігі десек болады. Сонымен бірге, Қосағаш қазақтары ұлттық салт-дәстүрі мен діни сенімге өте берік. Қәзіргі таңда Қосағаш, Жаңаауыл, Төбелер, Ташанты ауылдарында жаңадан мешіттер бой көтерген. Қосағаш қазақтары Ислам дінін өздері ғана берік ұстанып қоймай, өзге ұлттарға да үлгі болып келеді. Бұның айқын көрінісі - бүгінгі күні Қосағашта қазақтармен қоян-қолтық аралас тұратын жүзге тарта алтай ұлтының өкілдері Ислам дінін қабылдаған.

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейінгі экономикалық дағдарыс кезінде Қосағаш қазақтары алғашқыда жаңа заманға көндіге алмай біршама абдырап малдың басын кемітіп алды. Кейін біртіндеп нарыққа бейімделген қандастарымыз ата кәсіп мал шаруашылығымен қатар Баян-Өлгей мен Сібір қалаларының арасында сауда-саттық жасауды қолға алды. Сонымен бірге, Қосағаш қазақтары соңғы кездері ағаш өңдеу және марал өсіру шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Бүгінгі күнгі Қосағаш қазақтарының жалпы әлеуметтік тұрмысын түзу деуге болады.

Қосағаш Қосағаш ауданының әкімі Әуелхан Жатқамбаев сынды ұлтшыл азаматтың бастамасымен 2001 жылы «Достық» үйі шаңырақ көтеріп, кейін ол ұлттық-мәдени орталық болып қайта құрылды. Бұл орталықтың төрайымы Бесайдар Алашқызы мен осындағы жүрегі ұлтым деп соққан өзге де азаматтардың ұлттық бағытта жүйелі түрде жүргізіп отырған мәдени іс-шаралары Қосағаш қазақтарының табиғи болмысының сақталуына өз септігін тигізуде. Аталмыш ұлттық-мәдени орталық Баян-Өлгей және Шығыс Қазақстан облысымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сонымен бірге, Наурыз және өзгеде ұлттық-діни мейрамдарды өз деңгейінде өткізуге ұйытқы болып келеді.

Қосағаш қазақтарының көшпенді елдің ұрпағы екенін әрбір үйге бас сұққан сайын көз жеткізесіз. Үйлері ағаштан салынғанмен, іші тұс-киіз, сырмақ, құрақ көрпе, басқұр, уық баулар, қазақы оюмен өрнектелген жастықтар мен кесте-орамал, қоржын, кебежемен көмкерілген. Төрде жоғарыға ілінген домбыра мен аң терілері, тұрмыс бұйымдарынан самауырын, келі, келсап, саптыаяқ, торсық, тұтқыш, ағаш саба мен ожауды көресіз.

Қосағаш қазақтары баланы бесікке салу, кіндік шеше атау, тұсау кесу, тіл ашар, мүшел жасты тойлау, қыз ұзатып, келін түсіру, жасау беру, дүниеден озған кісілерді соңғы сапарға шығарып салу секілді халқымыздың салт-дәстүрін ерекше атап өтеді. Жеті атаға дейін қыз алыспайды. Бір қызығы тек Шымкенттіктерге тән деп жүретін қыз алып қашу үрдісі бұнда кең етек жайған.

Қосағаштағы ұлттық-мәдени орталықтың «Мирас» атты қазақ бөлімі мәдени жаңалықтарды халыққа жеткізіп отыратын «Шүй нұры» атты газет шығаруда. Сонымен бірге, ұлттық-мәдени орталықтың «Керуен» және «Мирас» секілді ансамблі жұмыс істейді. Соңғы жылдары ұлттық-мәдени орталық қазақтың қөлөнер шеберлігін қайта жаңғырту мақсатында шағын шеберхана ашты. Бүгінде шеберхананың шығарған қөлөнер бұйымдары түрлі көрмелерге қойылып келеді.

Қосағаштықтар өздерінің ұлттық болмысын қаз-қалпында сақтауымен Ресейдің өзге ирредент қазақтарына үлгі болатындай дәрежеде. Мұрты мұзылмаған күйі ұлт болып ұйысып отырған Қосағаш ауданын кешегі Ресеймен шекараны делимитациялау кезінде Қазақстанға қайтарып алатын-ақ жөніміз еді. Енді, әттең дегеннен басқа амалымыз жоқ. Әйтсе де, Үкіметіміз Қосағаш деген елінің барын ұмытпай, мұндағы қандастарымызға қолдан келген көмегін аямағаны абзал. Алла алашқа жар болып, дін аман болайық ағайын!

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6076