Бейсенбі, 14 Тамыз 2025
Абай Құнанбайұлы - 180 жыл 601 0 пікір 13 Тамыз, 2025 сағат 12:50

Дүркіреп өткен халықтық той...

Сурет: Abaiaqparat сайтынан алынды.

«Хакім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туғанына 180 жыл толған күнгі іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауынан...

 (Қарауыл сапарынан репортаж)

Онкүндік рухани-мәдени іс-шаралардың соңғы фазасы мен апогеясы дәл 10 тамыз күні түйінделуі заңды нәрсе. Өйткені, бұл – Абай күні, мемлекетіміздің мерекелік күнтізбесіне енген күн. Автокөліктер легі таң сәріден Семей-Қарауыл күре жолына қарай ағыла бастаған. Арасында үлкен автобустар бар, олар Кереку қаласынан жалға алынған екен. Әдеттегідей Күшікбай асуына тоқтағанда байқадық, көлік керуені легінің ұшы-қиыры жоқ, бір шақырымдай созылып жатыр. Жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі, 60 адамдық автобус ішінде Абай әндерін шырқаумен болдық. Жидебай бұрылысына жақындағанда көштің негізгі бөлігі Абай музейі мен кесенеге қарай тартты. 09.00-09.40 арасында Жидебайда Абай рухына арнап дұға оқылды, құран бағышталды.

Қарауылтөбе бөктерінде

Сағат 10.00 шамасында көліктер Қарауылтөбе етегіне жетіп, ат басын тіреді. «Күлімсіреп аспан тұр, Ойға оралтып әр нені» деп ақын өзі айтпақшы, тап осы салтанат күні табиғат Ана да жадырап сала берді. Ыстық та, суық та емес, салқын самал өбеді. Жібек желдер еседі. Қайран қасиетті Қарауылтөбе! Сен Шыңғыс қаған, Сүбітай баһадүр, Майқы билердің көзін көрген, кәрі тарихтың үнсіз куәсісің! Абай тойы да қашанда сенде өтеді! Сенің төріңе көтерілген сайын тынысың ашыла түседі. Құдайдың құдіреті, айнала әлем түгел төменде қалғандай, құс болып аспанда қалықтап тұрғандай өзгеше сезімге бөлейсің. Төменге көз салғанда тіпті мың сан әскер қабылдап тұрған Шыңғысханның қолбасшысы сияқты сезінесің өзіңді. Сөйтіп, көліктерден түскен тойшыл қауым аяңдап, киіз үйлі қалашыққа қарай беттедік. Қалашық 180 үйден тұрады екен. Облыстың әр ауданы және Семей мен Курчатов қаласы 10 үйден тіккен. Жүз жиырма ма, оған жеке мекемелер мен кәсіпорындар үйлерін қосыңыз. Қалған 30 үй Абай ауданынікі. Тәртіп пен тазалыққа ғажаптанасың. Су және электр желісі тартылған, асфальт төселген, әр киіз үй нөмірленген, аты жазылған. Іші де, сырты да жайнаған әр үйдің дастарханы да жаюлы тұр. Сапырулы сары қымыз, табақ-табақ ет, жеміс-жидек қойылған. Қонақтарды күтіп алып жүрген қыз, жігіттердің киімдері ұлттық нақышта болуы көз қуантады. Осы айтылған молшылықтың бәрі бюджет есебінен емес, демеуші азаматтардың қол созуы арқасында іске асқанын да айта отырайық.

Иә, кісі қалың. Қазақстанның түкпір-түкпірінен салтанатқа асыға жеткен қонақтар нөпірі таңқаларлық. Қарауылтөбе етегі құмырсқаның илеуі сияқтанады. Айталық, алаштың аты шыққан азаматтарын түгел дерлік осы төбе бөктерінен табуға болар еді.

Біз, Семейден бірге шыққан ардагерлер тобы, қонақ үйдің біріне жайғасып, дәм ауыз тидік. Сағат 11.00-11.30 арасында қалың көпшілікке қосылып, «Бала Абайдан дана Абайға» деген театрланған қойылымды тамашаладық. «Абай жолы» романынан алынған сюжеттер мен «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» сияқты Абай өлеңдері негізінде көрсетілген қойылымға тебіренбеу, әсерленбеу мүмкін емес еді. 30 мыңнан астам адам сілтідей тынды, өнер саңлақтары Абайдың тағдыры мен тағлымын жүрекке жеткізді. Жанарларға жас үйірілді.

Әсерлі қойылым соңы «Қазақ көші» өтуімен жалғасты. Бұл нағыз ұлттық исі аңқыған ғажайып көрініс болды. Көш жүк артып ышқынған түйе, кісінеген жылқы дауысына толы. Ат құлағында ойнаған қыз-бозбала, арбалы, салт атты, аңшы, бүркітші, сал-серілер тобы, бәрі-бәрі бар бұл көштен көз айыру мүмкін емес еді. 19-ғасыр салтанаты, Абай заманы қайта оралғандай ерекше әсерге бөледі.

Сағат 12.00 шамасында «Абай күні» мерекесі ресми түрде ашылды. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. М.Әшімбаевтың және Абай облысы  әкімі Берік Уәлидің баяндамасын жұртшылық ыстық ықыласпен тыңдады.

12.30-дан қалың жұртшылық өнер жұлдыздарының «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты күндізгі концертті тамашалады. Абай өлеңдері мен әндері Қарауылтөбе баурайын жаңғыртып, шалқыған әсем де әсерлі әуендер сонау алыста мұнартқан қарт Шыңғысқа да жетіп жатты...

13.00-14.30 арасында ұлы Абайдың рухына бағышталған ас берілді. Асқа қатысқан мыңдаған адамдар киіз үйлерге бөлініп,  ың-шыңсыз сыйысып жатты. Ынтымақтық деген осы емес пе. Астың соңына қарай өнерпаздар үйді-үйді аралап, әр шаңырақта Абай әндері шырқалғанын да айта отырайық. Дастархан басында тілектер төгіліп, ақсақалдар бата беріп жатты. Семей қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Бердікенов бастатқан үлкендер бір дастарханда бас қостық. Арамыздағы Құсмания Оспанов ақсақал өзі жазған өлеңін әнімен орындап, жүректерді тебірентті.  Сол өлең сөзін келтіре кетейік:

Ұлы Абайдың сөз шықты таңдайынан,

Домбырасын жасатты балқайыңнан.

Аралады асыл сөз ен дала, жердің жүзін,

Хан Шыңғыстың бақ қонған баурайынан.

Арғы тегің жаралған даналықтан,

Өлең жаздың атқанша ағарып таң.

Жазғаның тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Ақсақалдар, әжелер, бала да ұққан.

Сәуле шашқан хакімім, жарық таңым,

Басшы қауым ойласа екен көптің қамын.

Абай – бас ақын, аудармашы һәм аудармашы,

Ақыл-ойдың алыбы, бір туар данышпаным!

Өлеңнің қайырмасы:

Жаса, жаса ұлы Абай, ұлы Абай,

Әжеңіз Зере, әкеңіз сұлтан Құнанбай.

Жаса, жаса, жасай берші ұлы Абай.

Қарапайым қара өлеңді халықтың ұлы ақынына деген құрметі мен сүйіспеншілігінің зәредей белгісі деп бағалауға болатын сияқты.

14.30-15.30.  Көпшілік ұлттық ат-спорт ойындарын (топ бәйге, жорға, аламан бәйге) қызықтады. Кең сахна арты –  байтақ жазық, мидай дала. Ат бәйгесі сонда өтті. Ақанның Құлагері секілденген ауыздықпен алысқан кілең жүйріктер көз алдымызда зулап өтуде. Атшабыс дегенде қазақ баласы делебесі қызбай, тақат қылып тұра алмайды. Әр айналымда ұран салып, әйт-шулеген қиқумен қарсы алып отырды.

15.00-16.30. Кезек қазақша күрестен республикалық турнирдің финалдық бәсекелеріне (түйе және өгіз балуан) жетті. «Балуандар айдаһардай арбасқанда, Алысып жағаласып, жармасқанда» демекші, финалдық күреске көз тіккен халықтың қарасы қалың болды. Балуандар да аянып қалған жоқ, жан алып, жан берген қызу тартыспен өтті.

18.30-19.00. Марапаттау рәсімі (топ бәйге, жорға, аламан бәйге, түйе және өгіз балуан). Автокөліктен бөлек, қазақ дәстүріне сай жеңімпаздарға жылқы да беріліп жатты.

19.00-21.00. Жұртшылық республикаға танымал жұлдыздардың «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концертін тамашалады. Көз байланып, қараңғы әбден қоюланғанда ғана автокөліктер легі «Семей, қайдасың?!» деп кері қарай жөңкіле бастады.

Сонымен, адамзаттың Абайы атанған данышпан тұлғамыздың 180 жылдық тойы дүркіреп өте шықты. Оның ұлттық деңгейде, бүкіл халықтық мереке болып өткенінің куәсі болдық. Оған 50 мыңнан астам жиналғаны, 15 елден шетелдік делегация қатысқаны сөзіміздің айғағы. Мерейлі мерекеде көрген-білгендеріміз, міне, осылар. Тойдың шырқау шегі болған бұл күннің көрген кісінің жадында, елдің есінде ұзақ сақталары анық.

Абай тойына қатысқан адамдардың ой-толғаулары мен лебіздері

Нұрбек Қошқарбаев, Бесқарағай ауданының әкімі: «Абай мен қазақ ұғымы егіз. Ол – тұтас бір әлем. Оған жасандылық жат, көтерме-көпшік керек емес. Абайды қадірлеп, қастерлеу барша қазаққа парыз. Осыны түйсінгендіктен тойға дайындыққа күш-жігерімізді аянбай салдық. Іс-шараға біріге кіріскен орынбасарым Нұрасыл Ағыбаевқа, маслихат төрайымы Мейрамгүл Рысбекқызына, ішкі саясат басшысы Жан Әлжановқа бек ризамын. Тойға дайындыққа 80 адам атсалысты. Бәріміз де жауапкершілікті сезіндік. Әсіресе, он киіз үйді қона жатып, сақадай-сай құруға, барлық жабдықтарын әзірлеуге осыдан 11 күн бұрын, яғни 31 шілдеде келген азаматтарға айтар алғысым шексіз. Қарауылтөбе бөктерінде түн суық, күнара жауын-шашын болып тұрады. Соның бәріне шыдап, төзген жандарға қайтіп разы болмасқа. Жаңағы 80 адам ішінде аудандық Мәдениет үйінің 23 әртісі бар. Олар концерттерге және түрлі қойылым, массовкаларға қатысты.  Біздің аудан атынан түйе балуан атағын алуға финалда белгілі балуан, «Қазақстан барысы» жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев белдеседі. Сондай-ақ, демеуші азаматтарымыз баршылық. Соның бірі – Серікбол Айтмолдин тойдың жүлдесі қорына автокөлік сыйлады. Айта өтері, он киіз үйдің дастархан мәзіріне 5 жылқы, 2 ірі қара, 5 қой сойылды. Мал да, киіз үйлер де ауданнан тасымалданды. «Қазақ көші» көрінісіне тәуір деген 11 жылқы әкелдік».

Жұмағазы Оразов, қалалық ІІМ ардагерлері кеңесінің төрағасы: «Абайдай ұлы тұлғамыздың атын ғана білгенімен оның өлмес мұраларының терең сырынан мақұрым қалған, былайша айтқанда, жүрегіне бойламаған жастарымыз аз емес. Мен жұмыс бабымен бұзақы атанған қиын жастармен көп кездескен адаммын. Сонан білетінім, Абай ұрпаққа қалдырған бай мұраны қалың қауым боп игеру, оны жас буын бойына дарыту, оларды биік мұратқа бағыттау өте маңызды мемлекеттік мәселе. Бүгінгі арамшөптей қаулаған жемқорлық, парақорлық құбылысына тосқауыл қоюдың ең тиімді де төте жолы осы деген ойдамын. Той өткен соң Абайды насихаттау ісі жылы жабылып қалмаса, қайта үдей түссе ғанибет болар еді. Бүгінгі тойға разымын, көңілім толды, өйткені, ол ұлттық деңгейде өтіп жатыр».

Құсмания Оспанов, еңбек ардагері, 80 жаста: «Мен Ақсуат ауданында мал шаруашылығы саласында еңбек еттім. Бірақ жасымнан ақындыққа жуық, әдебиетке құмар болып өстім. Сонан да болар, әсіресе, Абай поэзиясын жаныма жақын көріп, тұшынып оқыдым. Абайда айтылмаған сөз жоқ. Нағыз тәрбиеші. Атасы жоқтың атасы, әкесі жоқтың әкесі болғанын көзіміз көрді. Қазір ойлаймын, есті, саналы болғаным, түзу жолымды тапқаным сол асыл мұраның да арқасы шығар деп. Бағана дастархан басында оқыған өлеңім мен әнімді Абайға деген құрметімнің бір белгісі деп біліңіздер».

Көппаев Серікбол, Семей қалалық білім бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Мектеп қабырғасында Абайды таныту, түсіндіру ісі – педагогтар жүгі екені белгілі.  Ұлы ақынды оқу, түйсіну, сезіну айтуға ғана оңай. Ол үшін әр ұстаз хал-қадірінше абайтанушы да болуы керек. Қазіргі күні мұғалімнің Абай мұрасына жетік болуға мұрсаты келе бермейді. Осыны ескергенде, Абайды орта мектепте қалай оқыту, қайтіп насихаттау керектігі жөнінде мемлекет арнайы қаулы қабылдайтын уақыт жетті деген ойдамын. Облыс басшысының: «Абайды оқымай, арман-мұратын сіңірмей, қағидаларын ескермей күн кешу –ұлтты ойлаған азаматқа жат тірлік» деген пайымына толық қосыламын. Абайдың аты Абай. Оған халықтың құрметі де ерекше. Осы тойдан соны аңдадым».

Бақтажаров Серікбек, Семей қаласының құрметті азаматы: «Ата-әжем, әке-шешем абайлықтар, бәрі де Абайды пір тұтқан адамдар еді. Сондықтан жасымнан «Ғылым ізде, көпке пайдаң тисін» деген секілді Абай қағидаларына сай өмір сүруге тырысып бақтым. Атамыз: «Өмір жолы тар соқпақ, иілген жақ» демей ме. Сол тар соқпақта құламай өтіп көр. Аты жер жарған Семей ет комбинатының қазақтан шыққан алғашқы директоры болдым дегендей, талай биіктен көрінсем, оған себепкер Абай атам екенін жақсы білемін. Сондықтан Абай тойынан шет қалған кісі емеспін, қолдан келгенше демеушілік те жасадым. Осы жолы да Сапарғалиев Жасұлан деген кәсіпкер азаматпен бірлесе отырып, Керекуден 60 орындық автобусты жалға алдық (400 мың теңге). Семей ардагерлерін тойға жеткізген, міне, сол автобус».

Гүлқайша Әубәкірова, «Ахау-Семей» ансамблінің көркемдік жетекшісі: «Біздің ансамблдің репертуарында Абай әндері ойып орын алады. Оларды халық қашанда жылы қабылдайды, көбіне қосыла кетеді. Мен осыдан отыз жыл бұрын Абайдың 150 жылдық тойына шұбартаулық өнерпаздар қатарында қатысқан едім. Бүгінгі той барысынан көп ілгерілеп кеткенімізді байқадым. Сахнада өнер көрсетіп жатқан жұлдыз жастарымызда есеп жоқ. Өзіме ерекше әсер қалдырған тағы бір нәрсе – этноауыл көрмелері болды. Он бес шақты киіз үйлер Қазақстанның әр облысына арналып, онда шығатын өнімдер мен бұйымдар қойылған екен. Көркемделу деңгейі керемет, ертегі әлеміне кіргендей сезінесің. Әрбір үйді жасақтап, көркемдеуге қаншама күш пен қаржы кеткенін ойлағанда, тойды ұйымдастырушы азаматтарға еріксіз басыңды иесің. Бәрі де Абай аруағы үшін деп тындырылған шаруалар ғой. Артының берекесі мен қайырын берсін, бір Алла тағала».

Бүбіхан Оразқызы, «Ахау-Семей» ансамблінің мүшесі: «Бізде басты жұмыс ән айту емес. Дін мен дәстүрді дәріптейміз, жастарға тәрбие береміз. Үйленбей жүрген жастармен сөйлесеміз, ажырасымыз деп жүргендерді қайта қосамыз, татуластырамыз. Міне, негізгі қызметіміз осы. Ал бүгінгі   Абай тойынан алған жақсы әсерім өте көп. Әр елден, әр жерден келген халық бір адамның баласындай сезіндік. Береке-бірліктің, ынтымақтың күні болды. Абай атамыз айтқан бауырмалдылық, адамзаттың бәрін сүю деген осы емес пе. Жоғары деңгейде өтті тойымыз, тамаша көңіл-күймен қайтып келе жатырмыз. Маңғыстау облысы өз қаражатына Семейде «Достық үйін» салмақшы. Міне, біз шашуымызды шашып, осындай жақсылықтар қасында жүрейік. Аналар баласына нені тілейді, біз халқымызға соны тілейміз. Қуаныш қуанышқа, той тойға ұлассын».

Асан Омаров

Abai.kz

0 пікір