Елбасы ЕЭК төрағасы Тигран Саркисянмен кездесті
Елбасы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысының күн тәртібі, сондай-ақ еуразиялық интеграцияны одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің жоғары нәтижелеріне тоқталып, өзге елдер тарапынан бұл бірлестікке қызығушылықтың артып отырғанын атап өтті.
– Өткен 2017 жыл табысты болды. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 27 пайызға артты. Бірлестігімізге деген зор қызығушылықтың бар екенін көріп отырмыз. Бүгінде бізбен 40-тан астам ел ынтымақтастық орнатты. Біз сіздермен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің саммиті қарсаңында кездесетін боламыз, оның күн тәртібіндегі барлық мәселе келісілген. Біз күрделі мәселелерді, соның ішінде санкцияға қатысты мәселелерді де талқылайтын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тигран Саркисян Мемлекет басшысын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, еліміздің өркендей беруіне ниеттестігін білдірді.
– Мен Кеңестің тапсырмасы бойынша Сізбен бірқатар мәселелерді талқыласам деп едім. Атап айтқанда, Жоғары Кеңес отырысын қалай тиімдірек өткізіп, қандай проблемаларға ерекше мән беру қажет екенін анықтауға, сондай-ақ интеграцияны нығайта түсуге қатысты мәселелер бар, – деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы.
Кездесу соңында Т.Саркисян Қазақстан Президентіне Еуразиялық экономикалық комиссияның қазіргі жұмыстары жөнінде мәлімдеді.
Abai.kz