Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 8240 13 пікір 5 Мамыр, 2018 сағат 14:19

Шәуішке шағылысқан күн сәулесі

   

                           Әңгіме

Қызылды-жасылды  көлік кернеген көшелердің кептелісінен саңылау іздеп бұлтақтаған жеңіл мәшине маңдай тұсынан қызыл жарық жанғанын көріп, жүк көлігіне жете бере арынын тежей қалды. Алдындағы аж-бұж еткен дәу көліктің бауырынан бұрқыраған ащы түтін көлік ішін алып кетті.  Адам желдеткішті қосты. Айлинге бұрылып еді – қызы күртешесімен тас бүркеніп алыпты. Даңғыл жолдың бойында самсаған қызылала жарықтың қасы мен қабағын аңдып солықтаған темір желаяқтар иін тіресе алға ұмтылғанда Адам да газды басты.Кенет қатты жел тұрып, күн күркіреді де күздің кемпір шуағына маужырап жатқан қала төбесінде ойнаған әңгіртаяқтан қалтырап, мұзға тайған көк өгіздей шатқаяқтады да қалды. Көз қарықтырған отты сүңгі аспан төсін осқылап қайта-қайта жарқылдайды. Тау баурайында далиған әсем шаһар ғайыптағы шексіз құдыреттің қамшысының ұшы ғана сипай өтсе не боларын түйсініп, тарының қауызынан пана іздер күйге енгендей... Аспан мен жердің арасын дірілдеткен сұрапыл дүмпуден жол жиегіндегі қаңтарулы мәшинелердің дабылы қосылып кетіп, айнала азан-қазан болды. Адам айнадан артқы орындықтағы қызына қарады. Жарқылдаған жасын мәшинаға түсердей бойын үрей құрсап, этюднигін құшақтап алған Айлин нәзік денесі кушиып, бір уыс болып орындыққа жабысып қалыпты. Адам қызының беті қуарып, алақандай қап-қара көздері бақырайып кеткен шығар деп ойлады. Әлде, көздері көк не қой көз бе екен?.. Адамның кеудесін жылы толқын теуіп, қызына емірене қарады. Бір қолымен руль ұстаған күйі көзін жолдан алмай, артқа қарай бар денесімен бұратылып, созылып барып Айлиннің қолынан алды да еппен саусақтарынан өпті. Айлин үлбіреген саусақтарын әкесінің бетіне тигізді.

-Әке, жаңа күн күркірегенде мен не ойладым, білесің бе?

- Білмедім, күнім.

- Неге білмейсің, мен сенің қызыңмын ғой.

- Кешірші күнім, келесіде тырысамын.

- Ал мен сенің не ойлайтыныңды білемін.

- Сен индиго шығарсың. Мен қарапайым адаммын.

- Жоқ, сен қарапайым емессің, өте күрделі кісісің.

- Айта бер?

- Айтпаймын. Сені зерттеп жүрмін, мүсініңді саламын.

- Жаңа күн күркірегенде ойлағаныңды айта ғой?

- Әлдебір, темір етікті алып құбыжықтар шойын гүрзілерімен аспанның күміс күмбезін ортасына түсіргілері келіп ұрғылап жатқандай көрінді.

-Данышпаным менің. Күннің күзде күркіреуін мен осы жасыма дейін көрмеппін.

- Әке шәуіш қатуына әлі көп бар ма?

–  Әдетте қарашаның орта шенінде қататын.                                                      –   Интернеттен жаңа жылға дейінгі ауа-райы болжамын қарадым. Қарашаның басында  суық болады екен.

– Олар шамалайды ғой.

– Жексенбіге дөп келсе екен, әйтпесе апай жібермейді.                                    – Апайыңнан сұра алармын.

– Әке, шәуіш туралы маған бір тосын ой келді.

– Ол не ой?

– Кейін білесің, қызық болмай қалады.

Әңгімеге алаңдап байқамай қалыпты, алдында келе жатқан автобустың астынан шыға келген қазан-шұқырдан қашып, рулін шалт бұрып жіберді. Қамсыз отырған қызы сол жағына жантайып барып түзелді.

Аспандағы арпалыс тынышталуы сол екен, таяқтан қорыққан долы қатындай бұғып қалған көше үйреншікті шаң-шұңына қайта басты. Салондағы сағат он бірді көрсетіп тұр. Отыз минуттан кейін сабақ басталып кетеді. Адам терезе әйнектерін түсірді. Ауада таңсық озон иісі аңқиды. Айлин басын сыртқа шығарды. Шаштарын жұлмалаған желге алақандарын тосады. Тазалық әкелген желді қарпып-қарпып алғысы келгендей сүйрік саусақтарымен ауа қармайды. Кеудесі дүркін-дүркін көтеріліп басылады. Адам жексенбіде қызын тауға апарып, қарағайлы орманды аралатуды ойлады.

Кенет нөсер құйып кетті. Шелектеп құйған жаңбыр мәшиненің төбесін тесіп жіберердей ұрғылайды. Тап бір жүн сабалаған тарамыс кемпірлердің таяғындай тарсылдатып әкетіп барады. Әйнек тазалағыш мол суға қауқары жетпегеніне ызаланып оң-солына жанталаса құлап, шебер қақпашыдай аласұрғанымен де  алда не бар не жоғын байқау мүмкін болмай қалды. Жойқын нөсер де ерегескендей оның сыпырып-сиырып лақтырған суының орынын көзді ашып-жұмғанша толтырып, құйылып жатыр. Аспандағы әлдебір көлдің табаны жарылып, алапат су тас төбеден лақылдап төгіліп жатқандай. Көше жиегінде бейғам келе жатқан халық қолда барын төбесіне қойып, ықтасын іздеп тырағайлап қашуда. Бағдардан айырылған мәшинелер апат шамдарын жағып, тұрған жерлерінде қалыпты. Еңіс қуа жөңкіген су ақ жалданып сарқырап ағып, көше жиегіндегі арықтарды лезде кемерінен асырып жіберіпті. Су жылап аққан бұлдыр әйнектен көшені тамашалап отырған Адам балконның ернеуіне жайған кірін жинамақ болған әйелдің қолын бір сілтеп, ішке қашқанын көзі шалып қалды. Айлин жауынға ұшыраған бір-екі адамды ішке кіргізіп алса деп ойлады, алайда әкесінің не айтарын біліп үндемеді. Айналаның бәрі шалқыған су – үйлердің шатыры да, аялдамалардың төбесі де. Сарқыраған су жер асты өткелдерінің гранит баспалдақтарымен шашырай секіріп, төмен құйылуда. Жауынға разы тек ағаштар тәрізді – жапырақтарын жұлқылай ұрғылаған нөсерге алғыс айтып, тұла бойын тосып, рахаттанып тұрғандай.

Адам жымиды. Әкесінің ойын түсінген Айлин айнаға қараған күйі үн қатты: «Аспан тесіліп кеткен бе...». Әжесінің қолында өскен Айлин ол кісінің сөздерін айтып жүреді. Кейде әке-шешесін де әжесінше «тәрбиелеп» қояды.

– Әжем жұмақта ма, әке?

– Оны Жаратқан біледі.

– Бес бірдей ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Өтірік айтпады, ешкімге жамандық жасамады.

– Әжең жұмаққа бармағанда ол жерге кім барады, күнәсіз адам ғой. Ешкімді сатпаған...

– Сатпаған деген не әке, адамды қалай сатуға болады?

Сату... Адам осы сөзді естігісі келмейтін. Ойына түсіп кетсе, алда-жалда естіп қалса көңіл күйі нілдей бұзылып, жарық дүние күңгірт тартатын. Енді өз ауызынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Түнімен ащы қуырдақ жегендей ауызы кеуіп, еріндері кебірсіді. Кішкене шөлмек құтыны ашып, су жұтты. Спидометрге қараса жылдамдықты асырып келеді екен. Жайлап қана тежегішті басты.

– Ол кісілердің заманы қиын болды. Қызыл террордың заманы.

- Бүгінгінің адамдары періште ме?

Жауырын тұсы тұтасып, желкесі құрысып алып бара жатқан Адам құнысып қалды. Сыртқа көз салды – тынбай лақылдаған су көлікті бозғыл түспен тұмшалап тастапты, опайған-сопайған сұлбалар әрлі-берлі қозғалады.    Айлиннің тесіле қарап отырғанын сезген Адам өз-өзінен қуыстанып, жанары тайсақтап кетті. «Осы бармақтай бала бәрін... сезетін сияқты».

– Әке, анам екеуіміз саған күшті сыйлық алып қойдық.

– Сағат па?

– Таппадың.

– Шаңғы, Тау шаңғысы.

– Жоқ.

Адам қызының айтып қойғысы келіп, көмейіндегі сөзді әрең іркіп, өз-өзімен алысып отырғанын сезіп жымиды.

– Саған қатты ұнайтын нәрсе. Бес әріптен тұрады.

– Қылыш?

– Жоқ.

– Плита. Газ.

– Плита? Ол емес.

– Шылапшын. Тазик.

– Шылапшын?..

– Иә.

Әзілдеп отырғанын түсінген Айлин әкесінің желкесін шымшыды.

– Қойдым, қойдым.

Кенет бірдеңе қараңдап келіп машинаның сол жақ бүйіріне дүрс ете ұрылды. Машина айдаған адамның ішінде бұғып жататын қорқыныш сыртқа тепті. Селк ете қалған Адам жалт бұрылып жан-жаққа көз тастады. Асфальт жолды кесе жүгірген қыз бен жігіт қол ұстаса келіп мәшинеге соғылыпты. Жігіт қыздың басына тосқан қолшатырынан тұмсығын шығарып жан-жағын барлап алды да, қызды қолтығынан алып тілерсектен су кеше әрі кетті. Екеуі мәз – жаңбыр шуымен жарысып күлкілері  естіліп барады. Адам әйнекті түсіріп, қисайып қалған айнасын түзеді.

Көше-көше қуып, дауыл сапырған теңіздей көбік атып, ақжал толқындана ылдиға жөңкіген жойқын су иіріміне тартып әкетердей Адам бойында қорқыныш тудырды. Көз алдында қарс-құрс жарылып, теңіз бетінде жөңкіп жүрген үйдей мұздар, мұз үстінде қалт-құлт етіп кетіп бара жатқан машина, адамдар жарқ етіп көрініп ғайып болды. Адам радионы қосты. Саусақтарында жеңіл діріл бар. Толқыннан толқын қуып отырып күйге тап келді. Концерт аяқталып қалған екен – «Төремұраттың» соңғы қағысымен бітті. Эстрада әндерін бірінен соң бірін өткізіп жіберді де операға келгенде қолын радиодан тартып алды. Диктор опера және балет театрының Европа елдеріндегі гастрольдік сапары өте табысты өтіп жатқанын, спектакльдерге күнде аншлак екенін айта келіп бүгін Рим сахнасында Вердидің «Аттиласымен» гастроль шымылдығын жабатындарын хабарлады. «Аттылы». Ғұндардың даңқты сардары – Едіге патша. Неге екенін өзі де білмейді Вердидің музыкасы ойналса, қай тақырыпта болмасын –  көз алдына Вердидің Джузеппинасы келеді. Джузеппина Стреппони. Ұлы композиторға шексіз берілген, риясыз ғашық адал жар. Ол әйел болмаса мүмкін Верди Верди болмас па еді... Үйде бір жарқылдап көңілденбейтін томаға тұйық, қазымыр тиранның барлық қорлығына шыдауы... Бусето округінің Ле Ронколе деревнясында арақ-шарап сатуға рұқсаты бар трактир ұстаушының отбасынан шыққан, сіңірі шыққан кедейліктен бай ақсүйектер қатарына қосылған даңқты композитор әйелін жақсы көретін, алайда бір ауыз жылы сөзге сараң адам еді. Пеппинаның әйелдің қоры мінез көрсетер ерінің ашықтан ашық серілігіне, өзін кейде адам деп елемеуіне қыңқ демеуі...

Адам Джузеппинаның шығыс әйелдеріне тән мінез – ері алдында өзін төмен ұстауына таң қалатын. Пеппина ерінің жүріп-тұрғанын ешқашан тергеген емес, Джузеппеден еш жауап болмасын біледі. Ол үшін Верди – әулие іспетті, тас қамал қорғаны, аспандағы айды алып берер сұңқары... Адам Бегімайды ойлап іші жылып қоя берді.

- Әке, ұмытқан жоқсың ба?

- Жоқ, күнім.

- Асып кетпейік.

- Әрине, жарығым.

Адам мен қызы бір-бірімен көбіне үнсіз тілдеседі. Айлиннің ойын үнсіз ұққан ол жолдан бұрылып, маңдайшасына түрлі-түсті әріптермен «Колор» деп жазылған дүкеннің жанына тоқтады. Айлин әдеттегідей бояуларды өзі таңдады. Түрлі түсті сықпа бояулар жатқан сөренің жанына келді де бір қырындап тұрды. Қызының іштей әлдекімдермен тілдескендей тылсым бір күйге еніп, басқа әлемде тұрғанын сезетін Адам ту сыртын беріп, касса аппаратының жанына келді.

Бұлар кіргелі Айлиннен көзін айырмаған дүкенші келіншек күлімсірей тіл қатты: – Қызыңыз қандай әдемі. Көздері таза зүбаржаттай жап-жасыл. Дүкенші келіншектің бұлар келген сайын Айлинге өстіп сұқтанатын әдеті. Адам еденге қойылған ағаштан ойған нән глобусқа қараған күйі үнсіз тұра берді. Өткенде «көздері мойылдай қап-қара» деп еді... Адамдардың бәрі сөйтеді – бірі қара, бірі көк, енді бірі жасыл дейді. Көзі тұздай екен деп жататындары да бар... Анасы қызымның көзі әдемі – аспан түсті дейді. Адам қызының көзі ақ та емес көк те емес, қап-қара екенін түйсінеді. Қап-қара. Тұңғиық. Алақандай бота көздер. Мөлдіреп тұрады. Іштегі бітеу жарасы сыздап кеткен Адам дүкенші келіншекке рахметін айтып қызына бұрылды. Дүкенші келіншектің сұқтануын сезіп, қымсынған Айлин анадайда тұрған күйі ымдап әкесін шақырып бояуларды ұстатты да, әкесінің алдына түсіп, тездетіп есікке беттеді.

Жолда «Аида» операсы шырқалды. Адам ұялы телефонын ала қоймады. Ән шарықтау шегіне жетті. Адам рульді бір қолымен ұстаған күйі абайлап телефонды алып, құлағына тақады да жолда келе жатқанын айтты. Камилла Мәскеу әуежайынан соғып тұр, екі сағаттан кейін елге ұшады. Тап бір темір қыздырып басқандай жон арқасы күйіп қоя берді. Көшелерді тамашалап келе жатқандай отырған Айлиннің ойын түйсінді. Бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кете жаздап барып тежегішті басып қалды. Аяусыз тістескен темірлер шыйқылы жүйкені жеп жіберді.

Адам бейнелеу өнері студиясының ұзын дәлізіндегі қосақталған креслоға жайғасты. Студия шәкірттерінің қабырғадағы сөрелерге қойылған марапаттарына көз салды. Бәрін жатқа біледі, Айлиннің де марапаты тұрарын ойлады. Телефонын алып Камиллаға хабарласты. Камилла гастрольдің соңғы күні Канадада өткенін айтты. Опера театры гастролінің маршрутын жатқа білетін Адам ұзақ жолдан шаршаңқыраған әншінің көкірегі күмбірлеп, мақпал қоңыр үнмен баяу сөйлеуі сұлу дауысына өзгеше  бояу қосып, қылықтандыра түскенін аңғарып, сөзін бөлмей үнсіз тыңдады. Оттавадан Венаға, Венадан Мәскеуге ұшу қалжыратып тастапты. Адамға «сенің туған күніңе үлгерейін деп труппадан бір күн ерте ұштым» дегенінде келіншектің үні өзіне ғана тән тәтті қылықпен жадырап, сыңғыр ете түсті. Адам сәл мұң сезілетін бұл сыңғырдан, білдіргісі келмесе де Камилланың өзін сағынғанын сезді.  – Dum spiro, spеro. Осы сөзді сыбырлап қана айтқан Камилла үнсіз қалған Адамның тынысын тыңдап тұрды да – «Бұл дүниеде сенің барың қандай жақсы, «Dum spiro, spеro» – деді сөздің әр әріпін алтынмен аптап, күміспен күптеп жеткізетін саф таза үнімен. Ұшаққа отырғызу басталғанын айтқан Камилла телефонын өшірді.    «Үмітім өзіммен бірге өлер...».  Қазір Бегімай түстік ас дайындап жатыр. Dum spiro, spero et amo…  «Үмітім – өлген, махаббатым – тірі.» Кабинеттен шыққан қызын көріп, Адам күбірлеген күйі орынынан тұрды.

Бір қызбен қол ұстасып, «енді кескіндемеге барамын, күт иә, әке, шаршаған жоқсың ба?» деп қасынан сықылықтап өте шыққан Айлин дәліздің соңындағы есікті ашты.

Адам креслоға жайланып отырып, шалқайып шекесін қабырғаға тіреді де көзін жұмды. Бернге жолдастарынан бір күн ерте келді де музей аралады. Ертесінде Фридрих пен Гарибальдиді аэропорттан күтіп алып, үшеуі ресторанда түн ортасына дейін отырып, Маттерхорнның мінезін әңгіме қылды. Көне заманда осы жердің халқы бұл ерекше тауды тылсым дүлей күш иесі деп табынатын да, шың басында Ібілістің тұрағы бар деп зәре-құтылары қалмай қорқатын да. Әлемдегі биік шыңдарды бағындырған альпинистердің өзі Матерхорнның алдына келгенде жынынан айырылған бақсыдай жуасып қалады. Жаңа ғана жайма-шуақ, мейірін төгіп тұрған тау аяқ астынан шарт бұзылып, қатты дауыл соғып, ақ түнек боран борап, Маттерхорн періленіп шыға келетін. Осы сәтте таудың тасына түйенің бауырына қадалған тас кенеше жабысып алған альпинистер Құдайдан мына сұмдық қойылымының келесі актісін болдырмауын тілейді. Бұдан әрі, басына шығуға ұмтылғандарды тірі жібермеуге бекінген Маттерхорн мінезінің нағыз апофеозы басталады – күн күркіреп, найзағай жарқылдайды да, төбеден тас жауады. Бір жарым ғасырға жуық уақыт ішінде небір сайланып шыққан алты жүзден астам альпинист Маттерхорнның осы мінезінің құрбаны болды.

Үшеуінің бұл, Маттерхорнға екінші мәрте сапарлары. Фридрихтің тәжірибесі мол. Эвересті бір мәрте бағындырған. Андының Аконкагуа шыңын бағындырған Гарибальдидің альпинизммен айналысқанына он жылдан асқан. Маттерхорнға шабуылды төртеу болып бастаған еді, ол кезде араларындағы ең тәжірибелі – Калимулла еді. Тауға өрмелеу алдында әр бағыт мұқият зерттеліп, қауіп-қатер барынша ескерілгенмен де таудың мінезін, әсіресе Маттерхорнның мінезін бес саусағыңдай танып-білу мүмкін емес. Осындай сәттерде тез, батыл шешім қабылдайтын Калимулланы шетелдік екі жігіт бірден мойындаған. Фридрих пен Гарибальди Бернге келген күні Француздар шіркеуіне барып, Калимулланың аруағына деп шырақ жаққандарын айтты.

Үшеуі ерте тұрып, Церматтаны бетке алды. Жол бастаушы жергілікті тәжірибелі екі адамды тауып сол күні Церматтада қонып, таң қылаң бере Маттерхорнға аттанды. Бұл жолғы сапар ә дегеннен сәтсіз басталды. Жол бастаушының бірі алғашқы тұраққа жете бергенде, тастан құлап, жарыққа кіріп кеткен аяғы тілерсектен морт сынды. Тікұшақ шақыртып, оны кері аттандырып екінші тұраққа келгенде ол жерде ағылшын альпинистерін кездестірді. Жеті адамнан тұратын топ, көтерілу кезінде екі адамынан айырылып, кері оралған екен. Тірі оралған бесеудің үшеуінің аяқ-қолдары үсіп, адам көмегінсіз жүре алмайтын қалге түсіпті. Оларды тұраққа жеткізген екі ағылшынның адам көретін түрлері қалмапты – беттері домбығып, ит сілікпелері шығып қалжырап, әбден болдырып жатыр екен. Байланыс құралдары істен шыққан. Адамның тобын көргенде әлсіреген қолдарын көтеріп, қуаныштарын барынша білдіріп бақты. Адам мен Фридрих үсіген жерлеріне май жағып, дәкемен таңып, Гарибальди қайнатқан кофені ішіп әзер дегенде өз-өздеріне келді. Адам тобы бір апта ағылшындарға көмектесіп, мың метрден астам тереңдегі мұз ордан екі альпинистің денесін шығарып алып, тік ұшақпен Бернге жөнелтіп, Церматтаға қайта оралды.

Қоңырау шырылдап, ұзын дәліздің есіктері ашылып, оқушылар кластарынан шыға бастады.

Есікті ашқаннан-ақ мұрынды қытықтаған бауырсақ иісі Адамды қолын жуа сала дедектетіп ас үйге жетеледі. Бегімай терезе алдында тұр екен. Сары, алқызыл жапырақтар бедерленген үлбіреген ақ шілтер перде арқасын жауыпты. Әйелі Адам көзіне сағымға оранып тұрған елес сияқты болып кетті. Стол үстіндегі табақтай фарфор ваза томпиған бауырсаққа толы. Қиық кесілген күрең бауырсақтарға қараған Адам еріксіз жұтынды. Бір-бірінің үстіне қалап шелпек, екі жерге шәй кесемен қаймақ қойылып, үлкен сорпа кесеге шүлпілдетіп айран құйылыпты. Кеселердің арасында тілінген таба нан шашылып жатыр. Шәй құйып отырған анасының тізесіне шынтақтаған өзі, дастарханды айнала шүпірлеген бауырлары Адамның көз алдынан жүгіріп өтті... Бегімай дүкеннің қаймағын, айранын алмайды, інісіне ауылдан алдырады.

Адам ас үйде бүгін бір өзгеріс барын байқады. Бар нәрсе өз орынында сияқты. Ол не өзгеріс... Ә-ә... Бегімай үлкен жақта ілінген өз портретін ас үйге әкеліп іліпті. Калимулланың салғаны. Майлы бояу. Тау басында шаңғы теуіп жүрген Бегімай. Қара көзілдірік киген сұлу ақ маңдайы жарқырап, ақша жүзі албырап, шаңғы таяғына сүйеніп күлімсіреп тұр. Калимулла аршыған жұмыртқадай Бегімайды ақ бояуға малып алып, ақ қарға шағылысқан күн сәулесіне бөлеп тастапты. Осы суреттің адамды арбап тастайтын бір сиқыры бар. Адам әйелінің бейнесіне сұқтанып тұрып қалды. Суретші жандүниесінің бар асылын аяусыз сығып отырып кенепке төккен. Мынандай шығарма туған сәтте Калимуллада не жан қалды екен... Иә... Бегімайдай сұлу үшін қандай күнәға батсаң да кешірімді...

– Таңмен таласа, қырынғанда жағатын кремнің иісі келді. Бүгін –Калимулланың жерленген күні. Сенің досыңның. «Сенің досыңныңға» сәл ғана салмақ түсіргендей болды. Адамды дүниеде мән қалмағандай бір сезім буындырып тастады. Жүрегі жаншылып, көңілі құлазып кетті. Сүлдерін сүйретіп, дастархан басынан тұрып кеткісі келді. Қозғала алмады. Бегімай бір қырындады да, мойынын сәл бұрып, Адамға қарады. Қап-қара мөлдір көздердің қарашығы тіпті үлкейіп кеткендей. Сексеуілдің шоғындай жайнаған қос жанар жарқ-жұрқ ете түсті де ұзын кірпіктердің  тасасына жасырынды. Үлбіреген пердені өртеп жіберердей алаулаған  сексеуілдің қос шоғы біртіндеп барып сөнді. Осы қас-қағым сәттің өзі Адамға жеткілікті еді. Адамның көзі Бегімайдың мойынына екі жерден қиғаш түскен сызыққа түсті. Аппақ нәзік мойынға ақ жібектің қос тіні батқандай. Адам әйелінің  бойына тұнған сұлулық белгілерін көрген сайын тілі күрмелетін. Бегімай білінер-білінбес қозғалып терезеге қайта бұрылды. Алқызыл, сары жапырақты перденің ар жағынан естілген дауыс ақырын ғана шықты. Тасқа тамған тамшыдай миды тесіп барады.

– Бұл иіс мені ұмытпайды. Жыл сайын қайда жүрсем де тауып алады.

Бүгін де әдетінен жаңылмапты. Тамақты сәл қыратын иіс – розмарин майы мен шырғанақ майы иісі бөлмені алып кетті.

Адам ас үйден бауырсақ иісінен басқа еш иіс сезбеді. Әйелінің айтқанына сенді. Кенет, қайнаған шәйнектің тұмсығындағы ысқырығы шар-шұр етіп қоя берді. Бегімай ақ перденің ар жағынан бері өтті. Портреттің багетін ақ шүбірекпен аялай сипады. Әйелдің көздері ас үйде күйбеңдеп жүрген әйелдің күнделікті көздеріне қайта айналды.

–Айлин тортты өзім дайындаймын деген, қазір бауырсақпен шәй ішейік. Ә-ә, кешір, ұмытып кете жаздаппын ғой. Туған күнің құтты болсын.

Бегімай ерінің алдына шынтақ бойы ұзынша қорапша қойды. Адам қорапшаны ашып, ішінен қамшы алды. Он екі өрім, дырау қамшы.

–  Айлин екеуіміз жазда дайындап қойғанбыз. Айлин өзі таңдады. Қамшы жасайтын адам «қазір жасап қоймасам қысқа қарай талыстың қайысы болмайды» деген соң ерте қамдандық. Сенің қамшыны жақсы көретінін білетін Айлин қатты қуанды. Ішіне симай ауызы қышып, сені қуантқысы келіп күнде оқталып жүрді. Мен жоқта беріп қойма деген, ренжитін болды.

Бегімай орынан тұрып келіп Адамның бетінен өпті.

– Игілігіңе ұста, жаным.

Қырғыз өрім жұмыр қамшынының өрімінің әр бұдырын Брайл шрифтін сипалаған зағиптай саусақтарының ұшымен аялап отырған Адам Бегімайдың ұлпа беті бетіне тигенде, сағынған анасына талпынған сәбидей абдырап қалды. Жыл сайын ұмытпай оралып, әйелінің жүрегін жұлмалап кететін, қадірі өзінің туған күнінен артық, еркектер қырынғанда жағатын крем иісіне деген жеккөрініші де ұмытылып, құрыс-тырысы жазылып қоя берді. Шәйін қолына алып, көңілдене тіл қатты.

– Манағы нөсердің сұмдығы-ай, Айлиннің мектебіне кешігіп қала жаздадық. Жолдан бояуларын алдық.

– Жауғаны дұрыс, қаланы тазалап кетті.                                                              – Колордағы сатушы қыз Айлинді көрген сайын бір сөйлеп қалады. Көздері зүбаржаттай екен деді. Өткенде «қап-қара болып, мөлдіріп тұрады» деп еді. Бегімай бал салған тостақты Адамға қарай ысыра түсті де: – «Опера және балет театрының гастролі аяқталыпты ғой» – деді жайбырақат қана. Әйелімен ашық әңгіме болатынын білетін, бірақ тап қазір күтпеп еді. Құздың қабағына ілініп, түпсіз тереңнің үстінде салбырап тұрған сәттерінде де өзін дәл осылай қауқарсыз сезінбеп еді.

– Опера және балет театрының өнерін шетел жылы қабылдапты. Сыншылардың рецензияларын оқыдым. «Қыз Жібек» операсының музыкасын егжей-тегжейлі жазыпты. Жазған адам біздің консерваторияда оқып, қазақ музыкасының теориясын зерттеген адам екен.

Бегімай асықпай барып шәйнегін отқа қойып келді. Адам әйелінің бір шешімге бел байлағанын білді.

– Қыз Жібек – Камилланы, келбетін Моника Беллуччиге ұқсатыпты да, ойынын драмалық партиялардың хас шебері Джойс ДиДонатоға теңепті.

Адам бүкіл таяныш, тірегі қаусап, құзға құлдилап бара жатқандай сезінді. Бегімай Адамның қолынан шәйі баяғыда таусылған кесесін алып, шәй құйды.

– Мен өз басым, осындай әйелдерді ұнатамын. Операдай күрделі өнерде жұлдыз болу оңай емес.

Кенет балконның қаңылтыр жиегіне бірдеңе тырс ете қалды.                        Сары шымшық келіп қоныпты. Шойнақ шымшық. Қыстан бері келіп тұрғаны осы. Адам топ шымшықты құстың торына алдап кіргізіп, сынық аяқ мынаны ұстап, Бегімай мен Айлин емдеп, жазылып кеткенше үйде ұстаған. Бегімай балконның терезесінің жақтауына ілулі тұрған кенеп дорбаны алып, бір уыс күнбағыс шемішкесін, бүгін үйірінен саяқ ұшып, жалғыз келген сары шымшықтың алдына төкті. Пыр етіп үріккен титімдей құс Бегімай кейін шегінгенде қайта келіп қонды. Қыс бойы Бегімай мен Айлиннің қолынан жем жесе де, аса сақ еді – бір түйір дәнді алып ұшып кетіп, анадайдағы ағаштың бұтағына отырып алып жейтін.

Әйнектің ар жағындағы шымшыққа көз салған ерлі-зайыпты екеу үнсіз отырды.

– Сен кетіп қалма, Айлин мектептен келгенше күт. Ол сені кейде түсінде көріп шығады.

Сары шымшық Бегімайдың сөзін түсінгендей шойнаңдап балконның ернеуімен әрлі-берлі жүрді.

Бегімай тосын әңгіме бастады.

–  Адам баласы бірнеше жыл бойы тек қана күнбағыс шемішкесімен тамақтанып өмір сүре ала ма?

- Әрине. Шемішкеде ағзаға керекті біраз минералдар бар.

- Ал, құрттан басқа тамағы болмаса ше?

- Құрт калорияға бай тағам.

- Алдыма тамақ келсе Ленинград блокадасындағы аштан өлген адамдар көз алдыма келеді. Африкадағы аштар да. Әсіресе, жас балалар.

Бегімай терезеге көз салды

– Ертең күн суыйды-ау, әсілі.

Шойнақ аяғын көтеріп тұрған сары шымшыққа қарап күлімсіреді:

– Сары шымшық, сен бізді іздеп келдің бе, әлде... Кешір, шемішкеге қараған да жоқсың – сен бізді ұмытпапсың. Сағынып, іздеп келдің.

Альпинистті ажалдан сақтайтын қабілеттің бірі – тепе-теңдіктің ауып кету қатерін дер кезінде бағамдай білу. Кейде саусағың ұшына ілінген күріштің дәніндей бұдыр салмақ ауып кетуден құтқарады. Адам құздан ұшқан сәтінде сау аяғымен іле жөнелген шойнақ шымшықты ішінен айналып-толғанды.

Бегімай оймақтай кеселерге шәй құйды. Өзі шәйді осы оймақтай ғана бір жұтым кеселермен ішкенді ұнатады. Оған ерлі-зайыптылық өмірде бара-бара Адам да үйренді. Өзге дастарханда бүйірлі кеселерге құйылған шәй қанша шөліркеп отырса да батпайтын болды. Бегімайдың Адам табынатын тағы бір қасиеті – дастархан мәдениетіне аса сұңғылалығы. Келін боп түскен алғашқы күні-ақ келін шайға жиналған кемпірлердің «көркемдік кеңесі» қалада өскен жас келіннің басына таққан орамалынан, тізе бүгуінен, орынынан тұруынан, жайған дастарханынан, құйған шәйінен, шәй кеселерді ұсынуынан көздері жасаурағанша кірпік қақпай аңдып бақса да, қылдай кінарат таба алмады. Өздері әрине, көр-жерді сөз етіп әңгіме соғып, бейғам кейіп танытып, әртіс болып-ақ бағады. Кейін, соғым сойғанда, енесі келінін қаладан ауылға арнайы алдырып, көрші кемпірлерге жас қуырдақ дайындатып, Бегімайдың ту жылқының етін бабына келтіріп тұздауын, қазы айналдыруын әдейі, мақтана көрсететін. Әсіресе, қартаны тұзды суық суға салып тұздайтынын, тұзды қартаның үстіне себе салатын кей кемпірге әңгіме арасында ретін тауып көрсете қоятын.                                                                                        Бегімай ас дайындауға кіріскеннен бастап, пісіріп-түсіріп, дастархан жиналғанға дейін маңайында құтырынған құдіретті әуен қалықтайды. Сол сәтте бұл келіншектен аулақ болған дұрыс. Адам әзілдеп «Асхананың Паганиниі» дейтін. Газды қосып, шойын табаққа тамған май көңірси бастағаннан-ақ Бегімай шынында да, әлдебір сиқыр әлемге сүңгіп, шым батып, алуан хош иістерді құйынша иіріп, жындарымен арбасқан бақсыдай тылсым күйге енетін. Кісі мақтауға сараң шешесінің «Біздің Бегімайдың тамақ жасағанда арқасы ұстайды» дейтініне Адам іштей мәз болып қалады.

Адам шәй ішіп болып, Бегімайдың бетіне мейірін төге қарап отырып ақырын ымдап жанына шақырды. Әйелінің белінен құшып, саусақтарынан өпті.

– Дүниеде сенен асқан шебер аспаз жоқ. Айлин бізге Жаратқанның берген ерекше сыйы.

Бегімай Адамға сүйенген күйі салалы саусақтарын салып жіберіп күйеуінің шашын тарақтап тұрып, көзіне тура қарады:

– Камилладай әйел ғашық болған менің ерім асыл ғой. Кетем десең мен ұстамаймын. Айлиннің сенімен кіндігі бір. Әлемнің батырларының бәрінен сені артық көреді. Бой жетіп, күйеуге кеткенше күтесің.

Бегімай стол үстін жинастыра бастады.

– Айлин кеше, көршінің қызы Ләззат маған «Бетің аппақ болып тұрады, не жағасың деп сұрайды» – деп келді. Анада Мирас «Қара қыз-ау қара қыз, қашан тойға барамыз...» деп келемеждепті. Құрбылары да көздерің бірде көк, бірде қара болып құбылып тұрады дейді екен.

Адам балконға қарады. Шойнақ шымшық ұшып кетіпті. Айлин «Неге жібердіңдер?..» деп қиғылық салғанда не деп ақталарын ойлады.

Бегімай стол үстін жинап болып, терезе алдындағы гүлдерге су құйды да, бөксесін бір бүлк еткізіп, қылықтана қисайып Адамның алдына тұра қалды. Күлімдеген көздерінде жасырған қуақы бір сыр бар сияқты.

– Жүр.

Бегімай күйеуінің қолынан алып Адамның кабинетіне беттеді.

Жұмыс бөлмесінің қабырғасына шағын тықыр кілем ілініпті. Ежелгі түркі аңызының – тау, тау басындағы ағаш, ағаштың басына қонақтап отырған құс сюжеті сәл өзгертіліпті – таудың баурайы – жасыл, белуары – ақ, ұшар басы – көк бояумен бедерленіпті де, таудың ұшына өскен сәмбі талдың солқылдақ жасыл шыбығынан тараған сүйрік жапырақ өріліп келіп аялы қос алақан тәрізді үйлесім тауып, ұя-алақанда жұмыртқа басып отырған шымшық бейнеленіпті. Кілемшеге төккен ойын үнсіз зерделеп тұрған Адамның осындайда тіке айтатынын білетін Бегімай:

- «Қойды – алақанға, қой үстіне ұя салған бозторғайды – өзіміздің сары шымшыққа өзгерттім» – деп күйеуінің бейсезім жүзіне жаутаңдай қарады.

- Сары шымшықты шебер қосыпсың. Ежелгі мифті ұтымды стильдепсің. Боз торғай да, шымшық та – құс. Одан бабалар мұрасына нұқсан келген жоқ. Шығарманың, қай жанрда болса да тамыры ұлттық топырақтан нәр алғаны дұрыс. Тамырын өзіміздікі қылып байлап тастапсың. Қанша уақытың кетті?

- Шеберханамда тек осымен айналыстым. Ең қиыны идеясының тууы болды. Содан соң, мифті сол күйінде көшіргім келмеді, соған қиналдым. Сары шымшық келіп кілеміме қонған сәттен бастап қолым жүріп кетті. Жарты жыл жұмсадым ғой.

- Кілеміңнің алдында жылдар бойы тұруға болады. Бірақ та мынандай шығармаға менің кабинетім тарлық етер.

- Бұл еңбегім тек сен үшін.

Ерте тұрамын деген уәдесі жайына қалып Айлин сәскеге дейін ұйықтады. Адам түнде балконның көше жақ ернеуіне бір кесе су қойған еді – беті қабыршақтанып, қатып қалыпты.

Айлин екеуі тау басындағы көлге күн тас төбеден ауа берген кезде жетті. Адам алдарынан бықсып жатқан от орынын көрді. Машинаны сөндіре сала көл жағасына жеткендерінде Айлин әкесінің қолынан қысып ұстап алды. Көлдің беті ағал-жағал. Кім болса да ерінбей кіріскен екен – тап бір зеңбірекпен атқылағандай жан-жақтан лақтырылған шымкесектер көл бетіне қатқан шәуішті шұрық тесік қылып, ойып тастапты. Адам арнайы келген соң көрсін деп, қызын жетектеп көл жағасына түсті. Айлин жағадағы қой тастың үстінен еңкейіп, шәуіштің ар жағындағы мөп-мөлдір көлді көріп таң-тамаша болды.

– Әке, ана балықтар тоңбай ма?

– Тоңбайды күнім. Үстерінде қыста киетін жылы тондары болады.

– Әке, шыныңды айтшы.

– Олар суыққандылар ғой.

– Әке, шәуішті сындырып, қолыма ұстап көрсем бола ма?

– Өзім алып берейін.

– Көл ренжімей ме?

– Ренжімейді. Өзін жақсы көретін адамдарды көл біледі.

Адам шәуіштің дәптердің парағындай бір көсегін Айлинге ұсынды.                Айлин шәуішті көзіне тақап аспанды, тау-тасты, шырша, қарағайларды түгел шолып келіп әкесіне тоқтады.

- Әке, сен теңіз түбіндегі... алтын балықсың. Мен не бұйырамын соны  орындайсың.

- Мен сенің қармағыңа түскен жоқпын. Бұйыра алмайсың.

- Әке, бол! Шәуіш еріп барады!

- Жарайды, айта бер.

- Біріншіден – сен телефоныңдағы музыканы өзгертесің!

- Жарайды.

- Екіншіден – мамамнан басқа әйелмен сөйлеспейсің!

- Жарайды.

- Үшіншіден – мені машинаға дейін арқалап барасың!

- Жарайды.

- Төртіншіден – мамаммен қартайғанша бірге тұрасың.

- Алтын балық үш тілекті ғана орындайды.

- Онда торсылдағыңды жарам!

- Төртінші тілегің де орындалады.

Айлин қолындағы шәуішті аса бір мұқияттықпен тастың үстіне қойды. Адам қызын арқасына отырғызып, ұзын шарфымен таңып тастады. Көл жағасының ұсақ құмын кешіп отырып жарқабаққа жетті де, жаңбыр суы жырып тастаған жырамен өрмелей бастады.

- Әке, сен батырсың ба?

- Жоқ, күнім.

- Сен күштісің ғой. Батырлар күшті болады.

- Сен жеп-жеңілсің, құстың қауырсынындай.

Айлин еркелеп, әкесінің мойынынан қылғындыра құшты.

- Сен батырсың, батырсың.

- Иә, батырмын. Жібер қылғындырдың. Батыр қазір құлайды.

- Мен батырдың ескерткішін жасаймын. Алтыннан.

- Ескерткішті атақты адамдарға қояды ғой.

- Сен атақты альпинистсің. Сегізмыңдықты бағындырдың.

- Жоқ, сен әуелі алтыннан ескерткішті мамаңа жаса.

- Мамам альпинист емес қой.

- Мамаң әлемдегі ең сұлу мама. Ең қайырымды мама.

- Иә, жақсы. Алтынын сен тауып бересің. Көлге енді қашан келеміз, әке?

-Ертең күн жылиды да, аптаның аяғында қайта суыйды. Сол кезде келеміз.

- Оны қалай білдің?

- Күн райын алдын-ала біліп отырмаған адам альпинист бола алмайды. Арнайы оқыдық.

- Маған да үйретесің бе?

- Саған не үшін керек?

- Алдымда не болатынын біліп отырғым келеді.

- А-а, онда болады.

Таудың бұралаң жолы тербеді ме Айлин ұйықтап қалыпты. Жаңа ғана – «Шәуішке адамдар неге тас лақтырады екен...»  деп қайта-қайта сұрап келе жатқан. Адам машинасын ақырын бұрып жол жиегіне тоқтатты да, қызының басының астына мойын көпшік салып, үстіне күртешесін жапты.

Мана көл жағасында Адам Айлиннің бет-жүзін айқын көрді – ақ маңдайлы, ақша жүз; екі бетінің ұшы албырап, қап-қара көздері мөлдіреп тұрды. Адам қой тастың үстіндегі қызы көлге құлап кетпесін деп жанына келіп тұрған. Айлин көлді қызықтап, әр нәрсені айтып, сықылықтып мәз болып тұрғанында бұл қызының шәуішке түскен жүзіне қараумен болды.  Бұл не – кездейсоқтық па, әлде, тау суының ерекше қасиеті болғаны ма? Бегімай екеуі қыздарын не медицина мамандарына, не болмаса ел ішіндегі емші-бәлгерлерге апарған емес. Адам бала кездегі тентектігін көз алдынан өткізді – ойнап жүріп бір балаға қолы қате тисе немесе күш көрсетсе сол күні қарымтасы дайын тұратын – өзенге шомылып жүргенде әйнек сынығы май табанын айырып тұрып кесіп кетеді не велосипедтен оңбай құлайды. Бірде доп қуып жүріп пасты дұрыс бермеген баланы құлақшекеден қойып еді, сол күні кешке қораның төбесінен құлап түсіп, екі апта белін жаза алмай жүрді. Калимуллаға қолындағы арқанды лақтырып үлгергенінде, теңіз жұтып бара жатқан досы арыстанша атылып мұздың үстіне бір-ақ қарғыр еді ғой... Кеудесін батпандай салмақ жаншыған Адам ауыр күрсінді... Көліктің есігін ақырын ғана жапты да сыртқа шықты.

Тау ішінің сұлулығынан бас айналады. Альпинизмді қойғалы тауға шығуды сиреткен Адам тау ішін сағынып қалыпты. Әсіресе бал сары, қанық жасыл, қанкүрең түстер түйсіктің тамырын иітіп, көңіл-күйді әлдеқайда шарықтатып алып кетеді. Арша, қарағай, тянь-шань шыршасы, ақ қайың, емен, ит мұрын, долана бұталары, шырғанақ ағашы, алуан өсімдіктер, дәрілік шөптер иісі жансарайыңды аша түседі. Адам құлаған еменнің үстіне отырды. Есіне Швейцария, Альпі тауы, Альпінің қара тұмсық қойлары түсті. Фридрих пен Гарибальдиді шығарып салып, әлі бір апта демалысы болған соң Бернде қалып қойған еді. Жанында Камилла бар қанқызыл кабриолетпен Церматтаға қарай ызғытып келе жатқаны көз алдына келді. Камилланың Швейцарияға тұңғыш келуі екен. Екеуі кеше танысты. Камилла да Адам жатқан қонақ үйге тоқтаған болып шықты...

Маттерхорнға сәтсіз жорықтан кейін қатты шаршаған Адам сәске түске дейін ұйықтап ұйқысын қандырып алды. Түске дейін еш қайда шыққысы келмей, жылы душқа түсіп, номерге жеңіл-желпі тамаққа тапсырыс берді. Дауысы тынығып, үнінің күмбірлеп тұрғанын байқап, көңілі көтеріліп ән салды. Ә дегеннен «Аққұмнан» бастады. Шырқау биіктен басталатын құдіретті әнді кең дауыспен құйындатып, дауылдатып, еркін бастап, созып тұрып алды. Мына жердің мақпал климаты әсер етті ме тамағы да қыспай, көкірегі гүмбірлеп, тау суындай таза, қуатты зор үн, аспалы шамның шынысын сыңғырлатып, қабырғаларды жарып жіберердей бөлме ішін кернеп кетті. Одан кейін әннің төресі «Айнамкөзді» шырқады. Бұл кезде дәлізде Камилла келе жатқан. Сұлу bel canto. Қазақ әні. Таза қазақ тілінде. Камилла аң-таң тұрып қалды. Труппа артистері қонақ үйге кіре  қойған жоқ. Жанында шамаданын көтерген қонақ үй қызметшісі бар жоғары көтеріліп келе жатқан Камилла ғана. Қазақтың опера әншілерін дауысынан танитын Камилла бұл ғажапқа таң күйі номердің есігін қақты.

Адам есік қағылғанын естіген жоқ. Дауысы ашылғанына қуанып, ерекше шабыт үстінде «Құсни Қорланға» көшіп еді. Камилла әннің қайырмасына қосыла кетті –  «Ахахау, арман, Құсни Қорлан, екеуі туған екен бір анадан...». Терезеден Берн көрінісін қызықтап, шырқап тұрған Адам бөлме ортасындағы сұлу келіншекті байқап, жымиды да, мықты дегендей бас бармағын көрсетті.

– «Шіркін, қазақ әндері! Неткен сұлулық!». Мен осы әндерге ғашықпын. Сіз – Камилласыз ғой. Мен сізді танимын.

– Браво! Сіз әншісіз бе?

– Жоқ.

– Консерваторияны қайдан бітірдіңіз?

– Бітірмегенмін. Альпинистпін.

– Альпинист? Альпинист-вокалист?!

– Иә. Біз таудың басына шығып аламыз да төменге айғайлаймыз. Оттығым қалып кетіпті, лақтырып жібер деп!

– Иә?..

– Жерде қалған досың да айғайлайды – «Джинсиіңнің қалтасында ма, әлде бешпетіңнің бе?» деп. Осылайша сегіз мың метр алыстағы адаммен айғайласа беріп опералық дауыс пайда болады. Сондықтан альпинистердің бәрі әнші келеді.

– Таудың басында темекі тартасыз ба, оттық не үшін?

– Жоқ. Биіктікті жаулаған соң басына ағаш үйіп алау жағамыз.

Камилла кенет күліп жіберді. Көздері жанған сұлу келіншектің сеніп тыңдағанына Адам да күліп жіберді. Әлде шебер актрисаның импровизациясы.

Адам кешке «Қыз-Жібек» операсына барды. Камилланың сыңғырлаған аса жағымды үні зал ішін кернеп кетті. Әншінің колоратуралық меццо-сопрано дауысы бірде таудан құлаған кәусәр судай кеудесінде гүмбірлеп келіп, бірде жас бүркіттің саңқ еткен үніндей көкке тік көтеріліп, шырқау биіктің пердесін жарып, адам таң қалар жоғарыға шырқап кетеді екен. Адам Камилланың драмалық партияларды орындауда алдына жан салмас шын талант екенін таныды. Дауысымның тіреуінен айырылып қалам деп оқтау жұтқандай тік жүретін кей әншілерге қарағанда сахнада әннің ырғақ-өлшеміне еш нұқсан келтірмей, тастан тасқа секірген еліктің лағындай жылдам да жеңіл қозғала біледі екен. Спектальден соң Камилланың гримм бөлмесіне кіріп, бір шоқ мимоза гүлін сыйлады. Құстың сап-сары балапанын еске салатын үлбіреген сары моншақ гүлдерді қолына алған Камилла аса бір жылылықпен иіскеді де, ерекше ілтипатпен Адамға бетін тосты. Адам Камилланы Гарибальди, Фридрих, Калимулла төртеуінің үйреніскен Meridiano ресторанына  алып барды. Берннің қаңтары Алматының наурызын еске салады – омырауыңды самалға төсеп көше қыдырып жүре берсең – өмірдің бар рахаты осы сияқты көрінеді. Екеуі қаланың ең биік үйлерінің бірінің жоғарғы қабатында ашық террасада отырып, кешкі Бернді тамашалады. Камилла аздап қырмызы шараптан алды. Екі бетіне сәл қызыл рең жүгіргенде тіпті әдемі болып кетеді екен.

– Сіздің дауысыңыздай дауысы бар адамның әнші болмауы күнә ғой.        – Консерваторияның үшінші курсында жүргенде тамағыма ота жасаттым. Көмейдегі екі безді сылып алып тастады. Содан кейін тамағым құрғап, сәл салмақ түссе қышып, жөтеле беретін болдым.

– Альпинизмге қалай келдіңіз?

–  Досым – Калимулла альпинист еді.

–  Кешіріңіз, досыңыз қазір жоқ па?

–  Иә. Екеуіміз қыста теңізде балық аулап жүргенде опат болды.

–  Кешіріңіз, иманды болғай...

- Мен Сізді ертең Церматтаға алып барайын. Горнергратты тамашалаймыз.

-  Саяхат поезы баратын сол жер ме?

- Иә. Ол уақыт алады. Машинамен барған дұрыс.

Қанқызыл кабриолет тау жолымен ызғытып келеді. Биікке көтерілген сайын кеудесін толтыра қою қоңыр үнмен бір ышқынып алады да, жолға жабыса жатып алып, жойқын күшпен алға тартады. Бірде шалт бұрып, бірде газды басып-басып жіберіп жылдамдықты үдетіп, бірде тежегішті басып-жіберіп көлікті ойнатып келе жатқан Адам әлсін-әлсін жанындағы Камиллаға қарап қояды. Шашын жел жұлмалаған Камилла да қауіп-қатер толы мына бәйгеге қаны қызып, елеуреп келеді – екі көзі жанып, жолдан көз алмайды – іштей қорқыныш та жоқ емес. Әлденеге бас тіккен Адам үнсіз. Шиыршық айнала биікке созыла беретін жол таусылар емес – артта бір сағаттық жол қалса да, бұлар әлі таудың белуар тұсына да жеткен жоқ. Желмен таласа Адам дауыстай тіл қатты:

– Камилла!

– Ау!

– Сіз мені сүйесіз бе?

Камилла Адамға жалт қарады да алдына қайта көз тікті. Жанары жасындай жарқ ете түсті.

– Алдымен, сіз мені танисыз ба деп сұрағаныңыз жөн болар.

Адам газды баса түсті. Кабриолет алға ышқынды.

– Енді қайта сұрамаймын. Ана таудың басына жетерлік уақытыңыз бар. Есеп кетті.

Камилла тауды жаңғырықтыра сыңғырлай күлді. Алдан шұғыл бұрылыс көрінді. Адам газды баса түсті де рульді бұрып қалды. Көліктің артқы доңғалақтары құзға қарай сырғи жөнелді де, жол жиегіндегі ұсақ құмды боратып жанталаса айналды. Адам көзді ашып-жұмғанша қимылдап жылдамдықты ауыстырды. Табаны тасқа іліккен көлік әрлі-берлі бұлтаңдап алды да тас жолға қайта түсті. Бұрылыстан кейін сай екен – алда тік құлама ылди күтіп тұрды. Машина оқ тиген ұшақша төмен қарай құлдилады. Сай табанына жете бере Адам газды аямай басты. Тік жарқабаққа көтерілгендей төрт дөңгелегі жолға жабыса, биікке ұмтылған көлік алға сүйреген  жылдамдық сәл баяуласа шалқалап барып құлайтындай. Еріндерін тістеп алған Камилла орындықтың сүрік қабына қос қолдап жабысып алыпты. Камилланың тіп-тік отырысына қарап Адам оның қорқынышқа әлі берілмей отырғанын байқады. Сайдан кейін жол тегіс екен. Адам орындықтың арқасына шалқайды да, газды басып-басып жіберіп көлікті ұшыра жөнелді. Жолдың ортасына жете бере жылдамдықты ауыстырып тежегіш пен газды алма кезек баса отырып жылдамдықты күрт тежеп көлікті жер табандатты да, рульді бұрып қалды. Кабриолет тар жолда шыр көбелек айналды.

– Вы сумашедший...

Көлігін тіктеп алған Адам ажылдатып газды басып-басып жіберді. Бар қуатын төрт дөңгелекке құйған көлік бір жұлқынып қалды да алға қарай өршілене ұмтылды. Тау жолы биіктеген сайын Камилла отырған жақ қапталдағы құз зәрені ала түседі. Адам жаңбыр жырып, жиегін су шайып кеткен, жоғарыдан құлаған ұсақ тастар шашылып жатқан жерлерден де құйғытып өтумен болды. Көлік шұқанақ пен тастардан жалтарып, құз ернеуін жағалай жүрген сайын Камилла ырқынан тыс тақымын қысып, Адамға қарай жантая қалады. Кейде иығы жанасып та кетеді. Ондайда Адамның бойына ыстық қан ұрады. Жолдың ең күрделі тұсы – ұзындығы жарты шақырымдай өр басталды. Үш жүз сексен аттың күші бар қуатты машинаға күш түскені байқалады. Алда-жалда мотор тоқтап қалатындай жағдай туса, тежегіштен үміт аз – төменге қарай тасша домалағаннан басқа қайран жоқ. Адам рульді қос қолдап сығымдап, қалың қасы жиырылып, бүркітше төніп алды. Тершіп кеткен алақандарын кезек-кезек джинсиінің  санына үйкеп-үйкеп жіберді. Камилла алдына қарап, үн-түнсіз қатып қалыпты. Мәңгілік орнағандай болып, уақыт жылжымай қойды. Жүректері дүрс-дүрс соққан екеу бір дене, бір адамға айналғандай. Көліктің ыңыранған үнін тыңдап, үнсіз келеді. Жолдың қауіпті бөлігін еңсеріп қалған көлік кенет солқ ете қалды. Өне бойына діріл жүгіріп, тамағына балықтың шөңгесі кеткен адамдай қақала бастады. Камилла Адамға жалт қарады. Осы бір қас қағым сәтте жанарындағы үрей мен үмітті байқап қалған Адам бойын қорқыныш буған әйелдің сұлулана түскеніне таң қалды. Асыл текті деген осы болады! Хас асылдың белгісі! Үрейдің орынына көкірегін әлдебір қуаныш кернеп кеткен Адам сабырлы қалыпынан айнымай, жылдамдықты қайта-қайта ауыстырды. Ықылық атқандай бір мәрте солқ ете қалған көлік құлаққа жағымды үнін кері тапты. Қанқызыл кабриолет төбе басына да көтерілді. Жонның үй орынындай ғана тегістігінен соң құлама ылди тағы басталады екен. Қылаулап қар жауа бастады. Адам алдындағы тетік-түймені басып еді, сәл ызылдаған дыбыс естілді де артқы орындық жаққа жиналған бүркеніші жазылып, көліктің төбесін жаба бастады. Терезе тазалағыш әйнекке қонған қарды оң мен солға ысыруға кірісті. Жағының бұлшық еттері ойнап, түйіліп алған Адамның жылдамдықты ауыстырып, құлдилауға дайындалғанын байқаған Камилла қолын ақырын ғана тоқпан жіліктің басындай жылдамдық ауыстырғышты сығымдай бастаған жігіттің жұдырығының үстіне қойды. Қолына оттай ыстық ұлпа алақан тиген Адамның тұла бойынан ыстық леп жүгіріп өтіп, жол бойы тас болып қалған денесі босап, балбырап қоя берді.

Камилла Адамның көзіне қадалып ұзақ отырып – Сен... Сен...  – деп бір нәрсе айтуға оқталып келе жатты да кілт тоқтап, басын шалқайта күліп жіберді.

Адам Камилланың сізден сенге көшкеніне іші жылып қоя берді. Екеуі көліктен шықты. Тау ішінің салқын самалы денелерін бір рахатқа бөледі.

Камилла Адамға таяп келіп мойынынан құшақтады да, ерінінен құшырлана сүйді. Адам Камилланың маңдайына түскен шашын  саусағымен аялай ысырып, бетіне қонып жатқан қар ұлпаларын өпті.

Адам өзіне виски, Камиллаға хош иісті жұмсақ шарап құйды. Даяшыға күміс үш тұғырлы балауыз шам алдырды. Даяшы шамды тұтатты.

– Әр рольден соң өзімді бос кеуек сезінемін.

Камилла жартылай шарап құйылған бокалды балауыз шамның жарығына тосты.

– Адам.

– Иә.

– Тауға ғашық болып қалдым.

–  Жаңа Кере-коны1 ғажап ойнадың.

– Саған рахмет. Таудағы экстрим жандүниемді тазалап кетті. Өмірге

көзқарасым өзгергендей. Елге барған соң альпинизммен

шұғылданамын.

– Қолдай алмаймын.

– Неге? Альпинизм тек еркектердің спорты ма?

– Альпинист әйелдер жетерлік. Тау әйел, еркек деп бөлмейді.

– Басқа не себеп?

– «Өнер – құрбандық талап етеді» дей ме.

– Иә. Баға жетпес асылыңды бересің. Кейде тіпті барыңды беруің де мүмкін. Ібіліспен шарт жасасқан сияқты.

– Иә... Бірінші курсқа түскеннен-ақ ұстазымыз осыны миымызға құюмен болды.

– Сен өнерден кетіп қалдың. Құрбандықсыз құтылдың. Адам, сен көп ішіп отырсың?

Адам Камилланың көзіне қарады. Мөлдіреген көздердегі қимастық сезім жүрегін елжіретті.

Камилла ақырын ғана Адамның қолын алып, саусақтарынан сипады.

– Таудағы стресстің әсері ме?

– Менің құрбандығымның өнерге қатысы жоқ.

– Ол не құрбандық? Сендей жігітті қинаған?

Адам вискиден жұтты.

– Айтуға ауыр.

– Жаныңды қинама.

– Жоқ. Айтылуы керек. Екеуіміздің арамыз таза болғаны жөн.

Камилла бокалын столға қойып, орындыққа шалқайды да, сабырлы кейіппен Адамға көз салды.

– Жарайды. Осыдан он жыл бұрын Калимулла екеуіміз Алматыдан үш мың шақырым алыста жатқан теңізге тарттық. Қаңтар айы, жол ауыр, машинаны кезек-кезек айдадық. Үшінші күн дегенде теңізге жеттік. Жағадағы нар қамыс ішіне шатырымызды құрып, ауымызды алып теңізге шықтық. Теңіздің ол тұсының суы біртіндеп тереңдейді. Қалың қамыс көз ұшында қалды. Мұздың қалыңдығы бір метрдей бар. Машинадан ау, сүймен, сырықтарды түсіріп бірнеше жерден үкі ойдық. Мұз астынан балық аулау деген бар – арасын бес-алты метр етіп, қатар үкілер ойылады да ау сырыққа жалғанып үкілер арқылы жылжытылып отырады. Ау керілген кезде екінші ұшы жағынан ауды еркін шығарып алардай құдықтың ауызындай ойық ойылады. Көп уақыт өтпей-ақ ауымызға «жан бітіп» бұлқына бастады. Шығаруға кірістік. Капрон ау ап-ауыр. Екеулеп сүйрелеп жүріп аудың жартысын шығарған кезде мұз үсті балыққа толып кетті – сыла, сазан, көксерке, жап-жалпақ табан балық, бәрі бар. Аудың қалған жартысын ойықтың ауызына сүйреп әкелгенімізде екеуіміз де таңданғаннан айқайлап жібердік – тайыншадай бекіре балық ілініпті. Мен жүгіріп барып машинадан ұзын арқан әкелдім. Арқанды бекіренің желбезегінен өткізіп мұз үстіне машинамен тартып шығардық. Зілдей немені жүксалғышқа тиеп ауды жинауға кіріскенімізде кенет марьян желі көтерілді. Теңіз жақтан соққан дауыл лезде құтырып шыға келді. Жер сілкінген сияқты мұз қозғалып, күтірлеп, бойлап жарыла бастады. Дүниедегі ең жаман қорқыныш – аяғыңның астындағы мұз қозғалғаны екен. Таудан құласаң тастың бір бұдырына ілігермін деген үміт болады, ал мұз жарылып, көз алдыңда «кел, жұтамын» деп толқып тұңғиық жатқанда шарасыздықтан айқай салады екенсің. Зәрем ұшып, сеңнен сеңге секіріп машинаға қарай жан ұшыра жүгіріп келе жатып аяғым тайып кетіп теңізге күмп бердім. Жанталасып мұз тырмалап жатқанымда жетіп келген Калимулла мені суырып алып сеңнің үстіне шығарды. Сең қақ жарылды да Калимулла тұрған жартысы теңізге қарай аға бастады. Мен көлікке жеттім де арқанды ала салып Калимуллаға жүгірдім. Жүгіріп келе жатып қолымдағы арқанды басымнан аса шиырып, Калимуллаға лақтыруға ыңғайландым. Енді төрт-бес аттасам лақтырған арқаным Калимулланың қолына тиер еді. Иә, қолына тиер еді! Ол екі қолын созып айқай салып, күтіп тұрды. Мен сеңнің шетіне жете бергенде аяғым тайып кетті де шалқамнан түстім. Шүйдеммен оңбай соғылсам керек, есеңгіреп барып орынымнан тұрсам – Калимулла тұрған сең аунап барады екен, мен арқан лақтырып үлгергенше көз алдымда досымды тұғиық жұтып кетті.

– Сен қолыңнан келгеніңді істедің. Құрбандық неде?

Адам орынынан тұрып орындықтың арқалығына ілулі тұрған пиджагін киді. Сәл тұрып пиджагін кері шешті де орынына отырды. Тістерін қарш-қарш шықырлатып тістенген кезде жағының бұлшық еттері ойнап шыға келді. Қос қолымен басын сығымдағанында білегінің тамырлары адырая көрінді.

– Мен әдейі құладым. Естисіз бе?! Әдейі! Екеуіміз де Бегімайды сүйетін едік. «Достығымызды сақтайық, қыз кімді таңдайды, реніш болмайды» деп келістік. Бегімай асыққан жоқ. Достығымызды қимады ма... Бірақ та оның Калимулланы таңдайтынын сездім. Менің досымның алдында ұпайым мардымсыз еді. Сіз Калимулланың қандай жігіт екенін білмейсіз ғой.

Адам бокалын толтыра виски құйды да, басын сәл шалқайта беріп ауызына құя салды.

– Көктем шыға денесін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бар, туысқандары бар, теңізді кезіп бірнеше ай іздедік. Жылға жақын күтіп, ақыры табудан күдер үзген әке-шешесі балаларының киім-кешегін қала сыртындағы қауымға апарып көмді. Қандай заңда жазылғанын – осы күн менің туған күніме дөп келді. Содан бері туған күніме жазылған дастархан басында Калимулланың аруағы бірге отырады.

Адам алақандарын желкесіне қойып, аяқтарын созып жіберіп, орындыққа шалқайған күйі, төбеге тесіле ұзақ үнсіз қалды. Бір кезде барып, айдалада отырып өз-өзімен сөйлескендей үн қатты:

- Камилла, кешіріңіз, екеуіміздің таныстығымыз мәресіне жетті білем. Шаршаған шығарсыз, демалыңыз, жүріңіз шығарып салайын.

Камилла қара күзен мантосын иығына қымтай жамылды да орынынан тұрды.

Аяқ астынан сізге көшкен жігітке Камилла ештеңе деген жоқ.

Адам төсегінде дөңбекшіп біраз жатты да орынын тұрып терезені айқара ашты. Көшедегі көлік саябырсыпты. Салқын ауаға денесін тосып біраз тұрып маңдайын терезенің әйнегіне тигізді. Кенет ақырын ғана есік қағылды. Адам есік ашқанда алдында Камилла тұрды. Камилла табалдырықтан аттай беріп, аяғының ұшына көтеріліп қос білегін Адамның мойынына артты да, ерінінен сүйді. Адам құшақ толар Камилланы қуыршақтай көтеріп алды.

Түнгі Берн көшесі тып-тыныш. Тек анда-санда жүріп өткен көлік дауысы ғана естіледі. Камилла Адамның иегіндегі, жағындағы көк тікенекті алақанымен сипалады.

– Есімнен айырылып, еркекке дәл осылай құлап түсемін деп ойламаппын. Не қасиетің бар еді...

– Адамдар кездесуі керек қой. Күйеуің бар ма?

– Болған.

– Құлап түспесең қалай күйеуге шықтың?

Камилла Адамды қытықтап, алысып ойнады.

– Комплимент тілеп жатсың ба? Қусың, ә? Да, ты лучше! Болды ма? Сенен асқан жігіт жоқ!

– Қалай болды?

– Еш қызығы жоқ. Ол мемлекеттік құраманың жаттықтырушысы, мен әнші. Ол жарыстарда жүреді, мен гастрольде жүремін, кейде тіпті үш-төрт айлап кездеспейтін кезіміз де болды. Бал айымыздың өзі екі-ақ күнге созылды. Екі жыл тұрдық. Қызым әке-шешемде. Ол командасындағы жас гимнаст қызға үйленді.

– Ойлайсың ба?

– Білмеймін. Ондай адам өмірімде болмаған сияқты.

– Онда қызың кімнен пайда болды.

- Ах, сен!

Камилла еркелеп Адамды көпшікпен ұрғылады.

- Оттавада «Аида» ма?

- Иә. Сосын «Қыз-Жібек».

Камилла керует басындағы тумбаның үстінде жатқан Джузеппе Тароццидің кітабын қолына алып, мұқабасының сыртындағы, бурыл шашы қара қалпағының астынан бұйраланып шығып тұрған, қыр мұрынды, қабағы түксиген, мұрты едірейген, сақалды, тұнжыраңқы Вердиге көз салды.

-Консерваториядан кейін кітап оқу сиреп барады.

- Тауға шығар алдында оқимын.

- Тауға сені не күш тартады?

- Білмеймін. Ойланбаппын. Тыныштық шығар.

- Қауіп ше?

- Тау қаладан қауіпті емес.

- Мен сахнаны сүйемін. Ерте барып, адам жоқта сахнаның өзіне ғана тән ауасын жұтып, қараңғыда үнсіз тұрамын.

- Таудың тылсымы бөлек. Тілмен жеткізе алмаймын. Эвересттің басына он мәрте шықсаң да талабына сай келмесең тау сені өгей баласындай көруі мүмкін.

– Талабы неде?

– Оны ешкім білмейді. Тауда бір тиым бар. Құпиялы қырық есігін ашқан ер болсаң да, қырық бірінші есігін аштырмайды. Вердидің өнердегі жанкештілігі менің Калимулла досымды еске салады. Ол нағыз таудың адамы еді. Вердидің әр жазғаны шедевр. Өнердің қырық бірінші есігін ашқан адам. «Аида»  – адамның пешенесіне жазылып қойған тағдыр. Жүрекпен көріп, жүрекпен танитын шығарма. Тағдырыңа құй – көн, құй – көнбе, мойынұсынасың. Неткен табанды адам. Қаншама өлмес туынды қалдырды.

- Адам, талғамымыз да бір... Вердиді мен де басқа композиторлардан бөлек қоям. Екеуіміздің кездесуіміз – тағдыр шығар?

Камилла терезенің алдына барып, жібек пердемен бөксесін бір орап, сол тізесін алға бере, салмағын оң аяғына түсіріп, Адамға қарай бұрылып, сол қолына алма ұстап тұра қалды. Беліндегі жібек перде үлбіреп, терезеден түскен ай сәулесіне малынып, тағыдай үркек күйде тұрған тәкаппар келіншек Афродитадай мінсіз еді.

- Ұқсаймын ба?

- Ұқсайсың. Порно актрисаға.

Адам құшағында бұлқынған Камилланы ұзақ аймалады.

- Табынушыларым аяғыма жығылып, ант ішіп жатады. Сен бөлексің. Сендей еркек жоқ шығар деуші едім.

Камилла Адамды қасынан, көздерінен сүйді.

- Бірақ, сол дүниедегі жалғыз еркек «сен мендіксің дегеніме жауап бере алмай дір-дір етіп қорқып отыр».

Адам жанындағы келіншектің сәби қылығына қызыға қарады.

- Адам, қорықпа, таңдау өзіңде. Әзіл ғой, сеніп қалдың ба? Жаңа спектакльден соң екі қария, ерлі-зайыпты шамасы, дәлізде күтіп тұр екен,  қолымды алды. «Сексенге келдік, опера болмаса баяғыда өліп қалатын едік» деп әзілдеп қояды. Бұлардың классикаға көзқарастары таң қалдырады.  Вердидің заманында да премьера сайын театрға адам симай кететін болған. Халық спектакльден соң көшеге симай шұбырып, композиторға қонақ үйге дейін еріп келген.

- «Аидада» – қантөгіс жоқ; «Риголетто», «Эрнани», «Трубадурдағыдай» дөрекі-өктемдік жоқ, тау басынан секіргелі тұрған адамдай алқынып, ентігуден ада; ерке сәбидің жылағанындай жүректі елжіретер үн, ғашықтық ынтық лиризм, психологиялық асқан сұңғылалық бар»  – деп Тароцци өте дәл баға берген.

- «Аидада» мені тартып тұратын бір сиқыр бар. Қайта оралмас жастықты жырлауы ма екен...

- «Аида» – өмірдің өзі. Қызылала әсіре бояу жоқ. Екеуіміздің арамызда сенім, шындық болғанын қалаймын.

Камилла Адамның қасына келіп қисайды.

- Әйел болсам да Джузеппинаның жанын түсіне алмай қойдым. Верди оны көзіне де ілмей өтті. Пеппина еріне күңіндей қызмет етті.

- Джузеппина Стреппони. Пеппина. «Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына табынса да...» Тура Джузеппина үшін айтылғандай. Пеппина мен үшін, әйел болудың, жар болудың үлгісі.

Таң енді бозарып келе жатқанда Камилла төсектен тұрды.

– Адам, сен мені сүйесің бе?

– ...

– «А в ответ тишина. Он вчера не вернулся из боя2»... Жарайды. Мен үшін қандай ерлікке бара аласың?

– Ерлікке?

– Иә.

– Сені арқалап Эверестке шығамын.

– !!! Сонан соң?

– Бал айымызды Эверестте өткіземіз.

– Жақсы. Сонан соң?

– Сені Эверестте қалдырып кетемін.

– Не үшін?

– Жақсы сақталасың. Табынушыларыңды көрмейсің.

– Сені ше?

– Ай сайын келіп тұрамын.

– Идея?

– Идея? Идея – сұлулық қол жетпес биікте болуы керек. Ұлы Жаратушы тауды жердің тепе-теңдігін сақтау үшін қазық қылып қаққан. Шыңның басындағы кәусар тазалық пен сенің сұлулығың әлемдік тепе-теңдікті сақтайды.

– Тау басындағы тазалыққа ұмтылу жолында кейбіреулер өмірін құрбан етеді. Менің құрбандығым неде? Сенің арқаңда барсам.

– Өнеріңмен қоштасасың. Тек мен үшін өмір сүресің.

– Саған неге құлап түскенімнің сырын енді түсіндім. Әйеліңді әлі сүйесің бе?

Адам сұлу келіншектің әсем қозғалып киінгенін қызықтап жатты. Сүйіктісінің алдында шешініп-киіну де әйелдің қылығын ашады.

– Сүйем. Арамызда бір перде тұрады. Салқындық лебі. Теңіздегі жағдайдың құпиясын сезетін сияқты. Әйел ғой.

– Мені ше?

– Сені де. Тауға көп өрмелеген жігіттердің жүрегі үлкен болады.

Киініп болған Камилла еңкейіп келіп Адамның бетінен өпті.

–  Екі сағаттан соң әуежайда болуым керек.

– Гастроль қашан аяқталады?

–  Әлі бір апта бар.

– Мен кеше ресторанда сенімен іштей біржолата қоштасып кеткенмін.

– Күйеуі өзі үшін осындай құрбандыққа барған әйел қандай бақытты. Шығарып салма.

Камилла есіктің тұтқасынан ұстай бере кері қарады. – Кеткім келмейді, мен сені сағынамын. Қатты сағынып жүрем.

Денесі тоңыңқырап қалған Адам орынынан тұрып, бойын жазып керілді де көлігінің артқы есігін ашты. Айлин аунап түсіп, орындықтың арқасына қарап жатыпты. Адам түсіп қалған күртешені көтеріп қызының үстін қымтады да, рулге отырды. Қалаға қас қарая жетті.

Айлиннің қызық бір қасиеті – басына бір ой келсе, тапжылмай, тамақ та ішпестен пластилинді илеп отырып идеясын сол сәтте мүсінге айналдыра қояды. Пластилинді мол қылып алады да үйдің ішіндегі жылу батареяларының үстіне жапсырады, әкесі мен шешесінің қолдарына ұстатады – осылайша пластилинді жұмсартып, илеуге дайындап қояды. Стилі нэцкеге жақын – үйдегі сөре біткеннің үстінде самсап тұрған саусақтың басындай піл, сиыр, қой, ит, құс тәрізді мүсіндерден мін табу қиын. Әкесімен көлге барғаннан кейін бір күн өтер-өтпесте үйге үйірмеде жасаған шығармасын алып келді. Орталық галереяда өтетін көркем сурет студиясы шәкірттерінің көрмесіне ұстазы көп жұмыстың ішінен іріктеп алыпты. Адам мен Бегімай қыздарының туындысын айналып ұзақ жүріп алды. Айлин көрмеге екі мүсін дайындапты – кішкентай қыз бала екі қолын басынан аса көтеріп тұр – он саусақтың ұшында – шәуіш. Адамның ұзақ үңілгені екіншісі болды – қаздың жұмыртқасындай шәуіш-қағанақтың ішінде сары шымшық отыр. Өздерінің – шойнақ шымшығы. Қисық біткен шойнақ аяғын көтеріп алған шымшық титімдей көзі жылтырап, басын сәл қисайта, айналаға таңдана қарайды.

Студия директорынан арнайы шақырту алған ерлі-зайыптылар жұма күні орталық галереяға бет алды. Сырты алтындап жазылған қатырма қағаз болатын шараның маңызын арттыра түскендей.

Бұлар ерте келіпті. Қыздарының еңбегі көпшілік талқысына түсерін ойлағанда көңілдеріне кәдімгідей қобалжу кірген екеу, ішке кіруге батпай галерея алдындағы скверде ананы-мынаны айтып қыдырыстап жүріп алды. Сағат он бір болғанда көппен бірге көрме залына кірді. Кең залдың іші қарақұрым адам. Ата-аналар, студия шәкірттері, қаладағы көркем сурет оқу орындарының студенттері, мұғалімдері, өнертанушылар. Камераларын мерлеумен әуре операторлар, әр жерде интервью алып жатқан журналистер оқиғаның маңызын арттырып, бояуын тіпті қалыңдатып жіберді. Адам мен Бегімай бота тірсек әйнек тұғырларға қойылған мүсіндерді аралап келіп Айлиннің студиясы шығармаларының жанына келді. Айлин шеткері тұрып, туындысын сырттан бақылып тұр екен. Қызының қолынан шыққан мүсінді көрген Адамның жүрегі шым ете қалды. Бегімай мүсінге қарап қатып қалыпты. Қаздың жұмытқасындай ғана жұмыр шәуіштің ішінде мақпал қара шашы иығына төгіліп қыз бала тұр. Тізесінен келетін, шолақ жең ақ көйлек киген талшыбықтай қыз баланың... бет-жүзі жоқ. Ақшыл мәрмәр сияқты материалмен беттің орынын қуыс қылып қана беріпті. Айлин мөлдір мұз қабықшамен бет-жүзсіз қыздың әлемін мына әлемнен бөліп тастапты... Бегімай бар күшімен Адамның қолын қысып алды. Денесінің дірілі сезіліп тұр. Адам әйеліне көз қиығын салды – қос жанардан мөлтілдеген жас, лақ еткелі тұр екен. Бет-жүзі жоқ қыз мүсінінің жанына жиналып қалған көпшілік Адам мен Бегімайды біртіндеп ығыстырып тастады. «Беті жоқ қыз... беті жоқ қыз...» деп абыр-сабыр болған журналистер мүсінді қоршап алып, операторлар мен фотографтар жанталаса түсіріп жатты. Жүрегін зіл қара тас салмақ жаншыған Адам Бегімайды жетелеп залдан шығуға асықты. Мүсінге «шедевр» деп ат қойып үлгерген журналист қыз алдарын орап кес-кестеп сұқбат алуға ұмтылып еді, Адамның тас мүсін келбетін, Бегімайдың жасаураған көздерін көріп бас шайқап қала берді.

Ерлі-зайыпты екеу түскі астарын үнсіз отырып ішті. Кешке теледидардан жаңалықтар қарап отырған Адам Айлиннің еңбегі сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, халықаралық көрмеге жолдама алғанын естіді. Жол қаражатын қалалық әкімшілік көтеріп алған екен. Келесі арнадан оқыс жаңалық көрді. Көрші елдің бір бизнесмені кәсіптің адам ойына келмес тосын түрін ашыпты. Түні бойы жаңағы кәсіпкер қолға алған істі ойлап дөңбекшіген Адамның таңға жақын ғана көзі ілінді. Ертесіне фирмасының жұмысын орынбасарына тапсырып теледидардан көрген елге ұшты.

Әуежайда тұрған таксистерден баратын жерін суреттеп еді білетін адам табыла қоймады. Олар «бір білсе дядь Миша біледі» деп ескі «Волга» көлігіне сілтеді. Дядя Миша жетпісті алқымдап қалған адам екен, Адамды басынан аяғына дейін тінте қарап тұрды да, ысталған сап-сары мұртын тарамдап, дөрекілеу дауыспен «Алыс жер, жол жоқ, ақшасын алдын-ала төлейсің» деді. Әуежайдан көп алыстамай жатып-ақ тас жол бітті де, ойқы-шойқысы көп жол басталды.  «Ол жерге көбіне байлар мен бандиттерді апарам» деп Адамнан сыр тартқысы келген дядь Миша шытынаған айнадан жолаушысының әңгімеге құлқы жоғын байқап, бұрқыратып әлдебір ащы темекісін тартуға кірісті. Көк түтінге тұншыққан Адам терезенің әйнегін түсірмек болып еді «Не положено, маған суық тиеді, үстеме ақша қоссаң ғана ашам» – деп дядь Миша гүр ете түсті. Қалтасынан бес жүз рубль суырған Адамға айнадан көз салған дядь Миша «Қалжыңды түсінбейсің бе, аша бер» – деп сап-сары тістерін ақситып күле бергенінде, жөтел қысып қиқылдап-шиқылдап қалды.

Ескі «Волга» шаңдатып жеткенде күн де көкжиекке барып қалып еді. Адам «Ертең таңертеңгі сегізден қалмай келіңіз» деп дядь Мишаның қолына ақша ұстатты. Ақшаны бүктеп-бүктеп пиджагінің ішкі төс қалтасына сүңгітіп жіберген шал осында қонатынын айтып машинасына беттеді. Кетіп бара жатып «Ей, Джигит, если сегодня ночью твою душу Джабраил заберет то денежки у меня остануться» деп қарқ-қарқ күлді. Бұларды қарсы алған жігіт ағасы Адамның қолына бірден келісім-шарт қағазын ұстатты. Бір бет қағазды қолына алған Адам «қайтыс болып кеткен жағдайда, сүйекті еліне жеткізуге жұмсалатын қаржы» деген тарауын қайталап оқып шығып қол қойды да шартта көрсетілген соманы жігіт ағасының қолына ұстатты. Ақшаны мұқият санап шиланына салған ол Адамның қай дінді ұстанатынын сұрады да «бастанаяқ жуынып келіңіз» деп үш есікті үйді нұсқады. Бірінші есікке христиандардың креші, екінші есікке жарты ай, ал үшінші есікке Давидтің жұлдызы жапсырылыпты. Адам екінші есікке кірді де шешініп тастап ғұсыл алып, түкті халат киіп, аяғына сүйретпе ілді. Ішке ақ халатты сүп-сүйкімді томпиған жас қыз кіріп Адамның қан қысымын, қызуын өлшеді, қандай аурулармен ауырғанын сұрады да әлдебір қағазға қол қоюын өтінді. Қыз ұсынған қағазға оқымай-ақ қол қойған Адам пальтосын желбегей жамылды да қызға еріп қарағай бөренелерді қиюластырып салған ағаш үйге кірді. Бөлменің іші жып-жылы екен. Ұзынша бөлмеде көліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтарында болатын көліктерді көтеруге арналған құрылғы сияқты жеті құрылғы тұр. Ішке жанында молда бар, жігіт ағасы кірді. Түрі татарға келетін, оюлы ақ шапан киген сәлделі молда қолтығына бір орам ақ мата қысыпты. Томпиған сүйкімді қыз еденге төсейтін ағаштардан жасалған стөлдің үстіне жұқа көрпеше жапты. Молда Адамның тыржалаңаш шешініп стөлге шалқасынан жатуын сұрады. Қызға қайта-қайта жалтақтап қарай берген Адам күйбеңдеп стөлге жатты. Молда қайшысын жалақтатып, ақ бөзді әп-сәтте пішті де сүйкімді қыз екеуі Адамды ақ кебінге орады. Жігіт ағасы мен молда Адамды өлік жуатын зембілге салып құрылғының жанына көтеріп келіп бір түймені басты. Ызыңдаған дыбыс шығып құрылғының екі тұғырының арасындағы жер біртіндеп көтеріле бастады. Жер астынан биіктігі құлаш жарым, ені бір құлаш қабат-қабат қатталған пенопласт көтерілді де төбеге тиер-тимес болып тоқтады. Адамның алдында қуысының төрт бұрышында шам жанған көр пайда болды. Жігіт ағасы көрде желдеткіш жүйесі бар екенін – таза ауа келіп тұратынын, алда-жалда жүрегі қысылып немесе басқа да себептермен шыдай алмайтындай болса, оң қолының жанындағы тетікті басуы керектігін, әрі кетсе он секундта көрден шығарып алатын адамдар дайын тұратынын және ондай жағдайда төленген ақша қайтарылмайтынын ежіктеп тұрып айтты. Жер астына түскен соң жарық сөндірілетінін, сыртпен ешқандай байланыс болмайтынын, таң атқанша шыдауы тиіс екендігін шегеледі. Және де, Адамның көрге өз еркімен түскенін, ғайыптан тайып өліп кетсе фирма ешқандай жауапкершілік жүктемейтінін айтып шартта жазылғандарды тағы бір пысықтады.

Кенет азалы музыка ойналды. Молда Адамның бас жағына келіп «Күнәсіз пенде жоқ, ақиреттік өміріңді ойлағаның – күнәңнан арылуға бет алғаның, қабыл болсын» – деді де құлаққа жағымды мақаммен құран сүрелерін оқи бастады. Адамға бөтен жер, айдала, қазылған көр, ақ кебінге оранып тірі өлік болып жатқаны, басында дұға оқып отырған молда қиялында болып жатқан нанымсыз іс болып көрінді. Молда дұға оқып болып, жігіт ағасы екеуі Адамды қабірдің жанындағы есіктей жайпақ темірдің үстіне салды. Сүйкімді томпақ қыз, шиедей еріндері томпиып Адамға әлдебір әуестікпен көз салды. Зыңылдаған үн естілді де Адам жерден ақырын көтеріліп көрдің үстіне келді. Астындағы темірі бір жұлқынып алды да Адам көрге түсе бастады. Көрдің түбіне жеткенде жайпақ темір оңға жылжып ұзын қуысқа кірді. Ызыңдаған үн күшейе түсті де астындағы темір солқ ете қалып Адамды қуыста қалдырып жоғары көтеріліп кетті. Адам тот баспайтын жылтырақ темірмен қапталған қуысқа көз салды. Қолын кебіннен шығарып оң жағындағы тайыншаның мүйізіндей тетікті сипалап көрді. Кенет зыңылдаған үн тағы естілді де көрге қатталған пенопласт текше түсе бастады. Ызыңдаған дыбыс өшіп, сыртқы өмірмен байланыстырып тұрған сол жағындағы шұңқыр бітелді де, шамдар сөнді. Тастай қараңғы, өлі тыныштық орнады. Үстіне құлай кетіп, жаншып тастаған тыныштықтан басы шыңылдап, құлағы күңгірлегендей болды. Түнектің тұңғиық құшағына енген Адам өзінің ештеңе еместігін түйсінді. Көзің қажетсіз, аяқ-қолың, күш-қуатыңнан еш дәрмен жоқ. Саусақ ілігер бұдыр тапса зор денені құздан суырып алар қуатты қолдар, тау-таста қанша жортса да шаршауды білмейтін тегеуірінді аяқтар, бұлшық еті ойнаған шыныққан дене де бір, жайын жұтқан шабақ та бір күйге түсті. Талай альпинистердің терең мұз жырада қалғанын көрген. Көзі ақшиған сүйекке еріген мұздақ суы құйылады, қыста қар басып, бәрі қатады. Өлі дене көк мұзға айналады. Ұшқыш көк аспанда, альпинист көк мұзда, артист сахнада өлгенін дәреже тұтады. Тайып кетіп, көк мұзға айналып, құзда қалсам деген ұры үміт өзінде де болатын. Ал қазір қара топырақ қойынында, құрт-құмырысқалар әлемінде жатыр...

Қазір жер бетінде, тірілер әлемінде күн батқан шақ. Тірілер әлемі... Ал бұл өлілер әлемінде?.. Бір кездері шын өлгенде қалай болады? Адам Калимулланы жерлегенде, шындығында жерлеудің рәсімін жасағанда, қаралы топтың қарасы көптігіне таң қалған еді. Қаладағы әр түрлі мекемелерден, оқу орындарынан аза гүл көтергендер лег-легімен келіп жатты, келіп жатты. Сол сәтте Адам өзінің қазасын елестеткен еді. Қаралы жиында жұрттың өзі туралы не айтарын ойлады. Бегімай шын қайғырып, аза тұтар ма екен? Естіген жұрттың қабырғасы сөгілердей зарлы жоқтау айтып, «Арысым-ай!.. Арыстаным-ай!..» деп егіліп, қайта-қайта есінен танар ма екен?..  Адам мұрынының пышылдап демалғанын естіді. Жүрегі қағып, алқынған адам сияқты мұрыны шуылдап, қатты естілді. Тың тыңдады. Көкірегін жарып шығардай жүрегі дүрс-дүрс соғып, алып барады. Қан кернеген құлақ шекесінің күре тамыры жарылардай болып, солқ-солқ етеді. Мына түнекте әлдебір жемір жәндіктер, пышақтай азулары ақсиып, көрді жан-жағынан қазып, жақындап келіп қалғандай. Үлкен башпайымен аяқ жақ қабырғаны түрткілеп, шұқылап көрді – жылтыр темір кәдімгідей қалың сияқты. Періштелер сағат он екіден кейін келер ме екен? Әлде, қазір келе ме? Періштелер қоятын сұрақтардың жауабын біледі. Олармен кездесуге дайын. Күнәсі қаншалықты ауыр? Жазасы қандай болмақ? Жалғыз жаратқанға серік қосқан жері жоқ. Күнәсі таудай пенделер де... Бұл жерде әркім өзі үшін жауап береді. Калимулламен кездесу қалай болар екен? Адам жаналғыштардан гөрі Калимулламен кездесуден қорықты. Бұл тірі, ол өлі қалай кездеседі?.. Адам өзін өткір қандауырмен сылып алып тастаған соқыршек сияқты сезінді. Сұқ саусақтай жансыз бірдеңе. Қабынған өлі шек, әлі суып үлгерген жоқ, көп кешікпей суиды. Сосын шіриді, топыраққа араласып жоқ болады. Иә, соқыр шек. Денеден ажыраған, сыртқы әлеммен, тірілер әлемімен байланысы үзілген, керексіз мүше. Пенденің шауып тастаған басы он бес секунд бойы бәрін тірі кезіндегідей сезіп жатады екен. Бұл да қазір шауып тасталған бас сияқты, домалап келіп көрге түсті, біраздан кейін қалған сезімі өшеді. Бұл көрге неге түсті өзі? Өлім туралы есік-терезені тарс жауып алып, жарық біткенді өшіріп, үйде жатып та ойлауға болар еді ғой. Жоқ. Қабірдің аты қабір. Қара жердің қойынына кіру – өз еркіңмен о дүниенің есігінен сығалау. Келгені дұрыс. Мүмкін, жанын жегідей жеген күнәсі, Калимулланың аруағы алдындағы қылмысы аз да болса жеңілдер... Мүмкін, Бегімайдың жүрегіндегі шәуіш ерір... Айлиннің бет-жүзіндегі перде сыпырылып түсер... Ақша беті албыраған, қара көз, ақша маңдай құлынының бетінен, көзінен шөпілдетіп сүйер. Адам көзін тарс жұмып алды. Періштелерді көруден қорықты. Әл-дәрмені құрып, болдырып, шаршағанын сезді. Бірнеше сағат ұшу, ескі «Волгамен» іші-бауырын солқылдатып соғып тастаған ұзақ жол, көктем туа жуып-тазалап, сандыққа салып тастайтын қысқы киім сияқты орап, байлап көрге тасталуы жүйкесін де жұқартып, күш-қуатын да сарқып, қалжыратып тастапты. Ұйықтағысы келді. Таң атқанға дейін ештеңе ойламастан тұяқ серіппестен жатса. Өлген жоқ, мұнда кімнің шаруасы бар. Жүрегі соғып тұр, ақыл-есі орынында. Періште болсаң шын өлген кезде келерсің. Ұйқы қысып, маужырап, көз ілгісі келгенімен бас қауашағының іші удай ашып, күнде қалған шұбат толы торсықтай тырсылдап тұр. Кернеген қысымнан бас сүйегі шытынап, құйқасы жидіп борт-борт жыртылып, қаны сыртқа шапшитындай әкетіп барады.

Кенет бетін бір жылы леп желпіп өткендей болды да көр іші жап-жарық болып кетті. Көзін ашып еді – жанында ақ қанатты біреу тұр екен. Еркінен айырылып, әлігінің артынан еріп жүре берді. Ұзақ жүрген жоқ. Періште ақ қанатын бір желпігенде теңіз пайда болды. Адам көк мұздың үстінде жалаңаш тұр. Үстімдегі ақ кебінім қайда кеткен деп ойлады. Жағадағы қамыстың арасына кіріп, от жағып жылынғысы келді. Бірақ та ілгері басқан аяғы кері кетіп, жағадан алыстай берді. Кенет аяғының астынан бір нәрсе түртіп қалды да, мұз күтір-күтір ете түсті. Әлдебір алып балықтар мұзды жарып әрлі-берлі ойқастап жүзіп жүрді. Адам аяқ астында жатқан сүңгіні алып әр балыққа бір жүгірді. Құлашын барынша жазып сүңгіні сілтеудейін сілтеп-ақ қалады, алайда қорғасындай ауыр қолдары көтерілмей сүңгісі көк мұзға құлап тебен инеге айнала берді. Айналасындағы балықтардың қоң етін үлбіретіп кесіп алып, табаға салып қуырып жатқаны көз алдына келген Адам шарасыздықтан айқайлай бастады. Алып балықтар бір кезде Адам тұрған сеңге секіріп түсіп, алып құйрықтарын серпіп қалып, шорши бастады. Бұдан әрі шыдай алмаған Адам бір балықтың арқасына қарғып мініп, торсылдағын жарып жібергісі келіп сүңгісін бүйірден аямай шаншыды. Дәу балық балаша шыңғырды да таудай сеңдер бір біріне соғылысып, теңіз беті қазандай қайнады. Адам жәндәрменмен жағаға қарай қашты.  Сеңнен сеңге секіріп жанұшырып келеді. Кенет алдындағы мұз қақ айырылып, бір-біріне соғылған таудай сеңнің бірі тіп-тіке шаншылып сәл тұрды да бұның үстіне құлап келе жатты. Адам айқайлайын десе жағы қарысып қалғандай ауызын аша алмайды. Өлген жерім осы деп ойлады. Көз алдына жоқтап отырған Бегімай, Айлин келді. Дәу сең үстін жаншып, суға кете бергенде теңізден көтерілген бір қол сеңді тірей қалды. Адам алдында Калимулла тұрғанын көрді. Теңіз тыншыды. Екеуі мұз үстімен жағаға қарай жүрді. Осыдан он  жыл бұрыңғы теңізде болған оқиғаны қашан айтар екен деп іштей қуыстанып келе жатқан Адам Калимулланың бетіне жалтақтап қарай берді. Алайда досының жүзі нұр тамып жылы жымиған қалпынан өзгермеді.

– Маған жете алмай сүрінгеніңе қайғыра берме. Өмірде кім сүрінбейді. Өткен он жыл ішінде тозақтың азабында қалғандай қиналумен жүрсің. Шын дос екенсің. Сен Бегімайды шын сүйесің, сол үшін де саған айып таға алмаймын. Бегімай бақытты болса маған содан артық қуаныш-мұрат жоқ. Бегімай енді мені ұмытады. Жүрегіндегі шәуіш ериді. Қырынғанда жағатын майдың иісі де мазаламайтын болады.

Кенет жарқ етіп күн шықты да, теңізден жылы леп есті. Калимулла алқаракөк суды жарып құлаштап жүзе жөнелді.

Зың ете қалған бәсең үннен Адамның құлағы жарылып кете жаздады.  Қатталған текше жоғары көтеріле бастады. Көрге құйылған жарықтан көзі қарыққан Адам мойынын көрдің қабырғасына бұрды. Сырттан «Ей брат, ты жив?» – деген үн естілгенде Адам жүрегі жарылардай қуанды. Көр ауызында тұрған жігіттер Адамды бір қап кәртөшкені ұрадан суырып алғандай көтеріп әкетті де аяғына тік қойды. Арқаларына  «Два метра под уровеном земли» деп қызыл бояумен таяқтай қылып жазып алған жұмыс киімдері бар жігіттер Адамды қолтықтап ағаш столдың жанына апарды. Столда киімдері жатыр екен. Адам жан-жағына қарап еді, кешегі сүйкімді томпақ қыз көрінбеді. Шалбарының белдігін буып жатып басы айналып құлап түсті. Көзін ашса ағаш столда шалқасынан жатыр екен. Сүйкімді томпақ қыз қан қысымын өлшеп жанында отыр. «Екі метр жер астына түскеннен сегіз мың сегіз жүз қырық сегіз метр биікке көтерілген жеңіл екен» – деп әзілдеп көріп еді, сүйкімді томпақ қыз да, сұр түсті жұмыс киімді жігіттер де үндеген жоқ.  «Жынданғаннан сау ма екен» дегендей секемденіп қарады да қойды.

«Ну джигит, расскажи, как прошла встреча?..» деп мәз болып, Адамның иығынан қағып машинасының есігін ашқан дядь Мишаға «Встреча прошла в теплой, дружественной обстановке...» деді де «Волганың» артқы орындығына құлай кетті. Машинасын оталдыра алмай әлек болып жатып «Как там тебя встретили райские красавицы?»  – деген шалға бірдеңе деуге ерінді. Біраз қақалып-шашалып барып гүр ете түскен «Волга» салдыр-гүлдір етіп шоқалақ жолға түсті. Адам қатты қалжырағанын сезді. Тұла бойы дел-сал болып, әлі кетіп, маужырай керілді. О дүние жөнінде анекдот айтуға көшкен шалдың үні құлағына күңгірлеп келіп жатып ұйықтап кетті.

Адам альпинистер музейінің ашылу рәсімін өзі өткерді. Музейдің алдындағы ескерткіштің ақ жабыны сыпырылып түскенде Калимулланың қоладан құйылған бейнесі көрінді. Калимулла таудың ұшар басында, тізеден келген ақ бұлтты кешіп тұр. Адам жиналған жұртты ішке бастап кірді. Әйнек витриналарға Калимулланың альпинистер киетін киімі, көзілдірігі, құрал-жабдықтары, тұтынған заттары, кітаптары, күнделігі қойылыпты. Көпшілік алдында Калимулла туралы естелік айтқан Фридрих, Гарибальдилар шың басында Калимулламен бірге түскен суреттерін музейге тапсырды. Бегімай Алатаудың қарлы шыңдары бейнеленген панноны музейге сыйға тартты. Шақырылған қонақтар тарқап, музейде өздері оңаша қалғанда Бегімай бәрін түскі асқа үйге шақырды. Камилла Гарибальди мен Фридрихты түске дейін бір сағаттай қаланы аралатуға алып кетті де Адам мен Бегімай Калимулланың әке-шешесін үйге алып келді. Қариялар жол бойы Калимулланы ұмытпағаны, ұлдарының атына музей ашқаны үшін Адамға алғыстарын жаудырумен болды.

Бұлар көл басына жеткенде қас қарайып қалған еді. Аузы-мұрынынан шыққан тіркеме сүйреткен абажадай көлік, ащы шектей шұбатылған таудың қия жолында бауырын жазып көсіле алмай, бүгежектеп ұзақ жүрді. Адам көлігін көл жағасынан алыстау, қарағайдың арасына тоқтатты. Жырта қарыс жалпақ төрт дөңгелегі бірдей жұлқынып, өрге өршілене ұмтылумен болған көліктен күйген майдың ба, әлде қажалған резеңкенің бе, көңірсіген иіс шығады. Қалаға қарағанда тау іші суықтау екен. Тау жоталарына жыпырлап өскен қарағай алыстаған сайын қарауытып, тұтасып көрініп, қар басқан тау басына жетіп барып тауысылыпты. Адам қарағай шайыры аңқыған салқын саф ауаны кеудесін кере жұтты. Бегімай жерде шашылып жатқан қарағай собықтарын жинауға кіріскен Айлинге жылы күртеше кигізіп, өзі де жұқа пальтосын иығына жамылып, түйе жүн свитерінің мойнағын иегіне дейін көтеріп, қымтанып алды. Адам алдымен жерден бір қарыс биік еденін төсеп, шатыр құрды. Шатырдың ішіне күн нұры шамын іліп, сандықша тәрізді темір пешті қойды. Сыртқа қойылған газ баллонды қосып, пешті жақты да жиналмалы керуеттерді жазып, төсекті дайындап, шатырдан шықты. Айлин мен Бегімай көлдің биік жарқабағында тұр екен. Қаланың бір мөлтек ауданындай жерді алып жатқан апан шұқырдың түбіндегі көлдің бетінде ұсақ толқын дірілдеп, батар күннің қызғылт сәулесі өрттей жалқындайды. Адам қызына өткен ғасырдың орта шенінде, шілдеде тау басындағы мұздақтар еріп, мына көлге толып, ернеуінен асқан көл суы аңғармен құлдилап, үйдей-үйдей тастарды асықтай шиырып, домалатқан алапат тасқыннан төмендегі ел біраз зардап шеккенін әңгімеледі. Қазір қауіп сейілген сияқты – көлдің еңіс жақ табанына бірнеше жерден жер астымен аңғарға дейін, құрсағына жүк көлігі еркін сиярдай бетонмен құрсалған арна жүргізіліпті. Әсерленгіш Бегімай, күйеуінің әңгімесінен ішіне қорқыныш ұялып, тас лақтырым төменде жатқан көл кенеттен құтырынып, көкке шапшыған алапат тасқын өздерін жұтып жіберердей үрейленіп, қызын қолынан мықтап ұстап алды. Өзі тау-таспен тұтасып, мылқау түрмен жан-жақтан төнген маңайдығы ағаш біткеннен де зәресі ұшып, шатырдың терезесінен көрінген жарыққа қайта-қайта жаутаңдап қарай береді. Тауды жаңғырықтыра күлген Адам көжектей болып қойынына кірген әйелі мен қызын құшақтап шатырға бет алды.

Таза ауа тәбеттерін ашты ма тамақты қарпып жеген үшеуі бастары көпшікке тие бере ұйқыға кетті.

Таудың күн шығыс жағы енді бозара бастағанда оянған Адам әйелі мен қызы әлі де ұйықтай түссін деп, аяғының ұшымен басып шатырдан шықты. Мосыға қазан іліп, көліктің тоңазытқышындағы бағыланның етін әкеліп, тұтас салып, сірне дайындауға кірісті. Сірне пісті-ау дегенде қарағай отынның қошқыл иісін құшырлана жұтып жүріп, самаурын қойды. Шатырдың алдына құралмалы стол жайып, үстіне неше түрлы жеміс-жидек, қаймақ, бауырсақ, қымыз қойып Бегімай мен Айлинді оятты. Оянған бойда тәтті тамақтың иісі мұрынын жарған Бегімай шатырдың алдында жайнап тұрған дастарханды, мүйізі иір-иір қошқардың басы қашалған ағаш астау-табаққа қазандағы сірнені аударып жатқан күйеуін көріп тіл-жағынан айырылып қалды. Тек көзі күлімдей береді. Айлин үнсіз келіп әкесінің бетінен шөп еткізді. Әйелі мен қызының қолына Адам суды өзі құйды. «Тау менің екінші мекенім, үйіме қош келдіңдер» деп әзілдеп қояды. Адам Бегімайды қимылдатпай шәйді де өзі құйды. Самаурынның сүт салған шәйін ішіп отырған Бегімай ас үстінде күйеуінің ерекше көтеріңкі көңіл-күйіне іштей таңырқап отырды. Өмірі асқа араласпайтын Адамның бүгінгі аспаздығында әйелі мен қызына құрмет көрсетуден де өзге бір себеп бар сияқты. Дастарханды да өзі жинаған Адам қызына қарап:

- Түнде үш-төрт градустай суық болыпты. Көлге шәуіш қатыпты. Айлин арманың орындалды, жүр барайық – деп, көлге қарай бет алды.

Таза ауа, тыныштық, тамылжыған сұлулықты үнсіз тамашалаған үшеу апан-шұңқырды айналып отырып, жайпақтау жер тауып төмен түсе бастады. Әр басқан сайын ұсақ тастар сусып, кей тұстарда бәтеңке табаны тиянақ таппай сырғып кете береді. Әйелі мен қызы тайып кеткен жағдайда тірек болу үшін Адам алға түсті. Бегімай Адамның жеңіне жабысып, бір қолымен қызының білезігінен тас қылып ұстап алыпты. Адам бірде қой тастарға қол тіреп, бірде тырбық бұталарға жабысып, жол бастап келеді. Бір-екі рет тікенекті итмұрынды қармап қалып, алақанын аямай сыдырып алды. Көл жиегіне жеткен үшеуі алқыныстарын басып, сәл тыныстады. Көлге түсіп кетердей болып тоқтаған Айлин, әлдебір сиқырдың еркіне бағынып қимылсыз қалыпты. Мөп-мөлдір әлем. Сол мөлдір әлемді басқа дүниеден тұмшалаған мөлдір шәуіш. Жұп-жұқа мұз қабыршақтан андаған қарағайлар өскен көлдің түбі көрінеді. Хан балық па екен, кейде сылаңдап балықтар өтеді.

Адам таяқ тастам жердегі жартасқа қарай бет алды. Жағадан бес-алты адым жерде өңкиіп жартас тұр. Жартастың көл бетінен сәл көтеріңкі бір бұдырына жағамен жалғап төрт елідей қалың тақтай тасталыпты. Шамасы, жаз кезінде жартасқа өрмелегендердің ісі болса керек. Адам тақтайды еппен басып жартасқа жетті. Жартастың құжыр-құжыр тастарына тырмысып жоғары көтеріле бастады. Ыза тартқан тастың жалтыраған бетінен бәтеңке табаны тая берген соң Адам аяқ киімін, шұлығын шешіп алып, жағаға қарай құлаштап лақтырып жіберді. Жалаң аяқ өрмелеу кішкене жеңілдеді – башпайларымен сипалап бұдыр тауып ілініп, тастың әр қырына тырмысып жартастың басына да жетті. Екі рет аяғы тайып кетіп құлай жаздағаны бекер кетпепті – тізелері дір-дір етеді. Талай тауға өрмелегенде бұндай болмап еді. Альпинизмді қойғалы тастар да өгейситін болыпты. Жартастың айналасының суы тайыз, асты толған үшкір тастар – мына биіктен құласаң мылжа-мылжа боласың. Бұл көлде жүземін деу де бекер, суы қыста түгіл жазда шекеңнен шығады. Бір келгенде ұялы телефонын түсіріп алып, артынан сүңгимін деп суға кетіп қала жаздаған – жан-жақтан мұздай сүңгілер қадалып,  дем ала алмай қалш-қалш етіп, кеудесі қысылып, жағаға шыға алмай қолдары ербеңдеп жатқанын көрген Калимулла рахаттана күлген.

Адам өз-өзіне келген соң көлдің арғы бетіндегі тау шыңдарына көз салды.  Мұз жамылған таудың үшкір басы әлдеқайдан қалқып келген ала бұлтты жарып, күнге шағылысып жарқырап тұр. Адам осы таудың ең биік шыңына Калимулла екеуінің бір арқанға қосақтала шыққанын есіне алды. Калимулла осы шыңды ерекше жақсы көретін. Шың басында ақ құс бар, тау өзі ұнатқан адамына сол ақ құсын жібереді дейтін. Соңғы көтерілгенінде «ақ құсты көрдім, тау мені жатсынбады, жақынындай қабылдады. Ақ құс төбеме бауырын тигізе ұшып өтті» – деп мәз болған. Шыңға көтерілгенде көзге әр нәрсе елестейтіні болады, соның бірі шығар деп ойлаған Адам мән бермеп еді. Маттерхорнда ібіліс ұяласа, мына тауда ақ құс ұя салған.

Шыңның алыстан көз салған жанға тегіс болып көрінетін күнгей жақ қырымен өрмелегеннен гөрі самсаған қанжардың ұшымен өрмелеу оңайырақ екенін альпинистер ғана біледі. Шыңға шығуға тек әбден сыналған, әр аттаған сайын мұз құшағын ашып, күтіп тұратын ажалдың көзіне қаймықпай қарай алатын адамдар ғана бір-біріне серік болады. Әрдайым алда жүретін, шығар жолды да өзі таңдайтын Калимулла нағыз альпинист еді. Құздың ернеуіне ілініп тұрып та, боранға ұшырап, үсіп өлейін деп жатып та тауға деген махаббатынан айнымайтын. Альпинистер үшін ең қауыпті – шыңды құрсаған қатпар-қатпар жалтыр мұздарға жеткенде ең ермін дегендердің ішіне қорқыныш ұяласа, Калимулла қайласымен мұз жарып, алақанын толтыра асап, күтірлете жеп, шаршағанын ұмытып, рахаттанатын. «Мә, мәңгіліктің дәмін татыңдар» деп уысы толы мұзды айналасына шашатын. Калимулланың шыңға өрмелегенде қорқыныш дегенді неге сезбейтінін түсінген Адамның жүрегін сағыныш торлап, тәтті мұңға малынды. Өзін, анада қабірге түнегенінде досы кешіргенмен тау кешірмегенін, әр жықпылына ажал жасырған ана көк мұздар кешірмегенін түсінді. Сосын... өз өзін кешірмегенін осы көл жағасында, жартас басында тұрып ұқты. Осы сәт... досынан айырылғалы жанын жаншып жатқан зіл қара тас наурыздағы Самарһанның көк тасындай еріп қоя берді. Мына көлдің бетін жапқан мұз қабыршақ – мөлдір көлдің саф таза тамшыларынан түзілген шәуіш – Калимулла екеуінің қимас жақынына айналған ақ қар, көк мұздардың тамырларынан аққан... таудың жаны. Досының құз басында тұрып көк мұзды қаршылдатып неге жейтінін, зәмзәм суын ішкендей неге рахаттанатынының мәнісін енді түсінді. Мына көлдің тереңіне батқан пенде таудың жанымен кездеседі... Енді Бегімайдың жүрегіндегі шәуіш те ериді. Көмкерген шәуіш еріген Айлиннің ақша жүзі албырап, қап-қара көздері мөлдіреп, ақ маңдайы жарқырап жүретін болады. Адам, күн сәулесі төккен бар мейірімді жұтып алып, маңайын көк мұз, ақ қарға айналдырған ана сұсты таудың басынан төмен секіргісі келді. Оның осы ойын түйсінгендей шың басына қара бұлттан желек жамылып, қаралы сұлудай бүркеніп алды. Өзіне Калимулладай ғашық енді тумасына азалы  шыңның наза-аязы жартас басындағы Адамның жүрегін көктеп өтті. Адамның кеуде тұсы шым ете қалып, көкірегіне ыстық сәуле құйылды. Адам  досының тауда ажал тапсам, мәңгі мұздақтың құшағында денем мәңгі жатса деп армандайтынының сырын енді түйсінді. Калимулла «әулиелердің денесі шірімейді, мұзда қалсам мен де мәңгі сақталам, сен мені әулие тұтып басыма түнейсің» деп әзілдейтін. Калимулла мәңгі мұздақта мәңгі қалмай-ақ әулие еді... Адамның досы, төмендегі шулы қалада, адамдардың арасынан гөрі сәт сайын өлім күтіп тұратын құздардың аясында, кіршіксіз көк мұзда өмір сүруге жаралған жан еді.

Адам ауызын әнтек аша, тұңғиық көк апанға шалқайып ұзақ көз салды. Аспан бетін жанары талғанша шолып келіп, көл бетін құрсаған шәуіш бетінде жарқырап, жан-жаққа шапақ шашқан күн сәулесіне сұқтана қарады. Кенет екі қолын қанатша жайып жіберіп, аяқтарын бүге беріп ерекше қуатпен жоғары серпіліп, жүзі нұрланып, алыстағы шың басына қарай қарғыды.

Ұялы телефоны сыңғырлап қоя берген Айлин әкесінен келген хабарламаны оқыды да таңырқаған күйде телефонын анасына ұсынды. « – Айлин! Күнім! Сен менің мақтанышымсың. Мамаң екеуіңді қатты сүйемін.». Бегімай хабарламаны оқи сала, жартасқа қарай жүгірді. Әлдебір сұмдыққа кедергі болғысы келгендей қолдарын алға созып жанұшыра ұмтылғанымен, бойынан әл кетіп, адымы ашылмай-ақ қойды. Жағалаудағы ұсақ тастар да қас қылғандай, басқан сайын кері сусып, діңкесін құрта түсті. Орта жолға жеткенде ұзынынан созылып барып құлап түсті. Көздерін тарс жұмып алып, сұп-суық жерді құшып жатқан күйі тұрғысы келмеді. Құшақ жайып күтіп тұрған қасіреттің азалы жүзін көргісі келмей, уақытты соза түскісі келді. Айлин келіп «мамалап» иығынан көтергенде, жанталаса ұшып тұрып, есалаң адамша талықси күбірлеп, алға жүгіре жөнелді. Жартасты айнала бере қалшиып тұрып қалды. Жартастың тасасындағы шәуіш ойылып қалыпты. Үкінің ауызына шашыраған су жайлып, әйнектің сынығындай жұқа мұз қабыршақтар шашылып жатыр. Ауыр салмақ опырып түскен от орынындай үкінің сыла балықтың қабыршағындай жарқыраған бетінде күлімдеп күн сәулесі ойнайды. Шешесінің өкшесін баса жеткен Айлин тізерлей жығылып, жылап отырды. Қолында әкесінің сыңар төплиі. Бегімай қызын бауырына тартып, орамалмен бетін сүртіп, қап-қара көздерінен өпті де, жас сорғалаған жүзіне қарап қимылсыз қалды. Ауыр қайғы торлаған бетін шымырлатып қуаныш толқындары шайып өтті. «Қызым ақ маңдайы жарқыраған, екі беті албыраған ақсарының өңдісі, көздері қап-қара» деуші еді әкең, сезген екен ғой». Бір-бірінен көздерін алмаған ана мен қызы ұзақ отырды.

Бір кезде қанаттары суылдап, ауаны тіліп төбеден құс ұшып өткендей болды. Көлді айналып ұшып, биікке тік самғаған ақ құстың қанатынан төгілген ақ ұлпа мамықтар біртіндеп көл бетін жаба бастады.

Көл бетін жапқан шәуіш те, жартас та, Бегімай мен Айлин де, көл жағасындағы шатыр да ақ ұлпа жамылды.

Соңы 

Асылбек Мұқанбетқалиұлы Ихсанов

Кере-ко*1 – Еділ патшаның әйелі

*2 – В.Высоцкийдің әнінен

14.04.2018 ж.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371