Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4613 0 пікір 11 Маусым, 2009 сағат 12:40

Атақты қобызшы атаусыз қалып барады...

Биыл Қорқыт, Ықылас, Сүгір, Тәттімбет күйлерінің бүгінгі ұрпаққа жетуіне үлкен үлес қосып, самородоктардың саф өнерін болашаққа аманаттаған атақты қобызшы Жаппас Қаламбаевтың туғанына 100 жыл толды. Соған орай қылқобызы күңіренген бабамыз жайында белгілі журналист Жаулыбай Иманәлиевтің естелігін ұсынып отырмыз.

 

 

МҰХТАРДЫ ТӘНТІ ЕТКЕН ӨНЕР

 

Биыл Қорқыт, Ықылас, Сүгір, Тәттімбет күйлерінің бүгінгі ұрпаққа жетуіне үлкен үлес қосып, самородоктардың саф өнерін болашаққа аманаттаған атақты қобызшы Жаппас Қаламбаевтың туғанына 100 жыл толды. Соған орай қылқобызы күңіренген бабамыз жайында белгілі журналист Жаулыбай Иманәлиевтің естелігін ұсынып отырмыз.

 

 

МҰХТАРДЫ ТӘНТІ ЕТКЕН ӨНЕР

 

...Бір жолы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов қобызшы Жаппастың үйіне телефон соғады.
– Жаппас шырағым, сенің жақсы қобызшы екеніңді білемін. Талай-талай радиодан да, патефон табақшаларынан да орындаушылық өнеріңді тыңдағанмын. Менің сенен сұрайын дегенім, осы сен Абай әндерін қобызда орындай аласың ба? – дейді.
– Әрине, Мұхтар аға. Орындағанда қандай, біз Абай әндерін бала кезімізден айтып өстік қой, – дейді Жаппас.
– Онда сен осы қазір қолыңа қара қобызыңды алып, біздің үйге кел. Оңаша отырып екеуміз әңгімелесеміз...
Атағы дардай, мүйізі қарағайдай қаламгер үйіне шақырған соң қобызшы кідірмей Мұхтар ағасының үйіне барады.
– Ал қане, бауырым, қолыңа қобызыңды алшы. Абай әндеріне салшы. Мен тыңдайын, – дейді жазушы. Сонда киелі қара қобыздың дауысы аңырап, Абай көшесінің бойына орналасқан Мұхтар Әуезовтің сол кездегі шаңырағында ұлы Абайдың әндері бірде күңіреніп, бірде зарлап, бірде мұңайып қоя беріпті. «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып» сынды бірнеше ән бірінен соң бірі қаздай тізбектеліп, қасиетті қобыз үнімен қалықтайды.
Жазушының әлде балалық шағы есіне түсті ме, әлде елге деген сағынышы ма екен, кексе тартқан қаламгердің көзіне жас үйірілгенін Жаппас аңғарғандай еді. Бірақ байқамағансып, сыр білдірмеген. Қобызшының бір кідіріс жасаған сәтінде:
– Апыр-ай, Жаппас, сен өмірбақи Абайдың қасында еріп жүрген адам сияқты көрініп отырсың маған. Мен дәл қазір Алматыда емес, сонау Семей даласында, Абай елінде, дәл «Қарашоқының» төрінде отырғандай сезінгенімді қарашы... – дейді көңілі алабұртып. Сәлден соң: – Сенің балалық шағың қай жерде өтіп еді? – деп сұрайды.
– Менің балалық шағым Созақ елінде өткен, аға, – деп Жаппас қысқа жауап қатады.
– Сен егер Семейде де болғаным бар еді десең, мен күмәнданбай-ақ сенер едім. Өйткені Абай әндерінің иірімдерін таза, ешқандай жамаусыз орындайды екенсің. Енді сен маған өзіңнің басқа білетін нелерің бар, сол күйлеріңді орындашы. Тыңдап көрелік, – деп жазушы қобызшының орындаушылығына еркіндік бергендей еді.
Ал содан Жаппас бастасын кереметті!.. Қорқыт бабадан бастап, Ықыластан, Сүгір күйлерінен, тіпті Тәттімбет күйлерінен де төкті келіп, төкті келіп.
– Апыр-ай, Жаппас, жұмған жұдырықтай ғана болып алып, тұла бойың тұнып тұрған алтын сандық екен ғой, – деп тамсанған жазушы өзінің аса риза болғанын жасыра алмады. Бір уақытта: – Сен әлгінде Сүгірдің бір-екі әдемі күйлерін орындадың ғой. Ол қайдан шыққан, қай жерде өмір сүрген күйші? – деп шұқшия қалды.
– Ол кісі менің аталас туысқан ағам. Мен ол кісіден көп күйлерді үйренген жайым бар.
– Солай ма? Ол қай жылдары өмірден өтті? – деп Мұхтар Омарханұлы және шұқшиды.
– Ол кісі тірі...
– Оу, ол қалай болғаны?! Шын айтасың ба? – деп жартылай шалқалап отырған жазушы, орнынан бір көтеріліп барып, толқи сөйлеп, қайта отырды. – Ол қайда тұрады?
– Созақта, – деген Жаппас жауабын қысқа қайырып, одан артыққа бармай, нендей бір сыр сақтағандай еді.
– Оу, оны неге осында алдырып, радио арқылы күйін халыққа тыңдатпасқа?
– – Келмейді, аға, – деді Жаппас.
– Неге? Жасы қаншадағы адам? – деп Мұхтар аға сұрақтан соң сұрақты төпелей берді.
– Ол кісі мұнда келгенді айтасыз, ауылда жүріп жұрттың көзіне түсіп, күйді тарта бермейді ғой, – деп Жаппас қолындағы қобызын құндақтап орай бастады.
– Онысы несі? Оның бұл мінезінде нендей сыр жатыр? – деп жазушы әлденені сезгендей, жайлап қана сұрағандай болды.
– Аға, ол мәселені өзіңіз менен де гөрі жақсы білесіз деп ойлаймын. 1929-30- жылдардағы Созақ оқиғасын білетін шығарсыз. Сол ғой... – деп Жаппас сөзінің соңын ішке жұтты.
– Е-е-е. Енді түсіндім. Алда құдайым-ай. Сол оқиғаға қатысы болмағай? – деген Мұхаң демін ішіне жартылай жұтып, жартылай жұтпай, Жаппасқа сұраулы көзбен қарады. Жаппас жазушының жорамалының дұрыс екенін мақұлдағандай, басын изеді.
Мұхаң «Қап!» деп ауыр күрсінді...
Тәптіштеп айта берсек, бұл әңгіменің мазмұны біразға барады. Сөздің қысқасы, Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1960 жылы Шымкент облысына барып, сол кездегі Шаян, Созақ аудандарын аралап, ел-жұртпен дидарласып, өнерпаздарын көріп: «Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген аталы сөзін қалдырыпты. Ұлы жазушының оңтүстік өңірін аралауына Жаппас күйшінің өнері себепкер болыпты. Ал Жаппасқа ұстаздық еткен Сүгір күйшіге Мұхтар Әуезовтің арнайы барып сәлем беруі, онымен сұхбаттасып, «Тірі Тәттімбеттің өзі екенсіз ғой» деуі – өз алдына үлкен әңгіме. Өнерді түсінген, сүйе білген ұлы жазушы оңтүстік өңірге осылай ат басын бұрған екен...
Менің Сүгір туралы деректерді 1966-67-жылдан бастап іздестіре бастаған жайым бар. Қазақ университетінің журналистер даярлайтын факультетінің 3-4-курсында оқып жүріп, балалық шағымның куәсі болған Созақ еліне жиі барушы едім. Ондағы мақсатым – Қаратау өңірінің күйлерін жинау. Тек күйлерді ғана емес, өлең-жырларды, хиссаларды, жақсы баталарды, шешендік сөздерді және халықтық әзіл-оспақ әңгімелерді, анекдоттарды жинауды әдет қылған жайым бар. Бір жолы 1967-68-жылдары Созақ ауданына қарасты «Шу» совхозына арнайы бардым. Ондағы мақсатым – Сүгірдің шәкірті болған күйші – Ергентай Борсабайұлымен кездесу болатын.
Ергентай аға тоғыз баланың әкесі, аңқылдаған әңгімешіл адам екен.
Ергентай ағаның әкесі – Борсабай ақсақал көп жыл аудандық кеңестің төрағасы болып қызмет еткен, көпті көрген, ел сыйлаған адам болған. Ол Сүгірмен өте тату, сыйлас, сырлас кісілер болса керек.
Әкесінің әңгімесіне бала кезден құлақ түріп өскен Ергентай да әрі шежіреші, әрі күйші болып өседі. Сол Ерекеңнен Жаппасқа байланысты бірер әңгіме естігенім бар.
...1933-34-жылдары Борсабай ақсақал жолы түсіп, Түркістан шаһарына барады. Түркістанның үлкен базарында ойда жоқта Жаппас кездесіп, «Көке!» деп оның мойнына асыла кетіп, еңкілдеп жыласын келіп.
– Оу, Жаппас шырағым, не болды саған? Жылама, қой. Қорланба бүйтіп, біз бармыз, – деп Борсабай ақсақал оны жұбатады.
Сөйтсе, Жаппастың әбден азып-тозып, қиналып жүрген кезі екен.
– Ауылға неге бармадың? – десе, «Не ауылға, не Алматыға кете алмай, әбден қор болдым. Ауылдан да ешкім тырс етпей қалды ғой...» дейтін көрінеді Жаппас.
Содан Борсабай ақсақал Жаппастың үстіне бірсыпыра киім әперіп, қалтасына азын-аулақ тиын-тебен салып, Алматыға жібереді.
– Оқы, шырағым, оқуға да, өнерге де талабың бар баласың... – деп Борсабай ақсақал, Түркістан вокзалында Жаппасты Алматыға шығарып салады... Алматыда Жаппастың күйлері халыққа кең тарайды. Текті өнер талай жұртты еріксіз өзіне баурайды...
Жаппас күйшінің өнеріне Мұхаң да тәнті еді...
Ол кездегі адамдардың жан жылуы мен жанашырлық қасиеті де өзгеше болған-ау...

 

 

Сәуле ӘБЕДИНОВА
«Айқын» газеті, 9 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602