Сырдария Каспийге құя ма?
Әдетте теледидардан көрсетіліп жүрген шоу-бағдарламаларды жай ойын-сауық ретінде, тек бір көңіл көтеретін дүние деп қарауға болмайды. Олардың кейбіреулері адамның дүниетанымын кеңейтуге, тез ойлай білуге, әсіресе, өткен тарих пен мәдениеттен мол мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Мәселен, осылардың қатарына жақында «Хабар» арнасында қайта ашылған «Кто возьмет миллион?» деген бағдарламаны жатқызуға әбден болады. Бәрі де жақсы-ау, дегенмен өзекті өртейтін бір «әттеген-айы» ойымызды сан-саққа жүгіртіп, маза бермей тұрғаны. Бұл бағдарламаға мұқият қараған адамға бірнеше кемшілік көзге ұрып тұр. Біріншіден, оның жалғыз ғана демеушісі бар. Ол Ресейдің «Сбербанк» деген мықтысы. Екіншіден, оның тек қана орыс тілінде жүргізілетіні. Ал келетіндердің барлығы дерлік өзіміздің қаракөздеріміз.
Бұдан қандай қорытынды шығады? Алдымен, "осындай тағылым беретін бағдарламаны өзіміздің қаптаған банкілердің бірі неге қолдау жасай алмайды?" деген сауал өзінен-өзі сұранып тұр. Олардың иелерінің кім екенін және бұлардың қалай байығанын жұрттың бәрі де біледі. Қалтылардың мұндай дәрежеге қалай жеткені мемлекеттің бір кездегі көмегінің арқасы екенін кезінде Елбасымыз да сан мәрте айтқан. Енді олардың халқына да қызмет ету керектігін де еске салған. Алайда, бұлардың сараңдығы мен тек өз қалтасын ғана ойлайтыны ондай-ондай «ұсақ мәселелерді» онша елемейтін секілді. Оның есесіне, олар жыл сайын бюджетке алақан жайып, көмек сұраудан жалыққан емес. Сұраншақ тілектері орындалып та жатады. Жыл сайын ондаған миллион доллар аударылып тұрады. Жақында тіпті қарапайым жандардың нәпақасы дейтін зейнетақы қорына да қолды мол салып, сөзге келместен бірден 200 миллиард теңгені де ұстата салдық. Не деген мырзалық десеңші. Ал олар болса жаңағыдай бағдарламаға бес-он миллион теңге бөлуге жарамай отыр. Және ол тегін де емес қой. Сол шоуға қарасаң, әлгі «Сбербанктің» жарнамасы үнемі экраннан түспейді. Сонда біздің банкілерге жарнаманың қажеті жоқ па? Ол да клиенттерді тартудың оңтайлы бір жолы емес пе? Демек, бұл қосымша табыс көзі. Ал енді жарнаманың қажеті жоқ болса, олардың қарны тоқ, жегені алдында, жемегені артында ғой. Ендеше бұлардың «мемлекеттен көмек болмаса, құрдымға кетеміз» дегені де өтірік болғаны ма?
Шындығында келгенде, өзге елдің банкісінің бізге жәрдемдескені намысымызға тиіп, жанымызға батпай ма? Олар осылай ете тұра, өздерінің саясатын жүргізбейтініне кім куә. Өзгесін былай қойғанда олар орыс тілінің дамуына қызмет етіп жатыр емес пе? Әйтпесе, неге әлі де өмірден өз орнын таба алмай жүрген ана тілімізге қол ұшын бермеске? Бермейді, әрине. Көріп тұр емес пе, байлығымыздың қайда шашылып жатқанын. Сондықтан да «бұл бейшаларрға бір сүйек-саяқ тастай салайық» деп мысқылдап іштей күліп тұрмасына кім кепіл? Әйтпесе сұрақтарының көпшілігі елімізге еш қатысы жоқ «Бөлмедегі дауыс» неміс тілінде қалай айтылады?» немесе «Қай елдің туының түсі үнемі өзгеріп тұрады?» дейтін ешбір мағынасы жоқ дүниелер болып келетіні қалай?
Ал біз жоғарыда айтқандай бұл шоу - ойыншық емес. Мәселен, оны өзіміздің бір банк демеушілік көрсетіп ашып берсе, үлкен сауапқа қалар еді. Өйткені сол арқылы олар еліміздің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін көбірек білуге жәрдемдеседі. Ал бұл дегеніңіз патриоттық тәрбие берудің таптырмас құралы. Өйткені шынын айтқанда бізде өз елінің өткені түгілі, бүгінгісін, оның тіпті жағрапиялық жағдайын да білмейтіндер толып жатыр. Соның бір көрінісін дәл осы мереке алдындағы сол шоудан байқап қалдық. Оған қатысқан бір көрермен (өзі тым жас та емес, жігіт ағасы атанып қалған) Каспий теңізіне қандай өзен құятынынан мүлдем хабарсыз болып шықты. Ақыры оған Сырдария өзені құятын шығар деген ойға келді. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұр емес пе?
Ал егер өзіміз ашқан бағдарламада сұрақтарды негізінен еліміздің тарихы мен әдебиетінен, мәдениеті мен өнері тұрғысынан қамтысақ, біраз адамға ой салып, оларды көбірек білуге ынталандырмас па еді? Ал әзірге жалғыз өзеніміздің қайда барып құятындығын білмесек те, еш қысылмайтын дәрежеге жеткенімізді мақтан тұтып жүре беретін шығармыз. Өте өкінішіті-ақ. Қазақта осындайда «Қарғайын десем, жалғызымсың, қармағайын десең жалмауызымсың» деген қаттылау айтылса да шындықтан алыс кетпейтін мақалы ойға түседі. Бөтен не айтайық енді. Жеткен жеріміз осы болса.
Жайберген Болатов, Қостанай
Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!
Abai.kz