Билік сыни пікірді қабылдауға дайын емес
Біздің билік туралы осыған дейін де біраз айтылды. Билік сыни пікірді қабылдауға дайын емес, құлықсыз. Сыни пікір айтқандарды жау санайды. Біздің билікке шындықты айту - ет пен сорпаға тойдырып, шаршатып, мақтап-масайратып, көзі жұмылып, ұйықтап бара жатқанда үстіне көрпе жауып, «сенікі дұрыс емес-ау» деп күрсінетін дәрежеде. Елдегі жемқорлықты жеңеміз дегені шын болса, баспасөз әрбір шенеунікті итше талап, қылмысы ашылғандар, күдікке ілінгендер асылып, я атылып өлетін жағдайға жеткізу керек. Сонда бәлкім, біраз кемшіліктің алдын алар едік. Әрбір жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, айтқаны-істегені қоғамдық бақылауға алынбай, күн сайын журналистердің алдына шығып, істегенін халыққа ежіктеп түсіндірмей, елімізде ештеңе өнбейді. Баспасөздің жартылай, ширек бостандығы болмайды. Я бостансың, еркінсің, ойыңа келгенді еркін жазасың, я құлсың, байлаулы, сүйек кемірген итсің. Басқа фазасы, түрі, пошымы жоқ. Осы екі опция ғана болуы мүмкін.
Айдос Сарым
Abai.kz