Сенбі, 23 Қараша 2024
2850 1 пікір 22 Мамыр, 2018 сағат 08:23

Облыстың 4 айдағы экононикалық өсімі 4,2 % құрады

Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Онда 2018 жылдың 4 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен ІІ тоқсанға арналған міндеттер және 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы мен 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымындағы міндеттер туралы мәселелер қаралды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 249,8 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі – 104,2% құрады. Жаңа 11 нысан іске қосылып, қолданыстағы 5 өндіріс кеңейтілген, қосымша 278 жұмыс орындары ашылды.

Ауыл шаруашылығында 10,8 мың жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы 50 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарлануда, оның ішінде 362 ЖШҚ тартылып, 7-уі құрылды. Қант қызылшасы бойынша 7 сервистік-дайындау орталығы ашылды, 1,5 млрд. теңгеге 132 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ет өндірісі – 4,7%-ке, сүт - 2,1%, жұмыртқа 4,1%-ке артты. Облыс бойынша 83 бордақылау алаңы мен 64 сүт-тауарлық фермасы жұмыс жасайды, олардың жүктемесі сәйкесінше 71% және 85,4%.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,4%-ке артып, 113,2 мың бірлікті құрады, жұмыспен қамтылғандар саны – 235,7 мың адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың - 24%. 4 айда ШОБ субъектілерінен бюджетке 27,8 млрд. теңге түсіп, жергілікті бюджеттің жалпы көлеміндегі үлесі 39,7%-тен 47,9%-ке дейін артты. Биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдауға барлығы 7,8 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында – 3 млрд. теңге қарастырылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шағын несиелендіруге және оқытуға 4,3 млрд. теңге бөлінді.

Сонымен қатар ол өз баяндамасында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына, сумен жабдықтау, газдандыру, балабақшамен қамту және басқа да салаларға кеңінен тоқталып өтті.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі А. Баталов әлеуметтік-экономикалық дамудағы жеткен жетістіктермен қатар орын алып отырған олқылықтар мен төмен көрсеткішке ие болған аудан, қалалардың атын атап, жұмыстарына бағыт беру керектігін қадап айтты. Елбасының облысқа келген сапарында берген тапсырмаларын, соның ішінде аудандар дамуындағы диспропорцияны болдырмау мәселесін де әрбір аудан, қала әкімдері міндетіне алуы керектігін тілге тиек етті. Мұнан соң облыс басшысы жарыссөзге Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекеновті шақырып, одан ауданда қолға алынатын жаңа бастамалары туралы сұрады. Б. Тәнекеновтің айтуынша, ауыл шаруашылығында жалпы саны 1250 басқа арналған 3 сүт тауарлы ферма ашу жоспарланып отыр. 500 тонналық 2 жеміс-жидек сақтау қоймасының да құрылысы жүретін болады. Қарабұлақ ауылында шетелдік инвесторлардың қатысуымен соя өңдейтін зауыт салу межеленген. Сондай-ақ 2019 жылы Шажа өзенінде 290 МВт-тық ГЭС іске қосу жобалануда.

Мұнан соң облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов сөз алды. Ол өз сөзінде білім сапасын арттыру, саланы цифрландыру, атап айтқанда компьютерлендіру, мектептердегі интернет желісінің сапасын арттыру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне қатысты баяндады.

Облыс әкімі А. Баталов жарыссөзге жаңадан тағайындалған басшыларды шақырғаны бекер еместігін айтты. «Жаңа басшы өз саласын, өз ауданын алға бастыруда, қордаланған мәселелерін шешуде жаңаша бағыт, тың бастамаларын көрсетуі керек», - деді облыс басшысы.

Екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов өткен жылғы жылыту маусымына бөлінген 6 млрд. теңге толығымен игеріліп, жоспарланған іс-шаралар атқарылғанын атап өтті. 32 қазандыққа, 56,5 шақырым жылу жүйесіне, 94,7 шақырым су құбыры-кәріз жүйесіне және 13,6 мың шақырым электр желілеріне жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымына 2246 бюджеттік сала нысаны, оның ішінде: білім беру саласында – 1002, денсаулық сақтау – 664, әлеуметтік салада – 580 нысан және 1687 көпқабатты тұрғын үй дайындалды. 2017 жылы Ұлттық қордан 1,5 млрд. теңге бөлініп, «Қапшағайжылу» МКК-ның ғимаратын жаңғырту жұмыстары басталды. Сол сияқты «Моноқалаларды дамыту - 2020» бағдарламасы аясында Текелі қаласындағы «Алатау» және «Достық» шағын аудандарының жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарына 1,4 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде 12,5 шақырым жылу желілері жөнделген.

А. Байжанов қазірден қолға алынуы тиіс көмір тапшылығын болдырмау шараларын қабылдау, сұйық отынның қорын дайындау, иесіз электр желілерін коммуналдық меншікке өткізу, дебет қарыздарды өтеу сияқты көптеген мәселелерді аудан, қала әкімдері мен тиісті басқарма басшылары уақытылы орындауы қажеттігін баса айтты .

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:

- Жалпы облыстың бүгінгі экономикалық өсімі жаман емес - 4,2 % құрап отыр. Елбасы облысқа келген сапарында жұмысымызға оң баға берді, сонымен қатар жаңа міндеттер жүктеді. Президент тапсырмаларын жүзеге асырудың жасалған іс-шаралар жоспарының негізінде жұмыс жасауымыз керек. Биылғы жылы шағын және орта бизнесте ашылуы тиіс 100 жаңа нысанның әрқайсысын аудан әкімдері жатқа білуі керек. Құрылыс көлемі 137 % құрап отыр, бірақ мен бұл біз үшін ол жеткіліксіз деп есептеймін, сондықтан Президенттің 7.20.25 бағдарламасының аясында құрылыс қарқынын өсіруіміз керек. Жылыту маусымына дайындық бойынша орталықтандырылмаған жылыту жүйесіне қосылмаған Талғар ауданындағы көп қабатты үйлердің, сонымен қатар Қарасай, Жамбыл аудандарындағы осындай үйлердің мәселесін шешуге жұмыс істеңіздер, - деді.

Отырыс соңында өткен жылғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, 1 орынды Қапшағай қаласы, екінші орынды Райымбек ауданы және қос 3-орынды Сарқан ауданы мен Текелі қаласы иеленіп, оларда арнайы техникалар тарту етілді. Сонымен қатар жылу, энергетика саласы мекемелерінің бірқатар қызметшілеріне облыс әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары берілді.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435