Мамырдың 4-і күні Павлодар қалалық №2 соты түрме жазасын шартты түрге ауыстырған. Сот өткен күні адвокат Төлеген Шаиков "Елеусіновтің туыстары мемлекет алдындағы шығындарды өтегенін" айтқан.
Әмин Елеусіновті мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсы аштық акциясы кезінде ұстаған. Кәсіподақтың Маңғыстау облысындағы филиалдарын билік белгілеген мерзімге дейін тіркелмегені үшін жаппақ болған. Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде өткен наразылық акцияларына жүздеген мұнайшы қатысқан.
2017 жылы сәуірде Астана қаласының Алматы аудандық 2-соты Әмин Елеусіновті "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды" деген айыптармен екі жылға соттаған.
Елеусіновпен бірге компания кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев та жазаланған. Нұрбек Құшақбаев "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға түрмеге қамалған.
Мамырдың 11-і күні Павлодар қалалық №2 соты Құшақбаевты да түрмеден босату туралы шешім қабылдаған.
Abai.kz