«Хабар» арнасы Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін көрсетеді
6 маусым күні Лондон қаласындағы Йорк-холл орталығында Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіби бокстағы екінші жекпе-жегін өткізеді. Боксердің қарсыласы әзірге белгісіз.
«Хабар» телеарнасы бұл кездесуді 6 маусымнан 7 маусымға қараған түні сағат 00.30-да тікелей эфирден көрсетеді.
Қазіргі таңда Данияр Флоридадағы жаттығу алаңында өзінің жеке бапкері Джон-Дэвид Джексонның жетекшілігімен дайындалып жатыр. Сондай-ақ таяу уақытта Даниярдың жаттығу алаңына әкесі, жаттықтырушы Марат Елеусінов пен ағасы, орта салмақта өнер көрсететін, кәсіби боксер Дәурен Елеусінов те қосылады.
«Флоридада жаттығып, Джон-Дэвидтен сабақ алу керемет. Мен күн сайын жақсы кәсіби боксшы болуыма көмектесетін жаңа дүниелерді үйреніп жатырмын. 6 маусымдағы жекпе-жегімді асыға күтіп жүрмін» - деп ой бөлісіті Данияр Елеусінов.
«Әуесқой бокста ең бастысы – бал жинау, бірақ мен бұл кездесу барысында Даниярдың жинақы, қатал, қарсыласына соққыларын барынша дөп тигізуді ойлағанын қалаймын»- дейді Джон-Дэвид Джексон.
Данияр кездесуін жартылай ауыр салмақтағы WBA Continental және Британдық серіктестіктің чемпионы белбеуіне таласатын Лоуренс Околи мен Люк Уоткин арасындағы жекпе-жектің алдында өткізеді.
Abai.kz