Естай мен Қайым
Сурет Қайым Мұхамедхановтың жеке мұрағатынан алынды
Бұл суретті көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедхан жақында өзінің фейсбуктегі парақшасында жария етті. Жарияланымның маңдайына «Қорлан» әнінің тарихы» деп жазылыпты. Бірі кәрілікке аяқ басқан, бірі жалындаған жас – суреттегі қос тұлғаны шырамытып отырған боларсыздар. Иә, сол жақтағы – көзінен от шашқан, шоқша сақалды ақсақал әйгілі «Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбайұлы, оң жақтағы – жиырмадан енді ғана асқан жас ғалым Қайым Мұхамедханов. Суреттің тарихына сәл кейінірек тоқталамыз. Әуелі сазгер мен зерттеушінің кездесуі жайында аз-кем әңгіме өрбітсек.
Дина Қайымқызы әкесінің Естай Беркімбайұлын ең алғаш рет 1939 жылы маусымның 21-інде Алматыда өткен Қазақстан жазушыларының екінші құрылтайында көргенін, көріп ерекше әсер алғанын, қос тұлға қайтарда бір пойызда, бір вагонда болып, абайтанушы Павлодарға бара жатқан сазгерді Семейде қалып, үйінде біраз уақыт мейман болуға шақырғанын жазады. Екі аптада талай сыр айтылып, талай әңгіме шертіліп, талай ән шырқалса керек. Алаш қаласындағы емен-жарқын кездесуде жас ғалым «Қорлан» әнінің тарихы жайында да сыр суыртпақтайды. «Алғашқы әнімнің аты – «Қорлан». 20 жасымда шығардым. Ол ғашықтықтан туды. Сұңқар болысындағы қыпшақ-өрік руы сұлтанның Қорлан деген қызы бар екен. Мен оны бір тойда байқап қалдым. Ән шырқап отырғанмын. Ынталана тыңдаған топтан ерек екі қызға көзім түсті. Көркемдеуінің аты Қорлан екен. Тойға сіңлісі екеуі келіпті. Мен бірден ғашық болып қалдым. Сол кеште таныстық, сөйлестік. Ол да мені ұнатып қалыпты. Сөйтіп екеуміз табыстық. Айырылмасқа серттестік. Келесі жылы қызды алып қашатын болдым, себебі менде айттырар мал жоқ. Бірақ алып қаша алмадым. Әкесі қалайда біліп қойып, басқа біреуге ұзатып жіберді...», деп Естай Беркімбайұлы әйгілі әннің тарихын ең алғашқылардың қатарында Қайым Мұхамедханұлына айтып береді.
Дина Қайымқызы Естай ақын екі апта құрмет-қошемет көріп, үйіне қайтқанын, екеуі содан кейін 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына арналған салтанатта жүздескенін тілге тиек етеді. «Тойды өткізу жөніндегі комиссияның ғылыми хатшысы Қайым оны құрметті мейман ретінде әдейілеп шақырған. Естай сол жолы Қайыммен қоштасу өлеңін және фотосуретін кейін Ахмет Жұбановқа табыстап, олар сазгердің «Замана бұлбұлдары» кітабына енгізіліпті. Қайым Естаймен кездесулерін, оның «Қорлан» әнінің тарихын дос-жолдастарына айтып беріп жүрген. Сол әңгімелері бір күні газетте жариялансын. Басқа біреу өзінің көріп-білгені етіп қымсынбастан жазыпты. Оны естіген Қайым аға ашу шақырмай, сәл жымиып: «Е, мейлі. Әннің шығу тарихы халыққа тарай берсе болды емес пе?» дей салыпты», деп жазады асылдың сынығы өзінің фейсбуктегі парақшасында. Және бұл естеліктер Алла Белякинаның 2005 жылы Семейде жарық көрген «Человек-легенда» («Аңыз адам-ақиқат тұлға», орысша нұсқасынан еркін аударған Ғаббас Қабышұлы) кітабынан алынғанын келтіреді.
Сонымен сурет қай уақытта, қайда түсірілген? Абайтанушының қызының айтуынша, тарихи сурет 1939 жылы маусымның аяғы мен шілденің басында, Қ.Мұхамедхановтың үйінің ауласында, сол кездегі Красноармейская көшесі 65 мекенжайында түсірілген.
Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан» газеті
Abai.kz