Жазушы мұражайы болады деген ғимарат құрлысы әлі бітпей тұр
ҚР Мәдениет және спорт
министрілігі назарына
Наурыз айында Бурабай ауданындағы, Бурабай ауылының тұрғыны, мектеп мұғалімі Серікжан Ысқақов телефон шалды. Амандықтан соң әңгімеміздің ауаны Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің Бурабай кентіндегі мұражайына ауысты.
- «Рухани жаңғыру» мақаласын біз түсінбей жатыр екенбіз, қолда барда алтынның қадірі кем дейді қазақ. Көзі тірісінде марапат та, мадақ та, бәрі де болды Сәкен серіде. Мына мұражайды Сәкен Жүнісовтің атынан ашайық десек, ешкімнен «ашайық» деп хош көрген үн шықпай тұр. Сәкен серінің мұражайын ашып жіберсек, жарасымды болар еді, - деді бүкпесіз шынын айтып.
- Иә, ашу керек, ашуға мүмкіндік болса, - дедік біз. – Ел болып, жұрт болып қолдасақ неге ашпасқа?!.
- Дұрыс айтасыз, - дейді Серікжан әңгімесін сабақтап. – Бурабай кенті серілердің мекені, тектілердің табаны тиген жерұйық екенін сырттан келгендер емес, әуелі өзіміз ұқсақ қанеки?!.. Келіп, өз көзіңізбен көріңіз, ардақтымыз Сәкен Жүнісовке қимаған ғимарат қолды болып бара жатыр.
Несі тоналды? Көзбен көріп, суретке түсіріңіз. Сонда ғана анықтайсыз. Ана бір жылы осы ғимаратты мұражай қыламын деп жүгірдім. Талай есікті қақтым. Құжаттары дұрыс болмай шықты. Сәкен Жүнісов қай қазақтан кем еді? Сәкен десек, Ақан сері еске түседі, Ақан десек, Құлагер еске түседі.
Көкшетаудағы қолында билігі бар азаматтардың есіне салған ләзім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғимаратты жөндеп, маңдайшасына «Сәкен сері атындағы мұражай» деп, ішін жазушының қолданған дүниесімен, шығармаларымен толтырып қойсақ сәнді болмас па?!.
Бұл мәселені көтеріп жүрген жалғыз мен ғана емеспін, аудандық «Бурабай» газетінің тілшісі, журналист Жеңіс Кәріптегі де дабыл қағып, бірнеше рет мақала жазды. Әлі еш нәтиже жоқ.
***
Сәкен Жүнісовтің аталмыш үйі туралы мен көптен хабардармын. Осыдан отыз жылдай бұрын басталған «сақалды» құрылыс жыры әлі біткен жоқ. Иесіз жатқан ғимарат болған соң, жылдан-жылға ұсқыны кетіп, тозып, терезелері сынып, балалардың ойын алаңына айналғанын білем.
Үш қабатты коттедждің дәл қасында шлагбаум бар. Күзетшілер Бурабай курортты аймағына бара жатқан жолаушылардың көлігін тоқтатып, рұқсат қағазын сұрайды. Сол күзетшілерден жазушы үйіне кім иелік жасайды дегенімізде, білмейміз деп жауап қайтарды.
- Мен бұл үйдің жай-жапсарын жақсы білемін, - дейді Бурабай кентінің байырғы тұрғыны Қайыржан Мамақов – Шамамен 1990 жылы іргетасы құйылып, құрылысы жақсы қарқынмен басталып еді. Ана тұрған қарағай ағашы сол кезде отырғызылған. Міне, көрдіңіз бе, бойы аспанмен таласады. Сәкен серінің көзі тірі кезінде, сол кездегі облыс басшыларының пәрменімен жұмыс жап-жақсы жүрді де, кейінгі жылдары тоқтап қалды.
Қараусыз жатқандықтан кіре беріс баспалдақты қар басқан. Тайғанап, бірімізді-біріміз жетектеп, жоғары көтерілдік. Табалдырық аттай бере ескі матрац, көрпе, тесік шелек, арақтан босаған бөтелкелер жатыр. Қаңғыбас ішкіштер мен ойын балаларының мекен-тұрағына айналған сияқты. Суық кернеген бөлмелер ызғар шашады. Үш қабатты үлкен коттедждің терезе әйнектері тегіс сынған. Ортасынан сымтемірмен байланған үш бума тақтайлар жиулы тұр. Үшінші қабаттағы төбеге қағылған тақтайларды жұлып алып, әкетуге дайындап қойған ұрылардың тірлігіне ұқсайды.
- Өзі жоқтың көзі жоқ деген осы, - деп әңгімеге араласты Серікжан Ысқақов. – Қалай ашуланбайсыз... Сұмдық қой!.. Бес-алты жыл осылай қараусыз тұрса, мына ғимаратты да бұзып әкетеді... Бүлдіруге, бұзуға шебер ғой адамдар...
Даулы үйдің шын мәнінде иесі кім деген сауалға, мына деректі қосқымыз келеді. Ол кезде мен Көкшетау облыстық телевизиясында жұмыс істейтінмін. 1994 жылы көктем айында Сәкен ағаның 60 жасқа толуына орай деректі телехабар түсіру мақсатымен Бурабайға жол тарттық. Сәкен ағаның қасында туған інісі, режиссер Орал Жүнісов, көкшетаулық белгілі қаламгер Төлеген Қажыбаев т.б. үш-төрт адам болды. Әуелде Абылайхан алаңында, одан соң Оқжетпес тауы мен Жұмбақтас маңында болдық. Соңында Сәкен аға өзі бастап, осы салынып жатқан үйге келдік. Табиғатынан орман-бермен мінезді, ақеділ жазушы ағамыздың көңілі шалқып-тасып Бурабай кентіндегі салынып жатқан үйін аралатты.
Сәкен Жүнісов жайлы түсірілген телехабар әуелде республикалық телеканалдан, одан кейін Көкшетау теледидарынан көрсетілді. Жазушымен жүргізген менің сыр-сұхбатым Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінің екі санына жарияланды. Кейіннен ол сыр-сұхбат Сәкен сері Жүнісовтың 65 жасқа келуіне, шығармашылық қызметінің 45 жылдығына орай «Сәкен Сері – Ел жайында, Ел –Сәкен Сері жайында» («GAUHAR» ЖШС баспасы, Алматы, 2000 жыл) деген жинаққа енді.
Сөзіміз дәлелді болу үшін сол сыр-сұхбаттан үзінді алдым.
«...Т.Ә: Сәке, Бурабайдан үй салдырып жатыр деп естиміз. Сол үйіңіз бітіп жатса, Алматыны қиып, осында біржолата қоныс аударасыз ба?
С.Ж: Алматы, теңдесі жоқ, әсем қала. Ауасының кішкене түтіндететін жағдайы бар, оны білесіздер... Келешекте астананы ауыстыру жәйлі айтып жатыр ғой. Уақыт көрсетер... Мен Алматыға бауыр басып әбден үйренген адаммын. Бір ғажабы – Алматыда жүрсем елге асығамын да, елге келсем, Алматыға асығам. Шынына келгенде, екеуі де Отан ғой. Жас алпыстан асқан соң кіндік кескен жерге оралған жақсы-ақ. Ғабең – Ғабит Мүсірепов те еліне келгісі келді емес пе? «Қызылту ауданының құрметті азаматы» атағын бергенде, үй салып береміз дегенді айтты басшылар. Мен сонда: «Салсаңыздар, рахмет! Және пәтер емес, үй-мұражай болғаны жөн!» - дедім. Алланың жазуымен бір кезде дүниеден озам ғой. Сонда мұражай болып қалады. Ол мұражайда менің ғана еңбегім емес, жалпы Көкшетау, Бурабайды жырлаған Мағжан, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сынды классиктерден бастап, Мұқағали, Фаризаға дейінгі менің тұстастарымның еңбегі көрініс тапса, үлкен олжа емес пе? Сондықтан үй-мұражайды ауданнан салғаннан гөрі, Бурабай кенті дұрыс. Онда келіп-кетушілер көп. Демалушылар сапырылысып жатады. Кезінде Көкшетауда облыстық әдебиет және өнер мұражайын салдыруға себепші болып едім. Онда облыс басшысы Мақтай Рамазанұлы болатын. Мен ол мұражайды Бурабайдан салдырайық дегем. Олай болмай, Көкшетаудан салыпты. Ал маған салынып жатқан үйге төрт жыл болды. Осы төрт жылдың ішінде төрт басшы ауысты. Кімге өтініш айтарыңды білмейсің.
Т.Ә: Оның үстіне заман өзгерді, қымбатшылық...
С.Ж: Бұл менің үйім емес, мен арқылы жалпы өнер адамдарына көрсетілген сый, құрмет деп түсінем. Мұндай дәстүр орыс халқында ежелден бар. Олардың ұқыптылығы айрықша, өнер адамдарын қатты сыйлайды, аспанға көтереді. Біз керемет ұлы болмағанымызбен, осы жердің маңдайына жазған ұлымыз ғой... Әне, орыс ғалымы Вернадскийге де, жер аударылып келгенде, соғыстың нағыз қайнаған жылдарында, осы Бурабайдан керемет үй салып бердік емес пе?!. Ол кездегі қымбатшылық пен қиыншылық, сөз жоқ, бүгінгі күннен де басым болмаса, кем болмағаны бәрімізге аян. Алайда біз басқаға емес, өзімізге келгенде кежегеміз кейін тартар тартыншақпыз.
Т.Ә: Лев Толстойдығ «Ясная Полянасы» бар...
С.Ж: Дұрыс айтасың... Михаил Шолоховқа да біздің Оралдан, аң аулап, емін-еркін демалуы үшін Шалқардан демалыс үйін салып бердік. Міне осындай игі істі, жақсы дәстүрді Бурабайда, Көкшетау (Қазақстанның басқа жерлерінде де бар ғой) жалғастырып жатса, қандай ғанибет! Анада мен облыс әкімі Қызыр Ыбырайұлына айтқанда: «Сәке, саламыз, болады!» - деп еді.
Кезекті шығармаларымды осында жатып жазсам деп армандаймын.»Хан мен Президент» деген дүниемнің басын облыстық «Көкшетау» газетіне жариялауға ұсындым.
Т.Ә: Қазіргі жазып жүрген кітәбіңіз бе?
С.Ж: Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз дос едік. Дос болғанда, өмірін түгелдей білем дегенім емес.
Т.Ә: Деректі шығарма ма?!
С.Ж: Эссе десе болады. Мәселе, шығарманың жанрында емес, мазмұны мен мағынасында. Хан деп отырғаным – Абылай, Президент деп отырғаным – Назарбаев, Аталмыш туындымды жазудағы мақсатым – елдің тағдырын айту, яғни Абылайдың ісін жалғастыру мәселесі. Оны, енді кітаптан оқырсыздар. Осы шығармамды жазып болған соң, Абылай туралы роман жазбақшымын. Және осы жерде, Бурабайда жазсам деймін.
Т.Ә: Алла қаласа, оқырман қолына қашан тиеді?
С.Ж: Оны айту қиын... Менің ойым, осы Бурабайда, Абылай алаңына жақын жерде тұрасм. Абылайдың жүрген жерінде болсам, күнде Абылай қасымда секілді. Шығарма да жемісті, жақсы болады ғой деп есептеймін...»
***
Сәкен Жүнісовтың өз аузынан жазылған сөзді біз қаз-қалпында келтіріп отырмыз.
Иә, жазушының ой-арманы іске аспай жатқаны өкінішті-ақ!..
Көкшетауда бұл жағдайдан жақсы хабардар, Сәкен ағаның көзі тірісінде көп араласқан, рухани інісі, танымал жазушы Төлеген Қажыбаевқа қоңырау шалдым.
-Сәкен Жүнісовтың үйі туралы мәселе қозғап, ана жылдары Оралбай Әбдікәрімов Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда хат жазғам, - деді Т.Қажыбаев. – Арада бір ай өткенде мені сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрикамал Сейітжанова шақырды. Барсам, алдында мен жазған хат мәтіні жатыр.
-Осы сіз неге тыныш жүрмейсіз? – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы амандықтан соң.
-Не болды айналайын? – дедім.
-Сәкен Жүнісовтың Бурабай ауылындағы салынып жатқан үйінің жағдайын хабарлаңыз деп Мемлекеттік хатшы облыс әкіміне мына бір хатты жолдапты.
-Ол хатты мен жазғам.
-Біздің қолда не тұр? Бітпеген үйді кім салады? – деді Нүрикамал...
Сөздің қысқасы бұл хатымнан нәтиже шықпады. Осыдан бір ай бұрын, осы Көкшетауда шығатын «Бұқпа» газетіне «Сәкен Жүнісов үйі тоналып жатыр» деген мақала шықты. Тағы да тым-тырыс, тыныштық. Бұл не деген енжарлық?!. Ешкімге ешнәрсе керек емес екенін ұқтым...
«Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» - деп атап көрсетілген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Көрнекті ақын-жазушылармыз жазып қалдырған құнды шығармалар, ұлтымыздың рухани мәдениетінің бір парасы ғой.
«Ақан сері» дилогиясын, «Жапандағы жалғыз үй» романын, «Заманай мен Аманай» повесін, жиырмадан астам пьеса жазған көрнекті жазушы-драматургтың үйі толығымен салынып бітіп, «Сәкен Жүнісов атындағы үй-мұражайы» деген атаумен Бурабай кентінде ашылып, жұмыс істесе, бұл жазушыға ғана емес, қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына жасалған үлкен қамқорлық емес пе?!.
Әлбетте, мұндай жағдайда, үй-мұражайдың иесі – мемлекет, яғни, Ақмола облыстық мәдениет басқармасы болғаны ләзім.
Біздің бұл ұсынымызға, Сәкен Жүнісовтың ұрпақтары да қарсы болмас деп ойлаймын.
Толымбек Әбдірайым, жазушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері
Abai.kz