Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 9454 12 пікір 6 Маусым, 2018 сағат 14:44

Қарапайым қазақ қызы Райханды құтқару керек!

 

Бірер күн бұрын, Аbai.kz ақпатарттық порталы  Атырауда соттар тарапынан орын алған  сорақылық жәйлы  мақала  жариялаған болатын.  Мақалада  Дариға Райымқұлова есімді Қазақстан азаматының  құқы тапталып, бүкіл сот жүйесінің,  оның үстінен арыз  түсірген  Ресей азаматының жетегінде кеткені туралы  мәселе көтергенбіз.  Мақалада облыстық соттардың Қазақстан азаматының құқын таптай отырып, бірнеше рет  заң бұзуға барғанына дәлелдер бар.  Сегіз жыл бойы соттан сотқа сүйретіліп, отбасын сергелдеңге салған  бұл істің «нәтижесінде» Дариға  Райымқұлованың  күйеу баласы қайтыс болып,  қызы Райхан  екінші дәрежедегі мүгедектікке шалдыққан. Алайда, Жоғарғы Сот та,  Бас прокуратура  да  бұл іске әлі күнге селқос қарап, еш алаңдатушылық танытып отырған жоқ. Қазақстан азаматының құқы бұзылып жатса, «елең етпеуге»   еттері үйреніп кеткендей ме дерсің...

«Қатардағы Райанды құтқару керек!» атты Голливудтың әйгілі туындысы естеріңізде болар.  АҚШ мемлекеті,  қарапайым әйелдің жалғыз ұлын аман алып қалу үшін,  сұрапыл  майдан шебіне арнайы жасақталған топ  жібереді. Өйткені, ол –  АҚШ азаматы! Оны мемлекет қорғайды!  Олардың қауіпсіздігі – мемлекет қауіпсіздігі екенін жақсы түсінеді. Ал, біздің «Қазақфильмде» бәрі керісінше. Қазақтың қарапайым қызы Райхан –  қатардағы  Райан емес. Оның амандығы да, тіршілік тынысы да, қауіпсіздігі де, ол төлеген салықтан жалақы алып,  сол міндеттерді атқару  жүктелген  лауазымды тұлғалар  үшін,   «көк тыйынға» тұрмайды.

2016-шы жылы өткен Қазақстан соттарының  құрылтайында президент Н. Назарбаев жоғары лауазымды тұлғалардың сот шешіміне ықпал жасауын доғару керек деп мәлімдеген болатын.  Алайда, мемлекет басшысының сөздері  «желге ұшып»  кетті  ме, оған құлақ асқан ешкім болмады.  Соттардағы жағдайдың еш өзгермегеніне  дүйім ел  куә.  Тіпті, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, жақында ғана,  күмәнді істер туралы статистикалық мәліметтер елді жаңылыстырып отырған жалған  ақпарат деп те салды. Ал, бұл мырза өзі «реформатор» ретінде  танылған  республика прокуратурасын басқарған кезінде Дариғаның қызы Райханды екі рет қабылдаған  және оны қолдаған да болатын. Яғни, соттардың бұл  шикі ісі туралы қанық.   Әйтсе де, Жоғарғы соттың басшылығына ауысқан соң, Асанов мырза Райханнан бойын ала қашып отырғанға ұқсайды.

Елбасының  айтқанына оның өзі тағайындаған шенділері сенбегенімен, қарапайым  «райхандар» сенеді. Сол сенімді арқаланып, президенттің  шағын кәсіпкерлікті қолдау туралы  үндеулерін  «үкілеп»,   өз істерін бастап та кетіп еді. Бірақ, аяғы насырға шапты. Дариға Райымқұлованың отбасы үшін, әрине. Кәзір зейнеткер Дариғаның мойнына, соттардың  «солақай»  шешімдерінің салдарынан,   4 миллион теңге  қарыз ілінген.  Ресейдегі сырқат  інісінің (обырға шалдыққан) көңілін сұрап бару  үшін шекара аса алмайды. Жеке шотындағы 500 мың теңге де мемлекет пайдасына өтіп кетті. Зейнетақысының жартысын айып-пұлды төлеуге ұстап қалады.  Кеткен шығынын мемлекет өтеп бермейді. Өйткені, құрылыс салуға берілген құжаттардың бәрі заңды. Ол, ол ма! Үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, 76 жастағы кейуанаға іздестіру салынған. Тіпті, ел алдында «жексұрын»  ету мақсатында,  бұрындары  мекен еткен Талдықорған қаласындағы көршілеріне дейін мәлімдейді. Мұны нағыз  психологиялық қысым демей көріңіз! Ол аздай  Ресей азаматының алдында құлдық ұрған Атырау қаласындағы судьялардың шешімі Райымқұловтар салған ғимаратты тас-талқан етті (төмендегі суреттерді қараңыз).

Бір қызығы, облыс әкімшілігі де, прокуратура да Дариғаны  қолдаған болатын. Бірақ, әкімшілік сот ісіне араласа алмайды, прокуратура болса табандылық  таныта алмаған. Атырау соты  «қара қылды» емес, қарапайым қазақ  отбасының  «қара қазанын» «жарды».  Сонда, «сот диірменін  теріс айналдырып» жіберген қандай батпан құйрық деген орынды сауал туындайды. «Жәбірленуші» Ресей азаматы Бражникованың  заңсыз арызын қабылдатып, Қазақстан заңдарын  өрескел бузуға  кімнің өкілеті жетті екен?

Дәлел жоқ, күмән бар. Ресей де іргелі мемлекет, өз азаматтарын жақтап шығады. Оның үстіне, посткеңестік аймақта өз үстемдігін жүргізгісі келеді. Оны істеп те отыр. Ол үшін себеп болар «Руский мир» де бар. Сондықтан да, түрлі «бражниковалар» Қазақстан заңдарынан биік тұрады.

Ал, Қазақстан азаматтарын, қарапайым «райхандарды» кім қорғайды, Жақып мырза?!

Асхат Асан

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320