Мұхтар Әуезов. Қаралы сұлу
Алты жыл қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Содан бері Қарагөз қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі. Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қарагөз бұл өмірге әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен... Күздің айсыз қараңғы түнінде, түнғатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған... Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңліне дарытпай, өшіруге асырады.
Сол Қарагөздің аулы бүгін қалың таудың ішімен жайлаудағы көк шалғынды, салқын сулы шалқар қонысқа көшіп келе жатыр. Таң қылаңдап келе жатқаннан жүгін арта бастаған ауыл жаздың күні жақын белден жаңа қызарып шығып келе жатқанда ескі жұртынан жөнелген...
Қазірде көш жарым жолға келіп қалды. Бүгін тау аса қонбақшы болған ауыл қалың таудың ішімен жартасты, тоғайлы, шалғынды езекпен шұбатылған шұбар топ болып, дабырлап, шулап келе жатты...
Алты жыл қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Содан бері Қарагөз қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі. Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қарагөз бұл өмірге әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен... Күздің айсыз қараңғы түнінде, түнғатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған... Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңліне дарытпай, өшіруге асырады.
Сол Қарагөздің аулы бүгін қалың таудың ішімен жайлаудағы көк шалғынды, салқын сулы шалқар қонысқа көшіп келе жатыр. Таң қылаңдап келе жатқаннан жүгін арта бастаған ауыл жаздың күні жақын белден жаңа қызарып шығып келе жатқанда ескі жұртынан жөнелген...
Қазірде көш жарым жолға келіп қалды. Бүгін тау аса қонбақшы болған ауыл қалың таудың ішімен жартасты, тоғайлы, шалғынды езекпен шұбатылған шұбар топ болып, дабырлап, шулап келе жатты...
Көш алдында айдап келе жатқан төрт-бес жүздей жылқысы бар, басқа ірі қарасы да мол бай ауылдың көші жыл бойы иесіз тұрған таудың тусып кеткен шөбін жапырып, қызуы мол тіршілікті көшіріп келе жатқандай болады.
Көштегі көңілді қатын-қалаш, желікті қыз-келіншек маңайласқан жігіттермен қалжыңдасып, күлісіп-ойнайды. Арқыраған семіз, сұлу асауларды мінген жас жігіттер үйіріне қарай жұлқынып, аласұрып жер сүзген айғырларын құтыртып-ойнақшытып келіп, қалың жылқыны дүрілдетіп, желдіртіп айдайды... Дүндүние мастық тойындай буы аспанға шығып, құтырынып желігеді. Шулаған желікті кеш, таңертеңгі көлеңке басқан қара жартас пен қалғыған өзекті де оята сергіткендей. Бұл кешке табиғат та жылдық үй-қысынан оянып, елең білдіргендей.
Таңертеңгі көлеңкелі өзектен шыққан салқын самал соғады.
Жыл бойы тұл болып тұрған жайлау бүгінгі күн жыл құсындай боп қиқулап, жеңкіліп келе жатқан елді жаңа көріп сергігендей.
Кәзіргі барлық сурет, барлық дүние адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұрғандай. Бұл қызуға желікпеген жан жоқ... Ең аяғы шал қойшы Болат та үстінен кеш өтіп бара жатқанда, құла шолақ биені тыраңдатып шауып келіп, көш жанында келе жатқан тұрғылас әйелдер арасынан келіп килігіп, жауырынын қиқаңдатып, қалжыңдаса күледі. Әрқайсысына көзін қысып, иек қағып, ізденіп соқтығады. Қызыл шырайлы келіншектің құла биені қамшылап ойнағанына емексіп, жігітімсіп шіренеді.
Үш ат жеккен пәуескенің ішінде келе жатқан Қарагез Болаттың қасынан арбасы кетіп бара жатқанда аз сергіп күліп:
- Болат-ау, сенің де базарың тарқамағаны ма, жаным-ау! - дейді...
Болат бұл сөздің түкпірін түсінеді. Қарагөз не десе о десін, үзеңгісіне шіреніп күліп:
- Несін айтасың, қарағым!.. Қыз-келіншек тал бойымды ұйытып келеді... Ішімдегі жанған от қыз-қыз қайнайды, - деді.
Бұл көште жалғыз жүдеу, жалғыз жабырқаған қайғының тұсауында келе жатқан - сол Қарагөз... Осы көп мал мен бай ауылдың иесі болған, мына дырдулы көштің басшысы болған жалғыз жесір әйел - Қарагөз.
Қарагөз 32-ақ жаста. Қаралы жаулық салынып, қызулы базар есігін жапқанына алты жыл болды... Одан бұрын Қарагөз тіршілік базарында еркін жүзіп жүрген еркемін дейтін. Бұның өмірінің үстінде күлімсіреп тұрған күншуақты, бұлтсыз, ашық көк аспан бар-ды. Сондай ашық күннің ортасында бір-ақ сағат ішінде түсі суық, шоқ қара бұлт ойнап шыққан. Аяқ астынан келген бір қаза бір-ақ күннің ішінде Қарагөзді қаралы ғылып, қаңғыртып кеткен... Содан бері алыстағы сағымдай болған жар жеткізбей, белгісіздікке батып жоғалған.. Оған дәл алты жыл болды...
Қарагөздің күйеуі Әзімхан ол кезде 28 жаста, өзі бір атадан жалғыз жігіт болатын. Басқа аталас ағайындары болса - барлығы да бөлек ауыл болып, бөтен сияқтанып, өз тілегі, өз өмірімен бұлардан алыстап кеткен. Ағайындарының кейбірі қартаң тартқан адамдар болған. Әзімханның туысқаны, жалғыз сүйеніші жетпіс жасқа келген кәрі әкесі - Үсен. Әзімхан жалғыз жігіт болса да, аз атаның баскөтерері атанып, Ырғайлы болысындағы едәуір елге белгілі болған.
Бір жыл дәл осы жайлауға көшіп келе жатқан кезде, бүгінгі кеш келе жатқан өзектермен Үсен аулы көшіп келіп, Қайыңдыға қонды. Қайыңды - тау аралаған шалғынды, тоғайлы өзен. Жапырлап қонған көп ауыл маңайындағы шұбыртқан көп малымен Қарагөздің ол күндерінің көркі сияқтанатын.
Ырғайлы көп жылдан келе жатқан дағды бойынша Қоңыртау болысымен қатты жұлысқан, араз болатын. Сол жылы да жаз шыққаннан бері қарай күнде қиқу, күнде "аттан", жағалай шабыс болған.
Ырғайлының үстемдігін өзге ел жуандарымен бірге жоқтап жүрген Әзімхан сол жуандардың желіктіруімен Қоңыртауға кейде өзгелерден жырылып барып та соқтығатын. Қоңыртау бір кезде өзгеден ерекше Үсенге кіжінулі дескен. Бұл хабар бір емес, әлденеше рет келген-ді.
Бірақ онымен Әзімханды да, барлық Ырғайлыны да тоқтата алған жоқ. Қоңыртау бір алса, бұлар кейде екі-үштен алып жіберетін. Қоңыртаудың Әзімханмен ерекше жауығуына бір себеп Қарагөздің басы еді. Әуелде Қарагөз Қоңыртау елінің жесірі болған. Сол елдің бір бай аулы - Сыбанбай. Жас кезінде Қарагөзді Сыбанбайдың немересіне айттырысқан.
Бері келгенде Қарагөздің күйеуі аяғы ақсап, кем болып кетті. Оның үстіне, өзге балаларының ішінде әке-шешеге қадірсіз бала болады екен.
Бойжетуге айналған кезде сұлу Қарагөзден наразылық сөздер шыға бастаған.
Қарагөздің әкесі жас кезінде өліп еді. Жесір қалған шешесі Үсеннің немере қарындасы болатын. Ол Үсен аулын төркін қылып, ылғи араласып жүретін. Қарагөз де кішкене күнінен Үсен аулын нағашы етіп, көңліне ерекше жақын тартып, кейде шешесімен, кейде жалғыз өзі де келіп, кеп уақыттар жатып, қайтып жүретін. Сол халмен жүргенде, Әзімханның бұрынғы алған келіншегі қайтыс болған. Қарагөздің Сыбанбай аулына барғысы келмей жүретіні көп жұртқа паш болып қалған. Басында Қарагөздің сөздеріне елеусіз қарап, "кезінде көрерміз" деп, іштегі нық байлаумен жүрген шешесі Әзімханның келіншегі өлген соң, баласының наразылығына түзу қарап, ойлана бастаған.
Сол халдің үстінде доргуманда жүргенде, біргүні Қарагөздің аулына амандасып қайтқалы Әзімхан келген. Әзімханның не оймен келгені бұл ауылға да, анасына да белгісіз. Әзімхан өзі де анық, ашық байлаумен келген жоқ-ты. Бірақ үйге келіп кірген жерде ол бұрынғыдан көп өзгеріп кеткен Қарагөзді көрген.
Бұл уақытқа шейін бала қалпында жүрген Қарагөз енді ширатылған нәзік, ұзын бойлы, қынай белді, толқынды қара шашы бар тұңғиық сұлу қара көзді бойжеткен болыпты. Көрмегеніне бір-ақ жыл шамасы өткен Әзімханның енді алғаш келген сәтте жүрегі лүпілдеп соғып, көз алдында сәулелі сұлу жарды көріп қалғандай болған. Әлденеден екені белгісіз, бұрын бұл жайдан бір ауыз сөз естімесе де, қазіргі халде Әзімханның жүрегін соқтырған белгісіз сезім Қарагөзге де сол секөнтте білінгендей. Әзімхан анасына амандасып, енді Қарагөзге қарап: - Есен-саумысың, қалқам? - дегенде, ұялып қараған Қаракөздің жүзінде ыстық қан ойнады.
Бұл күнге шейін жүріс көрмеген бала жүзі өмірінде алғаш рет әлдеқандай көмескі түс сияқты оймен қызарып, төменшіктеп қысылғандай болды.
Екі жас үнсіз белгі беріскендей. Екі көңіл бір-біріне ұялып, бұғып тұрып, ым қақты. Басы осы.
Аздан соң арада сөз жүрді. Сүйек жаңғырту Қарагөздің басқа ағайындарына да теріс көрінбеді. Өсіресе бұл күнге шейін өзінің жесірлігінде ерекше сүйеніші сияқтанып отырған Үсенмен қайтадан үй ішінен үй тігіп, жақын болу Қарагөздің шешесіне керек көрінді. Сүйтіп аз күн ішінде астыртын құдалық сөзін байласып қойды...
Бірақ бұл алыстағы тілеу. Ол қиын асу, биік асқардың ар жағында жатқан қиын түйін. Сыбанбай бөгет шығармай қоймады. Қоңыртау жұлқыспай, жесірін жібермейді... Үсен жақтың хабары жансызданып, Сыбанбайға барып қалғанда, олар күпілдеп, кіжіне бастады. Бірақ ашық сөз, анық байлауға екі жағы да жете алмай, енді жақындап келе жатқанда, Сыбанбайдың немересі өліп қалды. Бұдан кейінгі сөз ұзақка бара алған жоқ. Сыбанбайдың өзге балаларының барлығында да не айттырған, не алып отырған әйел бар. Бұрын ұстанған сөз бойынша Сыбанбай: "Қарагөзді кейінгі балаларға қаратамын... Құдамнан қол үзбеймін!" деген болды.
Бірақ бұл сөз ұзаққа бармады. Үсен Сыбанбайдан алған барлық малды түгендеп қайыртып, өзі Қарагезге құда түсіп, арада бір жыл өткен соң ырғап-жырғап келінін алған...
Бұл оқиға өз кезінде Ырғайлы мен Қоңыртаудың арасына көп салқындық салды. Көп ырғасып тартысумен барып, екі жақ зорға тынған. "Үсен көбінше мал күшімен жеңіп алды" деген сөз ел ортасына жайылған сайын, Сыбанбай болымсызды сылтау ғылып, Ыр-ғайлыға соқтыға беретін болған.
Бірақ арада бірер жыл еткен соң, жесір дауының кызуы солғындап келіп басылды. Сәйтсе де басында бір шиеленісіп калған елдер енді жаңа дау, жаңа араз-дыққа жол тауып алып, кезек алысып үстасып жүрді.
Бері келген соң Сыбанбай Үсен басындағы кекті өзгертіп, өзі Ырғайлының басқа елімен, басқа жуандарымен көбірек ұстасып кетті. Араздық себебі жаңадан туып, жаңа сөз, жаңа істермен қайта қозған соң, Үсен көп елінен қалыспай, ЬІрғайлының басқа елімен бірге Қоңыртаумен анда-санда алысып қалып, ұстасып жүрген. Осы халде Қарагөз бен Әзімханның қосылғанына жеті жыл толғанда, Үсеннің аулы жайлауына көшіп келе жатып, Қайыңдыға қонды.
Жаңа қонысқа жайғасқан күні түнде ауыл маңында жатқан жылқыға жау тиген. Көптен сақтанып, Қоңыртаудан кезек күтіп жүрген Үсен аулы күнде кешке екі-үш сенімді ат-айғырды ауылда ұстайтын. Бүгін көшіп келген ел қирай жығылып, шырт ұйқының ішінде жатқанда, тауды қақ жарып шыққан "Аттан!" даусына өзгеден бұрын оянып, асығып қамданған Әзімхан болды.
Әзімхан арқандаулы тұрған бәйгі жиренді алып келіп, асығып ерттеп жатқанда, Қарагөз жүрегі дірілдеп тұрып, үріккен пішінмен қасына келіп:
- Басқаларды жіберсеңізші! Тау іші шабуға жаман, - деп еді. Бірақ жарық айлы тыныштық түні жас жігіттің тұла бойын ысытып, бір қызу қан алып ұшты.
Ауылдан Әзімханнан басқа да үш-төрт жігіт шапты. Бұлардың бәрі тастақ төбелермен сатырлатып шулап жөнелді... Бұл кезде ауыл да азан-қазан болған. Атсыз қалған жаяулар босқа дырду жасап айғайласып, әрлі-берлі жүгірісіп жүрді.
Әзімхандар сол бетте барып, жылқыны әкетіп бара жатқан жауға жетіп араласқан... Жылқышылар көп жаудан қаймығып, батып ұрыса алмай, кейін келе жатыр екен. Көп жылқыны қалың жау ұзын өзекпен дүрілдетіп, қиқулап әкетіп бара жатыр.
Сол кезде қуғыншының алдымен жеткен Әзімхан тосқауыл қылған көп жаудың ортасына келіп кіріп кетті. Әзімхан қорықпайтын ер жігіт еді. Бірақ бұрын көп соғыста болып төселген емес. Оның үстіне бір кісіге әлі жетерлік мықты да емес-ті.
Жирен атты қуғыншы екіленіп келіп, екі-үш рет арасына кіріп шығып, алдын орай берген соң, жау ішінен соғысқа ыңғайланып алған екі мықты барымташы артын айналып келе жатқан Әзімханды көргенде:
- Күрең атты тағы келеді... Ортаға ала бер... ортаға ал! - дескен.
Әзімхан екі жаудың ортасына солардың тілегінше екпіндеп келіп кірген... Бұл кіре берген бетінде оң жағындағы боз атты еңгезердей жауды желкеден қаға ұрып жіберді... Бірақ дәл сол секөнтте өзінің де желкесінен сол жағындағы сары айғырлы жаудың қара сойылы мықтап тиді. Бұл сойыл Әзімханға дене тауып, қатты соғылды. Алғашқы сойыл тиіп кеткенде, қолындағы ағашы ұшып түсіп, өзі еңкейіп, атының жалын құшып қалды. Дәл осы уақытта бұрынғы ағынмен келе жатқан бәйгі жирен боз атты жаудан қиыс өтіп бара жатыр еді. Оған Әзімханның сойылы тисе де, әлсіреткен жоқ екен. Жанынан қиыс өтіп бара жатқан Әзімхан аттың жалын құшып қалғанда, анау ақ сойылды шыр айналдырып келіп, маңдай тұсынан қағып-ұрып жіберді... Әзімхан бір-ақ секөнттің ішінде жүрегінен оқ тигендей болып, аттың артына ұшып түсті. Маңдайды мегзеп ұрған күшті сойыл дәл құндыздықтан тиіп, басты айырып кеткен екен...
Өзімхан аттан тымақша ұшып түскенде, бұрын талай соғыста болып, қолы ауырлығынан талайды сорлы қылған боз атты жау артына бұрылып қарап:
- Қап, жығылуы тым жаман болды-ау!.. Жазым болмаса игі еді!.. - деді.
Жазым болғаны шын! Әзімханның басы төрт елідей айрылып кеткен екен. Кейінгі жұрт шулап жылап, үстіне келіп үйілген уақытта, Әзімхан үзіліп жүре берді. Сұлу жарға ақырғы рет "қош" деуге де тілі келмеді...
Әзімхандар аттан салып жөнелгенде, шошынып жылап, тілеу тілеп қалтырап тұрған Қарагөз үйіне кіріп жата алмай, жылқы жақтан хабар күтіп тұрғанда, жұмбаққа толған мұңлы түннің ортасында ауылға қарай шулап келе жатқан қаралы айғайды естіген. Бұл шу - ауылға қарай ат қойып, "ой бауырымдап" келе жатқан жылқышылар мен қуғыншылар шуы.
Алғашқы жылау, алғашқы қаралы қайғы осы түннен, осындай халдің ортасында басталған-ды.
Бүгінгі көш сол адыра қалған Қайыңдыға тағы қонғалы келе жатқан пәуескенің ішіндегі Қарагөз алғашқы қаза түнін есіне алып, ыстық жалынмен жиі күрсінеді.
Әзімханның өлімін Ырғайлы жоқтаусыз қалдырған жоқ. Ол жақтан жылқы аламыз деп барып, кісі де өлтірді... Кегін де алды... Әзімхан басына жүз түйенің құнын да алды. Қоңыртауды жасытып, ықтырды. Бірақ оның бәрі сүйген жармен бір ауыз сөзге келмей, арманда қалған қайғылы сұлуға түк жұбаныш болған жоқ. Алғашқы бір жыл бойында ойына ешнәрсе тиянақ болуға жараған жоқ...
Иесіз қалған мол дүние, ауыр дәулеттің ортасында жетпіс жастағы кәрі атасы мен Қарагөз қалды. Онан соң бұл екеуінің де, барлық ағайынның да үміті сияқтанып, екі жасқа келген кішкентай Мұқаш қалды. Қарагөз бен Әзімханның алғашқы көрген баласы осы. Бұдан басқа бала жоқ... Әкесі өлген соң, кішкентай да болса, Мұқаш "өлі арыстаннан - тірі тыш-қан" дегізіп, Әзімханның артындағы қаралылардың сүйеніш тілегі болды.
Әзімханның қырқы өткен соң, жалғыздың кайғысын көтере алмай, бұрын кәріліктің өзі де жеңуге айналған Үсен де қайтыс болды.
Маңайы тұлдыр болып, құлазыған жалғыздық жас сұлудың бір өзінің басында ғана қалды. Күнде тіршілігіне ырза болған жұрт ұйқыда жатқан құлқын сәріде, мұңайып батқан бейуақта Қарагөз қаралы жаулығымен бетін жауып отырып, зарланып дауыс айтатын.
- "Жалғыз біткен бәйтеректей" арманда өткен "алғанын" қайғылы сұлу "алтын терек - арысым" деп, аңырап жоқтайтын. Көзінен тамшылап аққан жаспен бірге, шынымен егілген қайғының сөздерін айтып, тыңдаған адамның сай-сүйегін босататын. Қарагөз қайғы ішінде кексе тартып, ұлғайып кеткендей болды. Іштегі жалын мен күрсінген жүзі Қарагөздің басқа тіршілікті талақ қылып ұмытқанын білдірді. Қаралы тор тұтқынын жұрт: "Жарын жоқтай білді" десті. Қарагөздің жоқтауы мен даусын барлық Ырғайлы жаттап алып, әнге салып айтып та жүрді. Кемпір-шал Қарагөзді аузынан тастамай мақтап: "байының артын бұндай жақсы қылып күткен әйел болған емес" деп аңыз қылды.
Сондай жылау, жоқтау ішінде Қарагөз барлық үмітті, жастық дүниесін көрге көмді. Ол Мұқаштың тілеуін тілеп, енді ерге тимейтін тұл қатын болып отырып қалуға өзіне-өзі серт берді.
Дүниесін билеп, аулына, атасы мен жарының орнына ие болып отырып қалды... Ендігі жалғыз үміті, жалғыз жұбанышы кішкентай Мұқаш. Сүйеніші мен ермегі бір соның тәрбиесі болды.
Ағайын ортасы бұл күнге шейін Қарагөзді қадірлеп, күтуден қалған жоқ... Ұзақ қайғыны өмірінің мәңгілік шер күйі қылып сақтап, Қарагөз әлі күнге келеді...
Бүгінгі көшті бастап келе жатқан қаралы сұлудың жайы осы.
Бірақ бұл күндерде Әзімханның қайғысы жалғыз Қарагөздің ғана көңлінде қалған. Өзге маңайдағы адамдар мен желікті дүние Әзімхан өлмеген күндегідей әлі де қызықты, желікті. Бұл күнде сегіз жасқа келген Мұқаш Қарагөздің жанында келеді. Оның да көңлі қазіргі тіршілікке мәз! Айғайлап қуанады. Арбаның ішінде іші пысып секіріп, дауыстап күліп, маңайласқан кісілермен ойнайды. Бұл да буыны бекіп, дені сау болып, ержетуге тақады. Қарагөздің қаралы алты жылы өтті. Сол жылдардың ішінде көлденең қараған көз қаншалық қадалса да, Қарагөздің сыртына шыққан не әлсіздік, не қобалжуды көре алған жоқ. Бірақ сол уақыттарда Қарагөз көрген азапты білсе еді жұрт!..
Көп жас қыршынынан қиылады. Тіршілігін қарғап етеді. Көпшілігінің сынығы жамалып, қайта түзеліп, ел қатарына қайта қосылады... Ал Қарагөз қайғысы бір алуан ұзақ, мұңлы жыр болып, әлі кетіп барады.
Тұңғиық қара көздерінен сұлу ажар кеткен жоқ. Жас денесі әлі де уыздай аппақ, толық, сау. Бірақ не керек, барлық ойы, барлық тілегі бір-ақ жерге шегеленді. Аясы азғантай орынға бұл өзін-өзі сыйғызды. Қаралы күнге шейін тасқындап келген сезімді тұсады, буды... Сонымен бірнеше жыл өтті.
Қарагөз күйеуі бар, бала тауып отырған әйел еді... Қайратты тіршілік үшін жаралған жас дене мен тілек үшін қайнаған ыстық қан, шойын есікті тұтқын орнына қанағаттану қиын болды.
Қарагөз ол қиындықты тістеніп шыдап, басын жеңіп жүрсе де, кейбір кездерде таңды-таңға ұрғызатын азаптар болатын.
Жас әйелдің бұл түндері көр азабындай қинау түні... Үй іші қараңғыланып, бұл төсекке жатқанда, әлдеғандай жыланша иірілген сезім толқындары тамыр-тамырын қуалап, өне бойын билеп кететін. Тістеніп, шыдап, "құтылар ма екем" деп, дұға оқыса да, сол жыландар ауыр басып, ақырындап жылжып келіп, ақ төсіне оралып, ақ тамағынан сүйіп, барлық денесін шыдамынан айырып, ысытып, дірілдетіп жіберуші еді.
Шошынып, қабағы түйіліп, дір-дір етіп жатып, көрпені шиыршықтап, қысып құшақтайтын. Шоқтай ыстық-ыстық ойы таң ағарып атқанша, бір минутке босатпай, жанын жей, дозаққа салып шығатын...
Талай түндер Қарагөз шыдай алмай, қасына қызметкер кемпірді шақырып алып, денесін сипатып, жарық жағып қойып, күрсініп, жүдеп отыратын. Ол бұның ішінде тіршілікке ұмтылған жаңа өмір ұрығының жарық дүниеге шыққысы келіп, көзана тілегені еді.
Сол күш Қарагөзді көп заман қинап жүрді... Әлі күнге шейін мезгіл-мезгіл асау сезім құтыртып келіп, бір тоңдырып, бір қыздырып, ысытып, Қаралы Қарагөзді отқа салатын.
Барлық ұзақ қаралы күндерде ойлап өткен қайғы мен әлгі сияқты азаптар Қарагөздің мінезін де өзгертті... Ол ерекше сезімділіктің себебінен дертті сияқтанды. Бұрынғыға қарағанда, қаны бұзылғандай: тез ашуланып, тез жылап, тез күліп жіберетін күйіп-жа-нғыштық пайда болды... Кейде жадырап отырған қабағы қазір шытынап түйіліп, болымсыз нәрсеге қиналып кетеді. Өкініп қайғырып, шыдамсыздықпен тұтанып, ұйқы-тұйқы боп қалады.
Түндей тұңғиық көздері енді ыстық жас үшін жаралғандай болды. Бірақ сонда да Қарагөз бір байлауына жабысып, тастай мықты болып келе жатыр. Өзге дүниеде өз көңлінен азғантай теріс шыққан нәрсе қинап жібергендей болса, өміріндегі ең ауыр, ең қайғылы түйінге келгенде, Қарагөз өзін аямастан қатты ұстап, қандай қиын азапқа болса да көндіріп келді.
Бүгінгі көш бойында бірталайдан ұмытылып кеткен азап Қарагөзді қайта қинап, толқытып келе жатыр еді...
Қарагөздің сопылығы бұрынғы молшылық, бұрынғы қызықты дүние ортасында өтіп келеді. Күндегідей ыстық жарық күні туып, сезім түндері өтеді... Жаз жасарған табиғат та - мінеки желігіп еліреді... Жан кіргендей боп, қызулы тіршілікті көксегендей мастанады... Жүз бұралады.
Бозбала асаумен теңселіп, құтырып шабады. Қыз-келіншек назданып күледі... Өзгенің бәрі өз бетінде, алпыстағы қойшы Болат та Қарагөздің есіне жыландай сумаңдаған сезімдерді келтіріп, желіге мастаяады...
Ыстық сезім бұған Қарагөз көштен озып келіп, жылда ауыл қонатын Қайыңдының өзегіне жетті. Өзен бойы қайыңды, мойылды жас тоғай... Сылдырап су ағады... Таңертеңгі көлеңкеден шыққан тоғай салқыны, самалы Қарагөздің бетіне ширатылып келіп соғып өтеді.
Іште - ыстық сезім, қарсы соққан салқын леп... Пәуеске иесіз жұртқа келіп тоқтағанда, Қарагөз өз үйін жылдағы қонып жүрген жұртына тіккізбекші болып, арбадан түсіп, сол жерді іздеді. Ақыры тауып тоқтап, айналаға қарағанда, төменгі жақта - өзен бойында, бір тоғайдың көлеңкесінде доғарулы тұрған трашпеңкені көрді. О да осы жерге көшіп келетін бір ауылдың алдын озып келген адамдары болу керек. Қарагөз ұйықтап жатқан Мұқашты оятпай, жалғыз өзі аяңдап, әрлі-берлі жүріңкірей түсті; аяғы әлсіз... Денесін зорға алып жүреді. Белгісіз тілек қинаған көңіл тоқталмай, жіңішкелеп шаншады. Ескі жұртты өзен жағасына жақындай барып, тегіс көріп, енді арбаға қарай жүруге айналғанда, Қарагөз арт жағында, тоғай арасында сақылдап күлген жас дауысты естіді. Бұрылып біраз тұрып, тоғайға қарай жүрді.
Көлеңкелі биік тоғайдың іші рақатты... Сұлу... Жас тоғайдың салқыны жайлы тыныштығымен денені мас қылып сенделткендей. Тоғайдың шетіне кіргенде, Қарагөз жылда осы қонысқа келгенде естіп жүретін дағдылы бұлбұл даусын естіді... Бұған шейін жіңішкелеп естілсе де, елең қыла қойған жоқ еді. Енді тыңдады: елсіз таудың ішінде, иесіз қоныста мәңгі жастық, мәңгі жарастық жыршысы - кішкене бұлбұл сайрайды... Жаратылыстың қызығына қошемет айтумен бірге, жайын тау, жаралы жартастың жалғыздық күйін де шерлендіріп қосады. Кей кезде иесіздік пен құлазыған тыныштықтың күйі сияқтанады. Кейде өзек бойында күрсініп соққан желдей, жібек жібі сияқты жіңішке даусын жүз бұралтып суылдап, ысқырады... Тілсіз табиғаттың жүрегін үзгендей болып, шаншылып қадалады. Бір кезек жарық айлы түн ортасында қалың таудың ішінде алыстан естілген көп кішкене қоңыраулардай болып, жартаспен жаңғырығып дірілдейді. Тағы бір сәтте Қарагөз жүрегінің қайғысын айтқандай болып, ұзақ мұңмен ырғалып, шұбатылып тамылжиды. Елсізде жалғыз өзі жүз толғанып жырлаған бұлбұл Қарагөздің ұзақ жылғы қайғысы мен жайын табиғаттың иесіздігін жыр қылғандай. Қаралы әйелдің сұлулығын қошеметтегендей. Бұ да сезім күйін шертеді. Онсыз да қайнап жүрген қанды бір тоңдырып, бір ысытып, Қарагөздің жүрегін қысып ентіктіреді.
"Әттең, қара жыландай нәпсі!.. Не күйге ұшыратасың? Қайда апарасың?" дей түсіп, Қарагөз бұлбұлды тыңдап, тоғайдың ішіне кіріп қалыпты. Бір мезгілде бағанағы естілген ашық күлкі тағы естілді... Бұл уақытта жақыннан шықты... Екі күлкі... Бірі - жас әйел, бірі жігіт болуға керек.
Қарагез жаңылған жоқ. Алдында - қалың ағаштың саясында жіңішке өзектің қасында Қарагөзге сыртын беріп, бір қыз, бір жігіт құшақтасып ойнап отыр... Бұлар қатты даурығып күледі. Құшақтасқан қалпында қатар жығыла кетіп, құмарлықпен сүйіседі. Қарагөздің екі көзі түнжырап, жасқа толып, екі бетін ерекше ыстық қан басып кетті. Тамағы кебірсіп, қылғынып жұтынады.
Таза аппақ көйлектің сыртынан қара желетке киген жас жігіттің ұзын бұйра шашы бар. Сондай жарастықпен киінген құмар жас қыз. Екеуі құшақтасып жантайғанда, жалаңаш аяқтары өзен суына малынып, салқын сумен шалпылдатып ойнайды... Бұлар Қарагөздің ағайыны Ысмағұл аулының жастары. Жас жігіт қыздың қайындап келіп жатқан күйеуі... Оқыған, сұлу жігіт. Жаздай осы елде болатын... Бұларды аталары еркімен жіберіп, жалғыз қыздың қызығын еркінше қызықтайтын.
Қарагөз таныды. Бірақ іштегі қара жылан (Қарагөз бұл сезіміне осындай ат қойған) өмірінде бұл күнге шейін болмаған асаулықпен жүз толғанып иріледі... Бойы ұйып кетті. Қалың жапырақтың арасында үндемей, көзін ала алмай қатып тұрғанда, ыстық жас ағып-ағып барады... Бірталай тұрды. Денені ерекше ыстық сенделтіп кеткенде, дүние қарауытып, айналып бара жатқандай болды... Бірақ құлаған жоқ. Зорға есін жиып, қайта түзелгенде, ішінде күшті намыс пен жігер қайнағандай болып, әлсіреп, ұйып кеткен денесін қайта жиып, билеп алды. Көздің құрты сияқтанған мас жастарды сол орнында қалдырып, қайта айналып жүріп кетті.
Ауыл қонды. Бұрынғысынша жаңа қонған ел көп әбігердің артынан тыныштық алып жайланды. Жарық айлы түн жылжып келді.
Күндізгі толқынтқан ой бір басылып, бір көтеріліп түнге жеткен. Басылған уақытында Қарагөз: «бұл екі жылдан бері бүйтіп қинаған соқты... Әлі де қайта айналып соққаны шығар. Өлейін - өлсем де шыдайын!.. » деп күрсінген қайғы ішінде тағы бекінді.
Төсекке жатысымен қараңғылық қайта ойнады. Қаралы күңгірт көңілді, күндізгі көрген сурет неше түрлі қызылды-жасылды пішінге мініп келіп, мазақтап қинай бастады. Әрбір жаңа сурет жаңа келген азаптай жанды қысып, жүректі инемен шабақтағандай болады. Сағымды тілектің қара жыландай жат болып кеткен сезімі біресе белгісіз сұлу жігітке Қарагөзді қатты қысып, құшақтатқандай болады. Мас қылып елтітіп, тамағынан сүйгізгендей. Біресе үстіне, барлық денесіне ауыр салмағын әкеп салғандай. Біресе дірілдеген дәмді, тәтті сұлу сыбырды естірткендей. Шыдам біткендей... жүрек езіліп бара жатқандай... Қарагөз көрпесін сілкіп тастап, қатты күрсініп дауыстап:
- Аллай, тұншықтым ғой!.. Құдай-ау, мұнша неге сорлы еттің?! - деп, қайнап қызған қанмен, қайда барарын білмесе де, үйден атқып шығып кетті.
Ауыл ұйқыда. Жарық айдың қалғытқан сәулесінде жеңіл күрсініп, тыныс алады. Жанды жеген азаппен қиналып шыққан Қарагөзді білген жан жоқ... Ол жалаң аяқ қалпында үстіндегі жалғыз көйлегімен, тарқатылған қара шашы арқасына жайылған қалпынша, тоғайға қарай жүреді. Бұл уақытта Қарагөз ерекше сұлу. Оны қинаған дерт әлі де басылмай, қайнап келеді. Жүректен шыққан жауыз дұспаннан құтылу үшін, жас әйел белгісіз ем іздейді... Қазіргі түн салқыны ыстықтап, күйген денесіне азғантай да сезіл-мейді. Қарагөз күрсініп, жылап келіп, екі аяғын тізесіне шейін жалаңаштап, суық суға батырып, жиекке жарым денесімен құлай кетті. Ақ денесі ашылып, қара шашы тегіле жайылып жатыр. Жүректе белгісіз құмарлық қарауытып шығып, жүз толқытып барады. Сол мүйнетте бас жағынан:
- Қарағым, Қарагөз, немене? - деген үн шықты. Сөзін ұққан жоқ, кімнің үні екенін де аңғарған жоқ. Бетіне де қарамастан, қолын шалқасынан созып, бұлғағандай болып:
"Келші бері!" деді. Келе берген кісіні өзіне қарай жыға құшақтап, құшырлана тістеп сүйе бастады...
Дүние құмарлық мастығына батып, көзден өшіп барады...
Денедегі жыландар енді қуана ойнақ салады. Бұл күйдің кінәлісі Болат еді...
1925.